АЗАМАТ. АКАДЕМИК. ҚАЙРАТКЕР

65

0

Елімізге белгілі ғалым Байзақ Момынбаевты еске алу
Қазақстан-Ресей Ғылым академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, елімізге еңбегі сіңген ғылым қайраткері Байзақ Момынбаевтың өмірден озғанына бір жыл уақыт өтіпті.
Уақыт өткен сайын болмысы айқындала түсетін айрықша жандардың қатарындағы ғалым бастауыш, орта және кәсіптік білім сабақтастығының теориялық- педагогикалық негіздерін қалыптастырушы тұлға есебінде де танымал. Туған еліне, білім саласының өркендеуіне зор еңбегін арнады. Сондықтан да ол ұрпақ санасында сөнбес сәуле болып қала бермек.
КІМ КЕЛІП, КІМ КЕТПЕГЕН БҰЛ ҒАЛАМНАН!
Сүйікті досымыз Байзақтың ортамыздан кеткеніне жылға жақындапты. Кідіріссіз мезгіл өтіп жатыр. Менің сезімімде Байзақ бізбен бірге жүргендей, сапардан оралардай, шүйіркелесіп кездесетіндей, құшағын айқара ашып, кеудесіне сағынып басатындай болады да тұрады. Оны жоқ деп, енді мәңгі көрмейтінімді ойлау қиын.
Біз Әбдіғаппар, Байзақ, Сахабаддин бұрынғы Ленин колхозы, үшінші ауылдың топырағында, бір жылда кіндік қанымыз тамып дүниеге келгенбіз. Тағдыр өсе келе бір ауданның екі-үш ауылында әкеле¬ріміздің қызметіне байланысты қоныс аударғанымызбен, ата-аналарымыздың достығы, туысқандығы бізді де достастырып, осы күнге дейін жұбымыз жазылмаған еді.
Байзақ екеуміз Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінде оқыдық, ол менен бір жыл бұрын түсіп бітірді. Кеңестік дәуірдің мектебінде, жоғары оқу орнында тым тәуір білім алдық. Жан-жағымызға қарай ата-аналарымыздың, білім берген ұстаздарымыздың «қатарыңнан кем болма, қатарыңның алды бол» деген бата тілектеріне лайық өсіп, халқымызға адал еңбек етіп, еліміздің абыройлы азаматы болуды мақсат тұттық. Біз түскен факультет пәндерінің барлығы орыс тілінде оқытылды. Бір ауыз сөзді орыс тілінде таза сөйлемейтін бізге, бұл жағдай оңай соққан жоқ. «Басқа түссе баспақшыл” дегендей, басқа ұлт студенттерімен араласып бірге жүргендіктен, намысқа тырысып оқудың нәтижесінде дипломды «өте жақсы» бағамен қорғап, мен елге, Байзақ сол білім ордасында білімін жалғастыруға қалған болатын.
Біздің тәуір білім алуымызға сол кездегі ректор Х.Арыстанбеков,  бірінші проректор И.Қыпшақбаев, ауыл шаруашылығы техникасы кафедрасының меңгерушісі, профессор М.Алшынбаев, доцент Ө.Атымтаев, декан А.Ержанов, профессор И.Сахаров, Якубов, Тәжібаев, Тен, т.б. ұстаздарымыздың еңбектері айрықша болды.
Байзақ сол ұстаз ғалымдарға еліктей жүріп, сол кісілерлей ғалым болуды алдына мақсат етіп қойды, қажымай, талмай ізденіп, сол мақсатына жетті.
Әлемнің айтулы-айтулы жоғары оқу орындарына дәріс беріп, бірнешеуінің профессор атағына ие болып, Ресей мемлекетінің ғылым академиясының академигі, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атағына дейін қол жеткізді. Байзақтың әсіресе біздің отбасымызға ықыласы мол болды. Іссапардан келсе, айту-ескертусіз Жиентайдың шайын сағынып келдім деп, соқпай кетпейтін. «Балаларым талабымды орындамады, енді немелерімізді табыстырайықшы» деп әзіл-шыны аралас ойын айтып қоятын. 
Араға қырық жыл салып туған еліне келіп, Қызылорда мемлекеттік университетін бірнеше жыл басқарып, үлкен абыройға бөленген Байзақ барлық мақсаттарын орындады. Аяқ астынан сырқаттанып туған елін, бізді, бауырларын, әріптестерін, мақтан тұтатын ұлдары мен немерелерін қалдырып кете барды. 
Байзақ тарихымызды, салт-дәстүрімізді терең меңгерген, өнерлі әнімен көптің ішінде салиқалы әңгіме-сөзімен отырыстың көркі болатын. Бауырлары, апасы Тай, жездесі Батырхан, ағасы Өмірзақ пен олардың балаларына деген қамқорлығын есінен шығармайтын. Біздің де басымызды қосып, іздеп, жиі-жиі бірге болғанымызды қалайтын. Елу жасқа толғанында арнайы Алматыдан келіп, бізге туған жерге апаруды өтініп, бір аунатсаңдаршы деп өтінген соң, «Сәтбаевтың» күнгей бетіне апарып, тікенді жантақтың үстіне аунатқанымыз бар.
Байзақтың қазақ елінің ғылымына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланса, дүниеден озған кезінде, мыңдаған халықтың жиналып бақұлдасудың өзі әулетінде жарты ғасырдай жанында болған біздерді тебірентіп жіберді.
Естелігімді ақиық ақын М.Мақатаевтың:
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан.
Келер ұрпақ аттанған қуған арман, 
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан, – деген уытты жырымен аяқтаймын. Бақұл бол, аяулы дос!
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
***
БАЙЗАҚ АҒА ЖАЙЛЫ БАЙЫПТЫ БАЙЛАМНЫҢ БАСЫ
Академик Байзақ Көпірбайұлы Момынбаев өмірінің соңғы жылдарында Сыр еліндегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. Оның сол уақыттағы ғылым, білім, тәрбие бағыттарындағы жасаған бастамалары есімізде, солардың куәсі де болдық. Аяулы ағамыздың өмірден озғанына да бір жыл болды. 
Жақында ғана «Атамұра» баспасынан Байзақ Көпірбайұлының өмір жолы мен қызметіне арналған «Академик» атты кітап жарыққа шықты.  Бұл – көзі тірісінде азаматтығымен, адалдығымен, ақпейілдігімен, іскерлігімен өзіне ескерткіш орнатып кеткен атпал азаматтың өмірден озғанынан кейінгі көзкөргендердің байыпты байламы. Кітапты құрастырғандар – ағасы Өмірзақ Момынбайұлы, экономика ғылымдарының докторы, ұлы Жомарт Момынбаев және әріптесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенұлы.
Ө.Момынбайұлының алғы сөзімен басталатын кітап академиктің өмірбаяны, қызметі, ғылыми еңбектері мен оралымды ой-пікірлерімен ашылған. Мұнан әрі «Жадымыздан өшпейді жарқын бейнең”, «Әріптестері әңгімелейді”, «Сағыныш саздары”, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» сияқты тараулардан тұрады. Алғашқы тарауда академиктің ғылыми еңбектерінің тізімі, алған марапаттары, ғылыми атақтары мен дәрежелерінің құжаттарының көшірмелері берілген. Келесі тарау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухамановтың «Жүрген жері Мысыр шаһар еді» деген тебіреніске толы мақаласынан басталып, академиктер К.Ормантаев пен Н.Надировтың, көзі тірісінде айнымас дос болған профессор А.Сейдімбектің, Халық Қаһарманы Т.Әубәкіровтің Байзақ аға жайлы пікірлерімен, ақын досы Иран Ғайыптың өлеңімен толыға түседі.
«Әріптестері әңгімелейді» атты тарау профессор Қ.Бисеновтің «Асыл аға» мақаласымен басталып, академик Т.Есполовтың, ақын Ә.Рахымбековтің, профессорлар Қ.Құдайбергенов пен Б.Қожамберлиевтің Байзақ Көпірбайұлы жайлы оралымды ойларымен әдіптелген. «Сағыныш саздары» атты тарауда Байзақ Көпірбайұлының туыс бауырларының тебірене жазылған сағыныштары мен ұлдары Марат пен Жомарттың  әкелеріне деген ыстық ықыласы берілген.
«Тектіден текті туады…» тарауында жүйе түрінде Ө.Момынбайұлы құрастырған Алтын руының шежіресі мен тарихшы Б.Ахметбектің «Алтын баба ұрпақтары» атты көлемді ғылыми мақаласы берілген. Бұл тараудағы Ш.Әшірбековтің «Он екі қасиет – жастарға өсиет» атты мақаласы жастар тәрбиесі үшін таптырмайтын танымдық дүние.
Кітапта сонымен қатар, академик Б.Момынбаевтың өмір жолына байланысты суреттер берілген. Техникалық жағынан жоғары сапада безендірілген кітаптың мазмұны да бай, көңілге қонымды.  Біздің айтарымыз аталған еңбек Байзақ аға жайлы пайымды байламның басы ғана. Ол туралы әлде де жазыла бермек. Себебі, Байзақ Көпірбайұлының мәңгілік өмірі енді басталды.
Бақытхан ӘБДІКӘРІМОВ, 
ҚМУ-дың гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.
***
СЫРЛАС БОЛМАСАҚ ТА, СЫЙЛАС ДОС ЕДІК
Осы бір абзал азаматпен таныс болуым жарты ғасырдан астам уақыт бұрын бас¬талғанымен, уақыт шіркін арамызды біраз жылға алшақтатып барып, қайта табыстырған еді.
Өткен ғасырдың орта тұсында «жетіжылдықты бітірген соң, білімді қайдан, қалай жалғастыруға болады?» деген ой орта мектебі жоқ орталықтан шеткері жатқан елді мекен балаларының, олардың ата-аналарының басын ауыртатын мәселе болғаны белгілі. Көпшілігі қалалық жерлерден ағайын не интернаты бар мектеп іздеп кететін. Бұл жағдай 1960 жылы теңіздің сонау бір қиыр шетіндегі «Ұялы» деген балықшы ауылдан жетіжылдық мектеп бітірген менің де басыма туған. Сондай бір себеппен осы Қызылорда қаласында тұратын жиен ағамыздың үйінде жатып, Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектептің сегізінші сыныбында оқуыма тура келді. Міне, мен марқұм Байзақпен осы сыныпта оқыған кезімнен таныспын.
Менің бұл мектепте бір-ақ жыл оқуыма тура келді. Қазір сол кезде бірге оқыған ұл-қыздардан бірлі-жарымы ғана есте қалған және олармен ара-тұра кездесіп қалғанда да, амандық-саулықтан әрі аса алмаймыз. Ал Байзақпен қайта табысуымыз олай болмады, алғашқы көргенімізден-ақ бір-бірімізді күнде көріп жүргендей шүйіркелесіп, кәдімгі достардай шұрқырасып қалыстық.
Ұмытпасам, 1990-жылдардың басы болуы керек, менің Алматыда докторлық  диссертация жазу жұмысымен жүрген ке¬зім, темір жол вокзалында екеуміз қарсы кездесіп қалдық та, қалт тұра қалдық. Біршама уақыттан кейін «Сен Байзақсың», «Сен Жеңіссің» деп құшақтаса кеттік. Бұл біздің мектептегі біржылдық достықтан кейінгі 30 жылдан соң кездесуіміз екен. Екеуміз де сол жерде бір сағаттан астам әңгімелестік. Бұдан былай хабарласып тұруға уәделестік.
Біржылдық достық демекші, мектепте екеуміз басқа балаларға қарағанда бөлекше достықта болдық. Бізді жақындастырған да, бір жағынан мінезіміздің сәйкестігі болар, екінші жағынан екеуміз де өнерге, соның ішінде әсіресе домбыраға, әнге жақын болатынбыз. Сабақта да бір-бірімізге көмектесіп, жақсы оқуға тырыстық. Дегенмен, сол тұстағы отбасы жағдайы мен үшін теңдесі жоқ үлкен қала болып саналған Қызылордада оқуымды жалғастыруға мүмкіндік бермеді, Қазалыға ауысуға тура келді. Осылайша біздің арамыз алшақтап, тіпті бір-бірімізді ұмыту дәрежесіне жеткен кезде, міне, үйлі-баранды, ғылымның пұшпағына жармасып жүрген кезімізде тағдыр біздің жолымызды тағы тоқайластырды. Бұл кезде ол ғылым шыңына әжептәуір көтеріліп қалған екен – ғылым докторы, профессор, Алматы ауылшаруашылық институтында кафедра басқарады.
Кейініректегі бір кездесуде болған әңгімеден ұққаным – оның ғылыми бағыты республиканың жоғары оқу орындарында бұрын-соңды болмаған «Жоғары оқу орындарының педагогикасы» екен де, соның ішінде техникалық мамандықтарға арналған пәндерді оқыту. Шынында да, біз оқып жүрген кезде де, одан бұрын да «Жоғары оқу орындарының педагогикасы» деген пәнді естіген емес едік. Біз оқыған «Педагогика» пәні мектеп пәндерін оқы¬туға ғана арналған болатын. Осы тұста ғана Бәкеңнің ғылыми жұмыстарының қаншалықты маңыздылығына көз жеткіздім. 
Бұдан кейін де Алматыға барғанда анда-санда хабарласып тұрғанымыз болмаса, етене араласып кете алмадық. Ол тұс «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған кез еді ғой. Кейінірек Байзақ облыс аумағынан Парламент Мәжілісіне депутаттыққа түсу мақсатында бірнеше мәрте келгенде де жай ғана кездесіп, сәлем-сауқат сұрасқанымыз болмаса, ұзақ отырып әңгіме-дүкен құруға уақыт болмады. Сөйтіп жүріп ақыры біздің университетке ректор болып тағайындалғанын білдік. Әрине, бір жыл да болса бірге оқыған, таныс достың бізге басшы болып келгенін, басқаларды қайдам, өз басым ризашылықпен қарсы алсам да, іштей осы басшылық оның ғылыми ізденісіне кедергі келтірмес пе екен деген күмәнім де болды.
Байзақ университетке келгеннен кейінгі алғашқы Ғылыми кеңесте-ақ өзінің менімен бір сыныпта оқығандығын дүйім жұртқа паш етті. Мұның өзі ойында қал-палы жоқ, ақкөңіл де ақжарқын жан екендігін көрсетсе керек. Бұдан кейін жиындарда, кейде ғимарат ішінде жиі кездесіп, амандық-саулық сұрасып тұратын болдық. Ол келген бойда-ақ ғылымға баса назар аударды: әсіресе қазіргі кезең соны талап ететінін айта келіп, ғылым жолында қандай көмек қажет болатын болса да қолдайтынын ескертті. Өзінің ғылым жолындағы еңбектерімен таныстырды. Әсіресе, осы бағытта жүрген жастарға сенетінін білдірді. Өзі де республика ғана емес, Ресей ғалымдарымен терезесі тең жан екендігін білдіріп отыратын.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Бәкең қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірушілер үшін Мемлекеттік аттестация комиссиясының төрағасы етіп ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбековті шақыртыпты. Бұрын атын естіп, шығармасымен таныс болсақ та, өзін алғаш көруіміз еді, кескін-келбетіне, жүріс-тұрысына көңіл тоятын кісі екен. Өзі аппақ, бойы тіп-тік, әңгімешіл, ойлы көзімен тура қарап сабырлы сөйлейді. Киім киісінің өзі, анда-санда тіл астына тастайтын насыбайын салған оюлы шақшасының өзі серілігін айқын білдіріп тұрады. Емтихан кезінде, қазақ әдебиетін де, тілді де өте терең білетінін байқатып отырды. Көбіне бізге көбірек ерік беріп, өзі тыңдаушы болады. Емтихан біткен кездегі қорытынды жиында «бітірушілеріңіз сөйлем талдауға тәуір екен, шамасы ұстаздарына ұқсаған тәрізді» деген мақтау айтты, біз оған қуанып қалдық. 
Ол кісілер кеткеннен кейін Бәкең мені шақырып алып, Ақселеу Сейдімбековтің менің атыма айтқан «атақ-дәрежесіне лайық нағыз ғалым екен» деген мақтау сөздерін атап тұрып айтқанда, сол жерде отырған біршама адамның алдында едәуір қысылып қалдым. Менің қысылғанымды байқаған Бәкең дереу бұл айтып тұрғанының шындық екенін, оны осы отырған кісілердің бәрі естігенін айтты. Мен ректордың мұнысына риза болдым, мұны, бір жағынан басшының өз қарамағындағы кісілерге сырт адамның ауызынан айтылған мақтау сөзге ризашылығы деп, екінші жағынан досқа достың адал көңілі деп түсіндім.
Бәкең қазақтың дарқан даласындай, арқа-басы кең, жұртқа өте сенгіш кісі болатын. Өйткені басшы болған жылдар ішінде, Ғылыми кеңес мүшесі бола жүріп, қарамағындағы қызметкерлердің бірде-біріне дауыс көтеріп, ашу шақырғанын естіген емеспін. Қалай болғанда да, менің жеке ойымша, оның басшылық жұмыс атқарғанынан гөрі, нағыз ғылымның адамы ретінде артына мол мұра қалдырғаны маңыздырақ болды. Міне, осындай ірі ғалымның өмірден өзғанына да жыл толыпты.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
***
Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Байзақ Момынбаевтың 4 сәуір күні сағат 12.00-де Қызылорда қаласындағы «Nomad» дәмханасында өтетін жылдық асына орай атқарылатын іс-шаралар жоспары:
3 сәуір күні сағат 15.00-де ҚМУ-дың Студенттер сарайында естелік кітаптың тұсаукесері.
4 сәуір күні сағат 10.00-де Жақыпбек Маханбетов ауылындағы №143 орта мектепте марқұмға арналған естелік бұрыштың ашылу салтанаты.
Момынбаевтар әулеті .
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз