Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады

99

0

Бір адам жаққан отқа мың адам жылынадыЖиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап, яғни, өзіміз бастан өткеріп отырған нарықтық қатынастар кезеңінде кім-кімнің де іскерлік қабілет-қарымын көрсетуіне, жаңадан жол салуына, әр істің оңтайын келтіріп, табыс табуына зор мүмкіндіктер ашылды. Бұған әрине есеп білумен қатар, бастар ісін дұрыс жоспарлай білу, қаржыны орнымен жұмсау, оны үнемдеу, адамдармен ортақ тіл табыса алу барынша қажет екендігі түсінікті. Сол қажеттіліктердің бәрін бір арнаға тоғыстырған жанның іскер атанып, ойлағанын жүзеге асырары сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Құлмағанбет Исаханов – жаңа заман тудырған азаматтың бірі. Орта мектептен соң, Сарыағаштағы Қапланбек техникумын тәмамдап, Жаңақорған ауданының бір қиырындағы «24 партсъезд» атындағы кеңшарда мал маманы ретінде өзінің еңбек жолын бастады. Өрімдейінен еңбекке үйреніп, төрт түлік малдың тілін түсініп өскен жас, елгезектігімен қатар, жақсы орындаушы да, үлкен-кішімен араласуда да алғыр көрінді. Мал дәрігері, бас зоотехник деген баспалдақтардан өте келіп, жігерлі жас жеті-сегіз жылда шаруашылықтың маңдай-алды бас маманына айналды. Бұл одақтың ыдырап, бұйрықпен жүріп, бұйрықпен тұрып қалғандардың аңтарыла, әрі-сәрі күй кешкен елең-алаң уақыты еді. Әкесі Оразқұл шаруашылық жұмысына әбден піскен, зейінді де, зерделі кісі болатын. Ағайын-туысы қаумалаған, ауылға ай¬бары бар әкенің үлгісі жас жігітті ерте жетілдірді. Қоғам жұмысын қылаусыз атқарып, өз ортасына беделді болды. Айналасындағыларға көмектесіп, қолдан келсе, қамқорлық танытатын қасиеті де ер жігіттің жүзін жарқын, жолын ашық, сөзін үстем етті.
Сәл шегініс жасасақ, Жаңақорған ауданында Түгіскен массиві суландырылып, жаңадан ашылған 7 шаруашылықтың соңынан жетпісінші жылдары ірге көтерген «24 партсъезд» атындағы кеңшардың орталығы – Қаратөбе ауылына негізінен егіншілік пен бау-шарбаққа құнтты оңтүстік облыстан қайта қоныс аударған ағайындар тұрақтаған еді. Сондықтан да болар, жаңа ауылдың көшелері кең етіп сызылып, ағын суға толы арықтары бірге қазылды. Білгір су мұрабы атанған Шәймерден кешеге дейін әр аулаға су келіп, есік алдының жайқалып тұруын қадағалап жүрді. Ауылдық кеңес төрағасы Қайрулла, экономист Төлеген және басқа көпті көргендер ауылдастарының өз аулаларына көкөніс пен бақша егуін, жеміс ағаштарын жайқалтып қоюын ұйымдастырды. Игілікті бағыттың әсері¬нен жаңа ауыл көкорайға бөленіп, мол¬шылыққа кенелді, сырт көзді тартып тұрды. Ал егіс алқаптарына күріш пен қатар бидай, арпа, ауыспалы егіс шарты¬на сай, жоңышқа мен жүгері орна¬ластырылды.
Жетпіс жыл билік құрған қызыл өкімет құлаған соң, кеңшар таратылды да, оның орнына кооператив құрылды, кейбір азаматтар жеке шаруа қожалықтарын құрды. Алайда бірер жыл баяғы сарынмен ілдалағанымен нарықтың қатал заңы тұс-тұстан қысып берді. Жаңар-жағар май жетіспеді, техниканың бөлшегі шыдас бермей, трактор мен комбайн амалсыз қаңтарылды. Құлмағанбеттің шаруа қожа-лығын құруға бел байлағаны да осы тұс еді. Жүгіріп жүріп құжаттарын реттеп, жерін де белгілетіп алды. Қолдағы малды техника мен тұқымға жұмсады. Түскен өнімнен күріш тартатын диірмен алды. Осылай өз арбасын өзі сүйреп, нарықтық көшіне ілескендей болды. Бұл өткен ғасырдың тоқсан жетінші  жылы еді.
«Сұңқар» атты шаруа қожалығын құрған Құлмағанбет әуелі құм басқан су жолдарын тазалатуды қолға алды. Бұл – ертеңгі мол өнім кепілі. Осылай Сумағар жақтағы бұрынғы күріш алқаптары қайта айналымға түсірілді. Шағын несие алу арқылы техникаларын жаңалады.  Түскен өнімді өңдеу жұмыстары да қатар атқарылып жатты. Дән азық ретінде қоймаға салынса, қалдығы жем ретінде мал қораларына жөнелтілді. Осылайша шаруашылық басшысы егін мен мал шаруашылығын қатар өрбітіп отырды. Нәтижесінде тұрғындар өз ауылдарында жұмыспен қамтылып, адал бейнетпен нәпақасын ажыратты.
– Иә, ауылдан ұзағым келмеді. «Әркім¬нің өзі өскен жері – Мысыр шаһары» дейді ғой қазақ. Сол айтпақшы, өз мекенімізді өзіміз жерұйық еткеніміз жөн деп шеш¬тік қатарлас жастар. Нәтижесінде шаруа¬шылығымыз еңсе көтеріп, бүкіл ауылдың асыраушысына айналды, – дейді ол.
Төрағаның айтып тұрғаны рас, Қаратөбе ауылы түгіл көрші Қандөз, Қашқанкөл, Көктөбе, Қалғансыр ауылдары тұрғындарының басымы «Сұң¬қар» шаруашылығы өсірген күріш, бидаймен азықтанып, оның жем-шөбін алады. Арзан, сапалы әрі, тасымалы да жақын.  Оның үстіне біздің кейіпкеріміз, осы аймақтың қамқоршысына айналған, аудандық мәслихат депутаты. Был¬тырғы жылы сайлаушылар оған үшінші мәрте өз дауыстарын берді.
– Құлмағамбеттің қол қайырымы көп қой. Биылғы жылы көрші ауылда бір кісінің үйі өртеніп кетті, соған қаржылай көмек қолын созды. Сол секілді, тұрмысы төмен отбасыларға жем-шөппен қатар, астықтан тегін көмек беріп тұрады. Оның есебін айтуды артық санайтын әдеті де бар, – дейді ауыл әкімшілігінің бас маманы Зияш Парманқұлов бізбен әңгімесінде.
Депутаттың халық қызметшісі екенді¬гін ерекше сезінген ол өз міндетін адал атқарып келеді. Аудандық мәслихаттың сессияларда өз сайлау округіндегі әлеу-меттік нысандарды жөндеуге қаржы бөлдіруге үнемі ықпал етеді. Қазір Қарବтөбе ауылы ішінде екі жарым ша¬қы¬¬рым жолды асфальттауға қаржы қа¬ралып, жұмыс басталды. «Баспақкөл» кବналы тазартылды Ауылға ауыз су құ¬быры жүргізіліп қойды. Мемлекеттік бағдарламаға сай, оны «Талап-Сырдария» су торабына қосу жұмыстары да жал¬ғастырылатын болады. Бұл халық қалау¬лысы атанған азаматтың көпшілік жұ¬мысы¬ның бір парасы ғана.
Сүйікті жары – Күлайхан да көпшіл жан. Қашанда дастарханы жиналмай, қазаны қайнаулы тұрады. Соңғы жиыр¬ма жыл бедерінде жеке отау болып, ша-ңырақ көтерген «Сұңқар» шаруа қо¬жалығы биылғы жылы да «Алтын күз» мерекесінде жоғары бағасын алды. Аталған шаруашылықтағы еңбек ете¬тін механизатор-жұмысшы жігіттер өз шеберліктерін шыңдаған, өз істеріне бе¬рілген азаматтар деп мақтанышпен айтуға болады. Егіншілік саласында еңбек етіп жүрген бригадир Құрманғали Қадырқұлов, звено жетекшісі Серғазы Рыспанбетовтер тыңғылықты жұмыс ұйымдастыруымен  абыройға бөленіп жүр. Сол сияқты механизаторлар Ермек Таутенбаев, Қалдыбек Парманов, Ғалым Тұрсынбаев, Әбу Бейсенов және басқалар өз істерінің шеберлері.
Шаруашылықтың қарамағындағы егіс¬тік алқаптары негізінен  инженерлік жүйеге келтірілмеген жабайы жерлер. Сонда да болса, ұжым мүшелерінің  жанкешті еңбегімен жоғары нәтижеге қол жеткізіліп келеді. Биыл екі жүз гектар күріштіктің әр гектарынан орташа есеппен 50 центнерге тарта өнім алынды. Сыр салысынан өзге бидай, мақсары, бақша дақылдарынан жоғары өнім жиналды. Мұның бәрі кіріс, табысты болудың шарттары. Ол қашанда жаңалыққа құмар жігіт,  биыл лизингке төрт комбайн, екі үлкен трактор алса, былтыр өз гаражын Канаданың «Магдон» атты жаткасымен толықтырған-ды. Бұлар оңайлықпен бұ-зыл¬майды және де өнімді еңбек етеді. Онымен жұмыс істеу механизаторға да жеңіл. Күзгі сүдігер жырту мен күздік бидайды егу, жоңышқа себу жұмыстары да қысқа мерзімде аяқталды. Бұл жақсы өнім алудың алғашқы шарты болса керек.
– Шаруашылығымызда төрт түліктің барлық түрі бар. Жыл бойына мал бордақылап сатамыз. Оншақты інген сауылады, шұбатын аудан орталығы мен жа¬қын маңдағы Түркістанға саудалаймыз. Сондағы дүкендерде сатылады. Бордақыланған мал еттерін ауыл тұрғындарына арзандатылған бағамен береміз. Арнайы құрылыс бригадасын жасақтағанбыз, олар да белгіленген қызметтерін атқа¬рады. Еліміздің еркіндігі арқасында осындай табысқа кенеліп отырмыз, – дейді Құлмағанбет Оразқұлұлы қашанғы жайдары кейпінде.
Жуырда Қаратөбе ауылында үлкен жиын өтті. Имандылық үйі – мешіт ғима-ратының ашылу салтанаты өткізілді. Мұны да депутат-төраға өз қаржысына салып, ел игілігіне ұсынды. «Бір адам жаққан отқа, мың адам жылынады» деген осы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Қаратөбе ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз