АҚТАҢГЕР

165

0

«Тоқта, балам, өмір деген өтпелі, бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді?» дегендей, құдайдың өлшеп берген ғұмырында талай адамдармен замандас, әріптес, дос, сырлас, сыйлас болғанымызға шүкіршілік етеміз.
Өткен өмірімізге көз жүгіртіп, өмір кітабының беттерін парақтаған кезде артында өшпес із қалдырған, қаршадайынан еліне қызмет жасаған, жүріс-тұрысымен, көркем мінезімен адамдардың жүрегіне ықылас отын жағып, көпшіліктің құрметіне бөленген жанның жарқын бейнесі ғана көз алдыңыздан кетпейді. Солардың арасында Мақсұт Әбдіразақовтың тұлғасы ерекше, шоқтығы биік жұлдыздай болып тұратыны ақиқат.
Махаң 1959 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданы «Коммунизм» колхозында бас зоотехниктен бастады. Жас маманның ұйымдастырушылық қабілетін зерттеп, байқаған аудандық партия комитеті үлкен сенім артып, 1961 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынады.
Еңбек жолы осылай жалғасып, 1963 жылы Сырдария аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1964 жылы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарады. 1967 жылы Сырдария ауданы дербестігін алып, бөлінгеннен кейін, облыстық партия комитеті Махаңды аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жібереді.
Махаң жаңа аудандағы қызметінде ұйымдастырушылық қарым-қайратын, іс-қабілетін танытып, өзіне лайықты абырой жинап сенімге ие болды. Арада көп уақыт өтпей, ол аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланды.
Махаң үлкен іске жауапкершілікпен қарап, кеңес жұмысының ішкі қырлары мен сырларына терең үңіліп, шаруашылық, құрылыс, мәдени-әлеуметтік, оқу-ағарту салаларының жұмыстарына жан-жақты талдау, зерттеу жасап, өскелең талапқа сәйкес дамытып, өркендеуіне жол ашқан іскер басшы болды.
Жиырма жыл бойы аудандық кеңес атқару комитеттерін (Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш) басқарған тұста, бұл аудандардың экономикасы едәуір өсіп, мәдени-әлеуметтік салалардың өркендеуіне кең жол ашылғанын сол кездегі экономикалық көрсеткіштер дәлелдейді. Сондықтан да, Махаң қарапайым тұрғындар арасында өте сыйлы болды. Ауданның партия ұйым жетекшілері оның іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кадр екенін лайықты бағалайды. 
Махаң еңбек жолының соңғы басты белесін комсомол, партия, кеңес жүйесіндегі бай тәжірибесін сан салалы ауыл шаруашылығын өркендетуге арнады. Сол кездегі облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы міндетін атқарып, облыстың саяси, қоғамдық, мәдени-әлеуметтік өмірінде терең із қалдырған азамат болды.
Оның көп жыл ат арқасында жүріп, ел билеуі, ағайын-туыс пен алыс-жақынға сыйлы болуы тегіне байланысты болса керек. Атасы Нүрке көп жылдар би-болыс атанып, ел-жұртының бірлігін сақтауда ұйтқы болған, ауыл-аймағының арқа тұтар тұлғасы екен. Нүрке биден туған Абыт, Әбдіразақ, Ілияс өз ортасында өресі биік азаматтар атаныпты.
Нүрке би ұрпақтары ауызбіршілікті, бауырмал, бөтенді айырмай, алысты жақын тұтып, елді бірлікке, туыстыққа шақырып отырған деседі. Малдан да, жаннан да енші алыспай бірлікті сақтай білген. Әкелері (Абыт, Әбдіразақ) сөзіне де, ісіне де берік, тиянақты, ұрпағына көп өнеге қалдырған, ешкімнің ала жібін аттамай, ағайын-туысқа қамқор, игілікті істері арқылы ел есінде қалыпты.
Махаңның әкесі Әбдіразақ көп жылдар Тереңөзек ауданының шаруашылықтарында ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарыпты. 1952 жылы Жалағаш ауданы орталығына көшіп келіп, аудандық коммуналдық мекемесін  басқарып, ауданның шаруашылық жұмыстарында өзінің ізін қалдырған. Оқу жасындағы Мақсұт аудан орталығындағы орта мектептің 9-шы сыныбында біздермен бірге мектеп қабырғасында білім алды. Сол уақыттан бастап Махаңмен қатар жүріп, тығыз араластық, жолдастығымыз кейін де жалғасты.
Махаңның бойындағы еңбексүйгіштік, адалдық, тазалық, мейірімділік, сыпайылық, ашықтық, қарапайымдылық және басқа да жақсы қасиеттердің бәрі де ата-анасы Әбдіразақ пен Қатшагүлден тарағаны көзге көрініп тұратын. Оның өмірі теп-тегіс тақтайдай, төрт жағы түгел, жанға жайлы, таржол, тайғақ кешуден ада, бұрылыс-бұралаңсыз болды деп айта алмаймыз. Махаңның да өмір жолында қиындықтар аз болған жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған кездері де болды.
Сол тұстарда ең алдымен ата-анасына сүйеніп, қала берді өткен ата-бабаларының аруақтары мен жаратушыға сыйынды. Солар бойына күш-жігер дарытып, соқтықпалы-соқпақты өмір жолында аяғын шалыс бастырмай алға қарай жетелегені жаратушының жақсылығы деп түсінетін.
Оның балалығын соғыс ұрлады. Соғыстың барлық қиындығы ауылдағы еңкейген кәрі мен естияр баланың, жақынын майданнан күткен әйелдердің мойнына түсті. Махаң да сабақ арасында қатарластарымен бірге ауылдың тіршілігіне қолғабыс тигізді. Қырманда қос айдап, астық тазалады, аңыздан масақ теріп, дән жинады. Ересектер қатарында соғыстың соңына дейін тыл майданында жұмыс істеп, еңбегі соғысқа қатынасқандармен теңеліп, медальға ие болды.
Махаң өзінің құрбылары сияқты елімізге тосыннан басталған соғыстың өтеуіне балдәурен шақтың шырынын алмастырып, жеті жасында 1944 жылы мектеп есігін ашып, 1954 жылы Жалағаш ауданы орталығындағы №31 Сталин атындағы орта мектепті жақсы бағамен тәмамдады. Ол өмірінің келешегіне жол ашатын мамандық таңдауда ата-бабаларымыздың кәсібі мал бағудан алыстамай, сол саланың маманы болуды қалады.
1954 жылы Жалағаш ауданы орталығындағы орта мектепті бітіргеннен кейін бір топ жасөспірім оқу іздеп, арман қуғандар оқу ордасы Алматы қаласына аттанды. Солардың қатарында Саракүл Ізтелеуова мен Шырынкүл Баймаханова Қазақ мемлекеттік университетінің, Ғалия Абытова Қазақтың мемлекеттік қыздар институтының, Мақсұт пен осы жолдардың авторы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты студенті атандық. Сөйтіп, студенттік өмір жолының қызығы мен қиындығы бірдей жылдарын Мақсұт екеуміз бірге өткіздік. Алматыға бізден бір жыл бұрын келіп, осы институтта оқып жатқан жерлестеріміз Сартай Мыханов пен Райхан Ибраев таныс  емес ортаны тосырқағанымызды байқап, біздің студенттік тұрмысқа етене араласып кетуімізге бас-көз болған еді. 
Ол институттың көпшілік жұмыстарына араласатын, белсенді студент болды. Оқу орнындағы кәсіподақ комитетінің мүшесі болды. Драма үйірмесіне қатысып, бойындағы өнерге деген таланты ашылды. Үйірме жетекшісі Қазақстанның халық әртісі Сейфулла Телқараев, оның «Қыз-Жібек», «Еңлік-Кебек» қойылымдарындағы басты рөлдерді шынайылықпен сомдаған еңбегін кәсіби, ұстаздық тұрғыдан бағалап, біржола өнер жолына келуге ұсыныс жасайды. Махаң отбасының жағдайына байланысты бұл ұсыныстан бас тартады. Егер Махаң өнерге қадам жасағанда, өз қатары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев секілді белгілі актерге айналары анық еді. Осы ойымызды әрі қарай дәйектесек, Батыс Қазақстан облысынан келіп, бізбен институтта қатар оқыған Нариман Қаражігітов өнер жолына біржола ауысты. Қазір халық әртісі, елінің құрметіне бөленген өнер қайраткері.
Мақсұт институтты бітіріп келгеннен кейін өмірлік жұбайы Сара Айтбалаевамен шаңырақ көтеріп, бас қосты.
Сара да зиялы отбасында тәрбиеленген, текті әулеттің қызы. Әкесі Айтбалаев Әбдуәзи 1937 жылы Шымкенттегі кеңес-партия мектебін тәмамдап, ұзақ жыл партия-кеңес, шаруашылық орындарында басшылық қызметте болған.  
1958 жылы туған жері Жалағаш ауданына оралып, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінде, кейіннен бұрынғы Қазақстанның 20 жылдығы колхозына (қазіргі Мырзабай ахун) партия ұйымының хатшысы болады. Ал, Сараның атасы Айтбала діни сауатты, кітап ашатын, көріпкелдік қасиеті бар, арабша білімді еді. Оқымысты адам, тақуа, молдалығы, мұсылмандығы мол кісі болған.
Сараға әдепкі кезде жаңа ортаға үйрену қиындау болғаны рас. Аталарымыз айтқандай қыз бала жатжұрттыққа жаратылған жан ғой, Сара да бөтен жерге тез бейімделіп, отбасындағы жастары асқан, жүріп-тұруы қиын қарияларды жас баладай мәпелеп, қамқорлық жасады, үй шаруашылығын өз қолына алды.  
Мақсұт пен Сара екеуі төрт ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі отбасы болды. Барлығының жоғары білімдері, қазіргі заманның талабымен қалыптасқан тұрмыс-тіршіліктің талғамына сәйкес әрқайсысының өздеріне лайықты кәсіби жұмыстары бар. Олар да отбасын құрып, дүниеге келтірген ұрпақтарына өнегелі тәлім-тәрбие беріп отырған жандар атанды.
Ең әуелі жаратушының жомарттығы, қала берді өзіне ата-ананың қанымен келген, адамгершілігі мен пайым-парасатының тереңдігі болар, Махаңмен жартығасырлық жұбайлық өмірінде, әулеттен тараған жандардың тілін, бабын тауып, отбасы шаңырағының бақ-дәулеті мен береке шырайын кіргізіп, туын төмендеткен жоқ. Әр уақытта өмірден озған, өткендеріне салауат қылып, аруақтар алдындағы пенделік қарызын өтеп отыруды ұмытпайды.
Екеуінен өрбіген ұл-қыздарынан тараған немере, шөбере, жиендердің бастарынан сипап, күн иісі сіңіп, жел қаққан шаштарынан мейірлене иіскеп, шапағатын шашып, арайлап атқан әрбір күнді қуанышпен қарсы алып, Махаң шаңырағын онан сайын биіктетіп, ұрпақтарының келешегіне зор үмітпен қарайды.
Өмірдің асқаралы асуларынан асып, биікті бағындырған ердің бағасын елі береді десек, биіктік өлшемі адамның қанша жас жасағанымен емес, сол тізгінді ұстаған азаматтың тындырымды ісімен өлшенеді.  
Оның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері және ондаған медальдармен марапатталды. Жиырма жылдан астам аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Партия съездерінің делегаты болды. «Адамның тірнектеп жинаған абыройы – адалдықтың тағы» дейді өткен даналарымыз. Махаң досымның өмірі осы дана сөздің анық дәлелі болды.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген, ол Пайғамбар жасы 63-ке қарағанда өмірден озғанымен, артында өнегелі ұрпақ қалдырды. Қазір жұбайы Сара шаңырағының туын жоғары көтеріп, Махаңның мұрагері Мұраттан өрбіген балалардың ортасында дәу әже атанып отыр. Өткендер айтқандай, орнында бар оңалар деген осы шығар деп ой түйеміз.
Қаһарман ТАБЫНБАЕВ,
Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер.
Қазалы, Жалағаш аудандарының құрметті азаматы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз