БӘЙТЕРЕК

161

0

БӘЙТЕРЕКТабиғатында бәйтерек көкке өрлей өседі, тамырын
тереңге жібереді. Бұта біткен бәйтеректің көлеңкесінде қалады. Күміс қанат
бүркіт атаулы тау басындағы шыршаларға қалықтай ұшып, биік жартасқа ұя салады.
Боран-бұрқасынды шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ата бүркіт балапандарының қанатын
қатайтып, биік шыңдарға еркін ұшуын қадағалайды, шыңдайды.

Менің бүгінгі кейіпкерім де сол қияда өскен қыран
секілді. Бойы тіп-тік, жүрісі ширақ, тек сол аяғын сылтып басатыны бар.
Әйтпесе, бұл кісіні тоқсанның екеуіне шықты деуге жүрек дауаламайды. Жүзге
қарай жол тартып бара жатқан, әскерде 40 солдатқа взвод командирі болған әскери
лейтенант.

Иә, Тәнеш Оразов сонау сұрапыл соғыстың ауыр жылдарына
жастық ғұмырын жұмсаған құрыш қазақ офицер-лейтенант. Қазір қалада Тәкеңмен
өкшелес майдангерлер санаулы. Олар Ыдырыс, Кеңесбай Қалиевтер, Бименді
Баймаханов, Тәнеш Оразов. Бұлар төрт бәйтерек секілді. Бүгін біз сол
бәйтеректің бірі – Тәнеш Оразов жайлы сыр шертуді парыз тұттық.

 

Балалық шақ

«Далакөлде” атағы шыққан үш диқан болды. Олар Қожағұл,
Жәміш, сонан соң Тәнеш ағаның әкесі Нұрмахан Оразов еді. Бала Тәнеш әкесімен
бірге егін егіп, жүрек жалғады. Он жасқа толған шағында ашаршылық басталды. Бай
біткеннің малы тәркіленіп, жер аударылды. Ағайын-туыстар өзбек, қырғыз,
қарақалпақ жеріне үдере көшкенін көрді. Бірақ, Нұрмахан ата бауыр басқан
«Далакөлден” табан аудармай, қара шеңгелді қақ жарып, егін егіп, бүкіл
Оразовтар әулетін асырады. Бидай, тары екті. Кішкене Тәнеш қиындықты серпіп
тастап, ерте есейді, зерек болды. Ауылдағы мектепке есейіп барып табалдырығын
аттады. Бала жастан құймақұлақ, Тапал ахун, Камаладдин, Жәміш мақсымдардың
өсиеттерін тыңдап, бойына дарытты.

– Осы күнгі «Шіркейлі” ауылындағы орталау мектепте
білімімді шыңдадым. Алғашында латынша оқудан әріп таныдым, – дейді Тәкең өткен
күндерді ойға оралтып. – Бұдан бірер жыл бұрын бәрі көкірегімде сайрап тұрушы
еді, мына тоқсан екің ұмыттыратын болды. Кеше көрген адамымды бүгін қай баласыз
деуге шықтым. Оқыған кітабымды да ұмытпайтын едім, ұмытшақтық біртіндеп жеңуге
айналды. Дүниеде кәрілікке ем жоқ қой. Ұзақ жасау – Алланың сыйы. Ақын Әбділда
айтқандай алпыстан кейін әрбір таңды көргенің үшін Аллаға рахмет айт!

Тәнеш аға бірін айтып, біріне кетіп отырды. Содан соң
бәйгеге түсер сәйгүліктей әңгімені төгіл­те бастады. Құйып қойған қорғасындай
ағаның ұлағатты сөзіне таңырқай бердім. Отырыстың ажары, сөзді байыппен
бағдарлай тауып сөйлейтін батагөй.

– Балалық дәуір қиындықпен өтті, қарағым. Тоя тамақ
ішіп, бүтін киім бізде болған жоқ. Жамап-жасқап қолымызға ілінгенін кидік, қазіргі
балалардай ата-анаға салмақ салып, бос селтең мен ұйқыға кет­педік. Оқуды
тастамадым, ауылдағы мектептің жеті­жылдығын бітіріп, Ақмешіттегі мұғалімдер
даяр­лай­тын училищеге түсуге бел будым. Ол кезде мұға­лім ең қадірлі мамандық
еді. Әке-шешем мұғалім бол деп аманаттады.

Ауыл мектебінде бізге Сыр сүлейлері атанған Қуаныш
Баймағанбетов, дала академигі Жаңабай Азаматов сабақ берді. Мектеп директоры
Әбілқайыр Құлымбетов ағаның «білім – ердің қанаты, оқы!” деген сөзі маған қанат
бітірді, жұлдызымды жар­қыратты. Ұстазым Қуаныш атаның өлең-жырларын жаттап
өстім. Ақын Асқармен жұмбақ айтысын қолдан түсірмей оқушы едік. Өнер, әдебиет
жолына түскенде ақын не жазушы болар ма едім…

Иә, арманның алғашқы баспалдағы басталды. Бала Тәнеш
педучилищеге түсті. Лезде үшінші курс­қа өтті. Енді бірер айда қолға диплом
алып, өзім ұшқан мектебіме мұғалім болып оралам деген ар­манға асығулы еді.

Жаздың жаймашуақ күні еді. Радиодан диктор Левитанның
дауысы ұйқымызды шайдай ашты. Жатақханадағы орнымыздан атып тұрдық.

– Герман фашизмі қасиетті Отанымызға басып кірді! –
деген сөзі жүрекке инедей қадалды, – деп Тәкең ұзақ толқып, сөзін үзіп
қалғандай болды. – Содан педучилищені бітіре алмай, бір түнде 1941 жылдың 21
желтоқсанында әскерге жиырмаға жетпей аттанып кеттім.

1941 жылдың 21 желтоқсаны. Түн мезгілі еді. Әскери
комиссариаттың алды ығы-жығы адам. Вокзалда қаз-қатар тізілген қызыл вагон.
Жылап-сықтаған ата-ана, жас жесір, аға інілер. Мені ауылдан шығарып салған
Абзал деген ағайымның жігерімді қайрап, жеңіспен орал, бауырым! – деген қуатты
сөзі есімнен кетпейді. Пойызда үш-төрт күн жолда жүрдік. Қай жерге тоқтаймыз,
белгісіз. Бәріміздің көңіліміз жабырқаулы. Ауылдан ұзап шықпағаннан ба, әйтеуір
қобалжу басылар емес.

 

Ашхабадтағы күндер

Бұрын аяқ баспаған, ауылдан ұзап шықпаған Ашхабадқа
келдік. Күні-түні жаттығу басталды. Артық еттен айрылдық, сымдай болып
шынықтық. Командирлеріміз бар қиындықты жеңуге үйретті. Сонымен алты ай бойы
шынығу оңайға түспеді. Жаяу әскерлер училищесін бітіріп, лейтенант шенінің
жұлдызын жарқырата тағып, офицер болып шыға келдік. Сәл-пәл көз ілген боламыз,
тағы да жаттығу.

Енді не күтіп тұр? Неміс әскерлері жойқын қаруы­мен
көп қаланың күл-талқанын шығарып жатты. Радиодан естілген суық хабар жан
түршіктіреді.

Бас штабтан түн мезгілінде бұйрық келді. Тағы да
жиырма-шақты вагонға суыт отыру басталды. Тәртіп қатал. 1942 жылдың маусым
айында Красноводск, Махачкала арқылы кемемен жүру басталды. Қайда бара
жатырмыз? Бұл жағы мүлдем құпия ұсталды.

 

Сталинград шайқасы

Тәкең өткен күндерді тағы да одан әрі сабақтай түсті.

– Бұл соғыс
мүлдем жойқын, нағыз сұрапыл со­ғыс болды. Күн тәртібінде Дон мен Волга
аралы­ғындағы неміс-фашист әскерлерінің стратегиялық тобын талқандау оңайға
түскен жоқ. Әуелгі шығынды айтып болмайды.

Бұл соғыс 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылды. Жаудың
көздегені Сталинградты басып алу еді. Майдан шебі 530 шақырымға жетті.

Жау Сталинград бағытындағы соғысқа 250 мыңдай адамы
бар 18 дивизияны, 740-қа жуық танк, 1200 самолет, 7500 зеңбірек минометтерін
жұмсады. Біздің күшіміз бұдан әлдеқайда кем еді. 1942 жылдың 23 шілдесінде
генерал Ф.Паулюстің 6-армиясы Ста­линград, Астарханды басып алып, Волгада
бекіну үшін шабуылға шықты. Қырғын осы жерде басталды.

Дегенмен, жаудың үмітті жоспары ақталмады.
Шілде-қараша айларында жау 700 мыңдай армиясы­нан, бір мыңдай танкісінен, 2
мыңнан астам зеңбірек-миноментінен, 1400 самолетінен айрылды. Атақты
ген-фельдмаршал Ф.Паулюстің 6-армиясын қоршауға алып, тізе бүктірдік. 1943
жылдың 2 ақпанында ген-фельдмаршал тұтқынға алынды. Бұл соғысқа, яғни біздің
даңқты 62-армияның құрамында 3800-дей қазақ болды, 100-ге жуық жауынгер Кеңес
Одағының Батыры атағына ие болды. Әйгілі 64-армияның құра­мында Қазақстанның
29-шы және 38-атқыштар дивизиясы алғы шептен көрінді.

Бұл соғыста Малиновский, Рокоссовский, Ере­мен­ко
бастаған генералдар еңбегі тарихта өшпес із қалдырды.

 

Взвод командирінің әңгімесі

Сталинград шайқасы бізге көп шығын кел­тірді, – деді
Тәкең. – Немістің ген-фельдмаршал Майнштейннің армиясы Паулюсті тұтқынынан алып
шығудың әрекетін жасап, бізге әскер жағынан көп шығын келтірді. Дегенмен,
Майнштейннің армиясын бес күн тоқтатып, шайқас жүргізіп, жолын бөгеп
шегіндірдік.

Сталинград жеңісі өшпес із қалдырды. Кеңес
әскерлерінің құрыштай бірлігін, әскери мамандардың шеберлігін айқындады. Взвод
командирі Тәнеш аға тағы бір оқиғаның тізгінін сабақтай түсті.

– Әскери офицер ретінде мен жалақы алып тұрдым, жалақы
– 1500 сом. Сонан соң солдаттарға махорка, ал офицерлерге «Беломорканал”
папиросы беріледі. Мен шылым шекпеуші едім. Өзіме тиісті «Беломорды” қызметтес
офицерлерге, солдаттарға та­ратамын. Сол үшін взводтағы әскерилерге «Доб­рый
командир Оразов!” атанғаным бар. Бірақ, «Доб­­рый командир Оразов!” атанғаным
ұзаққа бар­­мады. Қасымдағылар папиросты шегуге мені үй­рете бастады. Алты
айдай мұрнымнан түтінін шығара алмай әлектендім. Ақыры үйрендім. Ауылға келген
соң отыз жылдай тек «Қазақстан” папиросын шеккенім өз алдына әңгіме. Қазір
папирос шегуді қойғаныма 20 жылдан асты. Жүрекке аппарат орнат­қан соң
дәрігерлер шылымды қоюға кеңес берді. Жан тәтті ғой, шылымды қойдым.

Бір нәрсені ұмытып барады екенмін. Мұны да айта
кетейін.

Ауылда қарт әкем, шешем, жарымжан мүгедек інім қалған
еді. Соларға әскерден оралғанша тарық­пасын деп ақша салып тұрдым. Солардың
сауабы болар, тоқсаннан асып барамын. Жиын-тойда ба­та беретін мен болдым. Мен
болмасам Бөрібай Құл­манов бар, орнымды жоқтатпайды.

 

Әскери госпитальдағы күндер

Сталинград шайқасынан аман қалып елге оралам деген
ойда жоқ еді. Қиын сәттер көп болды. Көптеген жолдастарым қаза тапты. Атын
ұмыттым, окопта үш адам едік, бір жерлесім оққа ұшты, екіншісінің қаза тапқанын
кейін өрттен қалған қырық-шұрық киімінен ажыраттым. Менің сол аяғымның күл-тал­қаны
шығып, окопта көміліп қалдым. Ол кездегі әс­кери медбикелер жанкешті ғой, оқ
жауып тұр, оған қарамай еңбектеп келіп, носилкаға салып, Ка­мышин қаласындағы
дала госпиталіне жеткізді. Ау­ыр операция бірнеше сағатқа созылды. Бір аяқ­ты
кесуге ұйғарым жасағандар болды. Бірақ, бір әскери хирургке тап болдым,
(аты-жөнін ұмыттым) «Ора­зовтың аяғын кеспейміз, бұл аяқпен өмір сүреді, қатарға
қосамыз!” деп отырып алды. Кеспеді. Әскери хирургтар мықты еді ғой.

Дала госпиталінде ұзақ жатып, Саратовтағы госпитальға
ауыстырылдым. Елге қайтатын шығар­мын деген кеудеде қуаныш ұшқындағандай болды.
Бірақ, жаралы офицерлерді әскерден босатпау керек деген бұйрық бар деген заң
алдымыздан шық­ты. Мені Тәшкен соғыс округіндегі кадр бөліміне жі­берді. Кадр
бөлімі қолыма әскери комиссариаттарға пай­­далануға жолдама берді. Жолдама ту­ған
жер топырағынан бұйырды. Шіркін, ауылға қайтардағы сол күнгі қуаныш-ай!..

 

Қуаныш құшағында

Тәшкен вокзалынан билет алып, Қызылордаға қарай жол
тартып келемін. Сағынышта шек жоқ. Туған жер жеткізбей келеді. Терезеден
әлсін-әлсін көз тастаймын. Шымкенттен, Түркістаннан асқан кезде Сырдың самал
желі есе бастады. Қызылорда вокзалына келгенде күткен ағайын-туыс көшіп
келгендей жиналған екен. Ыстық құшаққа бөлендім. Туған жерім – «Шіркейліге”
келсем тағы да құшақ ашқан, шашу шашқан ағайында шек жоқ.

Бірер ай ауылда серуендедім. Туған жерде мау­қымды
бастым. Жерлесім, Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітовтің ерлігіне
қанықтым. Ел еңсесін көтеріп қалғанын байқадым. Әскерден орал­ғандар біртіндеп
көбейе бастады. Той-думан көбейді. Шаңырақтарда қуаныштар жалғасып жатты.
Сұлуларға көз салу басталды.

 

Еңбектің жанған жылдары

Әскерден оралған жауынгер офицердің еңбек жолы
басталды. Әуелі Тереңөзектегі әскери комис­сариатта екінші бөлімнің, Арал
қаласындағы әскери комиссариаттың бірінші бөлімінде қызмет атқарды. 1946 жылдың
маусым айында денсаулығына бай­ла­нысты әскери жұмыстан босатылып, сауда сала­сындағы
сан алуан қызметтің тұтқасын ұстау пеше­неге бұйырды.

Соғыстың соңғы жылдары сауда саласында білікті
басшылар аз еді. Саудаға білімі таяз, үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар еніп
кетіп, талан-тараж көбейді. Облыс басшылары сауда саласын кадр­лармен нығайту
мақсатында жер-жерден қабі­летті азаматтарды іздей бастады.

Тәнеш Оразовты облыстық тұтынушылар одағы­ның
бақылау-ұйымдастыру бөлімінің бастығына ұсыну ұйғарылды. Көп ұзамай Шиеліде,
одан соң Арал аудандық сауда саласында басшылық қызметте болды. Облыстық
тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болған жылдары өзінің іскерлік
қабілеті одан әрі байқалды.

Тәкең бізбен әңгіме барысынада орден, медаль, көп
куәліктерін, мақтау қағаздарын жайып салды. Қызыл дипломды көрсетті. «Диплом с
отличием” де­ген қызыл жазуға көзіміз түсті. Мәскеудің Бүкіл­одақтық Жоғары
сауда мектебін үздік бітіріпті. Ауылдан білім алған Тәкеңнің бүкіл сабақ орыс
тілінде жүретін мектепте өңшең «5”
деген бағамен бітіргендігі тағы да таңырқатты.

Мәскеудің сауда мектебін бітірген бойда Арал, Қазалы,
Шиелі аудандарында, одан соң облыстық тұтынушылар одағында төраға «Горпищеторг”
ди­рек­торы, ұзақ жыл «Главриссовхозстройда” ОРС-НОД бастығы болды.

Тәкеңнің іскерлік қабілеті 1977 жылы Қызылорда қалалық
тамақтандыру саласында басшы болған жылдары айқын көрінді. Қалада сауда
нүктелері жүз­ге жуықтады, жаңа гастрономдар салынды, көпқабатты үйлер
салынғанда төменгі қабаттары түгел­дей сауда нүктелері болуы керек деген
Тәкеңнің ұсынысы қолдау тауып, бастау алғаны бар.

Бірде Тәнеш Оразов Қазақстан Тұтынушылар ода­ғының
төрағасы А.А.Царевтің алдына мәселе қой­ды. Қызылордада сауда техникумын,
курстар ашу қажеттігін, кадрлардың сырттай оқуына жағдай жа­сау мәселесін нақты
дәлелмен қозғады. Министр сау­да қызметінің қазанында қайнап жетілген, бі­лікті
басшының ұсынысын қолдап, арнайы қаулы қабылдады. Көп ұзамай Алматыдағы
кооператив техникумына жылына 15-20 жастың білім алуына жол ашылды. Сырттай
оқудың өрісі кеңейді, сауда техникумдары шаңырақ көтерді.

Тәкең туралы экономика ғылымдарының докто­ры
Ж.Сарбалақов, Т.Боқаев, Т.Жүсіпов, Б.Асанов, К.Тәжімағанбетов сынды азаматтар
жылы лебіз біл­­діріп, сауда саласының академигі атанған аға­ның шекпенінен
шыққандарын әлі күнге дейін мақ­танышпен жиі айтады. Білікті басшының қамқор
құшағы деп осыны айтуға болады.

 

Аға толғанысы

Жақсының жақсылығын айту – парыз. Облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы Сейілбектің жұмысты жандандырудағы тынымсыз еңбегіне
сүйсінбей болмайды, – деді Тәкең. – Қазір майдангерлерді еске алып, олар
жайында кітап шығаруы бұл келер ұрпаққа өсиет, мұра, өшпес іздің баға жетпес ес­керткіш
белгісі. Қысқасы, ардагерлер қамқорлық құ­шағында. Ардагерлер тегін емделеді.
Жылына жүз­деген жолда­малар арқылы олардың жер-жерде тынығуына жол ашады.

Адам өмірдің қызығына тоймайды. Бүгінгідей сәулетті
шақты көру үлкен бақыт. Бәріне шүкіршілік, қанағат ету керек. Бұл өмірімде
қиянатта та көрдім, тисе – терекке, тимесе – бұтаққа деп үстімнен арыз
жазғандар да болды, бірақ бәрі бопсалаудан тұра­тын, көлеңкесінің өзін
қызғанатын, ішіне ине айнал­майтын пенделердің әрекеті еді. Біздің біреуді шал­ғайдан
тартпасақ жүре алмайтын әдетіміз бар, содан арылу керек.

Еңбек еткен жылдары ешкімді отқа түсірмедім, қиянат
жасамадым, құнықпадым, іскер азаматтарды қолдадым, қорғадым. Мақтауға құмар
емеспін. Жолымды кескендердің оңғанын көргенім жоқ, – деп ардагер өткен
күндерді есіне алды.

Елдің тәуелсіздігі егеменді елдің бой көтерген
шаңырағын одан әрі биіктетіп, Елбасының саясатын бүкіл идеологияға бағыттауымыз
керек, – деп ой тастады.

Жан серігім – кітап. Бұл баға жетпес байлыққа бір
бөлмемді арнағанмын, бүкіл алғыс хат, орден, медальға стендім бар. Кітапты
сүйемін, көп оқимын, «Жұлдыз” журналын 1939 жылдан бері үзбей оқып келе жатқан
оқырманмын. «Егемен Қазақстан”, «Сыр бойының” әр нөмірін жібермеймін.

Көп азаматпен сыйластым, сырластым. Айтқыш Қалтай,
Орман, ақын Әбіраш, обком басшылары Исатай, Тәкейлермен тұз-дәмдес болдым,
Еламан, Аралбайлар туымы бөлек жандар еді. Пазылбек Әб­дірахманов, Жаңабай
Азаматов, Омар Әзхожаев, Ма­қаш
Қалымбетов, Жұмабай Бәкішев, Ғафур Мұ­хамеджановтармен кездескен сәттерім ұмы­тыл­май­ды.
Сауда салсындағы ұстазым – Маңдай Тілеу­лиевке әркез тағзым етемін. Азаматтығы,
бірсөзділігі, білімпаздығына әлі күнге қайранмын.

 

Өмір және уақыт

Бір дәуірді бсынан өткізген аға әңгімені одан әрі
қозғай берді.

– Өмір шіркін жүйткіп барады. Бәрі есікті
ашып-жапқандай болып тұр. Жүзге қарай жол тартып барамын, – деп күрсінгендей
болды. Неге күрсінді?

– Елу жыл отасқан сүйікті жарым Бибігүлдің дүние
салғанына жиырма жылға жуықтады. Дүниеде жас ұлғайған сәтте сыңарынан айрылған
қиын екен. Зайыбым атақты Аралдағы Медетбаев, Ерниязовтар әулетінің ұрпағы еді.
Екі ұл, екі қыз сүйіп үлгірді. Ал, мен осылардан өрбіген жиырма шақты
немере-шөберенің ортасындамын.

– Қазір немерем Темір Оразовтың қолындамын. Бұл жастай
пәни дүниеге аттанған марқұм ұлым Алмастың ұлы, милиция қызметкері, шені майор
келінім Динараның ілтипаты бөлек. Үлкен ұлым Болат Астанада – кәсіпкер, Роза,
Гүлсімдерімнің бірі – дәрігер, екіншісі – ұстаз. Бар қуанышым, бақытым осылар.

– Біз соғысқа қатысқан, сиреп қалған май­дангерміз.
Басшылардан көпқабатты үйден пәтер сұрағаныма он жылдай болды. Кезек жылжитын
емес. Мұң шағуға, сұрампаздыққа баруға ықыласты емеспін. Бұл жаста есік қағып
барғаныңда өтіні­шің орындалса жақсы, орындалмаса шаршап-шал­дығасың ғой,
қарағым! Оразовтар отбасы өсіп келеді. Бір пәтер қажет-ақ. Амал не?!

Иә, бүгін майдангер лейтенант, әскерде взвод командирі
Тәнеш Оразов аға жайлы біраз әңгіменің басын қайырғандай болдық. Көп әңгіменің
қағазға түспей қалғаны да жетерлік еді. Мұны алдағы жылдың Жеңіс күніндегі
сұхбатқа қалдырайық.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз