ХАЛҚЫНА ЫСТЫҚТА САЯ, СУЫҚТА ПАНА БОЛҒАН

199

0

Тәуке ханның қолбасшы батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған шаралар жұма күні де жалғасын тапты. «Достық үйінде» «Ер Текей» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов  жарық көрген деректі хикаяттың тарихи деректер мен архив құжаттарына сүйенген құнды дүние болғанын айтты. Кітап авторы С.Зәкерұлы алмағайып заманда елін жаудан қорғаған батырдың өмір дерегінен сыр шертетін, тарихи шындықпен ұштасатын көркем туындының ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.
Сондай-ақ осы күні шығыстанушы ғалым И.Жеменей жаңадан жарық көрген «Шахнаманың» парсы тіліндегі аудармасын оқырман қауымға таныстырды.
Ерлік даңқын дәріптеген шаралар одан әрі «Текей батыр және оның заманы: тарихи, әдеби деректер мұрасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Оған ғалымдар, ұстаздар,  ардагерлер, студент жастар қатысты.  
Конференция модераторы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қ.Бисенов бабалар ерлігін насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесінің тінін жалғаудың маңызын атап өтті. Өмірінің көп бөлігін ат үстінде өткізген батыр, қолбасшы Текей Қарпықұлының қазақ халқының төл тарихында алатын орны ерекше.  
Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов Текей батыр арқылы қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың басты кейіпкерлері –  батырлардың тарихтағы орнын санамызда тағы бір жаңғырту мүмкіндігі туғанын айтты. Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жерінің бүтіндігін мұрат еткен батырлар ел тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Біздің ұғымымызда «ұлттық тұлға» деген тарихи өлшем, яғни тарихи тұрғыдан маңызы зор, терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамдарды халықтың өзі-ақ осындай тұлғалық деңгейге көтерген.  Қазақ тарихының әрі-берісінде осындай халықтық мәні бар оқиғаларға араласқан, оны басқарған, ұйымдастырушы болған, асқан ерлік көрсеткен адамдарды батыр деп атаған. Ұлтымыздың бағына, тағдырына орай тарих әр ғасырда жаужүрек батырларды мол жаратқан. Содан болар тарих көшінде ұлтымыз жойылмай, бүгінге жетіп отыр.
ХVІІ ғасырдың бел ортасынан қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында үлкен өзгерістер болды. Сұлтандармен қатар билер институты жанданды. Батырлардың әлеуметтік сословиесі көтерілді. Адамдардың шыққан тегі ғана емес, жеке бас қасиеттері де маңызға ие бола бола бастады. Бұрынғы ақсүйек Шыңғыс ұрпақтарымен қатар жаңа әлеуметтік категориялар пайда болды. Билер мен сұлтандар елден шыққан батырларға арқа сүйеді. Әскери өнерді жақсы меңгерген, ақылымен, асқан қайратымен, ерлігімен аты шыққан қол бастайтын азаматтарды алға шығарады. Билік тізгінін Әз Тәуке қолға алғаннан кейін билер кеңесіне батырлар да кеңінен тартылды. Батырлар ел қорғауда алғы шепте болса, екінші жағынан биліктің орталықтануына себепкер болды.
Конференцияда академик Х.Әбжанов  қазақ қоғамындағы батырлар институтының  маңызы туралы баяндама жасады.   Кеңес заманында біздің батырларымыздың бірен-саранының ғана аты аталып, өмір жолы қысқаша түрде энциклопедияларға түрлі идеялогиялық сылтаулар арқылы енгізілетін. Тәуелсіздік алған соң есеміз кеткен бұл істі өз қолымызға алып, 5 мыңдай батырдың өмірдеректері мен ерлігі туралы мақалалар жазылды.
Қазақ тарихындағы батырлар институтының дамуы ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда шарықтау шегіне жетті. Ел қорғауда, ұрпақ тәрбиесінде, азаттықты сақтап қалуда батырлар институтының үлгі-өнегесі зор болды. Батырлар институтының болмыс-бітімін анықтау үшін тек аңыз әңгімелерге сүйенуге болмайды. Ол үшін бізге методологиялық мәдениет керек. Тәуелсіздікке дейін өз тарихымызға өзгенің көзімен қарап келдік. Тарих шығыршығын айналдырушы –  халық, тұлға, билік.  Тұлғатанудың бір тармағы – батырларды тану. Оны методологиялық ой-пайыммен көмкермей, батырларымыздың қыры мен сырын түсіну қиынға соғады.
Профессор И.Жеменей рухани жаңғыру мен ұлттық сананың биік деңгейге жетуінің, бойымыздағы мыңдаған жылдар бойы сіңген ізгі қасиеттерімізді табудың  маңызын айтты. Кейбіріміздің түсінігімізде «ұжмақ шет елдерде» деген ұғым қалыптасқан. Адамның туған жері, Отаны қорғаны екенін шетте жүрген қазақтар жақсы сезінеді. Әлемде Отансыз ұлттардың бар екенін, олардың тағдырының қандай екенін білеміз. Сондықтан Елбасы айтқан туған жерге тағзым ету, кіндік қаның тамған жердің қасиетін тану әрбірімізге парыз болуы тиіс.
Конференцияда профессор Т.Тебегенов қазақ хандығының бас батыры Текей Қарпықұлының сөз өнері шығармаларындағы тарихи-әдеби бейнесіне тоқталды. Тарих оқиғалардан тұрады, олардың желісі кейде хатқа түсіп, кейде ауыздан ауызға тарау арқылы халық жадына көшіп отырды. Терме-дастандардағы Текей Қарпықұлының бейнесі оның күрескер рухын, жауына да құрмет көрсеткен тектілігін танытты. Тұрмағамбет, Шегебай, Аманжол ақындардың арнаулары, Қармақшы ауданындағы «Текей қазған», «Текей құмы» деген жер-су атаулары тарихи тұлғаның қайраткерлік қасиеттеріне терең бойлатады. Текей батырдың Түркістанда жерленгені туралы тарихи факт, журналист-жазушы Мырқы Исаевтың батыр бабасы туралы «Әз Тәукенің Текей батыры» атты тың деректерді жинаған шағын кітабы, журналист Т.Дайрабайдың мақалалары үлкен зерттеулерге жол ашты.
Биыл республика деңгейінде үш бірдей тұлғаның – Есет батырдың, қаз дауысты Қазыбек бидің және Текей батырдың мерейтойларын атап өту туралы шешім шыққан. Бірнеше күннен бері облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасы, «Руханиятты қолдау» қоғамдық қоры, Текей батыр атындағы, Т.Көмекбаев атындағы қоғамдық қорлары ұйтқы болған шаралар өтіп жатыр.
Конференцияда сөз алған академик Б.Досмамбетов Текей батырдың қазақ халқына тізесін батырып келген Әліке ханның ордасын ортасына түсірген ерлігін, батырдың балаларына тапсырған аманаттары туралы кеңінен  әңгімеледі. Қазір Текей батырдан тараған ұрпақтар баба аманатын орындап, еліміздің әр түпкірінде еңбек етіп жүр.
Текей батыр Әз Тәукенің оң қолы ретінде мемлекеттік билікке де жиі араласқан. Үш жүздің басын біріктірген Әз Тәукенің билік құрған заманында хас батыр дәрежесінде 22 жыл қызмет еткен.  Текей батыр төрт бірдей ірі жорыққа қол бастап барып, бәрінде де жеңіске жеткен.  Ол Әз Тәукенің хас батыры болған кезеңде жау жерімізге баса көктеп ене алмаған. Кейін хандық құрған Әбілқайыр кезінде де абыройлы болғанын Тевкелев жазбаларынан анық көрінеді. Әз Тәуке қайтыс болғаннан кейінгі хандар арасындағы тартыс қазақты ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға ұрындырғанын білеміз. Бұл лаң Текей батыр үшін оңай болған жоқ. Осыдан екі жарым-үш ғасыр бұрын ол Жаңадария өзенінің маңын қолай көріп, сол жерді атақонысқа айналдырды.
Қорқыт ата университетінің профессоры М.Аңсатова Текей батырдың өз дәуіріндегі роліне, тұлғасына тоқталды. Батыр өмір сүрген кезең – қазақ ұлтының тарихындағы күрделі кезең.   Тәуке хан мен Әбілқайыр хан дәуіріндегі тарихи деректер Текей Қарпықұлының тарихи тұлға екенін айқындайды.  Тәуке ханның елдің іргесін аман сақтаудағы, анталаған көп дұшпанға бет алдырмаудағы, елдің ішкі жағдайын реттеп, саяси-құқықтық тәртіпті орнатудағы даралығына тарих әлдеқашан өз бағасын берді. Осы мақсаттарға жетуде ол өзінің сенімді серіктесі, бас қолбасшысы Текей батырға арқа сүйегендігі де дәйекті деректерде қатталған.
Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған шаралар легі батырлық дастан орындаушылардың республикалық конкурсымен, қазақ күресінен сайыспен жалғасын тауып жатыр.
Ерлігі елге ұстын, ұрпаққа ұран болған бабалардың даңқын жаңғырту бүгіннің еншісіндегі міндет. Мерекелік шараларға қатысушылар келер ұрпақтың жадында жаңғыратын ерлік істердің осылайша дәріптелуін рухани жаңғыру жолындағы қарышты қадам деп бағалады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз