ҒАЛЫМ, ТӘЛІМГЕР

92

0

Ізгі арман биіктерге жетелейді. Ал сол ізгі арман арқылы елдің мүддесі үшін қызмет жасап, халықтың сүйіспеншілігіне бөлену құрметі әркімнің пешенесіне бұйыра бермейді. Бұл сайып келгенде, тынымсыз еңбектің, қажымас қайраттың жемісі болып табылады. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған азаматтың бүтін болмысы осындай игі қасиеттерден жаралғанын айрықша атап өткіміз келеді.

Александр Подольских – Қазақстанның селекционер ғалымы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы.

Ғалымның жолы қиын соқпақтардан, бұралаң өткелдерден тұратыны белгілі. Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдары Александр еңбек ететін күріш ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне де оңай соқпады. Ғалымдардың еңбек етуіне жағдай болмағаны былай тұрсын, ғылым ордасының өзі қаржыландырудың тапшылығынан тарап кетудің сәл алдында тұрған еді. Жалақы кешікті. Институттың 200 қызметкерін қысқартудан кейін үштен бірі ғана қалды. Осындай күрделі кезеңнің өзінде Александр Подольских ғылыми жұмысын тастап кетпеді.

Жұмысқа, ғылымға жан тәнімен берілгендер ғана қалды. Олардың қатарында болған ғалым әріптестерімен бірлесіп, «Арал-5», «Ақмаржан», «Кубань», «Арал-6», «Арал-7», «КазНиир-4», «КазНиир-6», «Айсәуле» күріш сорттарын өндіріске енгізуге белсене кірісті. Селекциялық жұмыстарға барынша көңіл бөлінді. Тіпті «Ақмаржан» секілді «күні өткен» сорттардың өзінен егер ыждағатты еңбек етілсе, оған білікті еселеп арттыруға болады екен. Ғалым осының барлығын әріптестерімен бірге тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығып, қайта өндіріске енгізді.

Ғалымның айтуынша, еңбекте бастысы талмай іздену – маңызды шарт. Айталық, Ресейдің «Новатор» сортымен жақсы селекциялық жұмыстар жүргізілсе, гектарына 100-120 центнерден өнім алуға болады.

Александрдың ғылым майданында табысқа жетіп жүрген шәкірттері де көп. Оларға үйретуден, ғылымға баулудан жалықпайтын ғалымның өзі 150-ден астам ғылыми жұмыстың, селекцияның жаңа әдістемесі бойынша төрт патенттің авторы.

Енді ғалымның өміріне қатысты бірқатар деректер ұсына кетуді жөн көріп отырмыз. Ол Қазалы ауданында туып-өсті. Көптеген әріптестері секілді Орынбор ауыл шаруашылығы институтының агроном мамандығы бойынша студенті атанды. Институтты бітіргеннен кейін Краснодар қаласындағы Бүкілодақтық күріш ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында ғылыми жұмыстарын жалғастырды. Оқу орнында оған күріш генетикасы жөнінде белгілі ғалымдар Дзюба, Сметанин, Зеленский және басқалар үлкен қолдау көрсетті. Ғалым олардың тәжірибесінен көптеген тағылымдық зерттеулерді оқып, зердеден өткізді. Александр оларды өзін осындай биікке жетелеген тәлімгер деп санайды.

Ол 1990 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. 1995 жылдан бастап Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының селекция бөлімін басқарады.

– Жаңадан енгізілген әрбір сорт жанды организм секілді. Ол ұдайы тынымсыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Жуырда біз «Сыр сұлуы» атты жаңа сорт енгіздік. Ол біздің ауа райына аса қолайлы, – дейді Александр.

Ғалымның айтуынша, жаңа сорттарды енгізу аса ыждағаттылықты, ұқыптылықты, тіпті төзімділікті талап етеді. Егер селекциялық жұмыстардың осындай талап үдесінен шықсаң, жаңа сорттардан алынатын өнімді еселеуге болады. Қазір әріптестерімен бірігіп, «Арал-202», «Ару», «Арал-69», «Арал-318», «Арал-4», «Арал-6» сияқты перспективалы сорттарды енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

2003 жылы ғалым докторлық диссертациясын қорғады. Қазір ғалым Қазақстанның күріштік аймақтарының табиғатына бейім сорттарды енгізу бойынша жұмыстарын жетілдіріп, ғылыми еңбегін жалғастыруда. Олардың құрамы әлемнің 50 еліндегі 1400 үлгіні құрайды. Тынымсыз еңбектің жемісін көретін уақыт та қашық емес.

Ж.ӘЛМАХАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз