Бекзат текті дегдар тұлға еді

126

0

Бекзат текті дегдар тұлға едіСыр бойының қайраткер азаматы, ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушы маманы, Социалистік Еңбек Ері Бисенов Алдаберген ағамыздың туғанына 90 жыл толуына арналған тойы өтіп жатыр.
Бұл той – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны жақсылықтың нышаны деп, жақсы ырымға жатқызуға болады.
Алдаберген ағамыз туралы Сыр бойы қаламгерлері талай-талай кітаптар, мақалалар жазды, ақындар өлең-дастандар арнады. 
Бұл – ағамыздың еңбегін көрген, ықыласын сезген, қамқорлығына бөленген адамдардың ыстық ықыласы, жүрекжарды сөзі. Ал адал еңбегімен адамның құрметіне бөленгеннен артық қошемет бар ма адамға?!
Осы жерде сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «құрмет құрметті адамдарға жасалады»  деген сөзін еске алсақ, Алдаберген ағамыздың өмір бойы орны төрде – халықтың құрметті адамы болып өткенін де білгеніміз дұрыс болады.
А.Бисенов ағамыздың арғы тегі – керейт, Қонақбай Сатыпалды, Өтепәлі, оның ішінде кәрі – одан Қошқар, Малай – Ес, Бисен – Алдаберген, Серікбай болып таралады.
Алдабергеннен Қылышбай, Қынәбіл, Жанәбіл, Марат – әрқайсысы бір-бір отау құрып, балалы-шағалы болып өсіп-өркендеп келеді. 
Бұрынғылар «орнында бар – оңалар» деп осындай жағдайларды да түйіп айтып кеткен. Білетіндердің айтуына қарағанда, ағамыздың аталары ауылдың жөн білетін беделді кісілері болған, орта шаруа – аздап мал бағып, егін егіп, үй іргесіне бақша егіп, өнімін пайдаланып, өз күнкөрісі өзіне мол жеткендей жағдайы болған. Өз еңбегімен өмір сүрген, ой-ниеті таза, еңбеккер болып өткен. Алдаберген ағамыз осын¬дай ата тәрбиесінде ертерек еңбекке араласып, ата-анасына көмектесіп, еңбекке қалып¬тасады. 
Шаруаның баласы болғасын ба,   
Шаруаға айналдым он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім,
Күлшемді айырбастап қорғасынға, – деп, Мұқағали ақын жырлағандай, Алдаберген ағамыз да еңбекпен есейіп, шыныға бастайды. Мектеп жасына жеткен соң ауылдағы «Шымбөгет» орта мектебін оқып бітіреді. 1944 жылы Совет Армиясы қатарына алынып, қолына қару алып, Отан қорғауға атсалысады. Қарша бораған оқтың астында байланысшы қызметінде болып, небір қиын, қырғын кезінде де байланыстың үзілмеуін қамтамасыз етеді. Ұланғайыр майдан жолдарынан өтіп, 1945 жылғы Жеңісті Берлиннің оңтүстік батысындағы Магдебург қаласында қарсы алады. Ұлы Отан соғысындағы еңбегі мен ерлігі ескеріліп, Отан алдындағы борышына адалдығы арқасында І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады. 
Алдекең соғыстан кейін де шекарада қызмет етіп, елге 1951 жылы келді. 1952 жылы Қызылордадағы ауылшаруашылық техникумының механизация бөліміне оқуға түсіп, 1954 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады.
Одан соң Қаратөбе МТС-на учаскелік механик болып, кейін Еңбек колхозында инженер-механик болып жұмыс істейді. 
Осы жылдары ескі бульдозер, скреперлерді жөндеп, ұзындығы 20 шақырым Тасжарма каналын қаздыруға атсалысады. Тасжарма Еңбек пен Ақарық ауылдарының егістерін суғаруға осы кезге дейін қызмет етуде. 
Алдаберген ағамыз жыл өткен сайын тәжірибе жинап, қандай жұмысты да атқара алатын қабілетін көрсете бастайды. Мұны байқаған аудан басшылары 1962 жылы А.Бисеновті «Жаңаталап» совхозы директорының орынбасары етіп қызметке қояды. Көп ұзамай ағамыз совхоз директоры қызметіне кірісті.
Алғашқы 4-5 жылдың ішінде-ақ егілген егіннен жоспарлы өнім алынып, шаруашылық экономикасы көтеріліп, табысы арта бастады. Орталықта тұрғын үйлер, тұрмыстық комбинат салынып, іске қосылды. А.Бисенов Жаңаталап совхозында қызмет етін жүргенде Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін сырттай оқып, бітіріп, жоғары білім алды. Бұл да ол кісінің өмір талабын дер кезінде түсініп, өз қатарларынан қалмай, дер кезінде жоғары білім алудың қажеттілігін түсінген сезімталдығының бірі еді. 
1970-ші жыл ағамыздың өміріндегі табысты, қуанышты жыл болды. 1966 жылы әр гектардан, 27 центнер өнім алынса, 1970 жылы егілген 1600 гектар күріштен 49,3 центнерден өнім алынды. Осы жылы совхоз КСРО Министрлер Советімен одақтың кәсіподақ комитетінің мерекелік Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Ол кісінің іскерлік ізденімпаздығына мысал болатын бір нәрсе – МТС төңірегінде қирап жатқан экскаваторға Красноярсктен керекті қосалқы бөлшектер алдырып, құрастырып, іске қосқанын айтуға болады.     
1971 жылы ауылшаруашылық өнімдерін өркендетуде және егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке сатудың бесжылдық жоспарын орындауда аса көрнекті табыстарға жеткені үшін Сыр саңлақтары – Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов ағамыз, «Жаңаталап» совхозының директоры Алдаберген Бисенов, Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» колхозының аға шопаны Ж.Әбжалов және Қызылорда су шаруашылығына қарасты №29 Тасбөгет мехколоннасының скреперисі Б.Серімбетовке КСРО Жоғарғы Кеңесінің 8 сәуір 1971 жылғы Жарлығы бойынша «Социалистік Еңбек Ері» атағы, «Ленин» ордені және орақ пен балға алтын медалі қоса берілді. И.Әбдікәрімов Москвадан «Жұлдыз» тағып оралса, 29 сәуір күні облыстық партия комитетінің мәжіліс залында жиналғандар тік тұрып қарсы алған үш кісіге обкомның бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов наградаларын тапсырып, атақтарымен құттықтады.  
Адал еңбектерінің арқасында олардың омыраулары осылай жарқыраған еді. Үшеуінің жүздері жадырап, қуанышта тұрған кезіндегі бірге түскен суреті сол кездегі «Ленин жолы» газетінің 1971 жылы 30 сәуірдегі санында жарияланды. 
Ағамыз бір сөзінде «менің кеудеме жұлдыз тағып, абыройға ие болуыма осы елдегі бөлімше бастығы болып қызмет еткен Бердалы Мәмбетов пен Ахатай Рахметовтың едәуір көмегі болды» деп айтып отыратын,- «ол кісілер бұрын шағын колхоздарды басқарған елдің, жердің, судың, каналдардың жайын жетік білетін еді. Осы тәжірибелерін пайдаландым, біраз жұмыстардың жайын үйрендім», – дейтін.
Ешкім де барлық жұмысты бірден біліп, меңгеріп кетпейді, оларды бірте-бірте өмір үйретеді. Осы жерде алдыңғы аға буынның өмір тәжірибесіне сүйеніп, олардан керегін ала білу де Алдаберген сияқты дара басшылардың ғана қолынан келетін жұмыс. Батыр  ағамыз осындай үлгі-өнеге беретін өз ағаларының қызметі мен әңгімелеріне 15-16-дағы бозбала кезінен құлақ түріп өсті. Олар жиналған жерге барып, қолдарына су құйып, сүлгі әперіп, қызмет жасады, әңгімелерін тыңдады. Олар Аққұм еліндегі Жаппас, Жүніс, Майданның Жаханы, Балмағамбет Ералы, Бимұрат Салмахан, т.б. еді. Бұлардың барлығы колзоз бастығы, ауыл совет, сельпо бастығы болып қызмет еткен болатын. Жаппас әкеміз Шіркейліден саға алып, ауыл орталығына қарай арық қаздырған. Әуелі Жаппас арық деп, кейін Ақарық деп аталып кеткен. Арықтың екі жағасындағы 70-80 үй, осы арықтан аяқсу алып, бау-бақшаларын суарып, осы кезге дейін игілігін көріп келеді. Алдекең тәрбие де, өмір тәжірибесі де сабақтас дегенді осылай түсініп өсті.
Кім біледі, ағамыздың сол балаң жігіт, бозбала кезінің өзінде жоғарыдағы аталған әке-ағаларымыздай ел басқарсам деген қиял ұшқынының көңіліне орнауы әбден мүмкін ғой. Маған ағамыздың осы қиял арман-ойы келешекте іске асқандай болып көрінеді. Абай айтқан «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген сөзі осындай жағдайлардан айтылғаны ақиқат. 
Ағамыздың қызмет бабындағы ерекшеліктерінің бірі – берілген тапсырмасын кім қалай орындап жатыр, оны көзімен көрмей, тексермей тыным таппайтыны. «Күріштің машинамен көре алмайтын жерін атпен аралайтын едім», – деп отыратын. Өзі инженер-механик болғандықтан техника саласындағы қызметкерлер  ол кісіні өтірік айтып шығарып сала алмайтын. Мал шаруашылығына байланысты жұмыстарды да байыпты біліп, басшы¬лық жасағанын халық осы кезге дейін айтып отырады. 
Совет өкіметі жылдарындағы «барлық істің тетігін техниканы меңгерген кадрлар шешеді» деген тұжырымды қорытындының осы кезге дейін маңызын жоймағанын Алдаберген ағамыз сияқты білікті мамандардың қызметінен көруге болады. 
1972 жылы Қызылорда облыстық партия комитеті А.Бисеновті Тереңөзек ауданындағы «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы сов¬хозға директор етіп жіберді. Алдекең осы совхозды 1988 жылға дейін басқарды. Бұл совхоз да ірі-ірі экономикалық табыстарға жетті. Күріш егу технологиясын жетіл¬діруді, бригадаларды еңбек етудің әмбебап жүйесіне көшіруді, орталық қырманды механикалан¬дыруды, жұмысшыларға жалақы төлеудің ресейлік жетілген жүйесіне көшіруді жүзеге асырды. Батыр ағамыз бұл совхоздың мал шаруашылығын, өркендетуде де елеулі табыстарға қол жетікізді. Совхозда 3500 бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені салынды. Күніне 3000 литр сүт өткізіліп, етке өткізілген ірі қараның салмағы 400-500 кг дейін жеткізіліп, әр жүз аналықтан 90 бұзау алынып, жоспар артығымен орындалды.  
Ауылды гүлдендіріп, қала үлгісіндегі әсем ғимараттармен орталықты көркейтті. Шаруашылық басшыларын көп сөзден көп іске көшіп, қарамағындағыларға тәрбиеші болуға үндеді. Алдекеңнің осы жылдары саяси-теориялық білімі де толысып, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Басшы болсаң, тәрбиеші бола біл» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. Бұл газеттің 1979 жылғы 3 қазандағы санында жарық көрді.
Совет өкіметі жылдарындағы басшыларға қойылатын басты талаптың бірі – алдымен өз отбасыңды, одан соң бүкіл ұжымды дұрыстыққа тәрбиелеу болатын. Бұл ережені де ағамыз дұрыс түсініп, қызмет еткен жерлерінде халықтың қалыпты тіршілігіне кедергі жасап, кемшілік жібергендердің талайларын тәрбиелеп, дұрыс жолға, жөнге салды. 
Газетте Алдекең жазған бас мақала – аудандағы, облыстағы кейбір басшыларға ұнамады. Олардың кейбіреулері көре алмаушы¬лық, қысастық, қызғаныштан жалған арыз ұйымдастырды, обкомның көшпелі бюросында Алдекеңді қызметтер босату да ойларында болды. Бірақ осы бюрода ағамыздың сағы сынған жоқ, қайта ол алған бетінен қайтпай, өзінің ел алдында іске берілген адалдығын дәлелдеп шықты. Осы мәселеге байланысты 1980 жылғы 15 сәуірдегі «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші Байжігіт Әбдіразақовтың «Парасаттылық парызы» деген мақаласы ақ-қараның бетін айқара ашып, өмірге сабақ боларлықтай қорытынды жасады. 
Кемеңгерлік те, қайраткерлік те, еңбегімен иеленген атақ-абыройы да жетіп-артылатын, алтындай жарқыраған біртуар ағамыз А.Бисенов 2002 жылы 23 маусымда дүниеден өтті. 
«Жақсы менен жайсаңнан жан-жағына нұр шашырайды» деген. Еңбек көгінде жұлдыздай жарқыраған ағамыз өмірден өткенмен, оның нұры, жарығы өшкен жоқ. Қайта жыл өткен сайын жарқырап, жайнап келеді. Өмірден өткен адам туралы Мұқағали ақын:
Өмір деген тірлікте сірә жетер ме ой
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой,
Бекер ғой, бәрі бөтен ғой,
Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой, – дейді. 
Бұған: 
Мың күндік жорға мініп сүрген дәуірің,
Көрінер түстігіндей ішкен шәйдің, – деген сөзді қоссақ, жоғарыдағы сөздің ауырлығы, қиындығы тереңдей түседі. Мұндай кезеңде адам баласының шарасыздығы да байқалады.
Ілгері заманда өткен ақыл-ойлы дана бабаларымыз  «Адам туылғанда өмірге төрт түрлі қасиетпен келеді екен: жақсылығы, жамандығы, ырысы, өміржасы. Мұның бәрі өзінікі, өзгеге өлшем болмайды» деп айтып отырады екен. 
Алдекеңнің жеке басының ерекше жаратылысы туралы журналист-жазушы Қ.Данабаев «Рухқа тағзым» деген кітабында: «Ақиқаты да сол, Алдекең тастан құйғандай қайратты да қажырлы кісі болатын. Өмірде оның жасып, жабырқағанын көрдім деп замандастары да айта алмас. Қайта оның қиналған сайын ширыға түсетін қасиеті бар еді. Қауырт жұмыс кезінде де күндіз күлкіні, түнде ұйқыны білмейтін, бір орында отырмайтын, сол кезде жараған сәйгүліктей ширығып, бойындағы бар күш-жігерін егілген егіннің бір дәнін де қалдырмай жинап алуға жұмсайтын. Осы жолға кедергі болып, кесе тұрғандарды – ханды да, қараны да тыңдамай, керек жерінде кесіп айтатын, өзіне де, өзгеге де талап қойып, сол талапты орындатушы еді деп, үзеңгілес болған аға-інілері еске алатын еді» – деп жазады. 
Бұл ағамыздың қайрат-қажыры мен ерік-жігеріне берілген жоғары баға деп түсінемін. Өмірге келіп, өз күш-жігерімен бүкіл елге танылып, жарық жұлдыздай болып ағып өткен, сөз қадірін де терең білетін қажымас қайраткер, ар мен намыс туын барынша асқақтата желбіретіп кеткен ержүрек азамат еді.
Алдекең әдемі қартаюдың шет-жағасын көріп, тұз-дәмін татып өтті, бірақ үлкендіктің қиыншылықтарын көрген жоқ. Күш-қуатының мол кезінде өмірі бітіп, дүниеден өтті, бұл да ол кісіге бір жағынан құдіреттің берген абыройы болуы мүмкін.
Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң ауыл орталығындағы атақонысына келіп, жаңа үй салып, көшіп келді. Осы кезден бастап ол кісімен жиі араластым. Құдайы-тойларға бірге бардық, қонақ келсе бір-бірімізді шақырып алып, отырыстарды бірге өткізіп жүрдік. Бірге жүрген адамдардың бір-біріне білімі, ақыл-ойы, адамгершілік тәрбиесі, мінез-құлқы, кісі күтуі, қоғамдық өмір құбылыстарына көзқарасы үйлесіп отыратыны болады. Мұның соңы өзара түсіністікке, сыйлас-сырластыққа, сәлемі түзу жолдастыққа, бара-бара достыққа да айналуы әбден мүмкін. Мұның бәрін айтып отырғаным, Алдаберген ағаммен осындай қарым-қатынаста болдым. 
Ол кісінің бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – кісі күтуді жақсы көретін, жақсы білетін. Қызылорда облысына келген кезде ағамыздың үйінде Д.Қонаев, Р.Бағланованың қонақта болып, ағамыздың отбасына жақсы тілек тілеп, рахмет айтқанын да талай естідік.
Алдекеңнің және бір ерекшелігі – өнер адамдарына жақындығы, оларды құрметтеп, тыңдайтыны дер едім.
Ол кісі Рүстембек, Әбілда, Балқашбай, Рахмет, Шамшат секілді жүйріктерді тыңдап өсті, өз үйінде талай жырлатты. Осылармен бірге Мырзағали Ақжолов деген дарынды талантты жырауды үйінде жырлатқанда бірге болып, тыңдап риза болған едік.
Алдаберген ағамыздың 90 жылдық ас-тойы үстінде: алтын асықтай ұл мен қыздың анасы, отбасының қанша жел болса да қозғалмайтын алтын-діңгек ұстыны, ағамыздың өмірлік жары, серігі, жолдасы болып өткен Зүбәйра жеңгеміз туралы сөз қозғамау мүмкін емес.
Жеңгеміздің бойында қазақ әйеліне тән ұлттық тәрбиенің тұнып тұрғанын, араласа жүріп көрдік. 
Жеңгеміздің ең басты жақсы қасиеті – жайдары, мінезі ашық, кеуілі кең сарайдай дархан, отбасы кіршіксіз таза. Келген қонақты жақсы тамағымен де, ақжарқын ашық қабағымен де қарсы алып күтетін. Соның бәрін күндіз-түні күтіп жайғайтын. Ағайын-туыспен, құда-жекжаттармен қарым-қатынасы, сыйласуы да жоғары дәрежеде болды. Қазақтың ұлттық дәстүр тәрбиесінда әйелдің пірі – өзінің ері. Егер ол еріне адал қызмет етіп, қабақ шытпаса, барлық сауапты содан табады деген ұғым бар.
Зүбәйра жеңгеміздің қасиеттерінің барлығы Алдаберген ағамыздың еңбекте табысқа ие болып, ел-халық алдында беделінің артуына қызмет етті. 
Сөзімнің соңын Батыр ағамыз туралы мына өлең жолдарымен аяқтасам:
Жақсының өзі де алтын, сөзі де алтын,
Болады екі дүниеде де жүзі жарқын.
Жарқырап тым алыстан көрінеді,
Өзінің әу бастағы бұзбай қалпын.
Қойылып орталыққа мүсін-бюсті,
Бұрынғыдан жарқыратты мектеп алдын
Сол жарықтан айнала нұр шашырап,
Талайларға тигізер шарапатын.
Осындай ғибратты ұлы жұмыс,
Қуанышқа бөледі Аққұм халқын.
Алтындай жарқыраған ағамыздың,
Ардақтасақ болады – адам атын.
Күндіз ашық күн көзіндей, түнде толған аймен жарық, жұлдыздай жарқырап, ел-халқымен, келер ұрпақтармен тарихтың төрінен орын ала бер, Батыр аға!
Науқанбай ШУАҚБАЕВ, 
зейнеткер, еңбек ардагері.
Аққұм ауылы.

Екі майданның ері
Еңбегімен ер атанған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығының озат ұйымдастырушысы Алдаберген Бисенов көзі тірі болғанда бұл күндері 90 жасқа келер еді.
1926 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген Алдаберген  Бисенов  ағамыз  Ұлы Отан соғысы басталғанда  15 жасқа енді толған еді. Алдекең де ауыл балалары сияқты асық ойнады, тайға мініп жарысты. Табиғатынан шымыр, әрі өжет болып өсті. Аққұм мектебінде өте жақсы оқыды, әрі колхоз жұмысына да белсене қатысты. Осылайша, Алдекең бір әулеттің келешектен күткен үміті, арман-мұраты, қайрат-жігері еді.
1944 жылы сегізжылдық мектепті бітіріп, енді колхоз жұмысына есепші болып араласа бастаған Алдекеңді Ұлы Отан соғысына қатысу үшін әскерге алды да кетті.
Ұлы Отан соғысын жеңіспен  Германияның  Магдебург қаласында қарсы алған соң, тағы 6 жыл өмірін әскери қызметке арнады. Соғыста көрсеткен  ерліктері  үшін  1-2  дәрежелі «Отан соғысы” орденімен марапатталды. Ата-анасының ниетін Алла қабыл етіп, Алдекең әскерден аман келіп, отбасы-отанымен қайта табысты.
 1955 жылы Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Әрине, білім алу оңай болған жоқ, кедергілер көп кездесті, бірақ тығырықтан шығар жол тауып, біліктілігі, табандылығының арқасында мамандығы бойынша еңбекке араласты.
 Еңбек жолын Жалағаш ауданындағы Мәдениет машина-трактор стансасында бөлімше механигі болып бастаған жігітті 1958 жылы «Еңбек” колхозына бас инженер-механик қызметіне ауыстырады. Осы жылдары Алдекең шөп жинау, жер жырту істеріне өндіріске жаңашылдық енгізіп, өнертапқыштық қырынан таныла бастады.
Талапты жас аудан, облыс басшыларының көзіне тиянақты ісімен көрінді, көп ұзамай 1960 жылы оны «Жаңаталап” ұжымшарына  басқарма төрағалығына сайлады, ал кейін осы аталған шаруашылық 1964 жылы совхоз болып құрылып,  оны 8 жыл басқарды.
Осы  шаруашылықта  жүрген  кезінде  өндірістен  қол  үзбей  қазақтың  Ауыл  шаруашылығы  институтын  ғалым-агроном   мамандығы  бойынша  бітіріп  шықты.
Ерен  еңбегінің  арқасында  совхоздағы  1300 гектар  күріш  көлемін  2800  гектарға  жеткізіп,  әр гектардан 50 центнерге дейін өнім алды. Мал шаруашылығын жолға қойды, шаруашылықтың экономикасы көтерілді, совхоздың  көрсеткіштері  аудан, облыс, республика  көлемінде  алдыңғы  қатарда  болды. Ауыл тұрғындарының  әл-ауқаты  жақсарды, тәртіп  жолға  қойылды, білікті басшы өзінің  тынымсыз  еңбегі  арқасында ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоғары көрсеткіш¬терге қол  жеткізді. 1971 жылдың 8  сәуіріндегі  КСРО  Жоғарғы  Кеңесі  Президиумының жарлығымен Алдаберген  Бисеновке  Соцалистік  Еңбек  Ері  атағы  берілді.
Сол  кездегі  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  Хасан Шаяхметұлы  Бектұрғанов  қалаға  жақын  жерден  үлгі  ететін  бір  шаруашылық  жасағысы  келді. Ол  үшін әрине  шаруашылық  табысты  болуы  керек. Қала тұрғындарына  сүт, көкөніс, бақша  дақылдары  жетіспейді.  Осыған  сәйкес  таңдау облыс орталығына жақын Қазақ ССР-нің 50 жылдығы  атындағы  совхозға түсті. Облыс  басшысы  ұйымдастырушылық  қабілеті  бар, халықты соңына ерте  білетін, іске  берілген  Алдаберген  Бисеновті  таңдады.
Осылайша  Алдекең   1972  жылы  Қазақстанның  50  жылдығы  атындағы  совхозға  директор  болып  тағайындалды. Ол  кезде  егілетін  күріш  көлемі  2000 гектар, гектарына  30-35  центнерден  өнім  алып  келген  еді, мемлекетке  орта  есеппен 75  мын  центнердей  астық  сатқан. Сүт  өндіру  аз, мал  қорасы  ескі, асыл  тұқымды  мал  жоқтың  қасы. Оның  үстіне  құрылыс  қарқыны  мардымсыз болатын.
Директордың  алдында  жаңа  сүт  кешенін  салу, мәдениет  үйін, асхананы бітіру, ауыл  тұрғындарына  жағдай  жасап әл-ауқатын  көтеру, егіс  көлемін  арттыру міндеттері тұрды.
Бұл 1975 жылдың қараша айы болатын. Мен 11 қараша күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бастықтың құрылыс жөніндегі орынбасары болып қызметке кіріскенмін. Ертеңіне 12 қараша күні облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Рябов Вячеслав Васильевич телефон соғып:
– Нұрлыбай, сен казір Тереңөзек ауданы, Қазақстаның 50 жылдығы  атындағы совхозға барып, директормен кездес. Проблемаларын  анықтап, шара  қолдан, сосын  маған  айтарсың! – деді.
Ойыма жұмысқа қабылдар алдында обкомның бюро мүшелерінде  болғанымда обкомның  екінші  хатшысы  Сәрсенбаев  Сұлтан  Момынұлының  аталған  совхозда тауарлы-сүт кешенінің салынып жатқаны, соны  бақылауыңа  ал, көмектес  деген  сөзі  есіме түсті.
Сонымен  кеңшардың  кеңсесіне  келсем  партия  ұйымының  хатшысы  Сражадин Балмағамбетов    отыр  екен. Өзімді  таныстырып,  Алдекеңді   сұрадым. 
– Ол сүт кешенінде жүр, ертіп барайын, – деді.
Амандық  сұрап, танысқан  соң, Алдекең: «Обком да қызық, жұмысқа  кеше  ғана  кіріскен  адамды  жібере ме  екен?!», – деді.
– Аға, айта  беріңіз, не проблемалар  бар, ерте ме, кеш  пе мен  айналысуым  керек, бұл  жұмыстар   менің  қызметтік міндетіме  кіреді, – дедім.
– Жылқыбай, әй,  Жылқыбай, – деп  Алдекең  әлдекімді  дауыстап  шақырды. Бұл  жігіт  совхоздың  бас  электригі  екен. Кездесу  барысында  байқағаным,техникалық  жағынан  сауатты, істеліп жатқан жұмыстардың  ретін білетін, әрі Алдекеңнің сенімді  адамы екен. Төртеуміз  сүт кешенін  түгел  аралап  шыққан соң:
– Аға, маған  бір  күн  мерзім  уақыт  беріңіз, ертең  мен  барлық  мердігер мекемелердің  басшыларын  осы  жерге  шақырып   қайта  келемін, тиісті  шара   қолданамын, – дедім.
Ертеңіне  «Қызылордасельстрой»  тресінің  1608-ЖМК  бастығы  Ыбырай Сейпұлов  ағамыз және қосалқы мердігер мекемелердің басшыларымен   кездесіп, ақауы  бар  жерлерді  жөндейтін  болып  келістік, бітіру  мерзімін   белгіледік. Негізгі кемшілік салынып  жатқан  құрылыстағы малдың  қиын  айдайтын  және  жиналатын траншеялардағы судың тұрмауы еді. Жаңа технология  бойынша   облыста  бірінші  қолға  алынған жоба. Бірнеше  айқайдан  кейін, ақыры  жөндедік.  Қорытындысын Алдекең  өзі  көріп, істеуге  болады  екен  деп  тұжырым  жасады.
– Маған  тағы  бір  жәрдемің  керек, – деді Алдекең.
– Иә, айта беріңіз!
– Бұл сүт кешені біткенше ашық таза ауада сиырларды сауатын көлеңке (навес) астауымен салдыртып бер, мәдениет үйінің құрылысын да  бітіруге  көмектессең…
– Ойланып көрейін, шешімін  айтамын. Ол қаржы жағынан да, қажет құрылыс материалдары жағынан да біраз жұмыс еді.
Мамандарға  есептетіп, жоба  жасатып, жедел  түрде  бұл  ұсынысын да  орындап  бердім, ал  400  орындық  мәдениет үйі  және сүт кешені 1976  жылы пайдалануға  берілді.                                               
Көп ұзамай обкомның екінші хатшысы  менен  істелініп жатқан жұмыстар туралы мәлімет алды да, Қазақстанның 50 жылдығы және Киров атындағы совхоздардың директорларын ертіп Целиноград облысына іссапарға баруды тапсырды. Сол жақтағы сүт өндіру технологияларын көріп, жаңалықтарын өзімізде ендіруді зерттейтін болдық. 
  Обкомның  тапсырмасы  бойынша  50 жылдықтан – Алдекең, Жылқыбай, Кировтан Өзбекбай Досмағамбетов маманымен, Целиноград қаласының төңірегіндегі совхоздардың құрылыстарын 2-3 күн аралап көріп қайттық. Келгеннен кейін Алдекең механикаландырған сүт кешенін істетті, қиды насоспен (самосплав системы навозоудаления) далаға айдатты. Жемшөпті турап, булап беруді шешті, азық цехын іске қосты, асыл тұқымды малды көбейтті, сауыншыларға барлық жағдайды жасады. Жалпы  аталған  кешенде  жас  төл, бұзау  барлығын  қосқанда  3000  басқа  дейін сиыр ұсталды.
Шаруашылықтың экономикасы көтеріліп, ауылдағы тауарлы-сүт кешені облысқа өнеге боларлық деңгейге жетті. Облыстық семинар өз дәрежесінде өтті.
Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев, обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов  ағаларымыз совхозда болып,  көптеген жұмыстарды – мәдениет үйі, сауда орталығы, сауын сүт кешені, машина-трактор шеберханасын көріп, ризашылықтарын білдірді.
Алдекең алдына қойған максатын орындады да, күріш егісінің көлемі 3300 гектарға жетті, өнім  гектарына  50  центнерден  кем болған  жоқ, асыл тұқымды сауын сиыр 600-800 басқа өсті, тәулігіне 7-8 тоннаға дейін сүт сауылып тұрды.
Істеліп жатқан жұмыстарды тағы бір көруге келгенімде Алдекең, қырманда екен, бұл 1977 жылдың күз айы еді. 
– Рахмет саған, Нұрлыбай, – деді Алдекең. – Әдепкі сені көргенімде жассынып, «осының жұмысы қалай болар екен” деп ойлағанмын. Жоқ, сен менің айтқан ұсынысымның бәрін орындадың. Жүр, вагон-асханадан шәй ішіп отырып әңгімелесейік!
Мен де жүрегімдегі шын сөзімді айттым. – Алдеке, Сіздің тәжірибеңіз, талапшылдығыңыз, әр нәрсеге өзіңіз көз жеткізбейінше сенбейтініңіз маған өмірлік сабақ болды. Мен сізден көп нәрсе үйрендім, – деп мен де рахметімді айттым.
Иә, Алдекеңнің істері мен ерен еңбегі, халыққа қамқорлығы өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Ол  отбасында  да  үлгі-өнеге көрсете білді. Зүбайра  апай   екеуі  9  бала  тәрбиелеп  өсірді. Олар  тәлімді  тәрбиенің  арқасында өмірден өздерінің  лайықты  орындарын  тапты.
Осындай аяулы азамат 2002 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеден озды. Оның өнегелі өмірі мен халыққа жасаған ерен еңбегі туралы «Нартұлға”,  «Рухқа тағзым”, «Аққұм – атақоныс”, «Батырлар басқарған ауыл” атты естелік кітаптар баспадан шықты. 
«Жақсының көзі кеткенмен, аты өшпейді” – дегендей, осындай абзал азаматты мәңгілік есте сақтау мақсатында «Аққұм” ауылын «Алдаберген Бисенов” ауылы деп атаса деген ұсынысымыз бар. Оны ауыл шаруашылығының ардагерлері қолдап отыр, халық қашанда арда туған азаматтарын ардақтап өткен. 
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ел есіндегі қайраткер
Аққұм ауылының киелі топырағынан шыққан, бақытын еңбектен тапқан азаматтар көп. Солардың қатарында бірнеше шаруашылықтарға басшылық жасап, аудан экономикасын дамытуға атсалысқан Социалистік Еңбек ері Алдаберген Бисеновтің есімі ел арасында құрметпен аталады. Ол 1926 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген. Сегізжылдық мектепті бітірісімен колхоз жұмысына араласқан. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1951 жылға дейін шекаралық әскер белімінде қызмет атқарады.
1952-1955 жылдары Қызылорда ауыл¬шаруашы¬лық техникумын үздік бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауда¬нының Мәдениет МТС-нің, Жалағаш МТС-нің, Еңбек колхозының бас инженері болып қызмет атқарады. 1962 жылы ауданның «Жаңаталап» совхозында директор болды. Алдаберген ағамыз басқарған жылдары бұл шаруашылық, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің қай саласынан болса да алдыңғы қатарына қосылды.
1970 жылы шаруашылық жақсы көрсеткіш¬тері үшін КСРО Министрлер кеңесі мен БПРОК-тың арнаулы дипломын алып «Құр¬мет гра¬мотасымен» марапатталады. Егін шаруа¬шы¬лығын механикаландыру, жаңа техника ж¬етістік¬терін пайдалану жалпы ғылыми жаңа¬лық¬қа деген құштарлығының нәтижесінде бұл ша¬руашылық облыс, республика көлеміне таныл¬ды.
1971 жылы Алдаберген Бисеновке бесжыл¬дықтың қорытындысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атағы беріліп, «Ленин» ордені тапсырылды. Сол кездері Қазақстан Министрлер Кеңесі әрбір облыста, келген қонақпен төңіректегі елге өнеге болатындай совхоз болу керек деген ұйғарым жасаған ғой. Қызылорда облысындағы шаруашылықтардың ыңғайын қарастырып келгенде ең қолайлысы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы шаруашылық болған. А.Бисенов 1972 жылдан Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария) Қазақ ССР-ның 50 жылдығы (қазіргі Н.Ілиясов) атындағы совхозға зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз 17 жыл басқарды. Бұл уақыт аралығында егін шаруашылығын 2600 гектардан 3500 гектар көлеміне, әр гектардан 30-35 центнерден 50 центнердің үстіне, яғни 75 мың центнер орнына 150 мың центнер астық тапсырылды. Мал шаруашылығында жетістіктерге жетті.
Сол кездері Украина, Беларусь Республика¬лବры¬нан асыл тұқымды мал алдырды. Со¬ның нәтижесінде шаруବшылық облыстың ВЦСПС-тің ауыспалы туын бірнеше рет жеңіп алды. Бесжылдықтар қорытындыларымен республикалық ауылшаруашылық көрмесінде «Қазақ ССР-ның 50 жылдығы» атындағы совхоздың аты «алтын» әріппен жазылды. Осын¬шама атақ, даңқ, абырой жетістіктер оңай келген жоқ. Бұл табысқа батыр ағамыз ыжда¬ғаттылығы, қатаң тәртібі, талап қоя білуі, маман кадрларды дұрыс таңдап, жұмсауының нәтижесінде қол жеткізді. Алдаберген ағамызбен сол кездері бірге қызмет атқарғанымды өзім мақтан тұтамын. Ол кісінің әрбір тапсырмасын айтқанындай орындауға тырысатынбыз. Көзбен көрмей, ешкімге сенбейтін. Таңертең ауылдағы қай саланың маманына қандай тапсырма берсе, кешке орындағанымыз туралы ақпарын беретін едік, соның бәріне уақыт тауып үлгіретін. Берген тапсырмаларын артығымен орындауға тырысып, таңғы сағат 6-да сауын басында болып, түнгі сағат 12-де демалуға келеміз. Егін шаруашылығы көктемде егінді егерде, күзде жинауда – науқан, қыста демалады. Ал мал шаруашылығында жыл он екі ай науқан жұмыстары жүріп жатады.
Сондай жұмыстардың арқасында ауыл¬дың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік және эконо¬микалық жағдайы жақсарды. Сол ауыл¬дағы 400-дей отбасындағы еңбектеген баладан еңкейген қарттарына дейін жақсы біліп, әлеуметтік жағдайларына да көмектесіп отырды. Ауылда қаншама игілікті істердің атқары¬луы батыр аға¬мыздың тәжірибесі, ақылы, қайраты, тынымсыз еңбегі, талапшылдығы мен ыждағат¬тылығының арқасы деп білемін. Ағамыз зейнеткерлікке шығып, арада 3-4 жыл өткенде Н.Ілиясов ауылына келіп, аралап көрді. Мал шаруашылығы кешені жанында орналасқан үлкен ғимарат мал бордақылау алаңы бұзылып, тек бетон қоршауы ғана қалғанын көріп: – Мыналар не істеген-ай, не істеген? – деп қатты ашуланғанын өз көзіммен көрдім.
Қазіргі кезде сол ауылдан заманауи нақыштарға толы мекен келбетін көреміз. Ауыл¬дың осындай  жетістігіне Алдаберген Бисеновтің де қомақты үлес қосқанын мақтанышпен айта аламыз. Ол кісі өте еңбексүйгіш, еңбекке ғашық жасампаз адам еді. Батыр ағамыз қандай іске болса да, шығармашылықпен өз колтаңбасын қалдырып отырды.
Ол тәрбиеші ұстаз еді. Қоршаған ортаға, ауыл-аймаққа өмір сабақтарын үйреткен тәлім¬гер. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер. Соғыстан күйзелген шаруа¬шылықты қалпына келтіруге, ауыл жағдайын жақсартуға барынша мол үлес қосты. Жасынан бейнет көріп, еңбекті өмірінің мәні деп түсінді. Басшылық қызметте жүрген кезіндегі қаталдық, талап етушілікті өмірді сүйгендіктен деп білеміз. Ол кемшіліктерге, жалқаулыққа, көзбояушылыққа төзген жоқ. Сонысымен де батыр ағамыз елдің құрметіне бөленді. Өзі басқарған шаруашылықты істің көзін тауып, ілгері жылжытты. Асқар таулар алыстаған сайын асқақтайды. Арамыздан кеткеніне 14-15 жылдай болған абзал ағамыздың бейнесі, өмір жолы мен қызметі бізге өмір сүруді, еңбек етуді үйретеді. Тәуелсіз Қазақстанның келешегін ата-баба дәстүрінен, тәжірибесінен нәр алған жастар жасайды. Олай болса, Еңбек ері Алдаберген ағаның ісі де мәңгілік. Оның өмір жолы мен қызметі жастар үшін әрқашанда үлгі-өнеге.
Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні бүгінде жер-жерде атақты ауыл батырлары мен билерінің есімдерін елді мекендерге беріп жатыр. Ағамызға көзі тірі кезінде Қазақстанның 50 жылдығы атындағы ауылдан бір көшенің аты берілді. Енді туған ауылына Алдаберген Бисенов есімі берілсе, ер еңбегінің ұлықталғаны болар еді. Аққұм ауылы тұрғындарының тілегі осы. Бұрындары ауылдың аты сол ауылға белгілі, құрметті ауыл ақсақалының, би болыстарының атымен аталады екен. Бұқарбай батыр ауылы, Мөрәлі Шәменов ауылы, Кеңес Одағының Батыры Нағи Iлиясов ауылдарының қатарында Еңбек Ері Алдаберген Бисенов ауылы тұрса ерлер есімі ел есінде қалары анық.
Өміртай ӘБЖӘЛИЕВ, 
Аққұм ауылының тұрғыны,
зейнеткер шәкірті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз