БОЗҒҰЛОВ

139

0

Әдетте, халық кез келген шығармаға жақсы жазылыпты, жаман жазылыпты деп өз бағасын беріп жатады. Ол – заңды құбылыс. Кім туралы жазсаң да, кім туралы айтсаң да, оның сәтті шығуы үшін жазып, айтып отырған адамың жаратылысынан жақсы адам болуы керек. Оны  жан-жақты, жақсы білуің керек, жақсы түсінуің керек, жақсы көруің шарт. Сонда ғана жақсы шығарма туады.  Жақсы адамның жақсылығының өзі – ешқандай әсерлеусіз-ақ, әшекейлеусіз-ақ, көтермелеусіз-ақ, дәнекерлеусіз-ақ жақсы шығарма. 
Жиіркеніп отырып, жиырылып отырып, жек көріп отырып жақсы сөз айту, жақсы шығарма жазу, шешілу, көсілу, тебірену, тереңнен тербеу мүмкін емес. «Көңілсізден көзсіз бала туады» демей ме?! «Жақсы сөз жарым ырыс емес, толық ырыс», – дейді Ұзақ Еспанов. Жақсы сөзді, жақсы лебізді, мақтау, мадақ айтуды адам түгілі, ештеңеге мұқтаж емес, бүкіл әлемнің жаратушысы Алланың өзі де ұнатады екен.
Алла тағала өзі жаратқан пендесіне «Сен маған қарай бір қадам жасасаң, мен саған қарай он қадам жасаймын, егер сен маған қарай он қадам жасасаң, мен саған қарай жүгіремін» дейді екен. Не деген керемет ұлылық, не деген кісілік, не деген кішілік, бүкіл адамзатқа не деген теңдесі жоқ үлгі, өнеге десеңші. 
Бұл дүниеде кім де болса, сыйлағанның құлы, «Сыйға сырық бойламайды», «Сыйға сый, сыраға бал», сыйластықтан артық ештеңе жоқ. Сыйластық бар жерде, қимастық бар. Атам қазақ: «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес» дейді.
Бәріміз де Құдайдың құлымыз, Пайғамбардың үмбетіміз, Шадиярдың досымыз, Иманмағзамның қауымындамыз. Олай болса, бәріміз де доспыз, бауырмыз, туыспыз, тамырласпыз, қандаспыз.
Ал, Бозғұлов Ерекеңнің достығы, бауырластығы, адамсүйгіштігі, тіптен, сәлемдесуі де ерекше еді, бөлекше еді. 
Өмірде бірін-бірі жақсы көретін адамдардың қарағым, шырағым, айналайын дейтіні баршамызға белгілі жайт қой, ал жақсы көрген адамын жаным дейтін жалғыз адам Ерекең еді.  Ерекеңмен бір кездесудің өзі бір ғанибет, бір сұхбаттасқанның өзі бір өмір еді. Құшағын ашып, бауырына басып, жаным дегені, жаныңды жадыратады, жарықтықтың бір сәлемінің өзі бір ат мінгізгендей еді. 
Бірде еліміздің қадірлі азаматы Исатай Әбдікәрімов қайтыс болғасын, туыс-жекжаттар, дос-жарандар кезекті бейшенбілікке жиналдық. Бәріміз дастарқанға жайғасып жатырмыз, Ерекең болса, қабырғада ілулі тұрған Исекеңнің бейне портретінің алдында басын иіп, сүйіп жатыр.
Талай жақсыларды көрдік, талай жайсаңдарды көрдік, талай жан жолдастарды көрдік, талай арасынан қыл өтпес достарды көрдік, талай сыйластарды, талай қимастарды көрдік, бірақ шын езіліп, шын егіліп біреудің біреу суретін сүйгенді көрген емеспіз. «Жаным» деген жан тебірентерлік, жан семіртерлік құдіретті сөзді тек Ерекеңнен естідік, осыншама адамды Пір тұтудың, сыйлаудың, құрметтеудің, асыл аға рухын тербетудің киелі, кіршіксіз, адал, азаматтық үлгісін Ерекеңнен көрдік. 
Ерекеңнің өзі, өмірі табиғатынан тап таза, тәтті, тағылымды, бәтуәлі, салиқалы сөзі, тындырымды, тиянақты, игілікті ісі, отбасына, әулетіне, елге, халыққа, мемлекетке, уақытқа, тарихқа деген кіршіксіз адалдығы, жолдасқа, досқа жалпы адамға деген пейілі, ықыласы, ілтипаты, адамсүйгіштігі, адамсыйлағыштығы, адамтыңдағыштығы кімге де болса, қашан да болса ерекше таңданарлықтай, таңғаларлықтай, баршамызға мәңгілік өшпес, өлмес үлгі, өнеге боларлықтай еді.
Мөлдір бұлақтың тау шыңынан, қасиетті, киелі, таза жерден бастау алатынындай Ерекеңнің де тамаша адами қасиеттері оның тегінің, қанының, жанының, тәнінің тазалығынан бастау алады. Лас, арам жерге адал нәрсе шықпайды. Ерекең – тырнағына дейін адал азамат.  Ерекеңнің тектілігінің тамыры терең. Оның атасы – белгілі би, Әбілхайыр ханның Екатерина ІІ-ге жіберген елшілерінің бірі Кедей, түпатасы Жалаңтөс Баһадүрдің досы, Алшаханның уәзірі Айтқұл, текатасы – үш жүзге белгілі би де, бай да болған Есімбет сияқты асылдардың, алтындардың сынығы, тұлпарлардың тұяғы. Сондықтан да Ерекеңнің Ерекең болмауы мүмкін емес еді.
Ерекеңнің жолбасшысы, қолбасшысы, өмірбасшысы, бақыт басшысы – Алланың сыйы ақылы, ақылшысы да, ұстазы да, шәкірті де, сыйынары да сүйенері де – өзі, жетекшісі, бағдаршамы – таудай талабы, тірегі мен темірқазығы терең білімі мен мол тәжірибесі, жолдасы, өмірсерігі өзі сүйген, жасампаз құрылысшы кәсібі, шолушысы, барлаушысы қырғидай қиялы мен оттай ойы, қорғаны – сабыры мен салиқалығы, салауаттылығы, қорғаушысы – маңғаз мінезі, желеп – жебеуші, адал еңбегі, адал өмірі, сынаушысы – халық, тарих, уақыт.
Қызға қырық үйден тыю дегендей, атқа мінгенің ажалға мінгенің, ел сенімін, халық аманатын арқалаған азаматқа осының бәрі керек, қырық қыр, жүз сыр да артықтық қылмайды.  
Мен Ерекеңмен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Шиеліде аупарткомның бірінші хатшысы кезімде нақты іс үстінде, еңбекте етене таныстым, табыстым. Ол кісі менің өтінішіммен, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тәкей Есетовтің тапсырмасымен біздің ауданға жоспардан тыс жер тегістеп беру мәселесімен келді. Аяғында керзі етік, қолында 96 беттік дәптер, қарапайым киінген, тегістелетін жерді, болашақ каналдың, қашыртқының жолдарын ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі өзі жаяу аралап көрді.
Жәрдемші де, жобалаушы да, орындаушы да, басшы да, қосшы да өзі сияқты бәрін дәптерге мұқият түсіріп жатыр, түсіріп жатыр. Жүріс-тұрысы салмақты, тапсырмасы тиянақты, уәдесіне, антына, сертіне берік, екі айтпайтын, алған бетінен қайтпайтын, өз ісінің жетік маманы, үлкен ұйымдастырушысы, ауқымды, жауапты істің адамы екендігіне менің сол кездерде көзім де, көңілім де әбден жетті. Екеуміздің  таныстығымыз, сыйластығымыз, ағалы-інілігіміз, тілектестігіміз, достығымыз осы үлкен халықтық, игілікті істен бастау алып еді.
Ең тұрақты, ең сенімді, баянды достық, ой-өрісі, қадір-қасиеті, дүниетанымы, пікір-көзқарасы, дәреже-деңгейі бірдей, терезесі тең, керегесі кең, бар болмысы сәйкес, үндес, үйлесімді келетін адамдардың «Әлемнің әміршісі – еңбекте» бірін-бірі тануы, табысуы, достасуы. 
Бұл өткінші өмірде де, ол мәңгілік өмірде де ұлылар ұлыларды табады, жақсылар жақсыларды табады, жамандар жамандарды табады, адалдар адалдарды табады, арамдар арамдарды табады. «Тең теңімен, тезек қабымен» демей ме?! Жақсылар мен жайсаңдар тірісінде түгілі, өлгенде де көсіліп, қатар жатуды қалайды.
Ерекең қалай айтсаң да, қай жағынан келсең де, қандай өлшемге салсаң да етек-жеңі кең, көлеңкесі мен шуағы мол, ірілігіне  кішілігі, даналығына даралығы, азаматтығына айбындылығы жарасқан, құдай үйген бір төбедей кісі еді. 
Сол жылдары облыстық партия комитетінің пленумында, елдің, халықтың алдында «Жұмысты Ержігіт Бозғұловтай, Орынбай Жанәділовтей істеу керек» деп осы асыл азаматтардың өзіне, өміріне, жасампаз еңбектеріне өз ризашылығымды мәртебелі мінберден білдіргенім бар.
Қай заманда болмасын, қай қоғамда болмасын судың, жердің тілін білген адам құрметті, қоғамда алатын орны ерекше болған. Сондықтан да халық: «Судың, жердің тілін білген ұтады, судың, жердің тілін білмеген құртады» деп бекер айтпаған. Қазақ тарихында ертеден жердің, судың тілін білетін адамдарды мұраб деп атаған. Сусыз, жерсіз тамақ жоқ, тамақсыз өмір жоқ. Мұраб – халықтың асыраушысы. Мұрабтарды құрметтеу, ұлықтау, ұлағаттау, марапаттау, мадақтау, ынталандыру дәстүрі сонау Николай ІІ патшаның заманында да болған. Ол 1890 жылы арнайы «Мұраб» атты медаль шығарып, суармалы егіншілікке айрықша еңбегі сіңген мұрабтарға шен беріп, шекпен жауып, медаль тапсырған. Осындай марапаттың иегері, Сыр мұрабтарының атасы Қосымбет Ахунның ұлы Нұртаза ақсақал болған. 
Құдайға шүкір, осы қасиетті, киелі мұрабтық дәстүр өзінің жарасымды жалғасын тауып, Кеңес дәуірінде Қазақстанда Нұртаза атамыздың жаңа деңгейдегі, жаңа замандағы бір шоғыр, білімді, талантты мұрагерлері мен шәкірттері өсіп шықты, мұрабтықтың жібек жібі үзілмеді.
Олар Сыр бойында, Қазақстанда суармалы егін шаруашылығын қалыптастыруда, суармалы жерлерді инженерлік жүйеге келтіруде ерекше еңбек етті. Солардың қажырлы, жасампаз еңбегінің, білімінің, білігінің, тәжірибесінің, маңдай ет, табан терінің арқасында Қазақстанның суармалы аймақтары нағыз байлықпен, дәулеттің қайнар көзіне айналып, халқы өсіп-өркендеді, көктеп көгерді.  Олардың жасампаздық, жанқиярлық еңбегінің арқасында Қазақстанда 1,5 млн. гектар суармалы жер игерілді. Жүз мың шақырым каналдар мен қашыртқылар қазылып, 500 мың гидротехникалық инженерлік нысандар соғылды. Соның нәтижесінде республикада мақта, күріш, қант қызылшасы түгелдей, көкөністің, жеміс-жидек, бау-бақшаның, картоптың, техникалық дақылдардың 80 пайызы осы суармалы жерлерге орналасты.
Олар: Елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері – Мұстахим  Ықсанов, Сұлтан Сәрсенбаев, Әбубәкір Тыныбаев, Эрик Гукасов, Шәймерден Бәкіров, Ержігіт Бозғұлов, Виктор Гончаров, Нариман Қыпшақбаев, Балтабай Сәрсенов, Қасқабай Асанов, Ромальд Ковалевский, Алексей Антипов, Алексей Киселев, Ғафар Мурзалиев, Сабыр Арыстанбаев, Елтай Құтыбаев, Әлімбет Жаппарханов, Әбдіманап Құтжанов, Мәделхан Нәлібаевтар. «Жолдасыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегендей, Ержігіт Бозғұловтың замандастары, тағдырластары, әріптестері, мұраттастары, қанаттастары, жолдастары, достары осындай тұғырлы тұлғалар еді. Дос таба білудің өзі, дос таңдай білудің өзі, дос бола білудің өзі, досты сақтай білудің өзі үлкен адами қасиет, азаматтық ерлік, табиғи талант. Жарықтық Ерекең осы ірілердің ішінде ірі еді, шоқтығы биік марқасқалардың, қайыспас қара нарлардың бірі еді.
Осы жақсылардың бәрі де Ерекеңді құрметтеп, сыйлап, сеніп, тыңдап, есептесіп, ескеріп «Ереке»дейтін, «Жүрген жерің береке» дейтін, «Жүрген жерің мереке» дейтін бәрі де ақылдасатын, арқа сүйейтін, маңдай да, арқа да, табан да тірейтін.
Жоғарыда аты аталған ардақты, асыл азаматтардың әрқайсысының өзі жөнінде, өмірі жөнінде, өнегесі жөнінде, мамандығы азаматтығы, қайраткерлігі, қажырлылығы жөнінде кеңінен әңгіме қозғап тереңнен тербеуге  әбден лайықты. Бірақ оған бір мақаланың аясының тарлық етері сөзсіз. Сондықтан мен осы үлкен құрметпен аты аталған азаматтардың дүниеден озғандарының мәңгілік өшпес рухын, тірілерінің абыройы мен атағын, беделі мен берекесін, ерен еңбегін бетке ұстай отырып, бәрінің атынан Ержігіт Бозғұлов жөнінде сыр шертуді жөн көрдім. «Атымды ата да, сыбағамды итке таста» деген қазақтың ұрпағы емеспіз бе?!  Аттарының аталғанына риза болсын.
Облыста 200 мың гектардың үстінде жер инженерлік жүйеге келтіріліп тегістелген, 2500 шақырым магистральдық каналдар, 31 мың шақырымдай ішкі шаруашылық каналдар мен қашыртқылар, 24 мың ірілі -ұсақты гидротехникалық инженерлік құрылыстар бар.
Осыншама байлықты еліміздің алтын қоры деп атайды. Алтын қор десе алтын қор дегендей, жердің тегістелуі, күріш көлемі мен өнімінің еселеп өсуі, облысымыздың экономикасын қарқынды дамытып, халқымыздың хал-ахуалын, тұрмысын түбегейлі жақсартты. Ақ күріш халқымызға бақ та, атақ та, абырой да, ырыс-несібе де болды. Міне, осы байлықтың, бақыттың авторы да актері  де айналайын, Қызылорданың жоқтан бар жасайтын халқы, мыңдаған білікті су, жер мамандары іскер талантты, ұйымдастырушы басшылардың бір шоғыр тобы екендігіне ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын.
Сол жылдары облыста атқарылған осы игілікті, ізгілікті, тарихи, тағдырлы, бұрын-соңды қиялға да симайтын, қыруар жұмыстардың басында, қасында, ортасында қырық жылдай Қызылорданың топырағынан табаны таймай басшы да болып, қосшы да болып, ұйтқы да болып, ұйымдастырушы да болып Ержігіт Бозғұлов жүрді. Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың басым көпшілігі Ерекеңнің қолынан өтті. 
Әдетте, халық  бұл дүниеде үш  сауапты жұмыс бар дейді. Ол –  құдық қазу, көпір салу, ағаш егу. Ерекең өзінің терең білімін, мол тәжірибесін, Алла берген табиғи талантын, қадір-қасиетін, адал еңбегін бүкіл саналы өмірін, өзін канал, қашыртқы, құдық қазуға, жол, көпір салуға, барлық инфрақұрылымдары шешілген сол заманның кіші қалашықтары, кеңшар орталықтарын салуға, оны жасыл желекке бөлеуге арнаған азамат. Маған оның осы адал еңбекпен, халыққа жасаған жақсылығымен тырнақтап жиған сауабы асу бермес асқар таудай, Ерекеңнің абыроймен ағарған шашы, басы сол таудың қар басқан аппақ шыңындай көрінеді.
Олай болса, Ерекеңнің өзін, өнегелі өмірін, жасампаздық, жанқиярлық ерлік еңбегін, елге, халыққа жақсылық жасаудың нағыз сауапты, иманды іс жасаудың символы деуге әбден болады. Ерекеңнің еңбегі елдің, халықтың есінде, ешқашан ұмытылмақ емес. Облыста тегістеген әрбір алақандай жерден, әрбір метр жолдан, каналдан, қашыртқыдан, бірнеше мыңдаған гидротехникалық, өндірістік, әлеуметтік нысандардан, қырмандардан, ұшақ алаңдарынан, құдықтардан, көпірлерден Ерекеңнің төккен адал терінің исі аңқып тұр. 
Олардың  әрқайсысы, жеке-жеке, бірге хормен біз Ерекеңнің тірісінде өз қолымен өзіне соғып кеткен ескерткішіміз, біз Бозғұловтың өміріміз, өзіміз деп атой салып, айқайлап елдің, халықтың, тарихтың, уақыттың жадын бүгінде жаңғыртып тұр. Келешекте де солай боларына күмәніміз жоқ. Бұл болашақ алдында жауапкершілігі өте жоғары тұжырымның шындығына, шынайылығына көзіміз де, көңіліміз де, әбден жеткендіктен, осындай көрегенділік, көріпкелдік кесімді болжам айтып отырмыз.
Бірде сәті түсіп Ерекең, Маханов Тұрғанбай үшеуміз Түгіскен массивіне орналасқан шаруашылықтарды түгел аралап, халықпен, елмен, кездестік, пікірлестік. Қай ауылға барсақ та жас жігіттер, жігіт ағалары, ардагерлер Ерекеңді құшақтап, шын көңілдерімен, ақ пейілдерімен, ыстық ықыластарымен ізгі ілтипаттарымен арасын үзбей тізіліп,  арқа-жарқа, мәре-сәре болып, құтты бір әскерден әкесі келгендей  сәлемдесіп жатыр, сәлемдесіп жатыр.
Сәлемнің де сәлемі бар ғой, ал бұл сәлемдердің жөні бөлек, әрқайсысының Ерекеңнің жеке басының байлығы мен бақыты екендігі, абыройы мен атағы  ешкімнің де күдігі мен күмәнін тудыра қоймасы ақиқат. Ерекең болса, жаны жаздай жадырап, өзіне-өзі риза болып, «Әй қарағым, сен әлгі трактордың құлағында ойнайтын, экскаваторды ұршықса иіретін, скрепермен жерді тілмен жалағандай етіп тегістейтін, бетонды балшықса илейтін, зілбатпан темірлерді, плиталарды крансыз қолымен көтеретін, анау бір өзі бір  қойдың етін жейтін, он алты кесе сорпа ішетін, ұйықтағанда қорылы бір шақырым жерге жететін пәленшелердің, төленшелердің, түгеншелердің баласысың ғой, өзісің ғой, көзісің ғой, айналайын» деп әрқайсын ен салып, таңба басып қойғандай бөгернайынан жазбай, жаңылмай танып, бауырына басып жатыр, басып жатыр. Өйткені Ерекең осы массивте іске қосылған әрбір нысанның басында апталап, айлап, жылдап жатып, халықпен, елмен қаны да, жаны да мидай араласып, сол халықтың біріне, бірегейіне айналып кеткендей. 
Осы көріністерге таңданып, таңқалып, сүйсініп рахаттанып тұрғанымда ойды ой қозғайды, сөзді сөз қозғайды, суды жел қозғайды дегендей, менің есіме бір тарихи, тағылымды дерек түсе кетті.
Юлий Цезар, Александр Македонский, Бонапарт Наполеон секілді атақты қолбасшылар өздерінің қарамағындағы 25-30 мың солдаттың әрқайсысын жеке-жеке танитын, әрі аттарын да білетін болған екен. Не деген керемет десеңізші! Әрине, бұл тегіннен тегін емес, соғыс деген соғыс, соғыс деген қан төгіс, соғыс деген ажал – тағдыр, өмір, өлім, әрбір адам өзінше бөлек болмыс, өзінше қайталанбас құбылыс, бір адамның өмірін, бүкіл адамзаттың өмірі, бір адамның өлімін, бүкіл адамзаттың өлімі, қайғысы, қасіреті деп бағалаған ғой, жарықтық жайсаңдар. 
Ержігіт Бозғұлов та сондай қайнаған еңбек майданының қансыз, шығынсыз соғыстың маршалы еді ғой. Жерді инженерлік жүйеге келтіру – қиын, қысылтаяң, қарбалас, қиямет тарихи жауапкершілігі, салмағы, салдары тағдырлы нағыз жанкешті еңбек майданы. Тәулік бойы тынымсыз еңбек, жұмыс күнмен емес, сағатпен өлшенеді, жүздеген техниканың гүрілінен, шуынан біреуді-біреу естімейді, айналайын Қызылордада 365 күннің 360 күні жел ғой, көкала  шаңнан біреуді біреу көрмейді, адамдардың жылтыраған көзі менен тісі ғана көрінеді, механизаторлар тамақты техниканың үстінде отырып ішеді, кейде  аяқ-қолы сіресіп қалып,  адамдардың сүйемелдеуімен техникадан түсетін кезі де болады. Біреуге біреу өлдім десе, қарайтын уақыты жоқ, баста тек жоспар, социалистік міндеттеме, жарыс, намыс алға, алға, тек алға. Сол заманның адамдары қандай фанатиктер десеңізші. Айтыңдаршы ағайын, соғыстан мұның несі кем? 
Соғыс дегеніміз тек, ату-шабу емес, соғыс деген солдат, адам оның тамағы, денсаулығы, киімі, қару-жарағы, оқ-дәрісі, сайып келгенде, оның көңіл күйі, жалпы әскери құрамалардың жолмен, көпірмен, техникамен, қосалқы бөлшектермен, жанар-жағармаймен, қажетті құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Сондықтан да соғыстың нәтижесі, жеңістің тағдыры негізінен осы шаруашылық мәселелерінің шешілу дәрежесіне, еңбек майданының қалай ұйымдастырылуына тікелей байланысты.
Олай болса, кімде-кім еңбек майданын, шаруашылықты, өндірісті нәтижелі басқара алса, ол соғыс майданын да басқара алады десек, ақиқаттың ауылынан алыстамаспыз деп ойлаймын. Ерекең еңбек майданының маршалы, оның беті аулақ, егер оның тағдырына соғыс кездескенде, ол сөзсіз соғыс майданының да маршалы болар еді. Ерекеңнің дұшпаны аз, жолдасы мен досы, тілектестері, сыйластары, сырластары көп, шәкіртке бай, төңірегі түгел, іргесі бүтін бақытты адам еді. 
Облыста, республикада одан тыс жерлерде «Біз Бозғұловтың шекпенінен шыққанбыз» дейтін атпал азаматтар көптеп саналады. Олар өздерін үлкен құрметпен, мақтанышпен, қанағаттанғандық сезіммен Бозғұловтың адалдық, азаматтық, адамгершілік, іскерлік кәсіби шеберлік мектебінің шәкірттеріміз деп есептейді, оны өздеріне  үлкен мәртебе деп санайды. Олар: Мулаев Ибрагим – Чечен – ингушет Республикасы министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Қожахмет Баймаханов, елге, халыққа белгілі абыройлы азаматтар – Самұрат Имандосов, Нәжмадин Мұсабаев, Айтбай Көшербаев, Айтмұрат Шәменов, Нұртазаев Бақыт, Медеуов Сақтапберген, Морозов Виктор Степанович, Ким Герман Степанович, Шек Виталий Миронович, тағы да басқалар. Осы шәкірттерінің Ерекеңді соншалықты сыйлайтындығы, құрметтейтіндігі кімге де болса өнеге боларлықтай. Сыйластық бар жерде қимастық бар. Мулаев Ибрагим өткен күзде сонау Кавказдан арнайы келіп, Ерекеңнің көңілін сұрап қайтты, соңғы сапарға шығарып салу шараларына келіп қатысып, өзінің ұлағатты, әсерлі естеліктерін айтып, елді елең еткізді. Ерекеңнің бауырынан шыққан балдарынан кем көрмейтін, сүйікті шәкірттерінің бірі Қожахмет Баймаханов: «Қаншама уақыт өтсе де, мыңдаған шақырым жерде тұрсам да, Ерекеңмен телефонмен отырып сөйлесе алмаймын, қалай орнымнан тұрып кеткенімді өзім де білмеймін» дейді. Шынайы сыйластық, адал сезім, құрмет, ілтипат, шәкірттік парыз  деген осы да. 
Ерекең қаншама жыл есепсіз байлықтың үстінде жүріп дүниеге көз салмай, қызықпай, бойын алдырмай, аяғын шалдырмай қоғам мүлкін көзінің қарашығындай сақтап жеке үйсіз, көліксіз жаңа заманның, жаңа қоғамның азаматы болып шыға келді. Адалдық бар жерде әділдік те, жақсылық та бар екен, Қожахмет пен Самұраттың бастамашылығымен Ерекеңнің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында сондай қиын заманда, өтпелі кезеңде, жоқтан бар жасағандай жағдайда шәкірттері, жабылып жүріп ұстаздарын жақсы, жаңа үйге кіргізді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей, жақсы шәкірттің де ұстазға қырық жылдық азық екендігіне көзіміз жетті. Жақсы адамның шапағаты, шарапаты күннің сәулесіндей түспейтін жері, түспейтін уақыты менен уақиғасы жоқ екендігінің де куәсі болдық.
Менің Сырдария аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы кезім. Аупарткомның бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев. Облысқа  республика Байланыс министрі Сәбит Байжанов іс сапармен келіп, біз ол кісіні ауданда күтетін болдық. Табиғаттан, қаланың жанындағы дарияның  бойындағы саяжайлардан кісі күтуге лайықты орын іздедік. Зерттеуіміздің нәтижесінде ең әдемі, ең әсем, ең қолайлы, қолдан жасалған жұмақ – саяжай Ержігіт Бозғұловтікі болып шықты. Аспанға қол созған ағаштар, тіл үйіретін, экологиялық таза жеміс-жидектің бірнеше түрі, көздің жауын алатын гүлдер, ағын су, таза ауа, тамаша қазақтың қараша үйі адамға дем алу үшін осыдан басқа не керек? Япырмай, адамның аялы алақанымен, еңбекпен, термен біздің жерімізді де осындай адам жанының рахатына, пейішіне айналдыруға болады екен ғой деген ой түйдік. Ерекеңе өтініш айттық, ол кісі ойланбастан келісім беріп, бар жағдайды жасап, қонағымызды бірге күтісті. Нәтижесінде қонағымыз қызметімізге, құрметімізге дән риза болып, көңілденіп ауданға үш қабатты байланыс үйін беріп кетті. Көп ұзамай мен Шиелі аупарткомына бірінші хатшы болып сайландым. Көрген жерде ауыл бар деп, министрге тағы да барып, Шиеліге де үш қабатты байланыс үйін салдырдық. 
Адам тағдыры деген қызық қой, «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады, адам көрмеймін деген жерін бір рет көреді» дегендей, кейін небәрі төрт-ақ ай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істеген С.Байжановтың орнына мен Талдықорғанға төраға болып  сайландым, ол СОКП Орталық комитетіне жауапты қызметке ауысты, көп ұзамай Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Сол Ерекеңнің қара шаңырағынан, ақ дастарханынан бастау алған марқұм Сәкеңмен таныстығымыз, сыйластыққа, сыйластығымыз әріптестікке, достыққа айналып кетті. Міне, жақсы адамдардың жақсылығы осындай жарасымды жалғасын тауып, өмірдің, өсіп-өркендеудің өрнегіне айнала бермек.
Н.Ә.Назарбаев 2005 жылы президент сайлауы алдындағы саяси науқанын Астанада бабалар дәстүріне сәйкес, қырықтың бірі қыдыр дегендей, республиканың аузы дуалы, сөзі пәтуәлі қырық ақсақалынан бата алудан бастады. Қызылордадан біз Ерекең екеуміз осы рәсімге қатыстық. Осы оқиғаны Бозғұловтар әулеті үлкен сенім, абырой, мәртебе, әулетінің мерекесі деп қабылдады. 
Қабылдауға Ерекеңнің шашын дайындаудың өзі бір ерекше жауапты науқанға айналды. Жарықтық Ерекеңнің әрбір шашы тау шыңында тасты жарып шыққан шынардай, дербес, тәуелсіз, көкке қол созып өзінің біртұтастығын, бірбеттілігін, бірсөзділігін, мақсаткерлігін, қажырын, қайратын, айбатын көрсетіп тұрғандай еді ғой. Сол шашты ретке келтіріп, бағындырудың, бағыттаудың қызы Жанатқа, күйеу баласы Әбдіхалыққа, арнайы шаштараз – маманға бір күн, бір түн үлкен жауапты шаруа болғанының куәсі болдым. Айтайын дегенім, Ерекеңе деген осындай балдарының ерекше махаббаты мен ілтипаты, құрметі мен сыйы, қайырымдылығы мен қамқорлығының өзі қаншалықты рахат, бақыт, өнеге десеңізші. Тәңірім баршаңызға осындай бала берсін ағайын.
Ерекең – өмірде жолы болған, еңбегі жанған, желі оңынан тұрған, қадамы құтты, сапары сәтті болған, халықтан, уақыттан, тарихтан мемлекеттен өзінің лайықты бағасын алған, бақ қарап, қыдыр дарыған бақытты азамат.
Ержігіт Бозғұлов көп жылдар облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан компартиясы ХІV съезінің делегаты болып сайланды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін «Октябрь Революциясы» екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен наградталды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің жеті рет алтын, күміс, қола медалімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі» атағын алды. Есімі  Одақтық Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» жазылды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі ескеріліп, 2008 жылы еліміздің тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ерекең өмірінің соңғы күніне дейін аяқ жетер, ауыз жетер ағайынның қажет кезінде, сын сағатында қасынан табылып, шуағын молайтып, көлеңкесін кеңейтіп, қуанышына да қайғысына да ортақтасып, сүрінгеніне сүйеу, жығылғанына тіреу, шаршағанына демеу, қамыққанына  қамқоршы, жылағанына жұбаныш, қуанғанына қолдаушы болып, бүкіл әулетке аға да, жаға да, пана да, саға да бола білді.
Ерекеңнің өмірдегі қол жеткізген барлық табысының, жеңісінің, бақытының бастауы сөз жоқ 53 жыл отасқан жары Назира, балалары Марат, Айбек, Зина, Ләйлә, Ләззат, Жанат, 11 немересі, 5 шөбересі. Сондай-ақ Ерекеңнің ойындағысын орындаған, бір сөзін екі етпеген, болмағанын болдырған, толмағанын толдырған, жетпегенін жеткізген, үзілгенін жалғаған ең сенімді, сүйікті інілері: Жарылқасын Шәріпов, Қуаныш Жәрімбетов, Бағдат Кәрібозұлы, Даулет Жолманов сияқты елге белгілі азаматтар.
Бұл дүниеге келген әрбір адам үшін, әсіресе атқа мінген азамат үшін өмір деген қыл көпірдей өткел, күрес, жарыс, сын-сынақ қой. Тәңір, тағдыр, уақыт, тарих, азаматтың басына бақ беріп, астына тақ беріп, қолына ұстараның жүзіндей, өткір билік беріп, есепсіз байлық беріп сынайды. 
Ержігіт Бозғұлов уақыттың, тарихтың, халықтың осы әділ таразысына түсіп, өмірдің бар сынынан сүрінбей өткен, иманы мен ұятының туын жықпаған, ары мен намысына дақ түсірмеген нағыз азамат. 
Бақыт құсы ұшып жүріп, кейде базбіреулердің аяғына қонады. Бірақ ол адам әдеттегі жүрісінен жаңылып, «тауық қаз сияқты жүремін деп, бұты айырылыпты» дегендей, талтаң-талтаң, алшаң-алшаң басып, тіптен жүре алмай қалады, тұра алмай қалады. Сосын бақ барып адамның көкірегіне қонады, бақ дарыған көкірек ісініп-қабынып, асып-тасып, көкірегіне нан пісіп, менен басқа ешкім жоқ деп көкірек қағатын, ретсіз кекіретін, зекіретін болыпты. Одан безген бақ енді адамның басына барып қонады. Бас та бақтың қадірін білмейді. Құлағы қалқиып, тісі ақсиып, көзі шақшиып, бақтан басы айналып, көзін ет басып, ешкімді де, ештеңені де, тіптен өзін де көрмейтін болыпты. Тілі сүйреңдеп, көрінгенді балағаттайтын, жәбірлейтін әдет шығарыпты. Содан бақ сен де ойлаған жерімнен шықпадың деп өкпелеп бастан да ұшып кетіпті деген де бар.
Ал, Ерекеңнің аяғына қонған бақ ыза, лас жерді бастырмады, астырмады, тастырмады, састырмады, қолына қонған бақ, арам нәрсе ұстатпады, дүниеге қызықпады, көз салмады, адал несібе теріп жегізді, кеудесіне қонған бақ, кеудесін игіліктің, ізгіліктің, жақсылықтың, имандылықтың, шүкіршіліктің алтын сандығына айналдырды.
Бақтан, тақтан, биліктен басы айналмады, 40 жыл қырғын болса да, аспан айналып жерге түссе де, тау қозғалса да, жер қозғалса да қозғалмайтын, өзгермейтін, өзінің қорғасыннан құйылғандай қалпын, адамдығын, азаматтығын, тұрақтылығын, салауаттылығын, қарапайымдылығын, қанағатшылдығын, бар қадір-қасиетін,  болмысын сақтап қалды. 
Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын, ағайын.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз