Батыр бабалар

94

0

Үстіміздегі жылғы тамыз айының  6  жұлдызында «Сыр бойы» газетінде шыққан «Ақпан батыр»,  «Ақмешіт апталығы» газетінің биылғы 23 шілдеде шыққан «Ержүрек батыр бабамыз» мақаласын оқыған соң мен де өз білгенімді қалың оқырманға баяндап беруді парыз санадым. Сыр бойы тұнған тарих. Есте жоқ ерте заманда, алмағайып аласапыран кезеңдерде де біздің батыр бабаларымыз бүгінгі күнге жетуге өздерінің үлестерін аямай қосқан. Бұл өлкеде  атағы алты Алашқа белгілі билер мен шешендер, абыз әулиелер, бес қаруын сайлап жауына дес бермеген атақты батырлар, халқы үшін басын оққа байлаған мемлекет қайраткерлері шыққан. Тағдырдың талқысына талай түскен қазақ халқы орыспен арпалысып, қалмақпен қидаласып, жоңғармен жағаласып, қытаймен аңдысып бүгінгі күнге де жеткен. Батыр бабалар осынау ұлан-байтақ даланы дұшпандарынан ерлігімен, ақылымен аман алып қалған. 
Жалағаш ауданына қарасты Т. Жүргенов, Жаңаталап, Аққыр ауылдық әкімшілігіне қарасты елді мекендегі халықтың шежіресіне қарасақ, талай тарихтың куәсі боламыз. Атақты батырлар Алдиярұлы Атан, Тулақ, Жолан, Боздақ, Байболаттың немересі Ақпан, Манан, Кезең батырлар, Қалам би әрі батыр, баласы Ашай батыр, Шөмекейге пір болған Ер Сейітпенбет, Қоныс батырдың немере-шөберелері Қошқарбай, Жүндібай, Дастанбай батырлар деп жалғастыра беруге болады. Бес қаруын сайлап, соңындағы әскер жасағымен ұрандап жауға шапқан біздің батыр бабаларымыз болашақ ұрпағына осыншама ұлан-ғайыр жерді аманаттап тастап кетті. Бір есте ұстайтын мәселе ҚАЗАҚ елі еш уақытта өзге елді шапқан емес, барлық соғыс еліне жойқын шабуыл жасаған, басып алмақ болған (сырт) басқыншы жауларымен болған. Сан ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде талай-талай ел қорғаған батырлар, қара қылды қақ жарған дана билер өткен. Олар өз заманындағы жауларымен жан аяспай күресіп халықтың бірлігін, ынтымағын сақтаған.
Байболаттың немересі Ақпан батыр да тұғырдан  тайғанынша бес қаруын қолынан түсірмей, қаншама жауларымен арыстанша арпалысып өткен. Шамамен ХVІІ-XVІІІ ғасырда өмір сүрген ол қайтпас қайсар ерлігімен, өр мінезімен, асқан ақылымен ел жадын¬да ұмытылмай келе жатқан батырлардың бірі. Жараты¬лысынан еті тірі, 14-15 жасында-ақ ел көзіне ілінген батыр бұрынғы өтіп кеткен кісілердің айтуы бойынша әскери құралдарды шебер меңгерген, жауырыны жерге тигенше қимыл жасайтын әбжіл кісі болса керек. 
Ақпан батыр әз Тәуке хан тұсындағы шайқастарға түгел қатысқан. Соғыс алдындағы жау батырларымен болатын жекпе-жектерде қарсыластарынан басым түсіп, жеңісті жорықтарды бастаған. Қалмақтармен болған шайқаста бас батырын жеңіп, жеңістен соңғы олжа үлестіру кезінде өзіне тиесілі олжадан басқа хан жарлығымен оған үш қалмақ қызын сыйлаған. Сол қыздарды елдегі белгілі адамдарға қосқан деген әңгіме бар. Сөзге сараң, билік айтуға талпынбайтын, көп көріп көңілге түйгені мол болса да, сыр шаша бермейтін, іргелі істің адамы, жұмбақ тұлға болған Ақпан батыр өзімен тұстас Ер Сейітпенбет әулие, Қаламұлы Ашай батыр және басқа елге белгілі батырлармен замандас болған деседі. Тәуке ханның бір қосын әскерін басқарып сол кездегі шайқас-жорықтарға түгел қатысқан, жаугершілік заманда елін, жерін қорғаған. 
Тарихта жоңғар қалмақтары Қазақ елінің хандарынан рұқсат алып үш рет олай-былай көшкен. Ақпан батыр жасағымен көшкен елді қорғап, өзіне бекітілген мекен¬нен өткізіп салып отырған. Ол жорықтарда со¬ғыс өртінің тұтанбауын қатты қадағалап, еліміздің аман¬дығын, жеріміздің тұтастығын, халқымыздың аман-сау өсіп-өнуіне өз үлесін қосқан батырлардың бірі екені байқалады. 
Еліне еңбегі сіңген билер мен батыр бабалардың, басқа да ел перзенттерінің ерлігін насихаттау, есімдерін ұлықтау жас ұрпақтың парызы. Олай болса, «Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған нағыз ер, кеудесінде жаны барда адам атына дақ түсірмес» деген қағиданы ту ғып ұстаған ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүрген дала жұрты болғанымен ар-намысты аяқ-асты таптамаған. Себебі, «Өлімнен ұят күшті» деген имандылық тұтқасын мықтап ұстанған. Сондықтан бабалар ерлігін насихаттау жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіне қызмет ететініне кәміл сенемін.
Маханбетжан ТҰРМАНҰЛЫ. 
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз