Балалар хирургиясының киесі

135

0

Балалар хирургиясының киесіБұрын ата-бабамыз «Балалы үй базар» деген сөзге шаңырағы мен босағасы берік, үйі күлкіге толы, дастарқаны мол, пейілдері кең, отбасы ошақ қасы берекелі деген мағына бергені белгілі. Жалпы, адамзат нәрестенің іңгәсі, сәбидің күлкісі, балдырғанның бал тілі, балаларының қызығы үшін малын да, керек болса, жанын да садақа қылған ғой. Тегінде адамзаттың ұрпақ жалғастығы, қоғамның өркендеуі, елдің болашағы мен мемлекеттің қауіпсіздігі тікелей балалар денсаулығына байланысты екені ақиқат. Бірақ өмір болған соң әркімнің көзінің қарашығындай көретін балалары, егеменді елдің ұрпақтары ауырмай тұрмайды, солардың ауруларын дер кезінде анықтап емдейтін жалпы педиатрияның бірегей саласы – балалар хирургиясы. 
Осы салада 60 жылға жуық күн демей, түн демей мұзбалақ болып, балалар хирургиясының жалынына шарпылып, отына күйіп, мыңдаған балаларға шипагер болып, ата-аналардың құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі, Казақстан балалар хирургиясының негізін өз қолымен қалап қара шаңырақ дәрежесіне көтерген, бүгінгі күні Қазақстандағы балалар хирургиясының аты аңызға айналған абыз атасы болып саналатын медицина ғылымының докторы, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР ҰҒА академигі, Ормантаев Камал Сәруарұлының еңбегі ұшан теңіз. 
К.Ормантаев 1936 жылдың 11 қарашасында қасиетті Сыр өңірінде Қармақшыдан 20-25 шақырым жердегі Байзақ және Жайлау тоғайының ортасында орналасқан Калинин совхозының Қорқыт стансасынан 15 шақырымдай ауылында дүниеге келген. 
Сәруар ақсақалдың Камалдан бұрын дүниеге келген 3 ұл баласы мен 3 қызы сәби кезде¬рінде әртүрлі аурулармен ауырып, шетінеп кеткен екен. Балалары тұрмай өле берген соң анасы екіқабат ке¬зінде жатырындағы шаранаға мерейленіп, тілеуін тілеп, бір балгерге барып жолығады. Ол кісі: шырағым, ұл туасың, атын Камал қой. Одан кейін тағы бір ұл туасың, оның атын Самал қой деп батасын беріпті. Сол көріпкелдің айтқаны келіп, бүгінгі абыз ақсақал Камал мен бауыры Самал жарық дүниенің есігін ашқан екен. 
Балалық-балдәурен шағы 1932-1933 жылдарғы аштықтан кейінгі заман мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалыққа тұспа-тұс келіп, жалаңаяқ, жалаңбас болып туған ауылында өтеді. Әкесі Сәруар елін, жерін жаудан қорғау үшін, күші басым фашист басқыншылармен жанпидалықпен Сталинград қанмайданында соғысқа қатысқан. Жарақат алып оралған. 
1942 жылы анасының кітап пен нан салуға арнап тігіп берген дорбаны көтеріп, ауылдан екі шақырым жердегі бастауыш мектепке барады. Мектепке, өзі айтпақшы – «дұрыстап та бармайды, үйден сабаққа деп шығып кетіп, жолда ойнап, қарным ашқанда нанымды жеп, мектептен қайтқан балалармен үйге қайтатынмын, тек әкем «бұл болмайды» деп бірде ұрысқан соң ғана оқуға бет бұрып, үздік оқитын балалардың қатарына қосылдым» деп еске алады балалық шағын. 
Орта мектепті Қармақшыда Жүніс деген туысы мен ұлты шешен молданың, кейіннен мектеп интернатта тұрып оқып, 1953 жылы үздік бітіріп шығады.
Адам болатын бала алысқа қарайды дегендей, қазақша тәрбие алған, қазақ мектебін бітірген, орыс тіліне шорқақ жасөспірім Камал өткен ғасырдың 50-жылдардың басында бойдағы талап жетегі арқасында, оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ екенін түсінген күш-жігердің айдауымен өмірі көрмеген Алматы қаласына, ондағы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсуге бел буады. Медицина институты, оның ішінде педиатрия факультетін таңдау әке тілегі, яғни кеңесі болған. Ол кісі: «балам, сен Алматыдағы медицина институтына оқуға бар, өйткені сенің алдындағы бірге туған 6 бауырларыңның шетінеп кеткенін өзің білесің, екіншіден, мен қанды соғыста әскерлердің жанын алып қалған дәрігерлердің ерен еңбектерін көп көрдім, адамға өмірден басқа қымбат нәрсе жоқ», – дейді. Ол заманда Әке тәрбиесін көрген, Әке сөзі мен тілегін бұлжытпай орындау қазақ жастарына тән қасиет еді ғой. Сөйтіп, Қармақшыдан 1953 жылы бір мектепті бітірген 13 бала Алматыға, бәрі медицина институтына оқуға түсуге аттанады. Орыс тілінде әупірімдеп емтихан тапсырып, оның ішінде орыс тілінен шығарма жазып, ауылдан келген 13 баланың арасында тек Камал Сәруарұлы арманына жетіп, оқуға түседі. Ол кезде оқуға түсу әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақ десе де болады. 
Сонымен орысшасы шамалы студентке бастапқы оқу жылы өте қиын соғады. Сабақ түгелімен орыс тілінде, оған қоса латын тілін меңгеру керек. Бірақ қайсарлығы бар, мінезі бар, қабілеті бар, талабы таудай студент бірінші курс емтихандарынан үздік деген баға алып, екінші оқу жылынан бастап жоғарғы стипендия ала бастайды. 
«Бала анадан екі түрлі мінезбен, бірі – ішсем, жесем, екіншісі жан құмары – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген талаппен туады» деп Абай атамыз айтқан ғой. Соны білген Камал қиындықтың бәрін шыдап, бірінші курстан бастап ойлаған мақсатына жетуге белсене кіріседі. Профессорлар П.П.Исаев, М.С.Саулебекова, С.О.Глозман, Х.Қ.Сәтпаева, М.И.Брякин басқарған анатомия, биохимия, патологиялық физиология, хирургия кафедраларындағы студенттік ғылыми үйірмелерге белсене қатыса бастайды. Ғылымға тояттай бастаған, білім алудан, ғылыми ізденуден жалықпаған Ка¬мал бесінші курста қазіргі Нижний Новгород, алтыншы курста Саратов қалаларындағы КСРО студенттерінің ғылыми форумдарында баяндама жасап, онда Одақтың балалар хирургиясының негізін салушы профессор С.Д.Терновскийден батасын алады. Осылардың барлығы білімге, ғылымға деген құштарлығын өршіте түседі. Сонымен К.Ормантаев 1959 жылы АММИ балалар емдеу факультетін «қызыл» дипломмен тәмамдайды.
Балаларға деген мейірбандығы, ішкі сезімталдығы, сәбилердің жанын түсінетін жүрек нәзіктігі – аузынан ана сүті кеппеген, белінен бесік табы кетпеген балалардың хирургі болуға басты себеп болады. Жас жігітке бұл талғам ана сүті мен әкесінің тілеуінен дарыған болар. Ойлаған мақсатқа жету жүрек ісі ғой. Жалпы, К.Ормантаевтың қазіргідей болып қалыптасуына білімді, адамгершілігі зор, өмірлік тәжірибесі мол танымал адамдардың септігі көп тиеді. Жас маманның білім мен ғылымға деген ынталығын көрген доцент Ф.Х.Мұсабаева «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген қағидаға сай К.Ормантаевқа балалар хирургиясына мамандығы бойынша, сол кездегі белгілі ғалым, профессор М.И.Бря¬кин басқаратын ауруханалық хирургия кафедра¬сына ординатураға оқуға түсуге қолұшын созады. Ол кезде балалар хирургиясы әлі жеке сала болып бөлінбеген, сондықтан балалар үлкен адамдардың ауруханасында емделетін және операцияны үлкендердің хирургі жасайтын. Осы жылдардан бастап көкірегінің көзі бар Ормантаев Камал Сәруарұлы талмай ізденіс, ерінбей еңбектену, күндіз-түні балаларды емдеу мен ота жасауға машықтануды, ұйқысыз том-том кітаптарды, күрделі ғылыми еңбектерді үздіксіз оқуды әдетке айналдырып, жұмыстан рухани ләззат сезіне бастайды. Сол кезде-ақ балалар хирургі тек ота жасауға ғана емес, бұл мамандық өмірдің есігін жаңа ғана ашқан, өз иммунитеті жоқ, ағзаларының морфологиялық құрылымы мен қызметі жетілмеген, сыртқы ортаға енді ғана бейімделе бастаған нәрестелер мен оңы мен солын аңғара білмеген, жан мен тән күйзелісіне ұшырап, ата-аналарынан ауыр халде ажырап, әркімнің бетіне үрке қарап, бойларын үрей билеген сәбилерді алғаш маңдайынан сипап, мейірімділік көрсететін, сырқатын дер кезінде анықтап, оларға тиімді ота жасап, балалардың болашақ тағдырын шешетін осы балалар хирургтары екенін, үлкендердің дәрігерлерімен салыстырғанда, ауруға шалдыққан бір баланы уатып, көз жасын құрғатқан үлкен сауап екенін түсінеді. 
«Қайрат етер мезгілде, жүк көтерер нардай бол» деген қағиданы ординатурада оқу кезінде ұстам қылған жас маман талабын байқаған профессор М.И.Брякин оны аспирантураға қабылдайды. Нәтижесінде 1966 жылы «Балалардың миы шайқалуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл Қазақстанда балалар хирургиясы саласында және қазақ азаматы қорғаған ең бірінші кандидаттық диссертация болатын. 1965 АММИ балалар хирур¬гиясының ассистенті болып орналасады. 
Тегінде адамның арманы неғұрлым биік болса, оны сәттілік те тосады дейді ғой. 1966 жылы қазан айында Қазақстанға Мәскеуден КСРО Медицина Ғылымы Академиясының Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик М.Я.Студи¬никин мен Медицина академиясының жоғарғы аттестациялау комиссиясының мүшесі, атақты ғалым, жоғарыда аталған ғылыми орталықтың балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі проф. А.Г.Пугачев келеді. Осы жерде ұйымдастырылған Ғылыми кеңесте Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуы мен болашағы туралы К.С.Ормантаевтың жасаған баяндамасын тыңдаған профессор А.Г.Пугачев: сен жақсы баяндама жасадың, мен сені сыртыңнан білем, өйткені жақында ғана сенің кандидаттық диссертацияңды бекіттік, құттықтаймын, – дейді. Сенің талабың да, білімің де жақсы екен. Ғылым қуған адам ізденімпаз, табанды болуға тиіс. Қандай қиындықтар болса да, алға қойған мақсаттан таймау керек, біз жақында Одақ көлемінде бір ғылыми-зерттеу жұмысын бастайық деп жатырмыз, сен доктарантураға кел, – деп ұсыныс жасайды. Өзі ұнатып таңдаған мамандық рухани қанағаттандырғандықтан және төккен тері мен еткен еңбегі еш кетпегенін, білім асыл қазыналы сандық екенін, оны ашатын кілт еңбек екенін, адам мен адамды теңестіретін білім екенін, шабыт тек іздеген адамға жұғысты болатынын, ғылым басқа жазған талант пен ұзақ өмірдің арқауы екенін жете түсінген К.С.Ормантаев қуана бірден келіседі.
Сөйтіп, 1967 жыл 20 қаңтар күні Мәскеуге докторантураға аттанады. Бірақ көп ұзамай тамағы ауырып, аяғы күп болып ісіп кетеді, қаражат аздығы сезіле бастайды, оның үстіне Алматыдағы бала-¬шағасын сағынып, торығып, бәрін жиып қойып Алматыға қайтуды ойлап жүреді. Сөйтіп құбы¬лып жүргенде, ойда-жоқта Мәскеуде жүрген Қазақстандағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры А.Апсаттаров пен кейіннен Алматы Мемлекеттік медицина институтының ректоры болған проф. К.Маскеев жолығып қалады. Оларға ойын айтады. А.Айдарханов ағалық жасап: «Әй, Камал, мұндай азын-¬аулақ қиындыққа шыдамай Алматыға қайтам дейсің, оның дұрыс емес, жұрт сені оқи алмай келді деп сөз қылады, Мәскеуге жердің үстімен келіп, астымен қайтасың ба, қазақ деген намысшыл халықпыз ғой, қой ондай ойыңды, жігер мен қайратыңды жанып, шыдап бақ, ақылымды тыңдасаң, еңсеңді түсірмей, оқуыңды жалғастыр», – деп кесіп айтады. 
Сол сөзден кейін бойына тың күш бітіп, ғылымға деген құлшынысы бұрынғыдан да артып, алған бетінен қайтпай, 1971 жылы 35 жасында «Балалар өкпесінің екіжақты созылмалы іріңді ауруларын хирургиялық емдеу тәсілдері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1972 жылы профессор атағы беріледі. 32 жасында-ақ Алматы медицина инс¬титутының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болады. Адамның көңілі ғылымға шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленеді, тез қолға түседі деген осы шығар. Сөйтіп, К.С.Ормантаев ғылым докторы, профессор, балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып шыға келеді. 
Жас ғалым өз бойындағы мол білім мен тәжірибесін тек болашақ педиатрлар мен балалар хирургтарын дайындаумен шектемей, балалардың көптеген туа және жүре пайда болған ауруларын анықтау, операция жасау жұмыстарына да белсене кіріседі. Өзгелерді үйретіп жүріп, өзі де тәжірибе жинай бастайды. Камал Сәруарұлының тікелей белсене араласуымен балалар хирургиясы пәнін педиатриялық факультет студенттеріне ғана емес, емдеу факультеті студенттеріне де оқыту жолға қойылды. Бүгінгі күні К.С.Ормантаев бірнеше мың дәрігерлер дайындаған ұлағатты ұстаз. 
Балалардың хирургиялық ауруларды дұрыс анықтап, дұрыс емдеу, асқынулар мен тіпті өлім¬ жітімді мүмкіндігінше азайту мақсатында білімді жас мамандар дайындаудың қажеттілігін, жастар¬дың ғылымдағы жолын ашу, олардың еңбегін бағалау үлкен ғалымның парызы екенін жете түсінген Камал Сәруарұлы өз білімін, өзінің білімге деген сенімділігін жастарға уағыз айтып емес, үлгі көрсетіп, оларды ғылымға ынталандыра бастайды. Сөйтіп, алдына игілікті мақсат қоя білген ғалым Қазақстандағы балалар хирургиясының ғылыми-тәжірибелік мектебінің негізін қалайды, балалар хирур¬гиясы кафедрасын Қазақстандағы ғылыми- тәжірибелік және ұйымдастыру орталығына айнал¬дырады, оны КСРО деңгейіне көтереді. 
Академик Камал Сәруарұлы нейрохирургия, травматология, комбустиология, урология, өкпе хирургиясы және т.б. салалары бойынша жаңа ғылыми-зерттеулер жүргізді. Басты көңіл балалардағы бас-ми жарақаттарына бөлінді. 20 жылдық еңбектің нәтижесінде К.С.Ормантаев мамандар ықыласына ие болған «Балалардағы ауыр бас-ми жарақаттары» атты тың, ғылыми ой тұжырымы толымды монография жазады. Ол 1982 жылы Кеңес Одағы «Медицина» баспасынан жарық көрді.
Жалпы, Камал Сәруарұлы ғылыми жетекшілігімен 16 докторлық, 120 кандидаттық диссертациялар қорғалады. Ол тек ғылыми атақ-дәреже емес, балалар денсаулығының өзекті мәселесін шешуге, балалардың өмірін қорғауға бағытталған ғылыми ізденістер. Ол 310-нан аса ғылыми жұмыстың, 40 әдістемелік нұсқаудың, студенттер мен дәрігерлерге арналған 4 оқулықтың, балалар хирургиясы бойынша кеңестік нұсқаулардағы 9 тараудың және «Балалардағы остемиелит кезінде сүйек өзегін жуу» (1979) және «Балалар травма¬тологиясы» (1978) атты екі монографияның авторы. Соңғысы ҚСР ДСМ әл-Фараби атындағы сыйлығымен марапатталды. Тегінде ғалымның жазған кітабының төрешісі сол саланың мамандары ғой. Жоғарыда аталған ғылыми еңбектер жоғары бағаланған деп айта аламын. Шәкірттерімен бірге ауыр жарақаттар мен әртүрлі себепті перитониттер мен өңештің хи¬миялық күйіктеріне және туа¬біткен даму ақауларына ота жасауда бірқатар жаңа әдістерін ойлап тапты және тәжірибелік жұмысқа енгізілді. Олар 22 өнертапқыштық куәлігі мен 5 патенті арқылы дәлелденді. Кейде К.С.Ормантаев балалар хирургиясы мамандығын таңда маса, бүгінгі күні еліміздегі балалар хирургиясының дамуы қандай дәрежеде болар еді деген де ой келеді. Еліміздің балаларының бақыты үшін жаралған адам шығар деп те жорамалдаймын. 
1980-1985 және 1993-2001 жылдары К.С.Ормантаев ҚР «Педиатрия және балалар хирургиясы ғы¬лыми-¬зерттеу институтының» директоры болып тағайындалады. Директорлық қызметін атқарған жалпы 13 жыл ішінде ол жаңа салынып жатқан об¬лыстық балалар ауруханасы ғимаратына «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтын» көшіріп, онда балалар және нәрестелер хирургиясы бөлімін ашады, балалар хи¬рургиясы мен педиатрияның әртүрлі мәселелерін кли¬никалық тәжірибеге енгізу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше назар аударады. 
Сол жылдары Россия, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми байланыста болды. КСРО делегациясы құрамында Чехословакия (Братислава, 1972); Австрия (Инсбрук, 1974); Швеция (Стокгольм, 1980); Түркия (Анкара, 1993, 1995, 1996); АҚШ (Сан¬-Франциско, 1981); Туссон, (1993); Айова, (1996); Атланта, (1997); Индия (Нью-Дели, 1994); Жапония (1994); Египет (Каир, 1995); Гонконг (1997); Голландия (Амстердам, 1998); Германия (Берлин, 1999); Мальта (2000); Ирландия (Дублин, 2002); Англия (Лондон, 2002) сияқты елдерде ғылыми баяндама жасап, аталған елдермен ғылыми қарым-қатынасты, ауруды анықтау мен емдеудің замануи жаңа техно¬логиялық тәсілдерін тездетіп тәжірибелік жұ¬мысқа қолдануға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, К.С.Ормантаев еліміздегі «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми-тәжірибелік журналдың ұйымдастырушысы, бас редакторы болады. Ресейден шығатын «Хирургия», «Детская хирургия» және Орталық Азия медициналық журналдарының редколлегия мүшесі.
1981 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1994 жылы толық мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-президенті болып сайланады, 1999 жылы Камал Сәруарұлы бастаған ғалымдар «Балалардың травматология және ортопедиялық ауруларын емдеу жаңа технологиясы» ғылыми еңбегі үшін «ҚР ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» марапатына ие болады. Сол жылы Камал Сәруарұлы «Парасат» ор¬денімен марапатталды. 2002-2003 Қазақстан үкіметтік емес меценаттық ұйымдар қоғамы «Жыл дәрігері» номинациясы бойынша «Алтын адам», 2004 жылы ғылым мен білімге сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі үшін «Платина» сыйлығымен марапатталды. Қазақстан педиатрлар ассоциациясының құрметті президенті. Ол өзі туып-¬өскен аудан мен Қызылорда облысының Құрметті азаматы. Қандай зор табысқа ие болса да, ғылыми ізденістен еш айнымаған, ғылымның шыңына шықтым, жеткенім осы шығар деп ойламаған академик К.С.Ормантаев осы күнгі дейін ғылымның даму бағытына бас-көз болып жүр. Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет осы шығар. 
Ормантаев Камал Сәруарұлы тағы бір ерекше қасиеті өзінің тұжырымы мен ұстамын ешуа¬қытта жасырып, шешуші сәтте тайсақтап бұғып қалмайтын және жел қалай соқса, солай бағытын өзгертпейтін, парызға мейлінше адал,екі жарылып өмір сүретін адам емес. Жайдақтық пен кеңқолтықтық тән емес. Шындықты кімнің болса да бетіне басып айтады. Биліктегілер тыңдай ма, жоқ қос құлағын бітеп, естігісі келмей ме, шындықты жасқанбай айтады. Зиялы қауымның ең басты парызы – шындықты батыл айту, ал біздің басты міндетіміз кемшіліктерді түзеу, әлеуметтік әділеттікті қолдау, жетістіктерімізді ешкім тартып алмайды деп санайды. Педиатрия факультеті жабылуы туралы, ұрпаққа қауіп төнді деп айтпаған, жазбаған, бармаған жері, шырылдамаған есігі қалмады. Қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалары да академикті қатты ойландырады. Осы сұрақ бойынша ол теледидардан және бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет сұхбат берді. Ондағы Камал Сәруарұлының есебі аса қарапайым, оның бәрі өз қара басының қамы үшін емес, тек ұрпақ болашағ.
К.С.Ормантаев – тек ғылыми жұмыспен ара¬ласып қоймай, өзінің сөзімен, ісімен, адамдық және азаматтық көзқарасымен еліміздің қоғамдық өмі¬ріне белсене араласқан ұлттық тұлға. Соның айғағы кезінде «Азат» және «Азамат» қоғамдық қозғалыстарының ұйымдастырушысы, белсенді мүшесі болған. 
Камал Сәруарұлы үлгілі отбасы – екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жанындай жақсы көретін құдай берген немерелері бар. Сыйласатын ағайын-туыстары, әріптестері баршылық. Қазақтың жайсаң мен жақсыларымен дастарқандас адам. Осындай өмір ләззатын сезінбеген, ата-аналары қызығына тоймаған сәбилерге операция жасамастан бұрын он рет ойланып, жүз рет толғанып, мың рет өлшеп, бір рет сабырмен операция жасап, болашақ ұрпақтың өміріне араша түсіп жүрген, бүгін жастарға бәтуалы сөз айтатын, түйінді ақыл-кеңес беретін, үлгі-өнеге болған, Абай атамыз айтқандай, ақылымен, ғылымымен, арымен, мінезімен ерекшеленген Камал Сәруарұлы Ормантаев биылғы қыркүйек айында 80 жасқа толғалы отыр. 
Камал Сәруарұлы бақытты адам, өйткені, ол балалар денсаулығын қорғаған, ғылымды дамытқан, ерен еңбегі ел кәдесіне жарағанын сезінген және еңбегінің зейнетін көрген адам. Өмір туған адамның бәріне беріледі, бірақ қартайғанда өмірдің зейнетін көру әр пенденің басына жазыла бермеген шығар.
Сондықтан балалардың денсаулығын қорғауға өз ғұмырын сарп етіп, жұлдызы жанған, абыз Камал Сәруарұлына денсаулық, Алланың берген олжасы ретінде ұзақ өмір, Отанымызды өркендететін ұрпағымыздың денсаулығын қорғауда әлі де рухы зор болсын деп тілейміз! 
Қапан ТҰРСЫНҰЛЫ, 
Қазақ ұлттық медицина университеті 
балалар хирургиясы кафедрасының профессоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз