«Алпыс үш жыл бұрынғы айыбымды өтеп келемін…»

79

0

«Алпыс үш жыл бұрынғы айыбымды өтеп келемін...»Күз айы еді. Күн борасындау. «Бөген» елді мекенінен автобусқа отырдым. Бұл баяғы, 1921 жылы, пролетариат көсемі В.Ленин Арал балықшыларына хат жолдап, «Аштыққа ұшыраған Поволжье халқына жомарт қолдарыңды созыңдар» деп өтініш еткенде айрықша үлес қосқан ауыл-ды.
Жаныма етжеңді кісі жайғасты. Көптен таныспыз. Қайып Сүлейменов.
Қазір Қызылордада, жасы сексенге таяп қалған. Өзі «Бө¬геннен» 7-8 шақырым аралықтағы 20-30 үйлі, теңіз жағасындағы «Тәуір» қыстағында туып-өскен. Әкесі Есенов Сүлейменнің кәсібі балықшы екен. В.Ильич  хатына жауап ретінде 2,5 ай аулаған балығын тегіннен-тегін бергендердің бірі.
– Жалғыз біздің әкей ме?! – деді Қайып күліп, – Сағындық, Төлеген, Әбдікәрім және өзгелері де күзгі абыржымен алысып жүріп, жанқиярлықпен еңбек еткен. Сонан бері де зулап 95 жыл өте шығыпты-ау!
– Жас кезіңде ойнақ салған атамекенге тағзым еткелі келген боларсыз, ә?!
– Жоқ-ә? Қазір «Тәуірде» де, онымен іргелес «Қызыл қайырда» да ел жоқ. Бұл жолы 63 жыл бұрынғы айыбымды өтегелі келгем. Соны өтеп көңілім тыншып қайтып барамын.
– Қалай дедіңіз? – деп оның әжімсіз ажарына таңдана қарап қалыппын.
Айыбы несі? Және алпыс үш жыл бұрынғы дейді. Бұл жақта айыптыларды қамайтын түрме жоқ қой.
Ол да маған тесіле қалды.
– Әй, балалық-ай!… Әлде әсіре қызығу ма? «Тәуірде» аралас заттар дүкені болды. 1948 жылы ғой. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығы қалпына келмеген қиындау кез. Ашқұрсақпыз. Киім-кешек тапшы. Үлкен ¬гବлош¬ты кезек-кезек сүйретеміз. Қа¬лың қарда мектепке қарай жа¬лаң аяқ жүгірдік те. Осындай күндердің бірінде дүкенге тәпішкі түсіпті деді. Қазіргі үй ішінде киетін жеңіл аяқ киім. Оны кию бізге арман. Онша қымбат та емес. Бірақ аларға ақша жоқ. Бесінші сыныптамын. «Кіші түбектегі» жетіжылдық мектепке жаяу қаты¬нап оқимын. Дүкенші Жұпан есімді ағай. Соғыстан қайтқан майдангер. Әкесі Тәжімбет ишан мешіт ұстаған деседі. Өзімше жоспар құрдым. Іңір қараңғысы. Қарауылда  туыстас інім Әділхан тұрды. Дүкеннің үп-үлкен те¬резесін оп-оңай аштым. Сөйтіп тәпішкінің 4-5 парын қойынға тықтым. Терезе әйнегін қайта жауып, тайып тұрдық… Сыбағама екі пары тиді. Есік алдына келгенде бір тылсым «Тоқта!» деп жекіргендей болды.
Ал үйге кірем: «Қайдан алдың?» дейді. Ақша жоғы аян. Не деймін? Ал мектепке киіп барам. «Әдемі» екен дейді. «Бағасы қанша?» дейді. Не деймін?! Құрысын, басым қатты. Қораны айналып жүрмін. Анам тысқа шықты.
– Әлгі Қайып қайда жүр? Қараңғы түсті. Ізде¬сеңдерші! – дейді.
Бетім-ай! Содан қораның қуысына, шөп-шалаңның арасына екі пар тәпішкіні тыға салдым.
Жетіжылдықтан соң Аралға келіп, наға¬шым¬ның үйіне жатып №13 мектепте оқуымды жалғастырдым. Аттестатқа ие болғасын шо¬фер¬лық курста оқып, Арал автобазасында 10 жыл жүк машинасын жүргіздім. 1967 жылы Қызылордаға көшіп №1 автобазада шофер ма¬мандығым бойынша ұзақ жыл еңбектендім. Осында партия қатарына өттім. Жұмысым жақсарды. «Қайып-Қайып» атандым.  Автобаза басқармасының «Құр¬метті тақтасына» суретім ілінді. «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі» «Социалистік жа¬рыс¬тың 1974-1975 жылдар¬да¬ғы жеңімпазы» төсбелгісін омырауыма тақ¬тым. Машинамның маңдайында «Еңбек озаты»  жалаушасы желбіреп тұрды. Мереке сайын Алғыс хат пен ақшалай сыйлық алдым. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекелік медалімен мара¬патталдым. Үйлі-баранды, бала-шағалы бол¬дым. Зейнетке шықтым. Тыл ардагерімін.
Десе де, «ұрлығым» ойымнан кетпейді. Жүрегіме қара дақ болып жабысты да қалды. Қалай құтылам? Сұрастырсам, Жұпан аға дүниеден озған. Қымбат жеңгей сол қара шаңырақта отыр десті… «Бөгенге» жедел келіп, мешітке соғып аға рухына құран оқыттым. Бір қызығы әлгі мешіт Тәжімбет ишанның атында екен де, Жұпан ағаның Әнуарбек есімді баласы сонда имам екен. Қымбат жеңгеме барып сәлем бердім. Осылай да осылай деп «жырлап» тәпішкінің құнын әлденеше өсімімен айыппұлымды төлеп, «мені кешір, батаңды бер» дедім.
– Ой-й, айналайын-ай, – деді жеңгей сөз төркінін түсініп, – пәленбай жылғы балалық шалысыңды ұмытпай, алдыма келіп тұрған саған рахмет. Кештім, кешірдім, жай қолыңды деп ақ батасын берді.
* * *
Қамыстыбас стансасына жеткесін Қайып мырза автобустан түсіп қалды… Көзден таса болғанша тере¬зе¬ден қарап отырдым. Баяғы етженді, ауыр денесі жеңілденіп, қанат байлап ұшып бара жатқандай елестеді… «Иманды адам – ибалы адам» демекші, жол үстінде кейіпкердің өз аузынан есіткен хикаяны әлдекімдерге үлгі болса деген игі ниетпен қағазға түсірдім.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз