Еңбегі жанған әулет

77

0

Еңбегі жанған әулетБүгінгі таңда аға буын өкілдерінен «Қазіргі жастардың өмірге көзқарасы қатты өзгеріп кетті. Бұрынғыдай емес адамға жанашырлық, үлкенге ізет сезімдері мүлде азайған» деген өкпе-ренішті жиі еститінімізді несіне жасырамыз. Бәлкім, солай да шығар. Алайда, көпке топырақ шашуға тағы да жарамас. Оған мына оқиға дәлел болады. Аузын ашса, жүрегі көрінетін өте ағеден адам. Ғұмыр бойы мал бақты. Зейнеткер атанғанымен, әлі де ата-баба кәсібінен қол үзген жоқ. Шаруа күйттеген жанның себеппен болмаса ауылдан көп ұзамайтыны белгілі. Бірде аяқ астынан бажасы дүниеден озып, жолға шығуға тура келеді. Күздің жауынды күні,  оның үстіне қас қарайған шақ екен. Кемпірі екеуі ілесіп кететін  машина  тосып ұлы жолдың бойында ұзақ тұрыпты. Мезгілсіз уақытта әрі мидай далада көлік кездесе қойсын ба? Бірді-екілі өткендері шал-кемпірге назар аудара қоймайды. Жаурап, шаршаған қариялар үміттерін үзе де бастаған. Кенет… Әудем жерден әдемі, еңселі жеңіл машинаның қарасы көзге шалыныпты. Қымбат бағалы шетелдік көлік екенін пайымдаған Көшекең «Мұндай машина мінген адамның осал еместігі анық. Тоқтай қоймас. Дәмеленбегенім жөн» деген оймен қолын көтере коймайды. Қателесіпті. Дәл жандарына аялдаған машинадан түскен қос жігіт елпілдей амандасып, машинаға отыруларын өтінгенде, мұндайды күтпеген қарттар сасқалақтап та қалыпты. «Өздері мың жасағыр балалар екен. Бізді қаладағы баратын үйімізге дейін апарып салды. Олай етпегенде түн қараңғысында іздеп табуымыз күшке түсетін еді. Ақысын ұсындым. Алмады. Ағыл-тегіл алғысымызды жаудырып жатырмыз. Кейін олардың Мерей мен Медеу есімді ағайынды жігіттер екенін туыстарымнан білдім», – дейді Көшен аға. 
Мүмкін, бұл кейбіреуге әшейін  ұсақ-түйек сынды сезілер. Десе де, барға мастанбайтын дағды нағыз азаматқа тән екені дау туғызбайды. Оған қоса «жалтырады деп жастықты сөкпе, бәріңнің басыңнан өтері сол, қалтырады деп қарттықты сөкпе, баршаның жетер жері ол» деп текке айтылды деймісіз. Қарттарға жасалар әрбір қамқорлықты өскелең ұрпақтың санасына сіңір¬геннен ұтылмасымыз хақ. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Есхожаевтар әулеті ауданға кеңінен танымал, өсіп-өнген шаңырақтың иелері. Атаның қаны, ананың сүтімен дарыған қара¬па¬йымдылық қасиеттерін ту қылған Мереке, Мейрамбек, Мерей, Медеу отбасылық бизнесті дамытып, шағын кәсіпті іргелі шаруашылыққа айналдырды. Ең кереметі ағайынды жігіттердің әрқайсысы бір-бір шаңырақтың арқасүйер отағасы атанғанымен, әлі күнге әкелері Бердібай, аналары Ақжарқынның сөзін екі айтқызып көрген емес. Бұл тағылым түскен жұртының отанасына айналған Айгүл мен Шәрбануға да тән.
Бәкең мен Ақжарқын ана перзенттерінің ғана емес күллі әулеттің ақылшысы, арқасүйер асқар тауы іспетті. Ағайын-туысқа да  сыйлы, көрші-көлемге де құрметті. Олардың бар тілегі – ұрпағы, елі-жұрты, қала берді, жұмыр әлемнің амандығы, бейбіт өмірдің мәңгілік болуы.
Еңбегі жанған әулетМереке іргесін қалаған іс ауқымын бауырлары ұлғайтты. Заман талабына сай мамандықтарды меңгерген ағайындылар нарықтың қатал сынынан сыр бермей өтті. Айтуға ғана оңай. Әйтпесе талай қысталаңды бастан кешіруге тура келген болатын. Қазалы қаласындағы бұрынғы автобазаның орнын алып, жаңғырту, көздеген мақсатқа сай нысан ашу зор күшке түсті. Кеңес заманында атшаптырым жерге орналасқан, жүздеген алуан маркадағы жүк көліктерінен жасақталған автобаза дәуірлеп-ақ тұрды. Сол тұста ауыл шаруашылығында еңбек ететіндіктен аталған ұжыммен тығыз байланысып жүрдік. Автобазаның су жаңа қуатты көліктері алыс сапарларға жиі шығатынын жақсы білетін едік. Кейін оңтайландыру саясатына тап келген автобаза тарап кетті. Үлкен кәсіпорын тіршілігін тоқтатты. Азып-тозған нысанның  кейпі жүректі сыздатты.
Міне, осы шақта Есхожаевтар  сәтті қадам   жасады. Автобаза ғимаратын басқа бағытқа бейімдеуге барын салды. Бұл үшін он миллион теңге шығындалды. Ақыры қаншама қаржы жұмсалып, телегей тер төгілген бейнет өзін ақтады. Нәтижесінде ағайындылардың шағын күріш ақтау зауыты іске қосылды. Қаңыраған аумақ қайта түледі. Зауытқа ҚХР-да шығарылған «МСТР-60» маркалы линия орнатылды. Әр ауысымда сағатына екі  тонна күріш ақтап шығарады. Мұнда түю, елеу, ақтау, тағы басқа жұмыстар атқарылып, дайын өнім алуан өлшемдегі қапшықтарға салынып, әзірленеді. Мерей басшылық жасайтын зауыттың сапалы өнімдері автокөлік және теміржол арқылы Қазақстан, ТМД елдеріне сатылады.
Ағымдағы жылы жеке кәсіпкер М.Есхожаевтың құны 80 млн теңгені құрайтын «Күріш өңдеу цехын кеңейту» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесінен оң қорытынды алып, «Даму» КДҚ арқылы субсидияланды.
Сондай-ақ,  құрылтайшысы Есхожаевтар болып табылатын «Агро өркен» ЖШС-ның қарқыны да көңіл куантады. Серіктестік биыл мың гектар жерге егіс ексе, оның 600 гектарына күріш дақылын сепкен болатын. Шығымдылығы бөтен болған жоқ. Гектарына 43 центнерден өнім жиналды. Диқан қауымның арасында  мол өнімді  білікті маман, жаңа техника қалыптастырады деген жазылмаған ереже бар. Бұл тұрғыда Есхожаевтардың айы оңынан туған. Олай дейтініміз, шаруашылықты жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларымен қамту тұрақты назарға алынған. Зауытта, серіктестікте көптеген  адам тұрақты жұмыс жасап, отбасын асырауда.
Адал еңбектің өтеуі абыроймен аталып өтері аян. Бір мезет Мерейдің бағындырған белестеріне ой жүгіртсек. Ол облыс әкімдігі тағайындаған «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», «Өнім өндіру  және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік өнім өндіруші» аталымдарының, бірқатар құрмет грамоталары, диплом, Алғыс хаттардың иегері.
Біз білетін Есхожаевтар ауданның мәдениеті мен спортын дамытуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жәрдемдесуді азаматтық парызы есептейді. Талап оң болсын, береке қонған әулет.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз