«Балғын бейнең жауған қарға айналып…»

108

0

«Балғын бейнең жауған қарға айналып...»Ақпан айының ақырғы жұлдыздары… Сырдың сырбаз табиғаты, ақ қардан аршылып, жұлынған желге омырауын төсеп, опынған күйде…
… Ұялы телефонымның құлаққабында онсыз да қоңыр өмірдің бояуын қалыңдатып, қамығыңқы бір әуен ойнайды…
… Бұл өмір сынақ…
Біреулер жылап, біреулер шыдап көтерер.
Белгісіз бақыт, байқатпай уақыт,
Аялдамаға жетеміз.
Тоқтайды сөйтіп кемеміз…
«Тынымсыз тірлікке араласқан Сахитжан Бермағанбетов 2008 жылдың ақпан айында дарияның көтерілу деңгейін анықтау мақсатындағы қызметі барысында ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшырады». 
Осы бір суыт хабар естілгенде ақпанның аязды аспаны «аһ» ұрғандай болды. Ертеңінен ел іргесін бүтіндер бітімді білік, көптің көкейіндегісін, көкірегіне құйған ғибратты ғұрып күткен, қаршығадай  қырағы бір тағдырдан қарашасы көз жазып қалып еді сол күні…
Қарақұмның қойнауында құндақталып, жымыңдаған жұлдыздардан жұмбақты алып, түтіні түзу шыққан бір шаңырақта шарананың шырылы естіліп еді… Асыл әженің ақ пейілмен байлаған ала жібімен тұсауы кесіліп, апыл-тапыл басқан балақанның табанын құм, маңдайын күн сүйді. Уызына жарыған ұртына ұлтының ұлық өнері ұран боп, талайлы жұртының терме-толғауы таңдайына тақпақ болған, тұрымтайдай жеткіншектің қауырсын қаламына асыл арманы арқау  болды.
Пайымды, парасатты пікірі, оралымды ойларының ойы мен шұқыры, байыпты байламдарының бүтіні мен тұқылы, сөйлемдерінің нүктесі мен үтіріне дейін тәуелсіз елінің түтінінің түзу шығуына тамшыдай болса да үлес қоссам дейтін ниеттен туатын. Тәрбиесі құнды, тәлімі нұрлы Қарақұмда туған қара сирақ бала Ақмешітке асықты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің грантына ие болып,  «журналистика» мамандығы бойынша бітірді. Студент кезінен бастап «Қоғам ТВ» телеарнасында редактор, «Аптаның алты ауызы» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып көрермендердің құрметіне бөленді. Кейін «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында редактор қызметін атқарып, осы арнаның «Түйін» ақпаратты-сараптау бағдарламасын жүргізді.
Алаштың анасы атанған, Сыр елінің зиялы қауымы, білім мен мәдениеттің ошағы болған қазыналы ордасы арманшыл жастың абыройын асқақтатып жіберді. Астанада өткен «Шабыт” фестиваліне қатысып, майталман маман ретінде Елорданы мойындатты.
Балалық шағында желмен жарысқан жүйрік қиялы, боз даладан естіген бозінген үн – үміті, құм шағылды шарлатқан шалқар шабыты қырғи тілді қағілез жігіттің көмейінен шыққан сөз семсердей сермеуші еді. Дүйім жұрттың көкейіндегісін дөп басып, шіренген шекпендіге шімірікпестен шындықты айтып, шырылдаушы еді-ау. Қаққан қазықтай қадап айтқан сөздері, қиядағыны шалатын қыран көздері нысанасына дөп тиіп жататын.
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы – баспасөз орталығының жетекшісі болып қызмет жасады.
…Мансапты мақсат көрмеген маңғаз маманды еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында ел ағалары ардақ тұтып, базынасына құлақ түретін. Табиғаттың тосын мінезінің түйінін шешуге аттанған алқалы топтың құрамына ақмаңдайы жарқырап, алғашқылардың бірі болып кеткен еді. Ақырғы демінің аз-ақ алдында тұрып, алаң болған жұртына ақжолтай хабарын жеткізіп үлгірді. Қияға құмартқан қыран тағдырдың ажалы аспаннан келгенде, ғазалы жасқанған еді… 
Жұртына ғашық жүрегі қолына ару гүлін емес, қару-қалам ұстатты. Туғаннан тауға жетелеген тәкаппар тағдыры текті жердің төсіне тастай салды бір сәтте… Дабылын дүйім жұрт қолдаған дарабоздың қабірін көркем гүлмен көмкеріп, күрсініп қалды көп қауым… 
«Балғын бейнең жауған қарға айналып,
Қай құрбыңның жанарынан үзілді», – деген жыр жолдарын оқығаным бар еді. 
Саңқылдаған Сахитжанның да бейнесін ақпандағы ақ қардан іздеген анасының жайын айтсаңшы. Қазаны естіп қанжарға тілінген ана жүрегі ажалдың өзін қаймықтырғандай. Қазаға қайыр айтып келген телеарна ұжымына: «Ол менің ғана балам емес екен, халық үшін туыппын ғой», – деп егілген-ді.
Сағитжанмен тағдырлас 27-сінде іс-түссіз жоғалған Сырдың ақыны Ә.Ботпановтың: 
Мен өлгенде мені гүлдің жүрегіне көміңдер. 
Нәп-нәзік, – деген өлең жолдарын білуші едім.
Ал, Сағитжан ше? Ол жұртына ғашық өзінің жүрегіне көміліп жер бетіндегі жұмыр бастыларға жұлдызды тағдырымен жарық сыйлап жатқандай көрінді маған. 
Жұлдыздар ағып түседі,
Көнсем де көр азабына
Аспанға жұмақ орнатып
Жебейді Жер Ананы да…
Жұлдыздар ағып түседі…
Ұялы телефонындағы әлгі әуен әлі де ойнап тұр.
Бұл өмір сынақ…
Біреулер жылап, біреулер шыдап көтерер…
Белгісіз бақыт – байқатпай уақыт…
Аялдамаға жетеміз…
Тоқтайды сөйтіп кемеміз…
 Айнагүл ӘБУОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз