Ат терлігіне жағылған у

1087

0

Бүгінгі баяндалатын әңгімені қазалылық шежіреші ақсақал, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, запастағы гвардия майоры Өмірзақ Ахметов пен Сағынған қажы Жақыптан естіген едім. Қолжазбаларымның тігіндісі сақталған папкадан тауып алып, назарларыңызға ұсынып отырмын.

– Жанқожа батыр бабамыз қару-жарағы басым орыс отаршылдарынан атақонысты азат ету жолында сарбаз жинауға кіріседі. «Бәріміз мұсылманбыз. Орыстан жерімізді тазалайық» деген сәлеммен Хиуа­ға адам жіберіпті. Бекмырза бастаған ел азаматтары қауіпті сапарды еңсеріп, ханмен кездеседі. Хиуа ханы «әскер беремін» дегенімен, нақты күнін айтпапты. Күмілжіп, сөзін шұбалаңқы жеткізіпті. Бекмырзалар елге қайтады. Жол-жөнекей оңашалау жердегі үйді көріп, түстенуге түседі. Бұл баяғы Сыр бойының батырлары өлтіретін Бабажан сарттың баласы Майқара бектің үйі екен. «Ежелгі дұшпан ел болмас». Әкесі Бабажан жауыздың момын халыққа жасаған қиянаты тарихтан мәлім. Бойын зұлымдық жайлаған Майқара сырын-жымын білдірмей, жылмаң қағып қарсы алады. Қазақтар сусын ішіп жатқанда Майқара сыртқа шығып, төрт аттың терлігіне у жағады. Бесіншісіне шала-пұла үлгереді. Соңғысы Бекмырзаның аты екен. Көп ұзамай жолаушылар жолға аттанады. Бірсыпыра жер жүрген соң у термен денеге жайылады. Арыс­тай төрт азамат табан астында қаза табады. Бекмырза болса қатты сырқаттанып елге жетеді. Келісімен батыр бабаға болған жағдайды айтады.

«Апырым-ай, қиын болды-ау. Сартай би, Қосым қожа, Дәулет бақсының қабіріне түне. Хабарын берер» депті Жанқожа батыр.

– Бекмырза аруақтарға зия­рат қылыпты. Түсіне ат жақты, бидай өңді, келбетті адам еніпті. Күңіренген дауыспен «Оу қожалар, бақсылар! Бастарыңды көтеріңдер. Бекмырза жәрдем сұрап тұр. Мәнісін түсіндіріңдер. Көмек жасаңдар!» деп дауыстапты. Ешқандай белгі байқалмаса керек. Бұл Сартай екен. Бекмырза шошып ояныпты. Елге оралып, Жанқожа бабаға көрген түсін жеткізіпті. Сонда батыр «Е-е, қамын жасаған жөн болар…» десе керек. Арада екі-үш күн өте Бекмырза дүниеден озыпты. Міне, Сартайдың әулиелік қасиетіне бір дәлел – осы, – деген Өмірзақ қарт ойға шомды.

Сартай о дүниеге аттанар алдында ағайындарына «Мені Қосым қожа мен Дәулет бақсының жанына қойыңдар» дегенге ұқсайды. Өсиеті бұлжымай жүзеге асты.

Кезінде «Қожаназар ишан» мешітінде бас имам қызметін атқарған Сағынған қажы Жақып айтқан мына оқиға да естігенді елең еткізері анық. Оның бесінші атасы Пірімжар Сартай батырмен дос болыпты. Өзі де оқымыс­ты, ғұлама адам екен.

– Сартайдың үлкейген шағы. Бірде би Пірімжарға хабар жіберіпті. «Біз қартайып келеміз. Қосым бабаға түнеп, мәңгілік мекен сұрайық. Мені Діңнің басында күт» десе керек. Уәделі мерзімде Сартай да жетіпті. Екеуі сапарға шығыпты. Жолда Жанқожаның әкесі Нұрмұхамедтің үйіне соғыпты. Батырға сапарының мәнісін айтыпты. Жайланып болып, жүргелі жатқанда жас Жанқожа «мен де барайын» деп өтініш білдіріпті. Әкесінен рұқсат алып, үшеуі бірге аттаныпты. Қосым қожаның қабірінің басына түнепті. Бәрі де – аруақты жандар. Түнде Сартайдың түсіне енген Қосым баба «Сенің орның сақтаулы. Десе де, қиын кезеңде үзілесің. Жете алсаң жарар еді» депті. Би «Сүйегім жетсе, қабылдайсың ба?» деп сауал қойыпты. Сонда Қосым баба «Әрине, мекенің дайын» десе керек. Пірімжардың түсіне кірген қожа «Сенің орның мұнда емес. Мекенің өзің Сартайды күткен жерде. Сол төбені белгілеп, қазық қақ» дегенге ұқсайды. Ал, Жанқожа батырға «Сен әлі жассың. Елге қажетсің. Алайда түптің түбінде көрші болармыз» депті. Берілген аян орындалыпты.

Сартай би жолға шығар алдында түйесі боталаған екен. Бота атан болған кезде Сартай дүниеден озыпты. Күн қатты ыстық екен. Батырдың сүйегін өгіздің терісіне орап тігіп, сол атанмен жеткізіпті. Қосымның қасына жерленіпті. Пірімжар болса Қосымның зиратынан оралған соң немересі Бекмембетпен бірге Діңнің төбесіне көтеріліпті. Өзіне аян болғандай, Сартайды күткен жеріне қазық қағыпты.

Уақыт өте Пірімжар да қайтыс болыпты. Белгіленген жерді ашса, астында қақпақ тас жатыр. Тасты аударған қабіршілер қазулы тұрған лақатты көреді. Дайын қабірге жерлеп, қақпақ тасты қайтадан жауып қойыпты. Жанқожа бабаның зираты Қызылқұмда жатыр. Қосым баба, Дәулет бақсы бәрі де көршілес аймақтан мәңгілік мекен тапты. Қалайша таңданбассың?! – деген еді Сағынған қажы Жақып.

Бабалар аруағы жар болғай!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы  ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<