ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

312

0

Бұрынғы өткен дана
бабаларымыз «Заман өзгереді, оны да көз көреді» деген екен. Сол айтқандай,
біздің халқымыз содан бері әртүрлі дәуірде қилы-қилы кезеңдерді бастан өткеріп,
«мың өліп, мың тіріліп», егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекетке айналғанын
көзіміз көріп отыр. Бұл туралы, өткен тарихымыз, ата дәстүріміз, тіл, дін
туралы қасиетті Ұлытаудың төрінде отырып ой тербеген Елбасымыз Нұрсұлтан
Назарбаев: «Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды.
Бірақ ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі
жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол –
сара жол, Мәңгілік Елдің жолы» деп түйіндеген еді. 

Елбасының бұл аталы сөзінен рухтанған аудан жұртшылығы
да «Мәңгілік Ел» болуға бет түзеген ұлы көшке ілесіп, өз тіршіліктерін түзеудің
қамына кірісіп, көптеген игілікті шараларды, жарқын істерді бастап та кетті.
Солардың ең бастысын атап айтар болсақ, облыс әкімі
Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен және нақты қолдауымен «Қорқыт ата»
кесенесін қайта жаңғыртып, бүкіл түркі әлемінің тағзым етер орталығына
айналдыру жұмыстары кең көлемде қарқынды жүргізіліп, таяу арада іске
қосылатынына көзіміз жетіп отыр. Сондай-ақ, Қызылқұмның қиясындағы ең шалғай Кеңес
Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауыл іргесінің қаланғанына 50 жыл
толуына орай өткізілгелі отырған мерекелік шаралардың тамашасынан бұрын
тағылымы мол болады деп ойлаймын. Әсіресе, ауылдың мәдени бет-бейнесін
жаңартатын кең көлемді жұмыстар ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, жұртшылықты
қуанышқа бөлеп, ризашылығын туғызып, болашаққа деген сенімін нығайта түсуде.
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Шындығында
да, жаңарған Жаңақаланы, қазіргі Т.Көмекбаев ауылын көріп, бабаларымыздың болжамдарының
ақиқатына таңданбасқа лажың жоқ.
1964 жылдың басында Үкіметтің арнаулы қаулысымен
Қызылқұмның тусырап жатқан елсіз өңірінен облыс бойынша 6 қаракөл қой кеңшары
құрылды. Кеңшарлардың директорлары тағайындалып, қаржы бөлінгені болмаса,
айдаланы игерудің мемлекеттік мәселелері нақты шешілмеді. Соның бірі ауданда
құрылған екі кеңшардың бірі – «Жаңақала» кеңшарына Қаратай Қуаңбаев ағамыз
директор болып тағайындалды. Қолында бұйрығы мен қалтасында мөрінен басқа
ештеңесі жоқ Қаракең аудан орталығынан 160 шақырым Қызылдың қиясындағы Жәрімбет
әулие жатқан «Қарақ» деген төбенің етегінен шаруашылықтың орталығын белгілеп,
алғашқы қазығын қағып, қиындығы мол қауырт жұмысқа кіріседі. Міне, сол күннен
бастап елді жаңадан құру, қаракөл қой шаруашылығын өркендету жолында қым-қиғаш
қиын проблемаларын шешу жолында тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Сол еңбектің
нәтижесі жөнінде Қаракең өз өмірбаянында былай деп келтіреді: «Мен жұмысты
нольден (жоқтан) бастадым. Шаруашылықтың белгіленген шекарасында ешнәрсенің ізі
жоқ еді. Мен совхозды 17 жылға жуық басқарғанда оны облыстағы алдыңғы қатарлы
ірі шаруашылықтың қатарына қостым деуіме болады. Мен совхозды өткізген 1980
жылы шаруашылықта қой саны 50 мыңға, жылқы мен түйе 700 басқа жетіп, оған
жүздің үстінде машина, трактор қызмет көрсетті. 366 отбасында 2671 жан болса,
екі мектепте интернатымен 711 оқушы білім алды. 25 орындық аурухана, 4
дәрігерлік пункт, 75 орындық балабақша, 450 орындық клуб, спорт алаңы, 28
орындық тұрақты монша, 2 автомонша, бірнеше сауда орындары мен тұрмыстық қызмет
көрсету шеберханасы халыққа қызмет көрсетті».
Міне, осының барлығы Қаратай ағамыздың білікті
басшылығының, әрбір адамға деген жанашыр қамқорлығының, істің көзін тауып,
ұйымдастыра білуінің, тәуекелшілдігінің, сол тәуекелді серік еткен ермінезділігінің
арқасында жүзеге асқанын көпшілік сөзсіз мойындайды.
Адамның өмірбаяны өмірдің өзі сияқты күрделі. Мен осы
адамды жақсы білемін деп кей жағдайда жаңылысып кетуіміз де мүмкін. 1964 жылдың
күзінде аудандық партия комитетінің пленумында Қаратай ағамыздың көсіліп
сөйлеген сөзін тыңдап, мінезіне сөзі, сөзіне ісі сай, аңқылдаған ақ көңіл,
нағыз істің адамы-ау деп түйіндеген едім. Қателеспеппін. Кейін аудандық партия
комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде қызмет бабымен жиірек араласып,
іскерлік талантына тәнті болып, адамгершілік биік парасатын танып-білумен бірге
шынайы ақыл-кеңестерін алған кездерім де аз болған жоқ. Ағалап ақылын алып,
соңына ерген 30 жылдың ішінде Қаракеңнің бойынан адамды өрге жетелейтін
өршілдік мінезді, адамға деген шынайы қамқорлықты, таза адалдықты анық таныдым.
Тіршілік майданында араласқан азаматтың ақ жайма болып, жұрттың бәрінің көңілін
табу мүмкін емес нәрсе, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Қаракең қандай іске
кіріссе де жанымен беріліп кірісетін, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын.
Қарапайым тілмен айтқанда, жанықтырып жұмсай да, алғаусыз аялай да білетін,
өзінің көзі жеткен кемшілікті кімнің де болса бет жүзіне қарамай тіліп айтатын.
Әділ, шын сынды кім мойындамайды, сол қатаң сыналған адамдардың өзі «Қаракең
қиянат жасады» деп айта алмайтын. Қаракең кіммен болса да күмілжімей тең
сөйлесетін, кейбір азаматтарда кездесетін жоғарыдағыларға күле, төмендегілерге
түнере түсетін екі бетті емес, үлкенге де, кішіге де, өзі бағынатындарға да,
бағыныштыларына да бір мінезбен көрінетін, кісіні сыйлай да, өзін де сыйлата
білетін.      
Қаракеңнің ізденгіштігі, ескіні де, жаңаны да білуге
құмарлығы, білдім, толдым деп аспайтындығы, таспайтындығы, өзінің бойындағы
мінін өзі байқап, білімінің таяздығын айтып, өзіне өзі қанағаттанбай отыратыны
үлкен кісіліктің көрінісі екенін онымен бірге жұмыстас болған, тәрбиесін көрген
азаматтар сөзсіз мойындайды.
Бір әңгімеде Қаракең: «Жоғары білім ала алмадым,
техникумды да сырттай оқып бітірдім» – дегенде, сол кезде кеңшар парткомының
хатшысы болған марқұм Каналбек Тоқшылықовтың: «Қараке, жоғары білім алғаныңызда
бұл жерде біздің арамызда емес, анау жоғары жақта жүресіз ғой» деген сөзі ел
арасында кең тарап кетті. Бұл әзіл ретінде айтылғанымен6 түбінде шындығы бар
Қаракеңнің қабілетіне мойынсыну еді.
Қаракең бүкіл ауыл адамдарының қамқоршысы бола білді.
Жылағанды жұбатты, жетімдерді жебеді, тентекті түзеді, талапты жастың белін
буып тәрбиеледі, бір сөзбен айтқанда елдің ауызбірлігін сақтап, имандылыққа
ұйыстыра білді. Ауыл адамдарының кез келгенінен сұрасаң, Қаракең туралы осыны
айтады.
Қаракеңнің тәрбиесін көрген Рүстем Ахметов, Құснадин
Смағұлов кезінде кеңшар директорлары болып, елге белгілі қызмет жасаса, партком
хатшысы, ауылдық кеңес төрағалары, ферма басқарушылары, бас мамандар болып
қанша азаматтар тағылым алды. Жас шопан Әділбек Қайруллаевтың Социалистік Еңбек
Ері атағын алуына Қаракеңнің қаншалықты қамқорлық жасағаны халыққа белгілі.
Сондай-ақ, Сайлау Жанбаев, Демеу Жайықбаев, Шерепет Мырзабаев, Қуанышбике
Сүйінтаева, т.б. көптеген озат шопандар еңбегі бағаланып, үкіметтің жоғары
наградаларына ие болды. «Елдің атын ер шығарады» деген осы емес пе?
1975-1983 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші
хатшысы болып қызмет атқарған Елеу Көшербаев зейнет демалысына шығып, 1992 жылы
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, Қызылорда қаласына
барғаннан кейін бірде маған телефон соғып: «Қаракең ағамыздың бірге қызмет
істеген қарбалас шақта еңбегін лайықты бағалай алмадық, осы мәселе ойымнан
кетпейді. Ең болмаса рухы разы болсын, ол кісі туралы мақала жазайын деп едім.
Өмір деректері, суреті, шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштері, тәрбиесін
көрген азаматтар, еңбек озаттары жөнінде мәліметтерді жинақтап жіберсең,» – деп
өтініш білдірді. Сұраған мәліметтерді уақытында жібердім. Көп ұзамай Елекең
«Сыр бойы» газетінің 1992 жылғы 20 қазандағы №126 санында «Ағаларды еске алу»
айдарымен «Қармақшының Қаракеңі еді» деген көлемді мақала жазып, оның кеңшарды
ұйымдастырудағы қыруар еңбегін, зор ұйымдастырушылық қабілетін, парасаты мен
адамгершілік биік тұлғасын жоғары бағалады. 
Оның тәрбиелік ықпалы жөнінде: «Ауылдың қазіргі тұрғындарының көңіл
күйінен, кісіге қарым-қатынасынан, сәлемдесуінен, қонақ күтуде ұлттық дәстүрді
сақтауынан өнеге, тәрбие көргендігін ел шетіне кіргеннен-ақ тайға таңба басқандай
аңғарылып тұрады. Басшы көргенді болса, ауыл баласы қайда барады? Иә, сөз жоқ,
Қаракең «Жаңақаланың» (қазіргі Т.Көмекбаев атындағы ауылдың) іргетасын берік
қалады, Қызылқұмдағы ең ірі мал шаруашылығымен айналысатын кеңшарға айналдырып
кетті. Оның бұл еңбегін ешуақытта ұмытуға болмайды» дей келіп, «Көңілге медет,
дәтке қуат етеріміз – Қаракеңнің асылдарға бітер азаматтығын, имандылығы мен
тектілігін үнемі еске алып отыратын артында қабырғалы елі бар, тыңнан жол
салған алғашқы директорын жаңылмай мақтан ететін жұрты бар,» – деп түйіндейді.
Осындай шын жүректен шыққан әділ айтылған асыл сөзге біздің қосылмасқа лажымыз
жоқ.
Қаракеңнің халық үшін еткен еңбегі кезінде Үкімет
тарапынан лайықты бағаланды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен
көптеген медальдармен наградталып, республикалық деңгейдегі әр түрлі
марапаттарға ие болды. 1984 жылы «Республикаға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер»
деген атақпен құрметті еңбек демалысына шығады.
Тағдырдың ісіне амал бар ма: осындай абзал ағамыз ұзақ
ғұмыр кеше алмады. 1988 жылы 66 жасында өмірден озды. Біздің халқымыздың ерте
заманнан келе жатқан мызғымайтын қасиетті қағидасы – үлкенге құрмет көрсету,
ұлағатты мақалы – «Өлінің аруағы риза болмай, тірі байымайды». Олай болса,
өткелі отырылған ауылдың 50 жылдық мерейтойы барлық сән-салтанаты мен Қаратай
ағамыздың да рухын ұлықтап, елдің мерейін үстем етеді деп сенеміз.
Енді Қаракеңнің өзінің «Қызылқұм саптары» деген
өлеңіндегі:
«Ел жаңа – елу жылда» жер жаңарды,
Абатқа айналдырдық кең даланы.
Төсінде еңбек күйін көкке өрлеткен,
Туған жер өзің жебе бар балаңды», 
деген бір шумағын толқынды ойымыздың тобықтай түйіні
ретінде аға аруағына бағыштап тұжырымдасақ, інілік ілтипатымыз болар деп
санаймыз.   
 
Жаңаберген СӘДЕНОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы, облысқа ерекше
еңбек сіңірген зейнеткер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз