ЕЛ АУЗЫНДАҒЫ ЕР МІНЕЗ немесе Муфтулла Дабылов туралы сыр

246

0

  

Қызметін қанша бір жерден біліктілікпен атқарып жүрсе де жұрт назарынан таса қала беретін талай кісіні көрдік. Өйткені олар сол қызмет бабынан әрі аспайды. Тапсырманы орындайды, тәртіп бұзбайды, өзгенің мүддесіне өз жанынан қосатын қолқайыры болмайды. Біз айтқалы отырған адам олардан мүлде бөлек. Ерекше, еркін, елшіл, көптің мұқтажын жеке қажетінен жоғары қоятын жан. Әсіресе оның туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігі әркімде жоқ бір биіктік. Жолығысқан адамының жадында қалып қоятын жақсы қасиеттері бір төбе.

* * *

Муфтулла келіпті дегенде елең ете қалдым. Аралға келіпті дегенін неше мәрте естісем де, кездесудің бір сәтін түсіре алмағанмын. Поездан түсе табаны жерге тиісімен дүние есігін ашқан қасиетті мекені Ауан мен Ақбастыға тартады екен. Ата-ана, аруақ қонған бабалар басына тағзым етіп, құран оқиды. Сосын теңіздің төсінде солығын басып, ақ толқындардың жалына алақанын төсеп, моторлы қайықпен зырылдап жүреді дейді. Тіпті жора-жолдастарының жайған дастарханынан нан ауыз тигені болмаса, жантайып жатуға уақыт таппайтын көрінеді.

Сол Муфтулла «Пай, пай, көк теңізімнің саф ауасы-ай, көкем көзін жүздірген айдын шалқарым-ай!» деп рахат күйге мас болып келе жатса, толқындардың үстінде керегесі керілген алты қанат ақ үй қалқып жүр екен. Жағада емес, тура көк теңіздің төрінде.

 – Ау-у, бұл не ғажап?! – деп қайықтан түсе қалып, ішке енсе, төсек жаюлы, қазан асулы, сазан балығының сорпасы бұрқ-бұрқ қайнап жатыр.

– Ә-ә, қолға түстің бе? – деп су астына жасырынған Қорғанбек Едігеев құрдасы шыға келіп, ой-хой, құшақтары айқаса кетіпті…

Бұл бір ел аузында жүрген әңгіме. Ел-жұрт осылайша жақсы көрген адамын аңыз кейіпкеріне айналдырып жібереді.

* * *

Ал, сонда мұншама құрметті Муфтулла Дабыловты кім дейсіз ғой?

Өзімізге мәлім өмірбаянын айтып өтейік. Ол – ақбас Аралдың қиян түбегіндегі Ауан-Ақбасты топырағының тумасы.  Жас кезінде Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. Әскер қатарында болып келген соң, яғни, 1964 жылы Алматы үй құрылысы комбинатына мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, ауызша «Нархоз» деп аталатын ауылшаруашылығы институтының кешкі бөліміне оқуға түскен. Күндіз жұмыста, кешкілік студент. 1970 жылы «Нархоздан» экономист деген диплом алып шыққан. Сонан соң Алматы үй құрылысы комбинатына мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Комбинаттың есігінен кіргеннен-ақ қоғамдық іске белсенділігі танылған Муфтулла 1968 жылы комбинаттың бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына, 1975 жылы партком хатшысының орынбасарлығына, 1979 жылы кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайланады. Сапалы жұмысымен, салиқалы мінез-құлқымен көзге көрініп, қызметінде сатылап көтерілген ол 1985 жылы комбинат директорының бірінші орынбасарлығына тағайындалады. Нарық заманы келіп, үлкен комбинат екіге бөлінгеннен бері де М.Дабылов сол баяғы вице-президент қызметінде болды.

Көрдіңіз бе, сөйтіп бөтен ортаға түстім демей, ақыл-парасатымен алға шығып, талғам-таразыларын алдына ұстап жүретін алматылықтардың өзін мойындата білген. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегеніңіз осы. Тұлпар ғой, біздің Муфтулла!

– 1964 жылы комбинатта 600-ден астам адам еңбек етсе, оның 120-сы ғана өзіміздің қаракөздер еді, – депті Муфтулла бір басылымға берген сұхбатында, – Содан әй-шәйға қарамай,  Арал, Қазалыдан, Өскемен, Семей, Алматы облысының барлық аудандарынан жұмысшы ала бастадық. Шашырап жүрген қазақ жастарын құрылысқа тарттық. Жұмысқа алғасын жатақханаға орналастырдық. Уақыттарын ұтымды пайдалану үшін техникумдар мен институттардың кешкі бөлімдерін комбинаттың өз ішінен аштық. Жалпы, Алматының қазақтануына, қазақ жастарының өз астанасында басым болуына тікелей кірістік. Соның нәтижесінде 1980 жылдары кәсіпорындағы қазақ жастарының саны 6 мыңға жеткенін мақтанышпен мәлім етемін.

Муфтулланың осы сөзінен-ақ оның ұлтжандылығы көзге ұрып тұр. Осы жерде бағана әңгіме басында мысал үшін айтылған  адамдар  болса, олар осындай жұмысқа бас қатырар ма еді?! Байқап қарасақ, сұхбаттағы сөздің «аштық», «кірістік» деп көпше түрде айтылып тұрғаны болмаса, бұл игілікті іс Муфтулланың тікелей бастамасымен жүзеге асқан болатын.

Сонымен бірге, Алматы үй құрылысы комбинаты республикадағы ғана емес, Одақтағы ірі жұмыс орны болатын. Комбинат Алматыдан басқа Қаратауда, Жаңатаста, Жамбылда, Целиноградта, Гурьевте, Талдықорғанда, Түркістанда, Ташкентте, Чарджоуда, тіпті мұхит асып, Сантьягода, Кубада құрылыстар жүргізгенін білеміз. Тек құрылыс ғана ма?! Әлеуметтік салаларда да ілгерілеушілік болды.

Комбинатта құрылысшы қыздардан жасақталған волейбол командасы бар-ды. Талантты, жалынды жастар кілең. Бірақ пәлендей нәтижеге қол жеткізе алмай жүрді. Муфтулланың спортқа да бейімі жақсы болатын, оның үстіне ел намысы десе, арқасы қозып тұратын мінезі бар. Осыны білетін жоғары басшылары. «Өзің кәсіподаққа төрағасың, әрі спортқа икемің бар, команданы қолыңа ал, көрсет, жарқырат!» дейді. Муфтулла білек сыбанып, осы іске кірісіп кетеді. Жұмыс үстіне жұмыс қосып алдым демейді, қолы қалт еткен уақытының бәрін командамен бірге өткізеді. Команданың әр мүшесін баласындай көріп, басынан сипап баптайды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде комбинаттан құрылған волейбол командасы екі жыл шамасында ойын кестесімен жоғары топқа шығып, 1981 жылы КСРО чемпионы атанады. 1982-1983 жылдары, екі жыл қатарынан Еуропа чемпионы кубогын жеңіп алады. Осы командамен бірге Муфтолла әлемнің 17 мемлекетінің дәм-тұзын татыпты.

Осылайша, бапкер Муфтулланың шапанынан шыққан комбинат командасы 1979-дан 1992 жылға дейін құрылысшылардың қарамағында болады да, одан әрі спорт және туризм министрлігіне өтеді.

Иә, мақтана, марқая айтатын естелік. Енді мына жайға құлақ түріңіз. Муфтулла Дабылов 1971 жылдан, яғни комсомолдың хатшысы кезінен бері Алматы қалалық және аудандық мәслихаттарына 28 жыл депутат болып сайланған. 28 жыл! Және бұл сол кездегі астаналық қала мен оның аудандарында ғой. Соншама жыл халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ішінен ілініп тұратын қаншама мекеме, ұйымдардың есігін айқара ашты. Мекеменің ғана емес, барша халықтың мүддесін жоғары мінберден айтып, қанша жанның алғысын алды десеңізші!

Мына әңгімені тыңдасаңыз да Муфтулланың жайсаң болмысына, ерекше адамилығына ене түсесіз.

– Алматыға алғаш барып, оқуға түскеннен кейін жатақхана алғанша алты ай бойы Муфтулла ағайдың үйінде болдым, – депті бүгінгі Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Имамадин Оңғарбаев аға-жеңгеге разылық ниетпен, – Көлемі шағын пәтерде өздерімен бірге Халима жеңгейдің екі сіңлісі және біз, екі жиен жаттық. Келім-кетім кісі де көп. Ел жақтан келетін адамдардың аялдамасы да осы үй. Қазір ойлап отырсам, көлемі 25-30 шаршы метр ғана болатын сол пәтер осынша адамға тарлық қылады екен-ау. Бірақ соның тарлығын бір сезбеппіз. Бәлкім, бұл өмірінде қабақ шытпайтын Халима жеңгейдің кеңдігі шығар. Уақытылы үйге келмей қалсақ, телефондап іздеп жатады. Келіп-кететін қонақ емес, сол үйдің баласындаймыз. Не деген бекзат жандар еді!

* * *

Бірде Муфтулла Ақбастыға келсе, шипалы қайнар атқылап тұр дейді. Палаткаларын жайып тастап, суға түсіп жатқандар көп-ақ. Сол жолы Муфтулла копператив басшысы Зияғаладин Өтеновпен жолығыпты. Екеуара әңгіме былай өрбіпті.

 – Әй, жиен, бері кел, – депті көрген жаңалығына көзі қуанған Муфтулла, – мына қайнардың басына шағындау болса да қонақ үй тұрғызбадыңдар ма?

 – Енді, нағашы-еке…

 –Айта бер, қысылма, – дейді Мұфтекең.

– Құрылыс материалы да, жиһазы да жетіспей тұр-ау!

– О жағын менен күт, тағы нең бар?

– Аралдың экологиялық зардабынан хабардарсыз. Әсіресе балаларға қиын-ақ. Сіз басқаратын комбинаттың қарауында пансионат та, пионер лагері де, демалыс үйі де бар деседі. Жылма-жыл аралдық жүз баланың демалуына жағдай жасасаңыз…

– Алматыға барғасын ойласып, қорытындысын айтармын, – депті сонда Муфтулла. «Жоқ» демепті. Тіпті сондай ұсыныстың айтылғанына қуанып қалған сыңай танытыпты.

Көп ұзамай құрылыс шикізаттары мен жиһаз жабдықтары да жетіпті. «Туған жерінің бір ауыз сөзін бір вагон жүк қылған Мұфтекең-ай» деп жұрт алғысын жаудырыпты. Сонан соң аудан кооператорлары кәсіподағының төрағасы К.Күмісов пен З.Өтенов екеуі 100 баланы 5 жыл қатарынан Алатаудың аясында жиырма төрт тәулік демалуға жіберіп тұрды. Ақысыз, пұлсыз, тегін. Жас өскінге осындай қамқорлық жасаған Муфтулланың есімі ел аузында күн сайын айтылса, ол орынды, әрине. Ал, асыл туған азаматтың Құлата мен Жылқаман бабаның, басқа халықтық тұлғаға айналған әкелеріміздің аруағына ас берілгенде достарымен бірге Аралға келіп, қаржылай демеушілік жасағаны туған жері мен аталарына деген құрметінің тағы бір дәлелі.

* * *

Муфтулланың жұбайы, марқұм Халима Шайғаниқызы медицина қызметкері, ғылым кандидаты, Орал облысының қызы болатын. Сондықтан, Оралдан шыққан қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлі Муфтуллаға арнап өлең де жазған. Мұфтекеңнің жақсы қасиеттерін, жайсаң болмысын саралай түскен ақын сөз түйінін:

«…Жасамады биіктік саған аспан,

Жеңе аласың жаманды жағаласқан.

Сұлтан жігіт, керемет супер күйеу,

Қазақ болу мүмкін бе, бұдан асқан? – деп қайырыпты.

Сірә, осыдан артық айта алмаспыз да.

Міне, ер мінез Муфтулла есімінің ел аузынан түспейтін сыры осындай.

Шәкірат ДӘРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз