АЛЫСТАЙ БЕРГЕН БІР БЕЙНЕ

117

0

Сыр елінің сындарлы азаматы, марқұм Олжабай Сапарбаев туралы сыр
Кеше ғана жанымызда жүрген, сыйласқан замандас, қадірлі дос, абзал азамат Олжекең туралы бүгін естелік жазамын деген кімнің ойында болған?!
Ойнап-күліп қатар жүргенде жолдасыңның есте қалдырып бағаларлықтай іс-қимылына, тауып айтқан тұжырымына, парасатты ой-пікіріне барлық уақытта өз дәрежесінде мән бере бермейді екенсің.
Тау алыстаған сайын биіктейді демекші, Олжекеңнің азаматкерлігі, өмірге деген түсінігі, жолдасқа деген қарым-қатынасы күн өткен сайын жан сыздатқан сағынышқа айналып барады. Өмірде кездесетін жасандылыққа, бір нәрсені көріне көзге құлпыртуға, орынды, орынсыз мақтаншылыққа жаны қас еді. Ақты «ақ», қараны «қара» дегенді ұнататын.
Атамыз қазақ «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп тегін бағалап өткен емес пе?! Олжекеңнің арғы (үшінші) атасы тарихта қалған Тұрсынбай, Досбол датқалармен қатар өмір сүрген Томпақ датқа болса, әкесінің әкесі Нұртаза да өз заманында ел басқаруға араласқан, батылдық пен жомарттықты қатар ұстаған кісі болған екен. Ал, әкесі Сәдуақастың мұсылман қағидаттарын жақсы меңгерген, сөзге жүйрік, зерек, ағайын-туысқа ағалық жасап өткенін, өзін (Олжабайды) ертерек дүние салған Сапарбай ағасының атына жаздырғанын өзара бір сырласқандай әңгіме барысында айтқаны бар еді.
Жолдастықтың әрі қарай достық, сыйластық қарым-қатынасқа ұласуы ең алдымен Алла тағаланың адамға берген мінез-құлқына, өмірге деген бағамына, ой-пікіріне, көзқарасына, көңіл-күй түсіністігіне, яғни, адами қасиеттерінің үйлесімділігіне байланысты екеніне ешкімнің дауы болмаса керек.
Жарықтық Олжекеңмен кейінгі 35 жылдан астам өмірімізді аралас-құралас қарым-қатынаста өткіздік деуге болады. Сыйластыққа сызат түсіретіндей кемшілік болса, қателік болса Олжекең тарапынан емес, бізден кетуі мүмкін. Оның үстіне менің бірер жас кішілігім де бар. Кейде ой, Олжеке олай емес, былай ғой деп қаламыз, кейде әзіліміз де артықтау кетіп жатуы мүмкін ғой. Бірақ ол кісі соның барлығын ұсақ сөзге айналдырмайды, басқалай да сыңай танытпайды, «бірінші басшылардың пікірімен келісуіміз керек» – деп жаймен ғана күліп қоятын.
…1979 жылы Жаңақорған ауданына басшы болып бардым. Барғаннан кейін ауданның тарихы, қай кезде кімдер қалай басқарды, кім қалай еңбек сіңірді деген мәселелермен қатар аудан азаматтарынан облыста, басқа жерлерде кімдер жүр, кім елдің тіршілігіне, азаматтардың ауызбірлігіне қалай болыса алады деген ойлармен жігіттерді сырттай іздестіріп, іштей жорамалдап жүру жазылмаған міндетімізге, жоспарымызға енді.
Осындай мәліметтер арасында Шәймерден Бәкіров аудан басқарып тұрғанда оған Олжабай Сапарбаевтың мықты көмекші болғаны екінің бірінен естілетін. Ана қағазды олай, мына қаламсапты былай қойып, портфель көтеріп жүретін жәрдемші емес, Шәкеңнің аудандық партия комитетінің басшылығында абыройлы қызмет атқаруына үлкен үлес қосты, орынсыз іс-әрекеттер мен әңгіме-сөзге бармады, жолын білді, орнын білді деген сөздер менің ол жігітпен жақындаса, пікірлесе түсуіме, араласуыма ой салды. Шәкеңдей азаматпен жақсы қызметтес, сыйлас болғанына ризалықпен қарадым, сүйсіндім.
Ол уақыттарда біз Шәкеңмен Тереңөзек, Сырдария аудандарында басшылық қызметтерде бола жүріп қызмет бабында араластық, талай алдында есеп бердік, сыйластық. Облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстағы екі басшының бірі ретінде Шәкең мәселені өзектілігіне сай көтеріп, негізіне, анық-қанығына көз жеткізіп, бұрмаламай, әділеттікпен істің мүддесіне орай шешім қабылдайтын.
Міне, өзің қадірлеп, құрмет тұтқан азаматқа адал қызмет етіп, оң көзқараста болған жігітпен аралас-құралас, тіпті, сырлас болуға ішің бұрып, жақындаса түсуге құштар болады екенсің. Сондықтан да мұндай сезімді түсінікті сыйластыққа бағыттайтын, негіз қалайтын қағидаттардың бірі деген тұжырым жасауға тура келді. Олжекеңмен алғашқы таныстығымыздың жолдастық, пікірлестікке, сыйластыққа ұласу сыры осылай басталып еді. Түсіністіктің нәтижесі болар, сөзіміздің, іс-әрекетіміздің артық-кемін есептеспейміз, санаспаймыз.
Сырттай таныстық-білістігімізді былай қойғанда, облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған 1977 жылдан бастап жақсы біліс едік. Қызмет бабында, қоғамдық орында, ағайын-туыс, дос-жарандар ортасында, тіпті отбасында да оның өз ұстанымы, бағыт-бағдары болды және өмірден озғанша солай болып қалды.
Аудан басшылығында жүріп те, кейін облысқа келгенде де облыстық басқармалар мен бөлімдер арқылы шешілетін мәселелердің күнделікті туындап жататыны, ол үшін олардың басшыларымен сөйлесу, пікірлесу қажеттілігі туындайтыны белгілі. Осындай іскерлік қарым-қатынастарда облыстық ішкі істер басқармасы басшыларының, қажет жағдайларда, (әсіресе, кадр мәселелеріне байланысты) саяси бөлім басшылығымен қатты санасатыны, келісетінін сеземіз. Өйткені, Олжекең бұл қызметке келгеннен кейін, ең алдымен милиция, қазіргіше айтқанда полиция қызметкерлерінің саяси білім деңгейін байқаумен, қадағалаумен айналысудан, баспасөзден хабары жоқтарға газет-журнал оқытудан бастайды. Сөйтіп, ішкі істер қызметкерлері арасында партиялық-мемлекеттік тәртіпті нығайтуға күш салады. Қатардағы қызметкерлердің әлеуметтік-мәдени өміріне назар аударылады. Облыстық ішкі істер басқармасы саяси бөлімі меңгерушісі О.Сапарбаевтың жұмысы облыстық партия комитетінің пленумында тыңдалып, қолдау тапқанын осы күнге дейін ұмытқанымыз жоқ.
Олжекең он бір жылға жуық полковник шенінде облыстық ішкі істер басқармасының саяси бөлімін басқарды. Әлгінде айтып өткеніміздей, осы жұмыста да ол өзіне тән ұстанымы мен пікірін сақтап, азаматкерлігінен ауытқыған жоқ. Саяси бөлімде дәл бұлай жұмыс жасау қайсыбір атпал азаматқа да сын болары сөзсіз. Өйткені, бұл сала бұйрықпен басқарылатын орган. Басқарушының бұйрығы сала қызметкерлерінің қай-қайсысы үшін де орындалуға тиісті заң болып саналады. Оның үстіне сол уақыттарда облыстық ішкі істер басқармасын ішкі істер қызметінің генералдары басқарды. «Құп болады, жолдас бастық, бұйрық орындалады!» деп тұрмай, «мына мәселе неге бұлай шешіледі, ана жерін түсінісейік, қарайық, қажет болса жоғарғы партия органдарына шығайық» деп жатқанды қай басқарушы ұната қояды.
Сол кезеңде облыстық партия комитетінде, атқару комитетінде идеология саласымен, құқық қорғау мәселелерімен айналысатын жігіттер Олжекеңді «біздің Қалматаевымыз» дейтін болды.
Мұрат Қалматаев Қазақстан Орталық партия комитетінде бөлім басшылығында, Мұстахым Ықсановпен бірге Орал облыстық партия комитетінің хатшылығы қызметінде болып, республиканың ішкі істер министрлігі саяси басқармасын абыроймен басқарған, ішкі істер саласының құрметті генералдарының бірі.
Одақ пен коммунистік партия тарағаннан кейін Олжекең кәсіптік білім жүйесін басқарып еді, осы саланың білікті маманы, ұстазы, ұйымдастырушысы болды да шықты. Арал ауданында семинар өткізуге тақырып табылмай жүргенде Олжекең облыс, аудан басшылығындағы азаматтарға сондағы кәсіптік-техникалық училищенің жұмысымен танысуды ұйымдастырып, көптеген жігіттер ел көріп, жер көріп, қосалқы шаруашылықта мал өсіруді үйреніп қайтты.
Олжекең кәсіби партия қызметкері болып дүниеге келген, қай жерде еңбек етсе де, терең мән беріп, зерттеп, ынта-ықыласымен қызмет етіп, сол саланың мерейін көтеруге, отырған орнының дәрежесін арттыруға, өзінің беделін, абыройын түсірмеуге қалыптасқан жан еді.
Ол кісінің руханиятшыл, елшілдігі өз алдына бір төбе. Тарихи тұлға, халықтың әрі батыры, көсемі, әрі дін қайраткері бола білген Төлегатай кесенесінің тұрғызылуына қосқан үлесі жеке бір тақырып. 
Ең бастысы, Олжекең ішкі істер органының зейнеткері болумен қатар білім саласының да қадірлі ардагері болды. Екі жағына да қадірлі, құрметті аға еді. 
Шүкір, Олжекеңнің арты жақсы. Кездескен сайын жарқылдап амандасатын ұлдары Ғани мен Жәнібек Олжекең секілді әке тәлімін бойға сіңіргендігін байқатып тұрады.
Асыл азаматтың қазасы күллі барша жұрттың қабырғасына батты. Елдің абыройлы азаматтары бірлесіп, мәңгілік сапарына шығарып салды. Дайрабай Ысқақов, Сәдібек Балтабайұлы бастаған інілері мен қарындастары қай кезде де алғаусыз қызмет жасады. Артына ұстынды ұрпақ, жұртына жағымды іс қалдырып, ізгілік ізін салған Олжекеңдей орны бөлек ел азаматының халық жадындағы бейнесі жоғалмақ емес. Біз соған сенеміз. Уақыт еншісі асыл перзенттерін ұлықтай бермек.
Сәмит ДАЛДАБАЕВ,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз