ҚАЛАМЫ СЕМСЕР СЕРКЕ ЕДІ

125

0

Құрбысы көп те теңі жоқ қайталанбас Құттыбаймен мен бала кезден таныс болатынмын. Біздің таныстығымызға оның «Торы” деген әңгімесі себепші болған еді. Бертін келе қаламдас та болдық, тоқырау кезінде тұрмыс тауқыметін тартқан тағдырлас та болдық. Атам қазақ «Адам адамды бірге жүргенде таниды екен” деп бекер айтпаған ғой. Бірге жүріп тұз-дәмдес болғанда Құттыбайдың өзгелерден оқ бойы оза шауып жүрген жүрісінің куәсі болдым.

Құтекең «Қайнағаң жарар пайдаға” демекші, қаламымның ұшталып, сем­сер­ленуіне септігін де тигізді. Мақ­таныш тұттым, бірақ сол мақтауды оған айтқан емеспін, өйткені Құтекең мақ­тау мен марапаттауды жек көретін. Кемшіліктері де болмаған емес. Айтсаң, дұрыс қабылдайтын. Солай… солай шат-шадыман жүргенде жазмыштан озмыш жоқ екен, Құтекең мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барды.

… Ескі көздер бара жатыр азайып,

Олар жайлы ойламаудың өзі айып.

Ей, тірілер!

Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғанайық, жазайық, – деген марқұм
Мұқағалидың тапсы­рысына тәу етіп, артында өшпейтұғын із, өлмейтұғын сөз
қалдырған Құтекең жайлы жазбақ үшін қолыма қалам алдым.

… Кезіндегі Құттыбаймен ашық-жарқын әңгіме үстінде
оның соқпақты да тоқпақты өмір жолымен етене танысқанмын. Жалағаштың «Таң” деп аталатын шағын ауылында өмір есігін
ашқан ол ерте есейеді. Өйткені, әкесі Сыдық Отан соғысында бір аяғын бе­ріп,
екіншісі ағаш аяқпен елге аман-есен оралады. Тастай сұп-суық әке ті­зесіне
отырған балаң жігіт болашағы бұлыңғыр болатын. Содан да ол еңбекке буыны бекіп,
бұғанасы қатаймай тұрып-ақ бел буа, білек түре кіріскен. Қара домалақ бала
ауылдағы тұрғын үйлеріне пеш салған, ағаштан бұйым жасап, темірлерді иіп, түйін
түйген.

– Өмір жолымның, – дейтін Құ­те­кең, – «мехнаты” мол
болды. Ба­ла кезден тіршілікке қоян-қолтық ара­ласқан жанның бірі менмін. Әкем сиыр
бақса сиыр бақтым, қой бақса қой бақ­тым. Есепші кезінде сүтін есептесуге
көмектесіп, Елтай ауылынан Жалағашқа арбамен тасып тұратынмын. Сонда бар-жоғы
төртінші класта оқимын. Талай рет арбамыз аударылып, болмаса аты­мыз тулап,
аунап түсіп жер жастана жылаған күндеріміз әлі есімізде. Мені ерте есейткен
отбасымызға түскен ау­ырт­палық болатын.

Өмір ауыртпалығын арқалаған Құт­тыбай ерте есейіп,
Жалағаш ауданын айнала жүріп, үзіп-жұлып мектеп бі­ті­реді. Одан әрі
кәсіптік-техникалық учи­лищеден электрик мамандығын алып, осы салада монтер,
бертін келе бри­гадир болады. Азамат қатарына қадам басқан ол тағы бір
тіршіліктің етегіне жармасады. Ол қаламгерлік болатын.

Кезінде Құтекеңе «Сіз жұмыс істе­меген сала жоқ екен.
Десе де, қолыңызға ұшқыр қаламды қалай ұстадыңыз?” де­ген сауал тастағаным бар.
Сонда Құ­текең:

– Көп қаламгерлер тәрізді мектепте жүргенде өлең
жазатынмын. Бірақ ме­нің өлеңдерім анау айтарлықтай мық­ты болмаған соң
тастадым да қара сөз­ге ден қойдым. Бір қызық оқиға ай­тайын. «Таң” ауылында
электрик болып жүргенде өзімше бір талпыныс жасап, анау-мынау әңгіме емес,
повесть жаз­ғаным бар. Жазбамды ақын аға Ас­қар Тоқмағамбетов мақтап, дереу
«Жұл­дыз” журналына сәт сапар тілеп жі­берсін. Ай сайынғы «Жұл­дыз” журналын
парақ­тай­мын. Ақыры жарық көр­меді. Кейінірек сол жаз­ған дүниемді қайта оқып
отырып, оның жа­рық көруге қақысы жоқ екен­дігіне көз жеткіздім.

Тағы бір оқиға айтайын. «Таң” совхозында комсомол
комитетінің хатшысымын. Баяғы партия комитетінің қол баласымыз. Маған пар­тияның
анда-мұнда жұм­сап отыратын қарекеті ұнаған жоқ. Бір күні қолыма қалам алдым да
«Біз ба­ламыз ба?” деген материалды көсілте жа­зайын. Оны кезіндегі аудандық
газет бір бет етіп басып шығарсын. Сол сол-ақ екен, «Құттыбай деген кім?” деп
билік ба­сындағылар іздестіре бастады ғой. Тыр­нақалды туындым осы болатын.

Құттыбай батыл, бір сөзді жан бо­латын.
«Тура биде туған жоқ” дегендей, тура айтудан ешқандай жасқанбайтын. Содан
болар, басына таяқ та тиетін. Еңбек жолын бастан­дырған аудандық «Сырдария”
газе­ті басшылығына жақ­пай, қолын бір сілтеп кете де барған. Жоғары
білім­ді мамандығы болса да кезіндегі об­лыстық «Ленин жолы” га­зетінің кор­ректоры
жұмысына келеді. Мұнан соң­ республикалық «Халық кеңесі”, «Ал­тын Орда”, «Заң”,
«Ана тілі” басы­лым­дарында қызмет еткен Құтекең өз ең­бегінің өрнекті іздері
мен қарымды қаламының қауқарын «мен мұндалатып” көрсете бастайды. Қоғамдық мәні
бар ауқымды да өткір мәселелер көтерген толғақты мақалалары күн құрғатпай шығып
жататын. Жұртшылық Құтекең жазбаларын жата-жастана оқушы еді. Сөзіміз салмақты,
ойымыз орнықты болуы үшін бір-жар дерекке жүгінелік.

Ұмытпасам, Құтекең Республикалық «Халық кеңесі”
газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызме­тін атқарып жүрген кезі
болатын. Атал­мыш газетте Жалаңтөс баһадүр ту­ралы толғақты материал жарық
көрді. Самарқанды жиырма жыл бойы билеген қазақ қолбасшысын қайта тірілтіп, Сыр
аймағына оралтқан Құттыбай десек, асыра айтқандығымыз болмас.

Ендігі сөз кезегін Құтекеңнің талай алпауыттармен
айқасып, басын бәйгеге тіккізген материалдарына берелік. Құ­текең ол кезде
«Заң” газетінде қыз­мет істейтін. Мен бір аудандағы билік ба­сындағының қол
астындамын. Бір күні «Заң” газетінде Құтекеңнің «Қ… қалай-қалай
қодыраңдайды?” деген айқайлы атпен аудан әкімін сын садағына ал­ған материалы
шықты. Дереу әкім ша­қыртты. Бардым.

– Саған тапсырма, мына Құтты­байдың сандырағына жауап
жаз. Болды, – деген әкімнің бет-жүзі қарауытып кет­кен.

Әкім тапсырма берді екен, орын­дамасқа лаж жоқ. Десе
де, бойымды аға­лы-інілі сыйлас, қаламдас Құтекеңнің ренішіне ұшы­рар­мын-ау
деген қорқыныш та биледі. Сонымен «Заң” газетіне «Жазылған жайдың жаңғырығы”
айдарымен әкім материалы «бұрқ” ете шық­пасы бар ма?! Ертеңіне ат терлетіп
ауданға Құтекең келді. Отты көзінен оқ ата қарайтын Құтекеңнен қай­мығып мен
отырмын. Жо…жоқ жылы ғана жымия қараған ол:

– Білем, білем, сендер әкімнің айт­қанынан шыға
алмайсыңдар. Қа­тын-баланы да асырау керек қой. Рен­жімеймін. Бірақ басымды
тасқа ұрамын, тағы жазамын, – деген-ді.

Ұзын сөздің қысқасы, Құтекеңе қайта жазуды қойдырып,
аудан әкімімен мәмілеге келтіргенім бар.

Сөз орайы келгенде айтайын, жур­налистің де журналисі
болады. Олар мінезімен де, болмаса жазбасымен де бір-біріне мүлдем ұқсамайды.
Біреулер қалталыларды мақтап жазуды мұрат етсе, енді біреулері тура жолдан бұра
тартпай, сын материал жазғанды қа­лайды. «Айтылған сөз – атылған оқ” де­мекші,
сынның да сұрауы бар. Менің білетінім, Құтекеңді базбіреулер сотқа да сүйреген.
Бірақ, ақ жолдан адаспай жүретін Құтекеңнің ұнжырғасы түсіп, жүні жығылған
емес, яғни, жеңілген емес.

Құттыбай журналист қана емес, дарабоз жазушы болатын.
Менің бұл тоқтамымды біреулер мойындап, ал біреулер мойындамас. Оның баспадан
шыққан «Белгі”, «Табиғат трагедиясы”, «Қилы-қилы тағдырлар”, «Босқындар”,
«Сарын” атты кітаптарының аттары да айқайлап тұрған жоқ па?! Сондай-ақ, оның
бір томдық шығармалар жи­нағы «Сырдария кітапханасы” том­дығының құрамынан да
ойып тұ­рып орын алды. Менің тоқтамыма сен­бе­сеңіздер, жоғарыда аттары аталған
Құ­текең кітаптарын жата-жастана оқып көріңіздер. Құттыбай Сыдық Қазақстан журналистері
ішіндегі қайталанбас тұл­ға болатын. Туралығы кім-кімге де ұқ­самайтын, тура
жолмен адаспай ғұ­мыр кешкен.

… Сол бір қаралы күн бүгінге дей­ін көз алдымда
көлбеңдеумен тұр. Ұмыт­пасам, тамыз айының тамылжыған соң­ғы күндері болатын.
Мен ол кезде Арал қаласында тұратынмын. Таң білінер-білінбесте сыртқы есік
тықылы естілді. Ашсам, Құтекең. Құшақтаса амандасып, үйге кірдік.
Амандық-саулықтан соң:

– Ереке, шаршап-шалдығып жүріп 60 жастың асқар тауына
да шыққалы отырмын. Шынымды айтайын, адал­дық­тың, әділдіктің ізін қуамын деп
шар­шаған да сыңайым бар. Адам баласы болған соң қажисың ғой. Кезінде өзіме
дәріс берген ұстаздарым, ауылдағы адал азаматтар, қаламдас достарымның басын
қосып, торқалы той жасамақпын. Күндердің күнінде бұл жалғанмен де қош айтысамыз
ғой, – деген Құтекең тойының 5-6 шақыру билетін табыс етті.

Сол күні Құтекеңді Қазалыға шы­ғарып салғаным бар.
Марқұм Құтекең 60 жылдық тойына шақыру қағазын таратып жүргенін біреулер білсе,
бі­реулер білмес. Иә. Осы кездесуден соң тойға емес, қабырғаңды қайыстырар
қазаға байланысты қаралы хабар келіп жетті. Біз де жеттік.

Құттыбаймен қоштасу қаралы жиы­нына иін тіресе
жиналған жұрт­шылықтан көз сүрінеді. Сонда алғашқы сөз алған ел ағасы Сейілбек
Шаухаманов Құтекеңнің болмысын боя­масыз баяндай келе: «Әділдік жолында әкесін
тыңдамауға бар, ақ жүрек, қайсар, күрескер айтулы азамат еді” деген баға
берген-ді. Құтекеңе мұнан артық баға беру әсте мүмкін емес.

Шүкір ғой, бүгінде Құтекеңнің қара шаңырағы қаймақсыз емес, ұлдары ұяға,
қыздары қияға қонған. Ұлы Мұрат әке аманатын арқалап, ат арқасына мініп те
алған. Ақ дастарханы тұрақты жаюлы тұратын Қуанышкүл жеңгеміздің де
ұл-қыздарының қызығына кенеліп отырған жайы бар.

Еркін ӘБІЛ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз