БІЛІМ БИІГІН БАҒЫНДЫРҒАН

82

0

Жерлесіміз Рақыш Әміреұлы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрметті кафедра меңгерушісі, химия және химиялық технологиялар кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Рес¬публикасы жаратылыстану ғылымдары Ұлттық академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі.
Ол 1939 жылы 12 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Мақпалкөл» ауылында (бұрынғы «Еңбекші» колхозы) дүниеге келген. Әкесі Қараев Әміре 1942 жылдың қыркүйегінде кеңес армиясының қатарына шақырылып, 1943 жылы жараланып, Новосибирск қаласындағы әскери ауруханаға түскен, хабарсыз кетіп, елге оралмаған. Соңғы іздестіру деректері бойынша 1944 жылы Украина жерінде жерленгені анықталуда. Қараев Әміренің аты Қызылорда облысының Құрмет кітабына енген. Ол аңшылық қызметті жемісті атқарып, мемлекетке мол көлемде әртүрлі аң терілерін өткізгені үшін 1939 жылы Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығының Бүкілодақтық көрмесіне қатысушы мәртебесіне ие болған. Анасы Қараева Балагүл ауылдағы әртүрлі жұмыстарды абыройлы атқарып, төрт баланы тәрбиелеп, оқытып, оларды адал еңбек етуге бар күш-жігерін салған, сөйтіп елде құрметке бөлінген ана болды. Рақыштың анасы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жақын қарындасы. Анасының айтуынша, Рақыштың шілдеханасына Т.Ізтілеуов қатысып, ізгі лебізін білдіріп, ақ тілегін айтыпты. Анасының еңбегінің арқасында ұлдары Рақыш белгілі ғалым дәрежесіне жетіп, ал Махмұтбай талантты ақын ретінде танылды. Ол бірнеше қітаптардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Рақыш Әміреұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарында өтті. Ол еңбекке өте ерте араласты. Тіпті оны жеті жасында даладағы егін жұмысынан босатпай (қырман айдау үшін атқа мінгізіп қойды) мектепке сегіз жасында баруға ғана мүмкіншілігі болады.
Рақыш Әміреев орта мектепті «Жаңаталап» ауылында 1957 жылы бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемелкеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түседі. Осы институтты 1962 жылы «Химия, биология және ауыл шаруашылығы негіздері» мамандығы бойынша жемісті бітіріп, еңбек жолын Шымкент облысы (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы) Мақтаарал ауданының С.Сейфуллин атындағы мектепте химия және биология пәндерінің мұғалімі қызметінен бастады. 1962-1964 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарды. 
Кеңес әскері қатарынан оралғаннан кейін Рақыш Әміреұлы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институты химия кафедрасының оқытушысы қызметін атқарды (1964-1967 ж.). 1967-1970 жылдары КСРО Ғылым академиясы элементорганикалық қосылыстар институтының (Мәскеу қаласы) аспирантурасында оқыды. Осы институтта 1971 жылы органикалық химия мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1971-1982 жылдары Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институты химия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1983-1985 жылдары КСРО Ғылым академиясының элементорганикалық қосылыстар институтының аға ғылыми қызметкері болды. Осы институтта ол 02.00.03 – органикалық химия мамандығы бойынша докторлық диссертациясын орындап, даярлап, 1987 жылы БКСР Ғылым академиясының Биоорганикалық химия институтында (Минск қаласы) химия ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.  Р.Әміреевтің докторлық диссертациясының жетекші ұйымына М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті бекітілді. Ресми оппоненттер болып белгілі ғалымдар КСРО ҒА академиктері М.Г.Воронков (Иркутск қаласы), Г.А.Толстиков (Уфа қаласы) және БКСР ҒА академигі Ю.А.Ольдекоп (Минск қаласы) тағайындалды.
Р.Әміреев 1985-1989 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1989-1991 жылдары жеңіл және тамақ өнеркәсібі Жамбыл технологиялық институтының Алматы филиалында (қазіргі Алматы технологиялық университеті) органикалық және физколлоидтық химия кафедрасының меңгерушісі болды. 1991-1992 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, 1992-1996 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ол осы жылдары бірінші рет Қорқыт ата атындағы университетте аспирантура ашуға және Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орындарының ішінен бірінші болып философия мен шет тілдерінен кандидаттық минимум тапсыруға рұқсат алуға бар күш-жігерін жұмсап, ғылыми ізденушілер мен аспиранттардың үлкен ризашылығына ие болды.
Профессор Р.Әміреев 1996-1998 жылдары Жамбыл университетінің жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасының меңгерушісі, 1998-2003 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті (ТарМУ) химия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2003 жылы оған аталған университет Ғылыми Кеңесінің шешімімен «ТарМУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі» академиялық атағы берілді.
Р.Әміреев 2004 жылы тамыз айынан бастап, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде (ПМУ) еңбек етуде. Ол бұл университетке химия кафедрасын ұйымдастыру үшін шақырылған болатын.
Профессор Р.Әміреев органикалық химияның көкейкесті және келешегі зор бос радикалдар химиясы саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Негізгі ғылыми бағыты – галогенді алифатты йодты қосылыстардың гомолитті реакцияларын зерделеу. Бірінші рет алифатты йодты қосылыстардың және теломерлену реакцияларын жүйелі және жан-жақты зерттеді және олардың негізінде алу жолы қиын йодалифатты қосылыстарды синтездеудің жаңа тиімді әдістерін ойлап тапты. Йодты органикалық заттардың бос радикалды реакцияларын жүргізу үшін темірдің пентакарбонилі негізінде координациялық инициаторларды алғашқы рет қолданды. Металдар карбонилдерінің әсерімен жүретін реакциялардағы көміртегі – йод байланысы үзілуінің босрадикалық сипатын тәжірибе жүзінде бірінші рет дәлелдеді.
Темір пентакарбонилімен инициирленетін, йодоформ немесе йодтың әсерімен жүретін алифатты моно және полигалогенді қосылыстардағы бром мен хлорды йодпен гомолитті ауыстырудың жаңа әдісін жасады. Қанықпаған қосылыстарды йод трихлоридының әсерімен вициналды йодхлорлау реакциясын бірінші рет жүргізді.
Профессор Р.Әміреевтің зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған кейбір жаңа органикалық заттар гаметоцидтік бенселділік көрсетті. Ол заттардың гаметоцидтік белсенділігін сынаудан өткізу Н.И.Вавилов атындағы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының гетерозис Лабораториясында 1980-1984 жылдары егістік жер жағдайларында жүргізілді. Айтылып отырған заттардың гаметоцидтік белсенділігі «Московская 21»  сортты жаздық бидайда сынаудан өтті. Р.Әміреевтің синтездеген гаметоцидтерінің қолжетімділігі және олармен егістік жерлерді өңдеудің қарапайым техникасы гибридтік тұқымдарды өнеркәсіптік қарқында алуға мүмкіншілік тудырады. Ол алған заттардың гаметоцидтер ретінде қолданылуы КСРО-ның екі авторлық куәлігімен қорғалған. Профессор Р.Әміреев алған препарат КСРО Ғылым академиясының «Гаметоцидтер» экспозициясы құрамында 1982 жылы Мәскеу қаласында «Химия-82» бесінші Халықаралық көрмеге қойылып, көрсетілген.
Гаметоцидтер – өсімдіктердің еркек гаметасын ұрықсыздандыру үшін қолданылатын химиялық заттар. Олар селекцияда өсімдіктердің гибридтік сорттарын шығару үшін пайдаланылады. Олар әртүрлі климат зоналарында әртүрлі дақылдарға, тіпті бір дақылдың әртүрлі сорттарына өзгеше әсер етеді. Осыған орай гаметоцидтік белсенді жаңа химиялық қосылыстарды іздеу жолымен гаметоцидтердің ассортиментін кеңейтудің іс жүзінде үлкен маңызы бар.
Р.Әміреевтің зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған кейбір қосылыс¬тардың тоқыма материалдарының өртенбейтін, отқа төзімді қасиеттерге ие болуына көмектесетіндігі анықталды. Мұндай заттар антипирендер деген атпен белгілі. Профессор Р.Әміреев өзінің докторлық диссертация жұмысында жаңа антипирендерді синтездеді. Әскери нысанды киім шығаруға жұмсалатын тоқыма материалдарының жаңа антипирендерді пайдалану арқылы отқа төзімді қасиеттерін зерттеу Кеңес Одағының маршалы И.Х.Баграмян атындағы Горький жоғары әскери училищесінде 1980-ші жылдардың бас кезінде жүргізілді. Р.Әміреев синтездеген кейбір антипирендер сынаудан өтетін тоқыма материалдарының тұтануға беріктігін 205 пайызға арттырған.
Р.Әміреевтің 160-тан аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектері жарияланған. Оның ішінде екі монография, бірнеше авторлық куәліктер мен оқу құралдары бар. Негізгі ғылыми мақалалары Мәскеу, Лондон, Нью-Йорк және Токио қалаларында шығатын ғылыми журналдар мен жинақтарда жарияланған.
Профессор Р.Әміреев зайыбы, күміс алқа иегері, ұлағатты ұстаз Далия Сағадатқызымен алты бала тәрбиелеп өсірді. Балалары Шолпан Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, химия ғылымдарының кандидаты, Айман Алматы технологиялық институтын (қазіргі университет) және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (КИМЭП) магистратурасын, Қаныш Алматы технологиялық университетін және Ішкі істер министрлігінің академиясын, Күнсұлу Алматы технологиялық университетін, Жансұлу Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін және Нұрлан Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетін бітірді. Барлық балалары алған мамандықтары бойынша абыройлы қызмет атқаруда.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз