ЕРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІҢ ЕРІ

165

0

ЕРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІҢ ЕРІҰлы Отан соғысы Жеңіс мерекесінің 70
жылдық торқалы тойы да таяп қалды. Өмір деген осы. Қаншама боздақтар Отан үшін
жанын пида етсе, ал бүгінде елге оралған ерлердің саны саусақпен санарлықтай
ғана. Толарсақтан саз, тобықтан қан кешіп, кеуделерін оққа төсеген сол бір
сұрапыл соғыстың куәгерлері қазір көз алдымызда сағымданып қана тұр. Демек, оқ
пен оттың арасында ғұмыр кешіп, елі үшін емірене еңбек еткен сол бір айтулы
азаматтардың өнегелі өмір жолын ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз, парыз ғана
емес, мойнымыздағы қарыз. Осындай майдангерлердің бірі топырағынан өмірге
келіп, нәр алған Қырым Әміржантегі Изеев болатын.

 

Аралдағы мұражайдан Отан үшін от кешкендер туралы тарихи
деректерді шолып, кеудесінде «Қы­зыл Жұлдыз” ордені жарқырай тұр­ған Қырымды
көріп тәнті бол­ғаным бар. Айтулы ақсақалдың өмір­ден өткеніне 30 жыл да өте
шығыпты. Өзі жоқ болса да, ар­тында із қалдырған ақсақалдың ұрпақтары бар шығар
деген ойға тұмшаланып, іздейін келіп. Алла Қырекеңнің тұла бойы тұңғышы, есімі
Сыр еліне етене таныс, бүгінде 70 жастың желкесіне мін­ген, облыстық мүгедектер
қо­ға­мының төрағасы Досхана аға­мызбен кездесудің сәтін салды. Тұз-дәмдес
болып жүрген Досе­кеңді «Қызыл жұлдызды Қырым” атанған ақсақал жайлы бүкпесіз
баян етуін өтініп, әңгімеге тарттым.

– Әкемнің кір жуып, кіндік қаны тамған жері Қазалы ауданына
қарасты Кеңес Одағының батыры Үрмаш Түктібаев атындағы ауыл болатын. Кезіндегі
Бозкөл, Карл Маркс, Октябрь атанған колхозда иығына кетпен асынып, қолына орақ
пен қамшы ұстап, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жүріп-ақ еңбекке араласқан.
Әкемнің ай­туынша, 1940 жылы Отан ал­дындағы борышын өтеуге ат­танады.
Өздеріңізге мәлім, тағдыр­дың жазмышы болар, әкем әскери борышын өтеп жүргенде
Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны басталады. Әкемнің сол кездегі бітім-болмысы
күні бүгінге дей­ін көз алдымда көлбеңдеумен тұра­ды, – деген Досхана аға ойлы
жанарымен тұмшаланған тұңғиық­қа телміре қарады да үзілген әңгіме жібін қайта
сабақтады.

– Естуімізше, Қырым ақсақал: «Бір қолымды түбірімен Отаным үшін,
ұрпақтар сендер үшін майдан даласында тастап кеттім. Оны айтасыз, жанымды пида
етуден де қаймыққан емеспін. «Қырық жыл қырғын болса да, кебенек киген келеді”
деуші еді бұрынғыдар, Алланың жазмышы болар, елге аман-есен келдім ғой” дейді
екен. Ендігі сөз кезегінде әкеңізден естіген сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы
көріністерге көз жіберсеңіз? – деген сауал тастадық.

– Мен тек қана өз әкемді мақ­таудан бойымды аулақ ұстаймын. Сол
заманның бозбалаларының бә­рі дерлік Отан үшін жандарын шү­берекке түйді емес
пе? Жүректері «Отан” деп соққан барлық
дерлік жауынгерлер алдында бас иеміз. Десе де, асқар таудай әкем жайлы айтпау
маған күнә болар. Әкем көзі тірісінде ажалмен талай рет бетпе-бет келген. Қарша
бораған қорғасын оқтардан ата-баба аруағы сақтаған болар, жараланса да, ем-дом
алып, үш жыл бойы оқ пен оттың арасында қасқия жүріпті. Әкем айтатын: «Арманым
қанды қол фашистердің топырағын тап­тап, Жеңіс туын желбіретсем” деп. Жете
алмаған. Шығыс Еуропа жеріндегі кезекті бір шайқаста ауыр жараланып, ес-түссіз
госпитальға түседі. Өзі айтқандай, Отаны үшін бір қолын түбірімен құрбандыққа
шалады. Шамасы, бұл 1944 жыл­дың маусым айы болса керек. Осы ерлігі үшін «Қызыл
Жұлдыз” ор­денімен марапатталады.

Иә, Досхана аға айтса айтқан­дай, Қырым ақсақал елге аман-сау
оралып, қалған ғұмырын елі үшін еңбек етуге бағыштайды. Ау­ылдағы Қонысбай,
Әбдір, Қали си­яқты азаматтар мұны құшақ жая қарсы алып, соғыс кезінде күй­зелген
шаруашылықтың көтері­луіне, жүдеп-жадаған ел еңсесін қайта тіктеуіне жұмыла тер
төгеді.

Қырым ақсақал 1958 жылы Арал қаласына қоныс аударады. Себебі, тұла
бойы тұңғышы Дос­хана осы қалаға қызметке келген болатын. Ежелден төсекте басы,
төскейде малы тоғысқан айдынды Аралдың ақжарқын халқы кешегі майдангер, бүгінгі
еңбеккер Қырым Изеевті құшақ жая қарсы алады. Содан 1983 жылы 76 жасында бұл
өмірмен хош айтысқан қарт жау­ынгердің кесек қимылы, кісі­лік бітім-болмысы,
атқарған қы­руар ша­руасы аралдықтардың жүре­гін­де жазылып қалған.

Өздеріңізге мәлім, кезінде ақ бас толқынды Арал теңізі тар­ты­лып,
экологиялық ахуал ауырт­па­лығы ел еңсесін түсіре бастаған. Қа­ланың қақ
ортасында 30-дан ас­там сорлы көлшіктер пайда бо­лып, ел тынысын тарылта да бас­тады.
Ел еңсесін тіктеу үшін не істеу керек? Әрине, сорлы көл­шік­терді көміп,
келмеске кетіру қа­жет. Ол кезде көлшіктерді жа­бу­ға аудан бюджетінің қолы қыс­қалық
қылатын. «Судың да сұ­рауы бар” дегендей, көлшік­тер­­ді көмуге қаржы жұмсауға
ау­дан басшыларының да жүре­гі дауаламайтын. Осы бір тығы­рықты істің тетігін
табуға Қырым ақ­сақал құлшына кіріседі. Қара­ңыз, қарттығына, болмаса денсау­лығына
қарамастан, ақ таяғын сүй­ретіп, сол кездегі облыстық атқару комитетінің
төрағасы Сағидолла Құбашевтің кеңсе табалдырығын аттайды. Қашан да қарапайым, ада­ми
болмысы халықпен бірге біте қайнасқан, өзі де кешегі Ұлы Отан соғысының
жауынгері Сағи­долла алыстан ат терлетіп келген майдандасын күлімсірей қарсы
алып, шаруасын шешеді.

Араға ай салмай облыстық ат­қару комитетінің төрағасы С.Құ­башев
Аралға ат басын бұрады. Қа­сына сол кездегі аудандық ат­қа­ру комитетінің
төрағасы Ә.Ме­детбаев пен Ұлы Отан соғы­сының ардагері Қ.Изеевті ертіп алып,
тобықтарынан сорлы құм­ды кешіп, қала ішіндегі көл­шік­терді аралайды. Содан
көлшік­терді құрғатудың жұмыс көлемі нақтыланып, оған жұмсалатын қар­жы, оны
қайдан алуға болатын­дығы пысықталады. Ұзын сөздің қысқасы сол, бүгінде сол
көлшіктер үстінде қала тұрғындары жарыса үй салып жатса, әлеуметтік ма­ңызы бар
нысандар да жарыса бой көтеруде. Аралдағы сорлы көл­шіктердің жабылуына
бірден-бір сүбелі үлес қосқан соғыс және ең­бек ардагері Қырым Изеевке тұр­ғындардың
алғысы шексіз еді.

– Менің анам Зияда Сәрсен­байқызы да, – дейді үзілген әңгіме жібін
қайта сабақтаған Досхана аға, – қолөнерімен өмірді өрнектеген көпке әйгілі болған
адам еді. Кө­зі тірісінде Зияда апамыздың ше­бер қолынан шыққан тұскиіз, ала­ша,
тоқыма, қоржын, көрпе мен жастық, қайсыбірін санамалап айтарсың, көпшіліктің
көз май­ын тауысушы еді. Аралдың тари­хи-өлкетану мұражайына ба­ры­ңыздар,
анамыздың алтын саусағы­нан шыққан ұлттық бұйымдар сол жердің төрінде тұр.

Досекең айтса айтқандай, Арал қаласында сонау 1988 жы­лы шаңырақ
көтерген тарихи-өл­кетану мұражайында «Қызыл Жұл­дызды” Қырым ақсақалдың да кө­зі
тірісінде тұтынған дүниелері құнды жәдігерлер қатарынан ор­нық­ты орын алып,
ұрпақтарға ұла­ғат етіп қалдырылған. Өйткені, соғыс пен еңбектің ері Қырым
ақсақалдың сол бір ғажайып дү­ние­лері мұражайға келушілерге кешегі күндерден
сыр шертеді.

 

***

 

Қырым ақсақал жайлы жазбама нүкте қойғалы жатқанда сонау бір 1990-шы жылдары белгілі
жазушы Адам Мекебаевпен арадағы әңгіме желісі ойыма түсті.

– Ұмытпасам, – деген еді Адам аға, – 1960 жылдардың аяғы болса
керек. Біз белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев екеуміз Аралға ісса­пармен
барғанбыз. Ол кезде ау­дандық атқару комитетінің төр­аға­сы Қартақов болатын.
Біз­дерді жылы жүзбен құшақ жая қар­сы алған оның үйінде бо­лып, ақ жеңешеміз
жайған ақ дас­тарқан басында ашық-жарқын әң­гі­мелестік. Содан мен ұйқы құ­шағына
еніп бір кетейін. Нұрағаң фортепьянода отырған. Түн ортасы болса керек, ұйқы
құшағындағы мен әлдекімнің жұлқылауымен өре түрегелейін. Сөйтсем, Нұр ағам:

– Тұр, бала, өмірге «Аралдағы же­ңешем” әнін әкелдім. Саған тап­сырма,
сөзін жазасың.

Нұр ағаң айтты екен, ақын бол­масам да, орындамасқа лаж жоқ.
Сонымен таң атқанша көз ілмей «Аралдағы жеңешем” әнінің сөзін жазып шықтым.
Ертеңіне Қартақов ағамыз бен жеңгемізді алып, теңіз төскейіне «Генерал Ватутин”
де­ген кемемен серуенге шықтық. Сон­да сол кездегі жас әнші Жеңіс Қы­рымов
деген азамат осы бір айтулы әнді өз қолымен баянды сүйе­мелдеп, алғаш рет
айтқан бо­латын. Сөйтсем, Жеңіс есімді жігіт Қырым ақсақалдың баласы екен.
Содан да Жеңіс Қырымовтың есімі елге танымал болған-ды.

Иә, Қырым ақсақалдың ұл-қыз­дарының қай-қайсысы да әке жо­лын
мұрат тұтып, сан алуан са­лаларда елі үшін еңбек еткен жан­дар. Сөз соңында
айтпағым, Ұлы Жеңіс жолында да, еңбек жо­лында да өзіндік қолтаңбасы мен
ұлағатын қалдырған Қырым Изе­ев сынды айтулы азаматтың есімін ұрпақтарға ұлағат
ету – бізге парыз.

 

Еркін ӘБІЛ.

Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз