ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

135

0

Аға ұрпақ өткен ғасырдың сұрапыл жылдарында шыңдалып өсті. Олардың өмірін тарих тағылымынан бөліп алу мүмкін емес.
Төлеген Досбаев Қазан төңкерісінің құрдасы. Ол кісі 1917 жылдың қоңыр күзінде Арал ауданындағы Қаратерең елді мекенінде дүниеге келген. Соғыс және еңбек ардагері көзі тірі болғанда биыл жүз жасқа толатын еді…
Ол КСРО  Министрлер Советі жанындағы  Дін істері жөніндегі советінің Қызылорда облысы бойынша уәкілі, қаладағы «Айтбай» мешітінің жиырмалық мүшесі және мүтәбәлиі болып қызмет атқарған. 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайының ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысқан.  
Халық жауы болып ұсталған алдыңғы ағалар жазасы, сол заманда «халық жауының бауыры», «бай-құлақтың тұқымы» деген сенбеушілік, кейбір жандайшаптардың көрсеткен азары ерте есін жидырып, артық-ауыз сөз сөйлемей, ойын тежеуге, жүрісін бәсеңдетуге душар еткізгендіктен болар. Шешіле ештеңе айтпайтын, тұйық кісі, үнемі сыртта жұмыста, ерте кетіп, кеш келуге, өз ісіне мығым болуға дағдыланған кейіпте балаларының көз алдында сақталыпты.  
Сәл артқа шегініс жасайық: көнекөз қариялардың айтуынша, әкесі Досбай барға қанағат, жоққа сабыр сақтаған, тума-туыстың басын біріктіріп, бір қауым жамағатты ел етіп уысында ұстаған басшы, сыйлы жан болыпты. Кеңес үкіметі құрылған кездің өзінде де он сегіз жыл болыс болған, «оның жиған-терген малының ұштығын да, рәтін де көрдік», – деп айтып отырады екен көзін көргендер. Досбай атаның Әли, Жәди, Төлеген есімді үш ұлы және Тәжікүл, Сәнімкүл атты екі қызы болған.  
Нәубет жылдары Әли мен Жәди болыстың тұқымы, «халық жауы» деген айыппен Арал аудандық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен бірінен соң бірі қамалады. Үлкені Әли Ақтөбе облысының НКВД басқармасы жанындағы үштіктің 1937 жылғы 6 желтоқсанындағы қаулысымен ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы 9 желтоқсанда орындалған. Ортаншысы Жәди соғыс басталған жылы айдауда жүрген жерінен алғашқылардың бірі болып майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен… Содан Досбай ата кенже ұлы Төлегеннен де айырылып қалмау қамына кірісіп, қалған мал-мүлкімен жаңадан құрылып жатқан балықшылар артеліне мүшелікке кіріп, кеңес үкіметінің заңына мойынұсынады. Мұндай тарих кез келген отбасына тән құбылыс…
Әңгіме арқауына айналған Төлеген Досбайұлы 1939 жылы Балия Нұрбайқызымен отау құрып, қарт әке-шешесін, ағаларынан қалған бір-бір тұяқ Құдайберген мен Тағыберген атты інілерін, қарындастарын қолына алып, бейбіт тіршілік көшін бастайды. Мамыражай өмірді 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы бұзды. 1942 жылдың тамызында Арал ауданы әскери комиссариатының шақыртуымен Т.Досбайұлы Ұлы Отан соғысына аттанады. Алдымен Орынбор облысы Бузулук қаласындағы кіші командирлер дайындайтын үш айлық курста оқып, сержант шенін алады. Майданға осы жылы Сталинград үшін шайқаста атқыштар дивизиясының артиллерия полкі құрамында бөлімше командирі ретінде кіріседі. Мұнан соң жорық жолдары  Украина, Белоруссия бағытында жалғасыпты. 1943 жылы бір ұрыста жарылған снаряд жарқыншағынан ауыр жараланып, қоршауда қалған өзге жауынгерлермен бірге фашистер тұтқынына түседі. Алты ай ауыр жұмыстан азап шегіп, құр сүлдері қалғанда, бірге жүрген орыс жауынгерлерінің  ұйымдасуымен тұтқыннан қашып шығады.  
Ол кісі оқта-текте соғыс жайын әңгімелегенде майдандас достарын елжірей еске алып: «Сол жолы әуелі Жаратушы, сонан соң Беларусь орманының қалың жапырақтары аман алып қалды» дейтін. Кеңес әскерлеріне қауышқан соң, госпитальда үш ай жатып, қайта ұрыс алаңына аттанады. Бұл жолы штрафбат құрамында соғысып, Венгрия, Чехословакияны жаудан азат етуге үлес қосады. Қырғын соғыстың қалт еткен тыныштығында жауынгерлердің өзара күш сынасып жарысатындары туралы айтып, өзінің еркін күрестен эшелон чемпионы атанғанын күлімсірей еске алатын. Иә, «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз келеді» дегендей, ол 1945 жылы маусым айында елге оралып, қарт ата-анасымен және сүйген жарымен қауышады.
Соғыстан кейін Арал балықшылар кооперативінің (кейін Арал балық комбинаты деп аталды) жұмысшысы болып еңбекке араласты. Өзінің тиянақты еңбегі және тапсырылған іске жауапкершілігінің арқасында 1967 жылға дейін Көзжетпес, Ұзынқайыр балық қабылдау пункттерінде басқарушы, Қаратерең балық тоңазытқыш цехында жетекшілік қызметтерін атқарды. 1967 жылы Арал қаласында балық комбинатының балық өңдеу шебері болып еңбек жолын жалғастырып, 1977 жылы зейнеткерлікке шықты.  
Соғыс және еңбек ардагері ретінде үкіметтің марапаттарына ие болды. Отан соғысы ордені, бірнеше медальдар мен мерекелік төсбелгілердің иегері. Қазақ ССР Жоғары Советінің  «Құрмет» Грамотасымен марапатталды.
Төлеген Досбаев зейнетке шыққан соң Қызылорда қаласына көшіп келіп, өмірінің соңына дейін қоғам өміріне белсене араласты, арабша төте жазуы  мен оқуын қайта жаңғыртты. КСРО Министрлер Советі жанындағы Дін істері жөніндегі советінің  Қызылорда облысы бойынша уәкілділігі сеніп тапсырылды. Қаладағы «Айтбай» мешітінің қайта жаңғыруына еңбек сіңірді.  
1991 жылы өмірден озған қарт майдангер, еңбек ардагері өзінің жетпіс үш жылдық өмір жолы Кеңес заманы тұсындағы  колхоздастыру, мал-мүлік тәркілеу, ашаршылық, репрессия, Отан соғысы және соғыстан кейінгі ауыртпалықтарға куә болып қана қоймай, басынан да өткізді. Сонда да мойымай салиқалы болмысын жоғалтпай Балия Нұрбайқызы екеуі төрт ұл, төрт қызды дүниеге әкелді. Арманда кеткен ағаларының ізбасарлары – інілерін мәпелеп, тәрбиелеп, шаңырақ отын сөндіртпей «білім алыңдар, білік жинаңдар, адал еңбектеніңдер ешқашан қор болмайсыңдар» деген қағиданы үлгі етіп, өсиет қалдырды.  
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз