БАРЛАУШЫ БАЙДҮЙСЕНОВ

208

0

БАРЛАУШЫ БАЙДҮЙСЕНОВКүнделікті
қарбалас тірліктен сәл сергіп, оймен барласаңыз, адам өмірі кезең-кезеңге
бөлінерін аңға­рар едіңіз. Шындығында мұның еш құпиясы да жоқ, Жаратушының қа­лауы
осылай болса ше?! Жыл мез­гілдерін алып қараңызшы, көктем, жаз, күз және қыс
деп ажыратылып тұрған жоқ па?  Оның әр
мезгілінің өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Көктемде жер-дүние жаңарып, жай­нап
сала берсе, жазғы шақта күн нұрын аямай төгіп, жылулық сыйлайды. Жеміс-жидектер
уылжып піседі. Малдың төлі аяқтанады. Күз болса да егін-тегіннің ел нәпақасына
айналар мерзімі. Қыс табиғат-ананы ақ көрпеге орап, тыныштандырады. Адам өмірі
де солай болуы тиіс, алайда, сол төрт мезгілді түгелдей көру пенденің маңдайына
бұйыра ма, жоқ па, реті қалай келеді, оның ыңғайы бір құдіреттің иелігінде.
Сейітхан қария да өз өмірін өзінше бірнеше кезеңге бөліп қарайды екен,
әңгімесінің ажары осы ойға бас тіретті. 

– Азамат
ретінде қалыптасқан кезім, толысқан шағым елге қызмет етуге арналды деп
ойлаймын. Орда бұзар – отыз жасымнан аудандық білім бөлімінің инспекторы,
орталау мектептің директоры, ауылдық ке­ңес төрағасы қызметтерін атқардым. Бұл
жергілікті жердегі әжептәуір абыройы бар, ел бетіне қарар өзіне лайық құзыреті
бар қызметтер. Соңғы сайланбалы қызметімді 1971 жылдан зейнеткерлікке шыққан
1986 жылға дейін үздіксіз атқардым. Орден, медаль тағынбасам да мақ­тау,
марапаттан кенде бола қойған жоқпын. Ол кездері ауыл­дың бар билігі шаруашылық
басшыларына беріліп, құзыреті де үлкен болатын. Ауылдық кеңестің төрағасы
негізі­нен ауыл тұрғындарының ауызбір­лігі, әр отбасының ынтымақты өмір сүруі
секілді мәселелермен қатар әлеуметтік жағдайларды реттеуі тиіс болатын.
Шаруашылыққа талай басшы келіп-кетті, бәрімен де сый­ластықта болып, өз
міндетіміздің орындалуына нұқсан келтіре қойған жоқпыз, – деп сәл кідірген
қария, осыдан соң шамалы үнсіз қалды. Бұл кісі негізі сөзуар емес, біртоға,
өзін қарапайым ұстайтын жан.
Ойды ой
қозғайды емес пе, осы мақаланы жазып отырған га­зет тілшісінің ауыл тірлігіне
көзі қа­нық­қан, шаруаның ортасында өс­кен­дігі бар. Сол кездегі араласқан орта­сына
сай Жаңақорған ауданын­дағы өзгерістердің біразын көрге­ні де есте. Өткен
ғасырдың 1985 жылдарының шамасы еді, аудан бас­шысы Далдабаевтың талабы­мен осы
Бірлік ауылында ауыл жастарына арналған стадион салынып, жаб­дық­талды. Оның
маңында киі­ніп-ше­шінетін, жуынатын орын­дары бар баспаналар да тұрғы­зылды.
Ста­дионның айналасына саялы ағаштар орнатылды. Кеңестік кезде тәжірибе алмасу деген
семинарлар жиі өткі­зіліп тұратын-ды. 
Сол бағытқа сай, осы ауылдағы салауаттылық орнын келіп көргеніміз бар.
Бір ғажабы –ауылдың кіреберісінен бері жолдың екі қапталына дейін саялы ағаштар
отырғызылған екен. Міне, сол қы­руар шаруаның бел ортасында кең­шар директоры
мен бірге сол кез­дегі ауылдық кеңестің төрағасы Сейітхан Байдүйсеновтің
жүргені, хабарламалар жасағаны санамызға келе қалды. Ел Тәуелсіздігінен бері
Ақүйік ауылдық округі аталын­ған әкімшілік бөліністегі ау­мақ­тың кіреберіс
жолындағы қара ағаш­тардың орналасуында арда­гер­­дің қолтаңбасы жатыр емес
пе?! Кейіннен әлгі баспаналарға әркім­дер ие болып, жекешелер алып кет­ке­німен
сол кезде атқарылған іс ау­ыл­дың егде тұрғындарының әлі есінде.
Ауылға тау бөктеріне келетін
өзен суы екі арнаға бөлініп, ел­ді мекенді орай өтеді. Оларды таза­лап тұрмаса,
бітеліп қалатыны, қа­да­ғаламаса, су жүрмей қалатыны бар. Сол су жолдарын
тазалату, екі арнаны ауыл сыртындағы қазан шұ­қырға тоғыстырып, артық судың бір
жерде құйылуын да бақылау өте қажет еді. Нәтижесінде ауыл сыртындағы шұқыр суға
толып, малдың су ішуіне, айналасының көк шалғынға оралуына мүмкіндік туды. Оны
жүзеге асыруға мұрындық болған біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының
ардагері, Бір­лік ауылының тұрғыны Сейітхан Байдүйсенов. Ақсақал тоқсан жас­қа
келіп отырса да әлі ширақ, қа­рап отыра алмайды, үйге қажетті ша­руаларды
ерінбей атқарып, тірші­лігін жасаудан тартынбайды. Бұл қысқа өмірдегі пенденің
жақсы қа­сиеттерінің бірі болар-ау.
– Көктемгі
құрақтай бұлаңдаған кезім Ақүйік өзенінің бойында өт­ті. Туылған жерім сол
өзеннің бой­ындағы Самата әулиенің ба­сы болатын-ды. Орта мектепті бітірі­сімен
Түркістандағы мұғалімдер дайындайтын педагогикалық учили­щеге түстім, – дейді
Секең.
Иә, ол аталмыш
оқу орнының үшінші курсында оқып жүргенінде әскер қатарына алынды. Бұл 1943
жылдың көктемі еді. Наурыз айы­ның 24-і күні құрдастарымен Отан қорғауға
аттанған ол әуелі Ақмола қаласының маңындағы курсқа қал­ды­рылды. Бұл
барлаушылар дай­ындайтын орталық екен. Онда 4 ай бойы дайындықтан өткен
қатардағы жауынгер Байдүйсенов Сейітхан 
май­данға Украинаның Житомир қа­ла­сы маңында араласты. Қиян-кескі соғыс
жүрген осы майданның №271 дивизиясының командирі ге­нерал Батутин болатын.
Батыл да соғыс тактикасын жете меңгерген қолбасшының бірі саналатындығын
кейінгі тарих зерттеушілері лайықты бағалаған адам. Киевті азат ету ба­рысында
шешуші шабуылдардың ба­сында болды. Амал не, батыр да бір оқтық, Украина
астанасын азат етудің соңғы күні ерлікпен ажал құшты қайран ер. Батыл ко­ман­дирді
жерлеу рәсіміндегі қарау­ыл­дар сапында біздің бүгінгі кей­іп­керіміз де болған
еді. Бұл жау­ынгерге артылатын үлкен сенім­нің белгісі десек, артық айтқан­дық
емес. Өйткені, жауынгер Бай­дүй­сенов барлаушы ретінде сынақ­тан өтіп, жау
шебінен тіл әкелу­де ше­берлігімен танылған-ды. Қара­тау бөктерінде өскен ұлан
жара­тылысынан әбжіл де зерек еді. Оның үстіне барлаушылар дайындайтын курсты
жақсы оқып, бұл істің де қыр-сырына төселгендігі қосымша күш болатын.
– Бірде, –
дейді қарт барлаушы – Богданов деген сержантпен бірге барлауға аттандық.
Тапсырма – жаудың орналасу жағдайын карта бойынша тағы бір пысықтау және тіл
әкелу. Сержант ірі денелі жігіт еді, сондықтан елгезектеу мен алда жүремін де,
ол арт жағымнан қорғап отырады. Жер бауырлап жау око­бы­ның жанына келген соң,
ол ма­ған ішке түсіп, жағдайды білуді тапсырды. Байқасам, екі неміс солдаты
ұйықтап кетіпті. Бірі байланысшы секілді. Дереу серігіме жағдайды айттым. Ол
ымдап, біреу­ін сол жерде қылжитамыз да, екіншісін алып кетеміз деген белгі
берді. Солай еттік те, әкелген «тіліміз» көп мәлімет беріпті. Оны кейін
естідік. Тағы бірде жау шолу­шыларымен ұшырасып қалып, олардың да бірінің көзін
жойып екіншісін  тірідей қолға түсірдік.
Бұ жолғы серігім де қарулы жігіт еді, Аралдың тумасы болатын, арада көп жыл
өтті ғой, есімін ұмыттым, сол екеуміз әлгі немісті қол-аяғын шандып, үнін
шығармастан сүйреген күйі штабқа жеткіздік. Командирлер алғыс жариялады.
Осындай сәттер жиі болып тұратын. Әйтеуір, Құдай сақтап аман келіп жүрдік, –
дейді ол соғыс жылдарындағы қияметті күндерді еске алып. Иә, «Көзе мың күнде
сынбайды, бір күнде сынады” деген бар емес пе, барлаушымыз Харьков маңындағы
бір алапат шайқаста жарақат алды. Одан кей­інгі жағдай белгілі, госпитальға жө­нелтілді.
Майдан даласындағы емдеу шаралары жарақаты ауыр болғандықтан  пайда бермей, Сара­тов қаласындағы
госпитальға жол тартты. Талай қатар жүрген азамат­тарының шейіт болғандығын
көріп, кектенген қазақ  жауынгері қанша
талаптанғанымен соғысқа қайта ара­ласа алмады. Өйткені бір аяғы ті­реуге
келмей, сүйретіліп қалған еді.
Елге келіп,
баяғы аяқсыз қалған оқуын тәмамдады, дипломды да алды. Колхоз жұмысына да ара­лас­­ты.
Мектепте ұстаздық етті, қыз­меті жоғарылап, аудандық білім бө­лімінде де
жауапты қызмет атқарды. Ауылдағы 7 жылдық мектеп­тің ди­­­ректоры қызметін де
атқарды. Қан­­шама шәкіртті қанаттандырып ұшырды деңіз. Мұның өзі де өмірдің
бір қызықты сәттері, бір белес.
Пенде шіркін
бір терінің ішінде нешеме жағдайға тап болады емес пе, мұны қазақ тәңірдің
жазуы деп атайды. Сол маңдайдағы жазумен ауылдық кеңестің төрағалығынан
зейнеткерлікке шыққан Сейітхан ағамыз кешегі Кеңестік жүйенің ыдырап, жаппай
жекешелену кезе­ңінің қиыншылықтарын да көрді. Осы кезде жеке шаруа қожалығын
құрған ол баяғы атақонысы орын тепкен өзен бойына диірмен орнат­ты. Әке көрген
оқ жонады демекші өз әкесі – Байдүйсен ескіше ілімі бар, сонымен қоса ұсталығы
бар кісі еді. Сол кісіден көргені бар, бала кезінде әкесінің диірменінде жұмыс
жасағаны бар, бәрі кәдеге жарап, замана жағдайына сай, бидайды ұнға тартып,
бірліктіктердің сауа­бын алды. Өйткені, сол тоқырау жыл­дары ұн өте тапшы,
көпшілікке жетпейтін еді ғой. Сол қысылтаяң кезде қарт майдангер, кешегі ауыл
басшысының адал бейнеті жерлес­теріне талғажау болды. Мұны қа­зір ауыл әкімі
қызметін атқарып жүрген Әскер Мұсаев айтып отыр. «Самата» шаруа қожалығын құ­рып,
отарға таяу қой өсіріп, отыз- қырық ірі қараны да баптап өсірген ардагер өз
жолын балаларына беріп, бұл күндері бас-көз болып отыр. Өмірлік қосағы
Бибізейнеп кезінде сауыншылықтан оза шауып, аудандық кеңестің депутаты бол­ған
еңбеккер ана. Әлі күнге мал қыстауы басындағы Нұрғали есімді ұлына бағдар
беріп, қол ұшын созудан қалған емес. Осы бағыттағы тындырымды шаруаларды Секең­нің
бір өмір кезеңі деп қойсақ, жара­сатын секілді.
Жұбайы екеуі
төрт қыз, төрт ұлды мәпелеп өсірді. Бәрі де өз түтіндерін түтетіп, ұрпақ сабақ­тас­тығын
жалғастырып келеді. Көп ойын түйген кешегі әбжіл бар­лаушы, білікті ұстаз,
іскер ұйым­дастырушы, нарықтық қатынастың алғашқы кезеңінде тығырықтан жол таба
білген шаруа адам бәріне де шүкіршілік дейді.
Иә, халқымыздың
«Көпті көрген қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең” дегені осы болса керек.
 
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған
ауданы,
Бірлік ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз