ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАТЫРЫ

96

0

Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-барлаушы П.Нұрпейісов туралы  дерек көздерінде берілген мәліметтермен таныса отырып, оқырмандар мен билік тұғырындағы азаматтардың мынадай жайттарға да мән бергені дұрыс болар деп ойлаймын.
Біріншіден, қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданы аумағында өмір сүрген орта шаруа Нұрпейіс қарияның есімі немересіне фамилия ретінде жазылғанда көбінесе  орысша «Нурписов» болып, ал әкесі Қойгелдінің есімі бірде «Кольгельдиевич», енді бірде «Кольгейдиевич» болып рәсімделген. Сондай-ақ, осы өңірдегі Біліс атаулы кішкене өзеннің бойында өмірге 1919 жылдың басында келген балаға таңылған «Біліс» есімі оның әскери құжаттарында Плис болып жазылған.
Екіншіден, Мелитополь қаласындағы әскери-авиация мектебінде 1940-1943 жылдары оқып, штурман (летчик – наблюдатель) мамандығын игерген Нұрпейісов әскери ұшақты жеке өзі басқара алмайды. Ол экипаж құрамындағы әскери маман болып саналады да, экипажға жүктелген тапсырманы орындау барысында өзінің міндеттеріне сай өте күрделі және үлкен кәсіби шеберлікті талап ететін функцияларды атқара отырып, тапсырманың толыққанды сапалы орындалуына пилотпен (экипаж командирімен) бірге тең жауапты болады.
Әрі қарай негізгі әңгіме желісіне бет бұрайық. Жазушы С.Дриго Нұрпейісов туралы мынадай мәліметтер береді. «П.К. Нурписов родился в 1919 году в ауле Тахтакупырь Кара-Калпакской АССР. Казах. Член ВЛКСМ. В армии с 1939 года. Окончил Мелитопольскую военно-авиационную школу. На фронте с 1943года. При представлении к званию Героя Советского Союза – старший лейтенант, штурман экипажа 47-го отдельного гвардейского разведывательного авиаполка резерва Верховного Главнокомандования». Жалғастыра отырып, П.Нұрпейісовтың Батыс және 3-Беларусь майдандарында  алыс қашықтықтарға 100-ден астам әскери ұшылымдар жасап, жауынгерлік ерліктері үшін екі «Қызыл Ту» және «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталғандығы туралы мәлім етеді. Тек Шығыс Пруссия аспанында Кёнигсберг қамалының үстінен 8 рет қорғаныстық құрылыстар жүйелерін суретке түсіріп, сондай-ақ Тильзит, т.б., үлкен қалалардың (өндіріс орындарының) қорғаныстық карта-схемаларын дайындауда жаужүрек әуе барлаушысының ерліктері  мен кәсіби шеберліктерін ашып көрсетеді. Қорытындылай келе, жазушы 1945 жылдың 23 сәуірінде пилот Дунаевскиймен бірге атқарылған Берлин қаласының үстіндегі әскери барлаушылық соңғы ұшылымнан экипаждың оралмағандығы жайлы баяндап,  П.Нұрпейісовке Кеңес Одағының Батыры атағының 1945 жылдың 18-тамызында берілгендігін мәлімдейді.
Орайы келіп тұрғанда, әріптестіктері мен тағдырластықтары үлкен достастық пен бауырластыққа ұштасып кеткен Константин Дунаевский жайлы да мәлімдеме беруді жөн көріп отырмын. С.Дригоның дерегі: «К.Д.Дунаевский родился в 1922 году в г.Ржеве Калининской области. Русский. Член ВЛКСМ. В армии с 1941г. Окончил Оренбурскую военно-авиационную школу. На фронте с 1943 года. При представлении к званию Героя Советского Союза – старший лейтенант, командир звена 47-го отдельного гвардейского разведывательного авиаполка резерва Верховного Главнокомандования».
Әуе барлаушысы қызметінің қыр-сырын игерген жас офицер К.Дунаевскийдің де әскери қызметі осы Батыс және 3-ші Беларусь майдандарының құрамындағы арнайы жасақталған  47-ші гвардиялық жеке барлаушылар авиаполкінде атқарылып жатқандықтан оның П.Нұрпейісовпен бір экипажда жұптасуы кездейсоқтық емес екендігін көреміз. Ол да  өз экипажымен 100-ден астам рет жау тылындағы қорғаныстық нысандарға әскери ұшылымдар жасаған. Жалпы алғанда жаудың 48 аэродромдарына (оның ішінде Шығыс Пруссиядағы 10-нан артық аэродромдар бар) барлау жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ, Кёнигсберг қамалының қорғаныс жүйелерін барлап қайтуға да неше дүркін барғанын жазушы ашық жазады. 1945 жылдың 23 сәуірінде пилот Дунаевскийдің экипажы (штурман Нұрпейісов және атқыш-радист Алексей Волков) Берлин қаласының үстіндегі соңғы әскери барлаушылық ұшылымнан қайтіп келмегендігін баяндай отырып, гвардия аға лейтенант К.Дунаевскийге де Кеңес Одағының Батыры атағының 1945 жылдың 18 тамызында берілгендігіне жазушы С.Дриго сендіреді. К.Дунаевскийдің соғыс жылдарындағы ерліктері мен батылдықтары үшін екі  «Қызыл Ту» ордені және «1-ші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталғандығы да осы кітапта келтірілген. Осы жерде айта кеткеніміз орынды болар, Ұлы Жеңісіміздің 45 жылдығына дайындық кезінде 1987 және 1988 жылдары шыққан 2 томдық «Герои Советского Союза» атаулы биографиялық басылымда Константин Дмитриевич Дунаевскийдің де, Плис Қойгелдіұлы Нұрпейісовтің де (оларға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген кезде, яғни 1945 жылдың 18 тамызында) Ленин орденімен марапатталғандары жайлы жазылған. Бұл мәселе де нақтылы сұраныстар мен ізденістерді талап етеді. (қараңыз: 1-том, 455бет; 2 том, 183 бет).
Жалпы алатын болсақ, бүкіл Батыс Еуропаның экономикалық қуатын басқыншылық мақсаттарына бағындырған германиялық фашистердің қолбасшылары әрбір барлаушылық, немесе бомбалау ниетімен ұшып келген ұшақтардың бірде-бірін кері қайтармаудың амалдарын жан-жақты ойластырып және іске асырып, ал кінәлі қорғаныс басшыларын ату жазасына кесіп отырған. Сондықтан, біздің ұшқыштардың әрбір ұшылымын жанкештілік  ерлік деп бағалағанымыз дұрыс болады.  
 Әсіресе, әуе кеңістігінде жасалатын жаужүректік ерліктердің табиғаты айрықша болып келеді. Ең алдымен ол ұшқыштың өзі басқарып келе жатқан ұшу аппаратының көктегі маневрлік мүмкіндіктеріне деген сенімділікке тікелей қатысты. Сондықтан да оқырман назарына қос батырымыздың 1944-1945 жылдары үздіксіз ұшқан авиаконструктор В.М.Петляковтың арнайы тапсырмамен құрастырған ПЕ-2 ұшағы жайлы мәлімет беріп отырмыз. Соғыс жылдары негізгі бомбалаушы ұшаққа айналған бұл аппараттан 1943 жылдан бастап барлаушы аппараттар құрастырыла бастады да, оның бортына жоғары сапалы аэрофотографиялық және радиобайланыстық арнайы қондырғылар орнатылды. Ал қанатына қондырылған «М-105Р» маркалы екі моторының әрқайсысының қуаты 1100 аттың күшіне тең болды. Ұшу биіктігі 8-9 мың метр болса, жылдамдығы сағатына 540-550 шақырым шамасында болған. Ал, борттағы 800 килолық бомбаларды нақтылы нысаналардың төбесінен дөп түсіру үшін құлдырай төмендейтін ұшақ жылдамдығы сағатына 800 шақырымға дейін жетіп отырған.
Осы әскери ұшақтың модификацияланған ПЕ-2и типімен ұшқан экипаждың (К.Дунаевский-пилот, П.Нұрпейісов-штурман, А.Волков-атқыш-радист) 1945 жылдың ақпан-наурыз айларының өліарасында берілген әскери тапсырыстарды орындай отырып, Шығыс Пруссия және Померания аумақтарынан шегініп бара жатқан жау колонналарына шабуыл жасағаны және олардың 2 эшелонын өртеп, көп автомашиналарын, 50-ден астам офицерлері мен солдаттарын жойғандығы жайлы жазушы Джураев Т.Д. жазып кеткен (276-бет) болатын.
Плис Нұрпейісовтің жастық шағы расында Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданының орталығы, осы аттас ауылда өткен. Атасы Нұрпейіс бұл жерге жалғыз ұлы Қойгелдіден көрген тұңғыш немересі Білістің 8 айлығында қазіргі Қызылорда облысындағы Қазалы селосының маңынан көшіп келген. Басты себеп – Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ даласында басталған аласапыран арпалыстардан ұрпағын аман алып қалу болса керек. Қазақтармен ғасырлар бойы қоян-қолтық өмір сүрген, кезінде Қоқанд-Хиуа хандықтарының езгісін бірге көрген жергілікті халық оларды жатсынбай, баспана қабырғасын көтеруге көмектесіп, тағдыр тәлкегінің ауыртпалықтарына арқаларын ұжымдаса тосқан….
Сегіз жасқа толғанша «атасының мойнында, әжесінің қойнында» жатып өскен бала 1927 жылы күзде орта білім беретін мектепке барып, оны жақсы үлгеріммен 1937 жылы бітіріп шыққан. Ынталы бала 5-6 класстарда оқып жүріп-ақ аудан орталығына айналған Тақтакөпірдегі «Ликбез» атаулы курстарда сауатсыз шаруаларға сабақ беру жұмыстарына қатысқан. Сабақтан бос уақыттарын балық шаруашылығымен айналасатын орыс шаруаларымен шүйіркелесіп, орысша тілдесудің қыр- сырына жаттыққан.
 Мектеп бітірген бозбаланы 1938 жылы Қызыл әскер қатарына шақырғанда атасы Нұрпейіс аудандық әскери комиссариатқа барып, «бұл – менің қолымдағы қолқанат балам» деп әскерден алып қалған екен. Келесі жылы қарияның тағы екі немересі бар екендігінен мәлімет алған комиссариат Плисті армия қатарына аттандырып жіберген. 
Автор мұндай деректерді қайдан алған деген сауалдың туындауын ескере отырып айтарым мынау: 1969 жылы Ленинградтағы Азаматтық авиация академиясының жанынан ашылған саяси қызметкерлер  курсында оқып жүріп, менің Нүкіс қаласының тұрғыны, ұшқыш Байрон Таженов деген қарапқалпақ жігітімен танысқаным бар. Ол азамат отбасымен жатақханада тұрады екен. Таныса келе, етене араласып кеттік. 1970 жылдың жаңа жыл мерекесінде бірге болып, әңгіме үстінде «Джураевтың «Верны сыны Родины» атаулы кітабында жазылған П.Нұрпейісов туралы не айта аласың?» деп сұрақ қойдым. Батырдың ұлты қазақ екендігін біліп, Байронға ол туралы нақтылы мағлұмат іздестіруді тапсырдым. Жазғы демалыс кезінде Байрон Тақтакөпірге барып, Нұрпейісовтер отбасының Қазалы жаққа ертеректе көшіп кеткені жайлы бұрынғы көршілерінен сұрастырып біліпті. Естіп-білгендерін ол маған қалааралық телефон бойынша хабарлады. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында Нүкіс әуежайының әуелі бастығы, кейін Президенті лауазымында қызмет атқарған Байрон Таженов сияқты азаматтар өз ұлтының сайыпқырандары дәрежесіндегі мақтанышы болды. 
Ел-жұртының алдында аянбай еңбек еткен, ауылда өсіп, аспандағы өнерді игерген, Орта Азиядағы ұлттардың арасынан шыққан ұшқыштар да, ғарышкерлер де саусақпен саналады. Сондықтан да, 26 жасында шейт боп кеткен Плис Нұрпейісов сияқты ағалардың рухы мәңгі жасасын десек, олардың ерліктері мен өнегелі өмірлерін жас ұрпақ алдында дәріптеп өтейік.
Әбу СМАҒҰЛҰЛЫ,
 ҚР-ның Құрметті авиаторы.
Алматы қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз