АУЫЛ АЛҒАШҚЫ МЕХАНИЗАТОРДЫ ҰМЫТПАСА ЕКЕН

101

0

Қазіргі Ж.Маханбетов ауылының іргесі сонау 1929 жылы бірнеше серіктестіктен құрылды. Кейін серіктестіктер бірігіп, Киров атындағы кеңшарға айналды. Қала іргесіндегі шаруашылық көкөніс өсіргені, мұнда товарлы-сүт фермасы, 20 мыңға жуық қой, ірі қара болғаны қазір аңыз секілді. Елді басқарған Төлеген Дәуітбаев, Төлек Сыздықов, Шамахан Құндызбаев, Бабаш Жөкеновтер елді көркейтуге бір адамдай үлес қосқанын қазіргі көнекөздер аузынан тастамай отырады. Ел мерейін көтерген Ленин орденді механизатор Петр Тілепбаев, Ұзақ Боздақтаев, қой фермасын басқарған Теңбеш Ақ­мыр­заева, Кенжебек Әуезов, бақташы Хамитбек Манабаев, Сейітқали Байқадамов есімдері ел есінде. «Ер  есімі – ел есінде» демекші, дүниеден өткендерді құрметтеу, ұлықтау көше беру үрдісі бұл ауылда үлгі аларлық десек артық емес.

Дегенмен, біз архив деректерін бір сәт зерделеп, газет басылымдарын ақтарғанда механизатор Есжан Үсенбеков жайында біраз деректерге қаныққандай болдық. Енді соған тоқталайық.

Есжан Үсенбеков 1893 жылы осы ауылдың іргесіндегі «Жаңа­тұрмыс» серіктестігінде туған. 1929 жылы колхозға мүше болып қабылданып, ауылдың шаңы­ра­ғын көтерген. Ашаршылық жылы Бекқожа Бер­діқожаев деген азаматтың бастауымен Орынборға 13 азамат аттанып, содан бірнеше мың ірі қара, қой-ешкіні вагонға тиеп, шаруашылық­тарға таратқан. Міне осы істің басында Есжан Үсенбеков жүрген. Кейін механизаторлар курсын бі­тіріп, алғаш рет трактор руліне отырған.

Қазіргі «Сыр бойы» (бұрынғы, «Ленин жолы») Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінің тігінді­лерін ақтарғанда, механизатор Есжан Үсенбеков жайында тың деректерге кезіктік. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жоға­ры­дағы басылымдарда «Ауыл мәртебесін көтерген», «Механизатор Үсенбековтей еңбек ет», «Бас қолбасшының алғысы», т.б. дүниелерде механизатор Есжан Үсенбековтің еңбегі әр қырынан баян­дал­ғаны байқалады.

Әңгіме үстінде Есжан атаның ұлы зейнеткер Кеңес Есжанов әңгі­мені жалғады:

– Мен 80-ге таяндым. Бала кезімде әкем еңбегін жыр етіп айтып отыратын. Алғаш трактор ай­дағанын, трактор руліне отыр­ғанын, молотилкада егін бастырып, «ЧТЗ», «ХТЗ» тракторларымен жер жыртып, кейін «Беларусь» тракторын жүргізгенін майын тамыза айтушы еді. Бірде ауылдағы жалғыз трактор бұзылып, соның бір бөлшегін қапқа салып арқалап, Сырдария РТС-на барар жолдағы көрер азабын, жолда  арқасындағы ауыр жүктен жуан санның көк еті жыртылып, жамбасын сындырып алғаны аңыз секілді. Кейін әкем мүгедектікке шалдықса да трактор рулінен түспеді. Қартайып, зейнетке шыққанда қырман күзетумен бар ғұмырын өткізді. Бір дәнді шашау шығармайтын Есжан атанды.

Сонымен механизатор Есжан Үсенбеков 1973 жылы пәни дүниеге аттанды, ұрпақ өсірді, еңбегімен елге сыйлы болды. Қысқасы, Есжан Үсенбековтің еңбегі елеуге тұрарлық. Кезінде бас қолбасшыдан бірнеше алғыс хат, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алғаны бар.

Бір сөзбен айтқанда, ауылдың алғашқы механизаторы Есжан Үсен­беков ұмытылып барады. Ауыл әкімшілігі, жергілікті тұрғындар осынау ер есімін елеп, бір көше беруге, ұлықтауға көңіл аударса, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар еді. Жұрт қолдауға тұрарлық алғашқы механизаторды еске алғанымыз абзал-ақ.

 

Батырхан ОСТАЕВ, 

Маханбетов ауылдық 

ардагерлер кеңесінің төрағасы,  

Қадір ӘМЗЕЕВ,

еңбек ардагері, ұстаз,

Майлытон ТІЛЕПБАЕВ,

тыл ардагері,

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

ардагер журналист.

Қызылорда қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз