ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

78

0

Академик Бірлесбек Әли­я­ров елімізде күрделі са­ла қа­тарынан орын алатын тех­ни­ка ғылымының аса білгір ма­­маны саналады. Ол ғылым са­ласында көптеген жаңашыл бас­тамаларды қолға алып, біл­гір бұл жобалар мамандар та­ра­пынан жоғары бағаланды. Бір­лесбек Қаниұлы Әлияров – фи­зик-аэродинамик, энергетик, техника ғылымдарының док­то­­ры (1984 ж), профессор (1992 ж), ҚР Ұлттық Ғылым ака­­демиясының мүше-кор­рес­пон­денті (1994 ж), академик (2003 ж), ҚР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, 1995 жы­лы Оксфордтың энергетика, эко­логия және экономика саласы бойынша диплом алған.

Ол Қызылорда облысына қа­расты Жаңақорған ауданын­да дүниеге келген. Ғылымға деген ынтасы, оған деген сүй­іс­пеншілігі, төзімділігі арқа­сында көп ізденді, көп оқыды. Осының арқасында ана тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жетік меңгерді.

Ағамыз ғылымға дай­ын­дық­пен келді. Бірақ, ғалым атану үшін қызығушылықпен қа­тар, төзім де болуы шарт. Сонда ғана көздегеніңе жете­сің. Оның үстіне ет жақын ту­ысқаны болып келетін аға­ла­рының ғылым саласында же­місті еңбек етіп, толайым та­быстарға кенелгені оны ал­ға қарай жігерлендіре түсті. Әріге бармай-ақ, оның бір ата­дан туған ағасы, әйгілі заң­гер ғалым, академик Сұл­тан Сартаевты, облыстық бір­не­­ше педагогикалық инсти­тут­­тардың алғашқы ректор­ла­рының бірі болған, тарих ғы­лымдарының докторы Құ­ламқадыр Жаманбаевты ата­сақ та болады. Олар Жаңа­қор­ғаннан шыққан алғашқы кәсіби ғалымдар еді. Осындай игі жақсылардың ықпалымен Б.Әлияров 1956 жылы ҚазМУ-дың физика факультетіне оқу­ға түседі. Сол кездерде осы университетте көрнекті аэ­ро­динамик, Қазақстанда аэ­ро­динамика мектебінің негі­зін қалаушы, профессор Л.А.Вулис қызмет жасаған еді.

1961 жылы институтты бі­тірісімен Б.Әлияров Қа­зақ­тың ғылыми-зерттеу энер­гетика институтына келіп ал­­ға­шында жылу физикасы ла­­бораториясында аға ла­бо­рант, инженер, кіші ғы­лы­ми қызметкер, аға ғылы­ми қызметкер болса, 1982 жыл­дан лаборатория бөлімшесін бас­қарды. 1988 жылы инс­титут директорының ғылы­ми жұмыстар бойынша орын­ба­сары болып тағайындалды. Өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында Б.Әлияров 1992 жылдан Қазақтың ғылы­ми-зерт­теу энергетика инсти­тутының директоры болды. 2002 жылдан бастап ол «Қа­зақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қо­ға­мының ғылыми жағынан ат­қарушы директоры қызметін жасап келеді.

Жоғары оқу орнында үз­дік оқып, білікті маман­дар кө­зіне түскен ол Ғы­лым ака­де­миясындағы энерге­тика инс­­ти­ту­тының лабо­рато­­рия­сы­на шақыртылады. Осы ла­бораторияда бірнеше тә­жі­рибелік жұмыстар жүргізеді, ғылымда жаңалық ашу ісіне кіріседі, араға жеті жыл са­лып, ғылым кандидаттығына дис­сертация қорғайды. Диссер­тацияның негізгі арқауы – жа­зық беттерді (тегіс немесе тұ­тықтардан құралған) жоға­ры температуралық жану қал­дықтарының әсерінен салқын ауамен қорғау әдістерін зерт­теу болды. 1985 жылы Мәс­кеуде Бүкілодақтық жылу-тех­никалық институтында техника ғылымдарының докторы дис­сер­тациясын қорғады. Аға­мыз 2004 жылдан Ұлттық Ғы­лым академиясының акаде­мигі. Бірлесбек Әлияров кө­мірді ірі қондырғыларда жағу­ды игеру және жетілдіру, олар­дың қоршаған ортаға әсе­рін кемітумен айналыса оты­рып, кейінгі жылдары та­риф­ті анықтау, нарықтық қа­тынастарды дамыту сияқты қа­жетті бағыттарға көбірек кө­ңіл бөлуде. Осыған бай­ла­нысты оның жауапты ре­дак­торлығымен «Қазақстан энер­гетикасы», «Қазақстанның те­мір жол көлігі» атты көп­том­дық монографиялар жарық кө­ріп келеді. Өзінің теориялық ізденістерін тәжірибе жүзінде де іске асыру мақсатында ол еліміздегі қиын-қыстау ке­зең­де, яғни 1997-2002 жылдары Алматыдағы 25 мың тұрғынға жылу энергиясын беретін Сол­түстік-Шығыс жылу кешенін ойдағыдай басқарды.

Ағамыз өзін осы саланың білгірі, атақты ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті А.Б.Рез­няков­тың шәкірті санайды. Өзі қыз­мет істеген энергетика инс­титутының құрылғанынан бергі (1944-1988 жж.) директоры бол­­ған академик, мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, халық қа­­һарманы Ш.Чокиннің талап­та­рын орындауда бар зейінімен жұмысқа кірісетін. Ол өзін қанатының астына алған ірі ғалымдар З.Б.Сақыповты, Л.А.Ву­­листі, А.Б.Резняковты аса құрметпен ес­ке алып жү­реді. Олардың да Бір­лес­бек Қани­ұлына деген сый­лас­тықта­рының өзі адам қы­зығарлықтай еді.

Ғалым Қызылорда облы­сы­ның тумасы болса да, Пав­лодарды өзінің кіші отаны са­найды. Оның курстас досы М.Хамитов «Павлодарға бел­гісіз ғылым кандидаты болып келген ол осында академиялық шыңға дейін көтеріліп, ғылым докторы болды, мемлекеттік сый­лықтың иегері атанды, энер­гетика саласының білікті ғалымы болып қалыптасты» деп әзілдейді. Оның бұл әзі­лінде шындық жатқаны да рас. Б.Әлияров алғашқы болып, Екі­бастұз көмірінің тым күлді болып келуіне қарамастан, оны ірі ЖЭС-те (ТЭС) қолдануға болатындығын дәлелдеді, әрі оны тиімді жағудың тәсі­лін ұсынды. Сөйтіп, бұл ұсы­ныс өн­діріске енгізілуге қа­был­дан­­ды. Ізденісі мол Б.Әли­яров 160-тан астам ғылыми ең­бектер жазды. Оның 6 кітабы жарық көрген. «Екібастұз кө­мі­рін жа­ғуды игеру» және «Қа­зандық қон­дырғылар» атты ең­бектері бар.

Б.Әлияров ТМД елдерінің электро-энергетика кеңесінің мүшесі. Ол энергетика сала­сында Ұлыбритания, Герма­ния, АҚШ, Франция секілді шет елдердің көптеген ірі ком­панияларымен бірге зерттеулер жүргізіп, оларға кеңес те бе­ріп келеді. Ол 2006 жылдан бас­тап, БҰҰ-ның экономика және әлеуметтік қатынастар департаментінің энерге­ти­калық тиімділік жө­ніндегі халықара­лық са­рапшылар тобының мү­шесі. Сонымен қатар, қоғам­дық жұмыстарға да белсене ара­ласып келеді, Қазақстан Рес­­публикасы Прези­ден­ті жа­­­нындағы Ғы­­лым мен тех­ника жө­­ніндегі кеңестің мү­­ше­сі. Ғылым мен жа­ңа тех­нологиялар ми­нистрлігінің ғы­­лы­ми-техникалық ке­ңесі төр­­ағасының орын­басары, Мем­­­ле­кеттік аттестациялық ко­­­митетінің сараптау­шы­лық ке­­ңесінің мүшесі, «Қа­зақстан энергетикасы және отын қор­лары», «Магистральды ре­гу­­лятор» атты ғылыми-тех­ни­калық журналдардың бас ре­дакторының орынбасары бол­­ды. Оның жетекшілігімен 20 техника және физика-ма­те­­матика ғылымдарының кан­­дидаты, 5 докторлық дис­сер­тация қорғалды. Б.Әлияров өзі бітірген №51 орта мектептің физикадан үздік оқушысына 1997 жылдан бері өз атынан стипендия тағайындап, ал аудан көлеміндегі физика пәнінің үздік мұғаліміне 1998 жылдан бері өз жанынан сыйлық беріп келеді. Ол Жаңақорған ауданының құрметті азаматы.

Иә, Бірлесбек Әлияров аға­­­мыздың ғылымға қосқан ең­­­бегін бір мақала аясына сый­­­ғыза алмаспыз, оның аш­қан жаңалықтары халыққа ай­тарлықтай қызмет етіп келе жатқаны сөзсіз. Бұл ғалым аға­мыздың ғылым саласында жасаған еңбегінің жанғаны да!

Асан САРҚҰЛОВ,

журналист, жазушы, ҚР
мәдениет қайраткері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз