Алыптар достығы

120

0

Алыптар достығы«Еңбек ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді» дейді халық даналығы. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың қиын кезеңде халықтың қарнын тойдыру, елдің ырысын молайту барысындағы жанқиярлық еңбегін, Сыр өңірін енді жерсіне бастаған күріш дақылынан мол өнім алудың жолын іздестіргенін кім ерлік емес деп, кім елдікке бастар жол емес деп айта алар. Осы қатарда халық үшін қайыспай қызмет еткен ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев, мал шаруашылығының дамуына зор серпін берген Жазылбек Қуанышбаев, колхоздың ұйымдастыру жұмыстарындағы шебер басшы Нұрмолда Алдабергенов тұрар еді. Тағы да сол данышпан халқымыз: «Адамды өлтірген емес, адамды өлімнен алып қалған кісі батыр» дегенді айтады. Жоғарыдағы аты аталған қайсар жандар ұрпағының мың жасауына қам жеген, сол үшін терін төккен абзал азаматтар.  Тамыры бір, тағдыры бір, заманы бір олар қазақтың берекесі мен беделі екендігі анық. Кейінгі ұрпаққа өнегелі ісін қалдырған олардың барынша қарапайымдылығымен қатар бір-біріне деген ыстық ықыласына, құрметіне қалай сүйсінбейсіз. 
Ыбырай ата мен Жазылбек атаның арасындағы шынайы қар¬ым-қатынас, сыйластығы елге өнеге. Екі ұлы адамның достық пейілі өмірлерінің соңына дейін жалғасты. Көзкөргендер айтады: 1976 жылы Ыбекеңнің үйіндегі әжеміз Бибажар қайтыс болып, Жазылбек қария көңіл айта келеді. Аудан басшысының тапсырмасымен жергілікті азаматтар Жазылбек Қуанышбаевты Жаңақорған ауда¬нының шекарасынан күтіп алып, Жақаевтың үйіне дейін бас¬тап келеді. 
– Жазылбек ақсақал көңіл айтты. Екі қария көрісіп, шер тарқатысады.  Жамбылдық қонақтар екі «Волга» машинасымен келді. Сонан қайта елдеріне қайтқанша жолбасшы болып жүрдік. Екі алыптың, екі мәрте Еңбек Ерлерінің қатар отырып суретке түсуі сол кездің куәсі. Қазір кітап-журналдарда қайталап басылып жүрген сол фото. Оны аудандық газет фототілшісі Сейтхасан Хутаев түсірген еді, – дейді сол кезде жолсерік болған шиелілік азаматтың бірі Тұрахмет Ерниязов.  
Ыбекеңнен шамалы жас кішілігі бар Жазылбек Қуанышбаев інілік жолымен мұнан бұрын да келіп, ағасына сәлем беріп кету дәстүрінен аттамаған көрінеді. Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:
«Кездесті, міне, солай екі батыр, 
Боп қалды қосылғандай екі ғасыр, 
Бірі тау, бір теңіз секілденіп, 
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр»,
– деп  жазған екен.
Екі алыптың достығы мен көңіл жарастығын дәлелдейтін тағы бір оқиғаны еңбек ардагері Пердәлі Архабаев ағамыз былай баяндайды: «Сексенінші жылдардың бас кезі еді, Ыбекең Алматыдағы жазушылардың съезіне қатысып, сөз сөйлейтін болды да, астанаға алып бару үшін ол кісіге атқосшылыққа мені мен жездем Пәштайды бекітті. Пойызда бар жағдайын жасап, шаршатпай алып бардық. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың өзі және де Орталық комитеттің жауапты қызметкерлері күтіп алып, Орталық Комитеттің резиденциясына жайғастырды. Жамбылдан Ыбекеңнің тұстасы екі рет Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев та келіп қатар жайғасты. Екеуі жарасымды әңгімелесіп, ой бөлісті. Арасында әзіл қағыстырып, күлісіп те алады. Кешке арасында Бибігүл Төлегенова бар өнер шеберлері келіп концерт қойды. Екі қарт өте көңілденіп, түнде жақсы демалды. Ертесіне Жазушылар одағының съезіне қатысып, Ыбекең сөз сөйледі. Диқан атамыздың: «Егінші – кетпеніне, қойшы – таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген әйгілі сөзі сонда айтылып еді». 
Әлемдегі ең ұлы нәрсенің бірі – достықты құрмет тұтқан  еңбегімен өмірлік ұран жазған алыптардың қарым-қатынасының бір сәті осылай өрілген еді. 
Екі алып жалғастырған жол әлі жалғасып келеді. Диқан баба мерейтойына байланысты биыл аудан азаматтары Жамбыл облысындағы Жазекеңнің мекені Мойынқұм ауданына барып қайтты. Мойынқұмдықтар да Шиеліде өте¬тін салтанаттың сәнін кіргізіп, арнайы концерттік нөмір әзірлеп жатыр.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз