АҚКӨҢІЛ АЗАМАТ ЕДІ

90

0

Әбдірашит  ағамызды  мен   өткен  ғасырдың  50-жылдарының  ортасынан  бастап  жақсы  білемін.  Бұл  жылдары  мен  Жаңақорған  аудандық  «Екпінді»  газетінде  (қазіргі «Жаңақорған  тынысы»)  қызмет  істейтінмін. 
Бұл  кісі,  сол  50-жылдардың  басында  Шиелі  аудандық  «Стахановшы» газетінде  жауапты  хатшы  қызметін  атқарған. Бұдан  кейін  Алматыдағы  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитеті  жанындағы  үшжылдық  жоғарғы  партия  мектебін  бітіріп,  Орталық  Комитеттің  жолдамасымен  Шиелі  аудандық  «Стахановшы» газетінің  (қазіргі «Өскен  өңір»)  1953-1956  жылдары  редакторы  болып  абыройлы  қызмет  істеген. 
Сол  елуінші  жылдардың  ортасында  Үкімет  бүкіл  ауылшаруашылық  өндірісінің  негізі  болып  табылатын  астық  және  мал  шаруашылығын  көтеруге  ерекше  көңіл  бөліп, осыған  байланысты  облыстық  партия  комитеті  коммунист-журналист  Әбдірашит  Сатыбалдиев  ағамызды  іскер ретінде  танып, оны  Жаңақорған  ауданындағы  «Екпінді»  колхозына  басқарма  төрағасы  етіп  жіберді.    
Әбдірашит  ағамыз  бұл  шаруашылықты  2-3  жылдай  жақсы  басқарды. Бірақ, соған  қарамай  жоғарғы  партия  орындары  колхоздарға  мүмкіндіктерден  тыс өнім  өндіруді  талап  ете  бастады. Мысалы, колхоздар  мен  жеке  қожалықтардағы  сауын  сиырлардың  санына,  одан  өндірілетін  сүттің  өніміне  қарамай, пәленбай  килограмм  май  тапсырасың  деп  тапсырма  беретінді  шығарды. Бұған  шаруашылықтың  да, жеке  қожалықтардың  да  шамасы  келмеді. 
Мұның  жолын  табуды  сол  кездегі  аудандық  партия  комитетінің  және  ауданды  басқарып  отырған  басшылардың  өздері  сыбырлап  жеткізді,  өздері  көзбояушылыққа  жол  берді. Бұл   көзбояушылық  барлық  жерде де орын  алды.  Бұл  көзбояушылықтың  түрі – магазиндерден  сары  майды  сатып  алып,  қайтып  Үкіметке  өткізу  еді. Тіпті,  біраз  колхозшылар  Ташкенттен  сары  май  сатып  әкеліп Үкіметке  өткізіп,  тапсырмаларынан  құтылып  жүрді. Жоғарғы  жақтан  тосыннан  бір  тексеруші  келгенде  осы  көзбояушылық  ашылып   қалды. Аудан  басшылары  бұдан  бастарын  ала  қашты. Оның  орнына  шаруашылық  басшылары  тұтылды.  Міне,  осындай  жағдайда  Әбдірашит  ағамыз  «Екпінді»  колхозының  басқарма  төрағасы  қызметінен  босап,  3-4  айдай  қызметсіз  жүрді. 
Үйі  Жаңақорған  поселкесіне  көшіп  келді. Әбдірашит  ағамыздың  жары – Шолпан  апамыз  магазинде  сатушы  болып  жұмыс  істеді.  Біз  үйімен  араласып  тұрдық. Ол  кезде ұл-қыздары  жас  болатын. Шолпан  апамыз  ақжарқын  жақсы  жан  еді, дастарқаны  жиылмайтын. 
Әбдірашит  ағамыз   әңгімешіл,  ақкөңіл  жан  болатын.  Ол  кісі  сол  кездегі  көзбояушылықты  тақырып  етіп  алып,  пьеса  да  жазды.  Бірақ  ол  пьеса  (пьесаның атын ұмыттым) сахнаға  қойылмады. Өйткені,  пьесада  көзбояушылықты  өздері  ұйымдастырған  аудан  басшыларының  бейнесі  бейнеленген  болатын.  Пьесаны  сахнаға  спектакль  етіп  шығаруға  аудандық  мәдениет  бөлімінің  басшылары  аудандық  партия  комитетінен  қорықты.  Ол  кезде  сондай  заман  болды. 
Әбдірашит  ағамыз  орыс  тіліне  де  өте  сауатты  кісі  болатын.  Ол  көп  ұзамай  облыстық  «Путь  Ленина»  газетінің  меншікті  тілшісі  болып  кетті. Қызылорда  қаласына  көшіп  барды.
1967 – 1968  жылдары  мен  облыстық  «Ленин  жолы»  газетінде  (қазіргі «Сыр  бойы»)  әдеби  қызметкер  болып  жұмыс  істеп  жүрген  кезімде   Әбдірашит  ағамызбен  талай  бірге  жүрдік,  сырлас  болдық. Сол  күндерді  еске  ала  отырып: 
Адал  еді  жөні  бөлек,  жаны  биік,
Алдынан  өткен  жан  жоқ жолын  қиып.
Ел-жұрттың  жүрегінде қалды  мәңгі,
Ағамыз  Әбдірашит  Сатыбалдиев, – деп  бағалаймыз  біз   бүгін.  
Адырбек  СОПЫБЕКОВ,
Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі, Қызылорда  облысының  Құрметті  қайраткері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз