ЕҢБЕК ЕТКЕНДІ ЕЛ ҚҰРМЕТТЕЙДІ

94

0

Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысын бүгінгі кейіпкеріміздің есімімен
байланыстырып жатамыз. Олай болуы заңды да. Өңірімізде үшінші сектордың пайда болуында,
оның қалыптасуына Дариха Ақмағамбетқызының
еңбегі зор. Еңбек дегеннен шығады, кейіпкеріміздің бүгінге дейінгі
мемлекеттік, одан кейінгі қоғамдық салада қызмет атқарған жылдарын қосқанда
барлығы елу жылға жуықтайды. Ендеше,
Азаматтық Альянс құрылып, жұмыс істеп келе жатқан соңғы сегіз жыл апайдың еңбек
өтілінің азғантай ғана бөлігі болып
шығады. Кейінгі жас ұрпақ болмаса, аға ұрпақ өкілдері бұл жағдайдан
толық хабардар. Олай деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, Дариха
Ақмағамбетқызы бірнеше ондаған жылдардан бері жұртшылықтың көз алдында келе
жатыр. Десек те, ол кісінің өмір жолына қысқаша шолу жасап кетелік.

Арал ауданының Бөген ауылындағы орта мектепті 1960
жылы бітіріп, сол жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология
факультетінің студенті атанады. Төрт жылдан кейін орыс тілі және әдебиеті
пәнінің мұғалімі атанған ол министрлік жол­дамасымен Шымкент облысының Сайрам
ауданына орта мектептің мұғалімі болып ең­бек жолын бастады. Екі жылдан кейін
Қы­зылордаға қайтып оралғанда бірден ком­сомол қызметіне шақырту алады. Осы­лайша
1966-1973 жылдары Сырдария ау­дан­дық
комсомол комитетінің хатшысы, об­лыстық комсомол комитетінің бөлім мең­герушісі,
хатшысы қызметін атқарды. Алғырлығымен, белсенділігімен көзге түскен жас кадрды
об­лыстық партия комитеті өз шешімімен 1973 жылы Алматы партия мектебіне оқуға
жібереді. Оны 1975 жылы үздік бітірген Да­риханы жергілікті басшылық Қызылорда
қа­лалық партия комитетінің нұсқаушысы қыз­метіне тағайындайды. Міне, осыдан
кей­ін қызмет жолы облыстық партия ко­ми­тетінде нұсқаушы, Жалағаш партия ко­ми­тетінің
екінші хатшысы, Қызылорда об­лыс­тық партия комитетінің инспекторы, Қы­зылорда
партия комитетінің хатшысы бо­лып жалғасты. Еліміз тәуелсіздікке ие бол­ған
жылы Қызылорда қаласы әкімінің орын­басары еді. Ол кез туралы Дариха Ақ­мағамбетқызы
былайша еске алады.

Әрине, әрбір қазақстандықтың тағ­дыры өз елінің
тағдырымен сабақтас бо­лып келеді. Менің де тағдырым солай. 1992 жылы қала
әкімінің орынбасары бо­лып бекітілдім. Бұл үлкен өзгерістер уақы­ты еді. Барлық
нәрсе – қарым-қатынас, мем­лекеттік органдардағы жұмыс тәсілі, ең бастысы,
құндылықтар, идеалдар, адам­дар­дың сана-сезімі, көзқарасы өзгеріп жат­ты.
Өйткені, тұрмысымызға нарықтық қаты­настар ене бастады, адамдар үшін басты құн­дылық
ақша, материалдық байлық бол­ды. Ал, коммунизм құрылысшыларының мо­ральдық
кодексімен тәрбиеленгендер үшін бұны қабылдау өте қиынға соқты. Бұл жағдайда
бізді жігерлендірген нәрсе Қа­зақ­станның тәуелсіз ел атануы еді. Елі­міздің
өзге мемлекеттер секілді әлемдік қау­ымдастықтың тең дәрежелі мүшесі болуы
қанаттандырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың ұлы державалар бас­шыларымен
тең жағдайда кездесулер өт­кі­зіп, әлемдік проблемалар бойынша ма­ңызды
шешімдер шығаруға атсалысқанын кө­ріп бойымызды мақтаныш сезімі кернеді.
«Тәуелсіздік» деген сөздің ұғымына терең бой­лаған сайын ерекше рухани сезімге
кене­леді екенсің.

Өтпелі кезеңнің өзіндік қиындықтары жет­кілікті еді.
Үлкен өндірістік орындар жұ­мыс­тарын қысқартты, тіпті тоқтап қалды. Об­лыс
орталығындағы белгілі кәсіпорындар – тігін фабрикасы, ЦКЗ, тоқылмайтын ма­та­лар
комбинаты, құрылыс мекемелері жа­былды. Жұмыссыздар саны артты. Зейнетақы
кешеуілдеп жатты. Бюджеттік мекемелер қыз­меткерлері бірнеше айлап жалақы көр­меді.
Осындай қиындықтар болып жатса да халық шыдамдылық таныта білді. Толқулар,
шерулер болған жоқ. Ерте ме, кеш пе бұл қиындықтар шешімін табатынын түсінді.

Кейіпкеріміз сол уақыттағы тұрғындар­дың белсенділігін
жылылықпен еске ала­ды. Партиялар, қоғамдық ұйымдар құры­лып жат­ты.
Қоғам мүшелерінің табан­дылы­ғы­ның арқасында республикада мем­ле­кет­тік тіл
туралы, яғни Қазақ тілі ту­ра­лы заң қабылданды. Заңға сүйеніп, қа­зақ тілі
мәртебесін қөтеру бағытында көп жұмыстар жасалды. «Қазақ тілі» қо­ға­мы
құрылды. Көше атаулары өзгер­тіліп, оларға тәуелсіздігіміз бен ұлттық
құндылықтарымызға, ана тілі­мізге байланысты жаңа атаулар берілді. Ең алғаш
Восстание көшесі 1968 жылғы желтоқсан
оқиғаларына байланыстырылып, Желтоқсан болып аталды. Одан кейін Войтинцев атауы
Бостандық болып ауысса, Коммунистік даң­ғылына Абай есімі берілді. Ал оған
дейін ұлы тұлғаның есімімен қысқа бір көше ғана аталған еді.

Мерекелер де жаңаша аталып өте бас­тады бұл уақытта.
Наурыз, 1 мамыр мере­кесі нағыз халықтық мерекелерге айналды. Оларды атап өтуге
қала әкімдігінен мар­дым­сыз ғана қаржы бөлінетін. Мәселен, 1993 жы­лы Наурызды
атап өтуге бар болғаны 17 мың теңге бөлінді. Әйтсе де, мерекені кең көлемде
атап өтуге тұрғындардың өздері бел­сене атсалысты, кәсіпкерлер қөмегін көр­сетті.
Міне, осындай қызық та қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмыстар Дариха Ақ­мағамбетқызының
тікелей басшылығымен жүзеге асып жататын.

Дариха апаймен кездесер алдында осы жолдардың авторы
ол кісі туралы біраз ақ­параттар жинастырған болатын. Сонда об­лыстық әйелдер кеңесін басқарған
кезінде олар­дың қоғамдағы, билік органдарындағы мәр­тебесін көтеру бағытында
көп нәтиже­лер­ге қол жеткізгенін естіп білдім. Мәселен, 1999 жылы өткен
баламалы сайлау қарсаңында «не­ге әйелдер сайлауға түспеске?» деген мә­селе
көтереді. Депутат әйел қоғам үшін ер адамдардан артық болмаса кем пайда әкел­мейді.
Осылайша, облыстық әйелдер кеңе­сінің шешімімен қыз-келіншектер өздерінің
кандидатураларын Парламентке, облыстық мәслихатқа ұсына бастады. Оған дейін
облыстық мәслихатта әйел де­пу­таттар бірлі-жарым болса, Пар­ламентте Сыр өңірінен нәзік­жандылар
өкілдері жоқ еді. Сол жылы сайлауда Парламентке Қы­­зылорда облысынан Бақыт Кө­пенова,
ал облыстық мәсли­хаттың депутаты болып алты әй­ел сайланды. Солардың бірі об­лыстық
әйелдер кеңесінің төр­айымы еді.

Кейіпкеріміз мемлекеттік қыз­меттен 1997 жылы күш-қуа­ты
мен тәжірибесі молайған ша­­ғында кеткен еді. Көпшілікті бұл жағдайдың себебі
қызық­ты­рары анық. Ол туралы Д.Ақ­ма­ғамбетованың өзіне сөз берейік.

Мен 1992-1996 жылдар ара­лығында қала әкімінің орын­басары
қызметін атқар­дым. Ол жылдары марқұм Әб­діржан Қалыбаев, одан кейін Жа­рылқасын
Шәріпов қала бас­шысы болды. Қаланы бас­қа­ру оңай емес еді. Қала бюд­жетінің
мүмкіндігі өте аз. Бі­рақ соның өзінде қалада бірде-бір мектеп жа­былған жоқ.
Тек типтік емес ғимаратта ор­наласқан
бір-екі бала бақша жабылды. Ол уақытта мектепті, бала бақшаны жабу де­ген
ақылға сыйымсыз нәрсе болатын. Ондай жағдайлар бізден кейін оңтайландыру ке­зе­ңінде
басталды. Жаңадан салынған, тип­тік ғимаратта орналасқан, балалар үшін бар­лық
жағдайлар қарастырылған бақшалар жа­былып жатты. 1997 жылдың басында қа­­ла
басшысы ауысты. Ол кезде өзінің ко­ман­дасымен жұмыс істеу қалыптасты. Мен жаңа
командаға енген жоқпын, сол се­бепті ҚМУ жанындағы «Қабілет»
мектеп-гимназиясының директорлығы лауазымы ұсынылды. Мен ол ұсынысты қабыл алға­ныма
өкінбеймін. Ол тәуелсіздік кезінде жа­ңа типте ашылған алғашқы ақылы білім
ошақтарының бірі болатын. Тоғыз жылдай басшылық жасаған кезімде мектеп
жылдан-жылға дамып, білім беру жүйесінде
лайықты орнын тапты.

«Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» ассоциациясына
басшылыққа кел­генде Дариха Ақмағамбетқызының қоғамдық жұмыстардағы тәжірибесі
де молайған шағы еді. Оған дейін Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының, одан
кейін облыстың әйелдер кеңесінің төрайымы болды. Сол қоғамдық жұмысты атқарып
жүріп 2005 жылы Қазақстанның ІІ Азаматтық форумына делегат болып барды. Сол
форумда Елбасы ұсынысымен Қазақстанның Азаматтық Альян­сы құрылды Ондағы басты
мақсат елі­мізде азаматтық қоғам ұйымдарын құ­рып, үкіметтік емес ұйымдардың
жұмы­сын үйлестіруді көздеді. Көп ұзамай, 2006 жылдың қаңтарында «Қызылорда
облы­сы­ның Азаматтық Альянсы” құрылды. Оның басшысы жаңа әрі қызықты, ең бастысы, қо­ғамға қажетті бағыттағы
жұмысқа да әдет­тегідей жанын сала кірісіп кетті. Жалпы, Аза­маттық Альянс
билік пен халықтың ара­сын байланыстыратын, әлеуметтік салада әріп­тес ретінде
үкіметтік емес ұйымдардың жұ­мысын үйлестіретін құрылымдардың бі­рі. Осы жылдар
аралығында «Қызылорда об­лысының Азаматтық Альянс» ассоциациясы өңірдің
қоғамдық-саяси кеңістігінде өз ор­нын тапқан, қоғам тарапынан толық мой­ындалып,
қалыптасқан құрылымға ай­налды. Жыл сайын Қы­зылорда облысының әкім­ді­гі,
«Қызылорда облы­сы­ның Азаматтық Альян­сы және «Игілік» корпоративтік қо­ры
арасында өзара ынты­мақ­тастық пен әріптестік ме­морандумдарына қол қойы­­лып, соның нәтиже­сін­де көп­те­ген жұмыстар
атқарылып келеді.

Аймақтың азаматтық қо­ғам инсти­тут­­тарының ықпалымен
Сыр елін­дегі көп­­теген өзекті мәселелер оң ше­шімін тап­ты. Қысқасы,
үкіметтік емес ұй­ым­дар об­лыстың еңсесін тіктеп, қарышты қа­дам­мен дами
түсуіне сүбелі үлесін қосып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда облысының ассоциациясының жұмысын бү­кіл
республикаға үлгі етіп, басқа өңірлерді осылай жұмыс істеуге шақырды. Әрине,
бұл жетістіктерде Дариха Ақмағамбетқызының лайықты үлесі бар екені белгілі.

Міне, осындай нәтижелі жұмыс атқарып келген Дариха
апамыз ассоциацияның жұ­мысын өткізді.
Азаматтық Альянс жұмысын қабылдап алған Әлима Әбдіқалықованың жұ­мысты жаңа
деңгейге көтеретініне сенімі мол.

Ендігі уақытты
өзіме арнағым ке­­­­ле­­ді, – дейді бұл жөнінде ол бізбен әң­гіме
барысында, – балаларыммен мен не­ме­релеріммен бірге болып, қалаған ісім­мен
айналыссам деймін. Аллаға шүкір, өт­кен өміріме өкінбеймін, бақытты ғұмыр ке­шіп
келе жатқан жандардың бірімін деп есеп­теймін.
Қызылордаға рахмет айтамын. Мен осы қалада барлық мүмкіндіктерімді
жүзеге асыра алдым деп санаймын. Осында білім алдым, қызметке араластым. Жақсы
азамат кездестіріп, отбасын құрдық. Жолдасым Ақ­мұрат Мадияров құрылыс
саласында бас­шылық қызметтер атқарды. Ұлым, қызым жә­не бес немерем бар. Ел
үшін, қоғам үшін ет­кен еңбегім еленді. Үш медаль, Қазақстан Республикасының
Құрмет Грамотасы, Пре­зи­денттің Алғыс хаты, «ҚР білім беру ісі­нің құрметті
қызметкері» белгісі, облыс әкімінің «Үздік азаматтық қоғам өкілі» но­ми­нациясының
берілуі соның айғағы. Тәу­елсіздік алғаннан бері әйелдер арасында ал­ғашқы
болып «Қызылорда қаласының Құр­метті азаматы» атағына ие болдым. Рес­публиканың,
облыстың қоғамдық ісіне ара­ласа жүріп,
көптеген маңызды шараларға, съез­дер мен форумдарға қатыстым. ҚР Пре­зидентін
ұлықтау шарасына қатысу құрметіне ие болдым. Облыстың бүгінге дейінгі барлық
басшылары сыйлап құрметтеді, жұмысыма әркез қолдау жасап отырды. Сол үшін
бәріне рахмет айтамын. Азаматтық Альянсқа
қа­расты барлық ҮЕҰ өкілдері шығарып салу рә­сімін жасап, сый-құрмет
көрсетті. Оларға ізгі тілектерімді арнаймын.

Дариха Ақмағамбетқызының бұлайша ше­шіліп сөйлеуінің
өзіндік сыры бар. Өйт­кені, Астана
қаласына қоныс аударып бара жатыр.

Қызылордамен байланысты үзбей­мін, келіп тұрамын.
«Отау ТВ» арқылы және басылымдардан Сырдағы жаңалықтардан хабар­дар болып
отырамын. Осы елдің тілеуқоры бола беремін.

Біз де өз кезегімізде Дариха апайға ақжол айтып, қайда
жүрсеңіз де аман болыңыз, ағай екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызығын кө­ріңіздер
деген тілегімізді жеткіздік.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз