ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН ЕР–АНА

79

0

ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН ЕР–АНА

Біз Балдырған екеуміз бір ауылданбыз. Тереңөзек ауданында
Айнакөл, Жаңарық деген ауылдар біздің ауыл еді. Оның ата-анасы мен менің
ата-анамның төрт түлігі қоралас,
бала-шағасы аралас бір ауылда өмір сүрген адамдар. Әкесі Жанкелдиев
Мұстафа ерте дүниеден өтіп кеткен. Анасы Балайды көрдім, есімде қалғаны, ол
кісі өте шебер, он саусағынан өнері тамған кісі еді. Апасы Рабиға мен ағасы
Алпамысты да білемін. Алпамыс бұрынғы Жаңарық, қазіргі Қараөзек ауылында
тұрады, балалары, немерелері бар. Апасы Рабиға 10 бала тәрбиелеген Батыр ана
еді.

Балдырғанның
балалық шағы сол замандағы бәріміздің балалық шағымыз сияқты ауыр уақытта өтті.
Елдің басына түскен барша қиындық, Ұлы Отан соғысының зардабы оны ерте еңбекке
араласуға мәжбүр етті. Ерте есейді, қалай болғанда балаларды жеткіземін деген
ана арманының орындалуына әлі келгенше демеу болды.

1963 жылы
Оразбай мен Бал­дырған сол кездегі Қазақ ССР-ның 50 жылдығы атындағы, қазіргі
Н.Ілиясов атындағы кеңшарға кө­шіп келіп, күріш екті, осы жерде біз тағы
кездестік. Бірі диқан –ме­ханизатор, бірі күрішші болып абыройлы еңбек етті.

1970 жылы
отбасымен Шір­кейлі кеңшарына қоныс аударып, диқаншылықты әрі қарай
жалғас­тырды. Бұл шаруашылықта күріш егуді 1971 жылдың көктемінен бас­тады.
Міне, осы көктемнен бас­тап Балдырғанның Шіркейлі шаруашылығындағы қысы-жазы
бір толастамайтын бейнеті мен зей­неті қатар жүретін қарбалас еңбек жолы
басталды. Жолдасы Оразбай 40 жасында кенеттен дүние салып, бес баламен жесір
қалды. Халықта «далаға барып ат ойнатқан, үйге келіп құрт қайнатқан» деген сөз
бар ғой, Балдырған жұмыс басында, кетпені қолында, күндіз-түні бір тынбай еңбек
етсе, үйге келген соң балаларының бабын жасап, олардың отбасын құруына, оқып,
білім алуына, азамат болып өсуіне бүкіл өмірін арнады. Мен ол кезде аудандық
комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, Тереңөзекке қоныс
аударғанмын. Шіркейлі кеңшарында аудандық партия комитетінің өкілі болып әр
саладағы жұмысына араласамыз. Балдырғанның көктемде күріш тұқымын сепкеннен
бастап, күрішті балаша мәпелеп, жаздың аптап ыстығында басын орамалмен орап
алып, иығында кетпен күріштіктің арасында жүргенінің, күзде егін жинауда
комбайнның алды-артында бір десте алтын дән үшін арпалысып жүргенінің талай
куәгері болдым. Осы күнге дейін Балдырған менің жадымда сол көріністермен қалып
қойды.

Жазбаның басында
Балдыр­ған­ның оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмағанын айтқан бо­ла­тынмын,
енді оның білім оша­ғы, университеті де өмірдің өзі болды. Диқаншылық кәсіп оны
шыңдады, жеңіске ұмтылдырды, із­деніске жетеледі. Шіркейлі кең­шарының озат
күрішшілері Қы­дырқожа Майлықожаев, Орын­күл Сүлейменова, Орынбек Ахме­товтердің
диқаншылық мектебінен үйреніп, көп ізденді, егіншіліктің ғылыми жетістіктерін
көңілге тоқып алуға тырысты. Күрішті сепкеннен бастап, пісіп-жетілгенше
атқарылатын агротехникалық шараларды бұлжытпай орындауды өзіне басты міндет
етіп қойды және дер кезінде берік сақталуын қамтамасыз етті. Осындай үйде де,
түзде де тынымсыз еңбек, ізденіс, маңдай тер, табан ет, науқан кезіндегі
аласапыран қарбалас, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей өткізген көктемдер мен
алтын күздер өз нәтижесін бере бастады. Жыл сайын 60-70 центнерден кем емес
өнім алынып жүрді. Енді ең жоғары өнім үшін күрес басталды. 1971-1988 жылдар
аралығында 60-70-100 центнерден өнім алды. Өз звеносына жас күрішшілерді
қабылдап, енді өзі де жастарға тынымсыз еңбекпен жинақтаған тәжірибесін
үйрететін болды. Сол кездегі өзінің айтуы бойынша, қойын дәптеріне көктемде қай
күні тұқым себілді, суға бастырылды, кейін қай күні тыңайтқыш берілді бәрін
жазып жүреді екен де, келесі жылы сол жерге күріш егетін болса, бұрынғы жазған
мерзімдерімен салыстырып отырады екен. Осындай ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі,
алған жоғары өнімі үшін мемлекет тарапынан жоғары марапаттарға ие болды.

Совет Одағы
Жоғарғы Кеңе­сінің 13 желтоқсан 1972 жылғы Жарлығымен «Еңбекте үздік шық­қаны
үшін» медалімен, 1974 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1976 жылы Ле­нин орденімен
марапатталды. «Шір­кейлі» кеңшары, оның ең­бек­шілері, еңбек озаттары үшін
оныншы бесжылдық өсу-өркендеу, экономикалық-әлеуметтік жағы­нан даму жылдары
болды, ал күрішші Балдырған үшін 1981 жыл жұлдызды жыл болды. Осы оныншы
бесжылдықтың қоры­тын­дысы және көп жылдар бойы жемісті еңбегі, өзіне
бекітілген кү­ріштің әр гектарынан 103,6 цент­нерден өнім алғаны үшін Бал­дырған
Мұстапаева 1981 жылғы 19 ақпан айында Социалистік Ең­бек Ері атағын алып,
«Алтын жұлдыз» және Ленин орденімен ма­рапат­талды. Бұл қарапайым еңбек ада­мы
Балдырған үшін көп жылғы бейнетінің зейнеті болды, жұлдызы жанды, басына бақ
құсы қонды.

12 наурыз 1984
жылы «Тың жерлерді игергені үшін» ме­да­лімен, Бүкілодақтық халық ша­руашылығы
жетістігі көрмесінің (ВДНХ) 20 наурыз 1985 жылы ал­тын, 6 мамыр 1988 жылы кү­міс
медальдарын алды. Ауылша­руашылық өндірісінде көп жылдар бойы жемісті қызмет
атқарғаны және қоғамдық өмірге белсене қа­тысқаны үшін Қазақ ССР Жоғарғы
Советінің Президиумы 1989 жыл­ғы 28 февральдағы Указы бой­ынша Қазақ ССР
Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталды. Қазақстанның «Ал­тын
кітабына» жазылды. Мі­не, жоғарыда аталып кеткен ма­рапаттардың бәрі
күндіз-түні, жатпай-тұрмай еткен еңбектің еленгені, өз отбасын, елін, жерін,
ұлтын сүйген қарапайым қазақ қы­зының елінің дамуына қосқан үлесінің бағалануы.
Әрине, Бал­дыр­ғанның осындай биікке көте­рілгеніне, абыройының асқақ бо­луына,
Еңбек Ері атануына өмір сүрген, еңбек еткен орта­сы, «Шіркейлі» ауылының тұр­ғындары,
еңбектес аға-апалары, іні-сіңлілері, өзінің звеносы, бри­гадасы, өндіріс
жетекшілері, бі­лік­ті мамандар, партия, кеңес, комсомол ұйымдары, сол кездегі
кеңшар директоры, білікті басшы Жаңабай Азаматов қолдау көрсетті. Ынтымағы
жарасқан ұжым, ауызбірлігі бар ел ғана осындай өз азаматтарын биікке көтере
алады. Балдырған тек қана егіншілікпен айналысып қойған жоқ, қыс кезінде
диқандар демалатын уа­қыт­та сауынға араласып, көмегін көрсететін, қоғамдық
жұмыстарға араласатын.

Балдырған
Қазақстан Компар­тиясының ХІV-ХV съездеріне делегат болып қатысып, Орталық
партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланды, облыстық пар­тия комитетінің
бюро мүшесі болды. Осындай жоғары дәрежелі қоғамдық қызметтердің арқасында ол
белсенді қоғам қайраткері дә­режесіне көтерілді. Қазақстан Компартиясы Орталық
комитеті пленумдарына, облыстық партия комитетінің бюроларына қатысып, онда сөз
сөйлеп ауданды, облыс­ты толғандыратын өзекті мәсе­лелері туралы ұсыныстар
жасады, орындалуына үлес қосты. Сыр елінің экологиясы, су шаруа­шы­лығы, жол
салу, тұрғын үй құ­рылысы жайлы мәселелер қозғады.

1983 жылы
Вьетнамда Қазақ­стан Республикасы күндері өтіп, осы делегация құрамына Бал­дырған
Мұстапаева енген. Ол кісіні таңғалдырған нәрсе бұл елдің егіншілерінің
еңбеккештігі, жерді, суды соншалық бағалайтындығы, техника жоқ, бәрі қолмен
атқарылады екен. Әркім өз учаскесінде өсірген егісін өздері жинайды, жалғыз аяқ
жолдан басқа бос жер жоқ – бәрі егістік. Вьетнамның негізгі дақылы күріш
болғандықтан, бұл елде Балдырған осы дақылды өсіру технологиясын зерттеп, өзі
де Сыр еліндегі күріш егісінің өсіру тәсілі, алынған өнім туралы тәжірибесін
ортаға салды. Олар Балдырғанның сөзін үлкен ықыласпен тыңдапты.

Балдырғанның
Еңбек Ері Алтын жұлдызын, басқа да наградаларын көріп, оның бәрін күріш егіп ал­ғандығын,
диқан еңбегінің осы­лай бағаланғанын көріп, өте таң­даныпты, аса ықыласты құр­мет
көрсетіпті. Бару-келуін есеп­тегенде Балдырған Вьетнам елінде 1 айға жуық
болған. Онда күріш егетін бір шаруашылық 94-200 гектар ғана күріш егеді екен,
ең жоғарғы көрсеткіші 40-50 центнер, оның себебі техника, тыңайтқыш т.б.
қажетті жағдайлар жетіспейді, бірақ жылына 2 рет егіп алады, еңбек тәртібі
жоғары деңгейде.

Балдырғанның өз
сөзімен айт­­қанда бауырлас елдің күріш өсірудегі ауыр еңбегін көргенде сол
кездің өзінде біздің елде егіншілерге жасалып жатқан жағдайда жоғары өнім
алмауымыз ел алдындағы парызымызды өтемеумен тең. Ал бүгінгі тәуелсіздік алған,
нарықтық экономика, жаңа технология зама­нында, жаңа инновациялық-ин­дуст­риалдық
жобалар жүзеге асып жатқан заманда ерінбей еңбек етіп, жоғары дәрежеге жетпеу
үлкен күнә. Сондықтан да ел Президенті «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам»
атты стратегиялық ма­қаласында «еңбектің – әлемнің әмір­шісі» екенін есімізге
салып, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргендерді адал еңбекке қайта
шақырып, көңілден кетіп, көзден таса болған еңбек адамдарының есімін қайта
жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін
беруді қадап айтты. Сондықтан да біз бүгін өзінің тынымсыз еңбегімен елге
танымал болған, еңбектің ауыр бейнеті мен зейнетін көрген ер Балдырған
Мұстапаеваны еске түсіріп отырмыз. Бұл заманда терең білім де, ғылыми еңбек
қорғау да, мемлекеттік қызмет атқару да, барлық салалар бойынша кәсіби маман
болу да үлкен еңбекті қажет етеді, сондықтан да біз жастарға ерінбей еңбек
етсең, ер атандырады, бақытқа бөлейді, абырой, атақ әпереді, бақ-дәулет басыңа
қонады демекпіз.

Балдырған өзінің
30 жылға жуық диқаншылық еңбегінің, мемлекет тарапынан алған жоғары
атақтарының, белсенді қоғамдық қызметінің арқасында көптеген қазақтың маңдайына
біткен жақ­сылары, жайсаңдарымен та­ны­сып, араласып, олардың жақ­сы­лығын
шапағатын көрді. Со­циалистік Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдызды» Дінмұхамед
Ахметұлы Қонаевтың қолынан алып, қабылдауында болды. Қазақстан Компартиясы
Орталық комитетінің пленум мүшесі болғанда пленум отырыстарында
Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп жүрді, жоғарыда айтылып кеткен Вьетнам еліне барған
жылы ол кісімен сапарлас болды. Екінші рет 1986 жылы облысқа ресми сапармен
келгенде Шіркейліге келіп, егіс алқабын көріп, Балдырғанмен жүздесті, үйіне
түсті. Осы сапарда Балдырғанның үлкен келіні Мар­жан босанып, немересінің атын
ол кісінің рұқсатымен Нұрсұлтан қойды. Осыдан кейін Елбасы об­лысқа іссапармен
келген сай­ын Балдырғанмен, немересі Нұр­сұл­танмен кездесіп тұрды, ер­жет­кенде
өзі оқытатынын айтып, оған ерекше назары түсті, батасын бер­ді. Нұрсұлтанның 5
жасында, 15 жасында,
студент болған кез­де де кездесті. Сол Нұрсұлтан жо­ғары оқу орнын бітірді,
қазіргі уа­қытта облыс әкімдігінде қызмет атқарады, келешегінен үміт күте­тін,
атақты, ардақты әжесінің сені­мін ақтай алатын азамат болып өсіп келеді.

Кеңес үкіметінің
кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары болған И.Әбдікәрімов,
Т.Есетов, Е.Әуел­беков, С.Шаухаманов, ҚР тәу­елсіздік алған кезеңдегі облыс
әкімдері Б.Сапарбаев, С.Нұрғисаев, И.Адырбековтер Балдырғанды еңбек майталманы
ретінде қабылдап, құрмет көрсетіп отырды. Бұрынғы Тереңөзек ауданы, қазіргі
Сырдария ауданын басқарған ардақты азаматтар Қ.Қазантаев, Е.Көшербаев,
Н.Ергешбаев, М.Аб­д­­разақов, Ж.Ергешбаев, Ә.Хож­бановтар Балдырғанды ерен
еңбегі үшін ерекше құрметтеп, аудандағы барлық игі істерге қа­тыстырып отырды.
Ал Бал­дырғанның өзі осындай еңбек жетістіктеріне жеткені үшін Шір­кейлі
ауылының орнын ерекше атап, Қ.Майлықожаев, Орынкүл Сүлейменова, Орынбек
Ахметов, К.Әзбергенов, тағы басқа аға буын еңбек майталмандарынан диқаншылықты
үйренгенін ай­тып, ризашылығын білдіріп оты­ратын, Бексұлу Синаева, Келдібай
Дүйсенбаев, тағы басқа өзімен қатар еңбек еткен, жастары кіші болғанмен, үлкен
жетістікке жет­кен әріптестерін мақтан тұтатын, егіншілікке жаңа келіп жатқан
жастарды қамқорлығына алып, жинақтаған тәжірибесін үйрететін.

Балдырған «барға
береке» дейтін, қанағатшыл, қарапайым еді, ешуақытта «менің еңбегім бар еді,
батыр едім, маған үй керек, машина керек» деп ешкімнің есі­гін қағып, берекесін
алған кісі емес. Социалистік Еңбек Еріне берілуге тиіс жеңілдіктердің өзін
толық пайдалана бермейтін, ба­ла­ларын да солай тәрбиеледі, бар­лық жақсылыққа
еңбекпен жететіндіктеріне көздерін жеткізіп отырды. Өзінің барлық көрген
жақсылықтарына еңбекпен жеткен­дігі жөнінде: «Әкеден ерте қалған үш жетім
баланың біреуі едім, алдыңғы қатарлы азамат санатына қосқан елімнен айналайын»,
– деп отыратын.

Қосағынан ерте
айырылған Бал­дырған ошағының отын маздатып, 3 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, оқытып,
әрқайсысының өзі қалаған маман иесі болуына мүмкіндік жасады, бір сөзбен
айтқанда, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, аналық парызын абыроймен өтеді.

Балаларын
жетілдірген соң немерелердің тәрбиесімен айна­лысты. Қазір Балдырғанның 5
баласынан 22 немере 21 шөбере өсіп келеді, олар әжесінің өмірінің жалғасы,
артында ұрпағы бар деген осы.

Балдырғанның
тағы бір ерек­шелігі мінезге бай еді. Көптеген жылдар бойы араласып, түрлі ор­тада
кездесіп жүрсек те, қанша өмірдің қиындығын, бейнетін көрсе де, бір қабағын
шытып, қатты сөйлегенін көрген емеспіз. Ашық, жарқын күліп жүретін, бүкіл Сыр
бойында, республикада оны білетіндердің осы уақытқа дейін есінде қалғаны,
Балдырғанның әдемі ғана жымиып тұратыны, ол айналасына нұр шашып, адам
тартатын, қолынан келгенінше ша­пағатын тигізетін. Жылап жат­қан, болмаса, сәл
суық тиіп ауырып қалған сәбиді қолына алып, сипағанда жылағанын қоя қойып, жаны
жай тапқанын талай өз көзіммен көрдім.

Балдырғанның
өмірден өтуі де ғажап болды. Төсек тартып жатпай-ақ, жаны қиналып аурудың
азабын тартпай-ақ, теледидарға түсіріп алуға келген журналиске сұхбат беріп,
өзінің еңбектес дос­тары, елі, жері жайында, ауы­лын, ауданын басқарып, еңбек
адамдарына жағдай жасап жүрген басшы азаматтар туралы тебірене айтып отырып,
өмірден өтті.

Балдырғандай
парасатты, ізгі­лікті, мейірімді, атақты адамның дүние салғаннан кейін екінші
өмірі басталды. 2014 жылдың маусым айының басында Социалистік Еңбек Ері
Балдырған Мұстапаева 75 жасқа толды. Дүниеден өтке­ніне 8 жыл толса да, Ердің
есімін мәңгіге қалдыру жөнінде ешқандай қадам жасалмағаны өкінішті-ақ. «Ештен
кеш жақсы» дегендей Бал­дырғанның туған күнін, дүниеден өткен күнін қанша рет
еске алса да, ол туралы естелік жазса да, есімін мәңгіге қалдырса да, артық
болмайды, өйткені оның елге еткен еңбегі өнеге, жас ұрпаққа ұлағат, осыны естен
шы­ғармағанымыз абзал.

Алмагүл
БОЖАНОВА,

Сырдария
ауданының құрметті азаматы,

«Ұрпақтан
ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз