ҚАЛАМ МЕН ҚАРЫМ

93

0

ҚАЛАМ МЕН ҚАРЫМБелгілі қаламгер Еркін Әбіловтің балдәурен балалық шағы Арал ауданының Жалаңаш елді мекенінде өтті. Әкесі Аққали ауылдағы абыройлы ұстаздардың бірі болатын. Ол осындағы мектепте білім тұнығынан алғаш сусындаған сүйікті ұлын қаламмен қанаттандырды. Сөйтіп, бала Еркіннің ойлы очерктері, ойнақы суреттеме-мақалалары мектеп қабырғасынан бастап сол кездегі аудандық, облыстық, республикалық «Толқын», «Ленин жолы», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» басылымдарында бұрқырап жарық көріп жатты. Шәкірт тілшінің сол кездегі кейіпкерлері – теңіз тереңінен су маржанын сүзген балықшы қауымы, білім ұясындағы «бәрекелді-ай» дегізетін тың да тосын жаңалықтар болатын. 
Сонау жылдары Еркін білім нәрімен сусындаған Жалаңаш орта мектебінде Ә.Есендіков деген айтулы ұстаз болды. Сол кісі мектеп шәкірттерінің алғашқы тырнақалды дүниелеріне бағыт-бағдар беріп, әдебиет пен журналистика әлеміне қанат қақтырған көрінеді.
– Менің қаламымның ұшталып, қарымды қаламгер бала болып танылуыма бүгінде мәңгілік сапарға мезгілсіз  аттанып кеткен достарым – үзеңгілес қаламдастарым бірден-бір себепкер болды, – дейді Е.Әбілов. 
Олар – көзі тірі болғанда биыл Пайғамбар жасына аяқ басатын Қази Данабаев, Құттыбай Сыдық, Асқар Кіребаев сияқты қаламы қарымды журналистердің «қазанында» қайнап піскен Еркіннің жолы одан әрі ашылды. Белін бекем буып, ол осылайша үлкен жолға аттанды.
Азамат ретінде, қарымды қаламгер тұрғысында ол үлкен өмір мектебінен өтті. Қызылорданың бұрынғы пединститутының филология, ҚазМУ-дың журналистика факультетін ойдағыдай тәмамдаған ол бір кездері Тереңөзек, Жалағаш аудандық газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Қазақстан Коммунистік партиясы аудандық комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, аппарат жетекшісі қызметтерін атқарды. Қаламгерлікті ұстаздыққа ұластырып, Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің білдей директоры болды.
1992 жылы өзінің туған жері – Аралға қоныс аударған Еркін Аққалиұлы аудан әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. 1996-1999 жылдары алғашқы мақалалары қанат қаққан «Толқын» газетіне редактор-директор болып тағайындалды. Ол кез өмірге нарық дендеп еніп, шағын газет түгілі, аудан халқын асырап отырған алып зауыттардың тұралап жатқан уақыты болатын. Жаңа басшы жүгіріп жүріп газет пен баспахананы біріктіріп, оларды жабылып қалудан сақтап қалды. Айтқандай, сол кезде Еліміз егемендігін алып, бүкіл газет аттары өзгертілді. Сонда осы Ерекеңнің тікелей ықпалымен теңіз кетсе де, толқыны кеткен жоқ деген ниетімен «Толқын» газеті атауы сақталып қалды. Соның нәтижесінде байырғы ұжымдардың іргесі сөгілмей, кейін жаңа уақытқа бейімделіп кетті. Аудандық мәдениет бөлімін басқарған жылдары да рухани дүниесі үндес саланың қызметін жетілдіруге күш-жігерін жұмсады.
Қай салада жүрсе де, Ерекең қаламынан бір елі ажыраған жоқ. Осы қасиеті шалғай ауданда жүріп, «Арал ақиқаты» атты тәуелсіз газет ашуға дем берді. Өзінің табиғаты мен мінезімен кей жағдайда үндесіп жататын осы басылым журналистің болмысына сай келді десе де болады. Шындыққа жетемін деп шырылдаған кездері де, тосырқап таяқ жеген шақтары да болды. Ақиқаттың мәніне республикалық «Заң» газетінің аймақтағы тілшісі болған кезінде терең қаныға түсті. Мақтаудан гөрі мінеуді көбірек қалайтын, сол арқылы заңнан аттағандарды сын тезіне салатын бірегей басылымның Ерекеңе бергені көп болды. Университетте оқытқан ұстазы Абдул-Хамит Мархабаев «журналистің қаламы өткір болса – «Егеулі найза» дейтін. Сол егеулі найзаны біреулерге сұққаны да бар, өзінің жараланған кезі аз емес. Кейде тура айтам деп туғанына жақпай, мінезін көрсетіп меселі қайтқан сәттері болған еді. Ондайда қайтадан ұлылардың ұлағатына үңіліп, қаламымен ақ параққа сыр төгетін. Ойы ерікті Еркіннің «Ұлы Абаймен сырласу» атты эссесі осындай қиналған тұсында туған заман мен адамның, жақсылық пен жамандықтың, парасат пен пенделікті безбендеген толғам-толғаныстары болатын.
Еркін Әбіловтің журналистік шеберлігі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып жүргенде жаңа қырынан танылды. Ерекең Сыр елінің сан түкпірінен өңір тынысын кең ашқан мақалаларымен, көкейкесті мәселесін көтерген, жақсылығын жадырата жазған дүниелерімен молынан танылды. Азғана уақытта «Егеменнің Еркіні» атанып, қарымды қаламгерлік қабілетін көрсетті.
Оқырманға ой салып, орамды пікір өрбіткен туындылары да бір төбе. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Бұл қазақ Абайдан ой түйді ме?», «Біз осы қайда барамыз?», «Жесірлер», тағы басқа дүниелері лайықты бағасын алды. Қызылордалық мүгедек ананың өзіне тиесілі жер учаскесін ала алмай үш жылдан бері сандалып жүргенін көріп, азаматтың үнімен араша түсті. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» атты мақаласы ананы әділетсіздіктен қорғап қалды. «Егеменге» шыққаннан кейін мүгедектің тиесілі жеріне қолы жетіп, оған дейін де былықтары көп жер мекемесінің бастығы жазаланып тынды.
Арал басына түскен экологиялық нәубет бұлты әлі күнге сейілер емес. Теңіз бен оның жағалауындағы халықтың басындағы жағдайларды, теңіз-ананың тағдыр тауқыметін жан-жүрегімен сезінген Ерекең кешегі теңіз бен бүгінгі теңізді, балықшылардың базынасын қалам ұшынан түсірген емес. Оның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арал-анам келе жатыр, Арал-анам», «Кіші Арал келе жатыр, десе де балықшылардың базынасы бар» деген көлемді материалдары осыған айқын айғақ болса керек.
Қаламы жүйрік Еркін Әбіловті жұртшылық уақыт талабынан табылған, көкейтесті мәселелерді ұшқырлықпен көтерген жалынды журналист, парасат-пайымы биік прозашы ретінде қапысыз таныған. Ел алдындағы азаматтық сөзін алғаусыз айтумен келеді. Оның бірлесіп жазған «Адам бір көшкен керуен», «Тумасы бөлек тұлға» кітаптары оқырмандар қолында жүрсе, көзі көріп, көңілге түйген жүрек жазбаларын топтастырған «Құдай-ау, қайда сол жылдар» атты кітабы баспаға дайындалған.
Қаламгерлік дәстүрден жаңылмай, үлкендерін ағалап, кішілерін де ұмытпай арқадан қағып жағалап жүрген Ерекең бүгінде Пайғамбар жасына да келіп қалыпты. Ол газет деген «қара жұмыста» қырық бес жыл қалам тербеп, ұшқыр ойымен, өткір тілімен қаруын егеулі найзадай еркін сілтеген, айтарын айтып жүрген санаулы журналистердің бірі болды. Бүгінде Сырдың бас басылымы «Сыр бойы» газетінде қызмет істейтін ол оқырманды әлі де талай ойлы дүниесімен қуантатынына сенім мол. 
Ерекең жеңгеміз Феруза екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ата мен әже атанып отырған шырайлы шаңырақ. Теңіз жағасындағы шағын ауылдан басталған жол бүгінде үлкен сүрлеуге айналды. Қаламгер Еркін Әбіловтің бұл жолда өзіндік қолтаңбасы қалатынына сенім мол.
Баспасөз саласында 45 жылдай қаламымен қызмет жасаған Еркін Әбілов бүгінде тәжірибесі толысқан сан қырлы қаламгер. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Елбасының және ҚР Әділет министрлігінің, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хаттарымен, облыс әкімі мен аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, мерекелік медальдармен марапатталған. ҚР Журналистер одағы сыйлығының дипломанты.
Ел-жұртының үні болған «Сыр бойында» облысымыздың бүгінгі жарқын бейнесін жатпай-тұрмай сомдап жүрген қаламдасымызға төмендегідей экспромт жыр арнағанбыз. Сол жыр жолдарынан сәл ғана үзінді берелік.
Кейде Абайша толғанған,
Мұның тіпті жөн болған.
Қазған жері қазандай,
Жазған жері «нөл» болған.
Қаламы әркез қаһарлы,
Құдды шаян көр, тілі, 
Елге бүгін атанды,
Еркін ойдың Еркіні.
Әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз