ИІРІМ – ДҮНИЕ

133

0

ИІРІМ – ДҮНИЕКүрең күздің қара суығына бауырын төсеп, өзін қиындық құрсауына салып, жылы белдеуге қарай қанаттының соңын алып ұшатын қоңыр қаз деген құс болады. Таланттылардың ішінен де іріктеліп, осы азапты жолды пешенесіне бұйырған маңдайдағы жазмыштай таңдап алып хас жазушылар ғана қалады. Сондай сөз иесінің бірі – Әлмәмбет Әлішев!
Әлекең журналистік сараптаманың қас шебері ретінде қалыптасты. Заманында оның жасаған аналитикалық пайымдаулары нысанаға дөп тиіп, халықтың көкейіндегі аңсарын жеткізіп жатты. Елу жеті жылдық кәсіби журналистік жолында ол құқайдың небір көкесін көрді. Сонда да мойымады. Кедергі атаулыны еменнің иір бұтағындай қасқайып тұрып қарсы алды! 
…Ізін білдірмей күндер, жымын жасырумен жылдар өтіп жатты. Ол мына дүрбелең тіршілікте әкімшілік-саяси қызметтің халыққа көрінетін күнгей беті мен мәңгі жұмбақ болып қала беретін көлеңкелі тұстарын көрді. Жай көріп қана қойған жоқ, бел ортасында жүріп «мыңмен жалғыз алысты!». Саяси-әкімшілік қызмет жағдайымен өткізген сол он жеті жылда ол болашақта жазылатын шығармаларының негізгі тақырыптары мен материалын жасақтады. Әлекеңнің орнында басқа біреу болса, соның бәрі көзге елеусіз уақиға саналып, құмға сіңгендей ізі-ғайым жоқ болар еді. Советтік идеологияның зар күйінде тұрған «ұртоқпақ» заманының қаны сорғалаған шындығы, халық пен билік арасындағы бітіспейтін бітеу жара талантты жазушының таным таразысына тартылып, тұмса қалпында шығармашылық айналымға түсті. 
Кім-кімнің де өзіндік өмір жолы, өзіне ғана тән өмірбаяны болады. Егер сол өмірбаян ұлт жанашыры, халықшыл қаламгерге тиесілі болса ше? Онда әлгі дәуірдің бағы жанды дей беріңіз!      
*** 
Әлішев табиғаты сыршыл сезімге, ерекше тіл бояуларына, жинақы композицияға құрылатын эссе жанрының шебері. Байназар Өтеповке арналған «Дарабоз дарын», халық арасында «Сары» атанып кеткен Ерназар Өтепұлы хақындағы «Қыдырды үш рет көрген» деген шығармалары тақырыбы мен композициясы жағынан жақын, бірінде көтерілген мәселенің өзегі екіншісінде дами түсетін, далалық дәстүрдегі кие мен қасиет ұғымдары сабақты жіптей жалғасып жатқан бұл этнографиялық әңгімелер көркем суреттерге толы. Далалықтардың сенімі бойынша Қыдыр Атаны қатарынан үш рет көру – өте сирек кездесетін құбылыс және екі пенденің бірінің пешенесіне бұйыра беретін несібе емес. Олай болса, нағашылары Қыдыр көрген жиенді де тым тегін дей алмасақ керек!  
Оқырманды баурап алып, өз әлеміне сіңіріп жіберуде ол өте нәзік, психотехникалық имплецид қасиеттерді шебер пайдаланады. Тек бейнелі ойлау қасиетін іске жұмылдыру арқылы жасалатын сөз өнерінде суреттеп отырған тұлғаны «тірілту» үшін ерекше көркем детальдар қолданылмайынша, ойға алған мақсатқа жету қиын. Эпикалық туындыда толық көрсете алмаған, жеткізу мүмкіндігі болмаған кейбір ойларды шағын эссе арқылы нақты әрі тартымды етіп беруге болады. Ол эссе жанры арқылы батыл болжам, өткір де өтімді ұсыныстарға барып, талас-тартыс тудыратын жорамалдар жасады. 
Әуелде қалауымен келмесе де он жеті жылын арнаған сауатты журналистің көзбен көріп, құлағымен естіп, өзі куә болған, ащысы мен тұщысын қатар таттырған партия-совет жүйесіндегі жағдаяттарға байланысты жазғандарын қарапайым халықтың сойылын соққан жанашырдың жанайқайы деуге болады. Қай заман, қай қоғамда болсын, билік иесінің шектен шыққан әрекетіне кім көлденең тұру керек? Ақсақал атағын жамылып жүрген жемтік құмарлар жемсауы толып, жеме-жемге келген кезде бұғып қалса ше? Шындық деп шырылдаған болып жүрген жәдігөй үде мен мүдде тоғысында ұршығынан теріс айналып кетсе қайтпек? Сонда мына халықтың көз жасына шыланған көкейіндегі ақиқат сөзді кім айту керек?.. Міне, нағыз жазушы, журналист пен өріп жүрген сымақтардың ара-жігінің ашылып, көлгір келбетінің көрініп қалатыны – осы жер! 
Әуелі ар алдында, содан соң оның шындық сөзімен бетпе-бет келгенде күні үшін шимақталып, қолдан құйылған қалыпқа шақталған кейбір шығармалардың аяқ тартып, қуыстана бастайтыны сондықтан…  Публицистика мен көркем әдебиеттің орталық жанрларының қатарындағы осы кеңістік төңірегінде Әлішев те біршама тер төкті. Жазушы эсселерінен ежелдегі грек, латын әдебиетінен еніп, кейін еуропа, орыс прозасына тән ерекшелік ретінде қалыптасқан ырғақты қарасөз (ритмдік проза) сипатын байқауға болады. Бұл бізге Әлішевтің жазушылық жазирасының түпнегіз, тұңғиық түбіндегі алғашқы дәннің халық ауыз әдебиетіндегі шешендік үрдістен келе жатқан жұрнақ екендігін байыптатады.
***
Көптеген қаламгерлер тың стильден қашқақтап, бұрыннан келе жатқан сүрлеуді қолайлайды. Әрине, жазушының көптеген креатив қасиеттеріне қоса сезіну қабілеті, бейнелеу шеберлігі, жазу мәнері сияқты құрамдас бөліктер ерекше мәнге ие болғанымен, осылармен қатар тұрған басты мәселенің бірі – өмір шындығын өзінше танып-білудегі суреткерлік шеберлік. Алайда сөз қолдану мен тілдік ерекшеліктер жеке-дара тұрғанда тұтас стильдік ерекшеліктің айқындамасы бола алмайды. 
Журналист Әлішевтің әдеби-философиялық толғаныстарына өмірде болатын жайттарды жинақтап, тұжырымды түйіндерді шыншылдықпен бейнелейтін көркемдік әдіс – реализм тән. Ал, оның негізгі тұғыры – күнделікті тыныс-тіршілікте, адамның өмір тәжірибесінде кездесетін, екінің біріне қатысты нақты жағдаяттар. Адам баласының басынан өтіп жататын күнделікті көріністердің бояуын қанықтырып, тас төбесінен тік қарағандай етіп көру қабілетіне ие талантты қаламгердің көңілге түйгендері өзінше бір әлем.   
Дерек атаулы жеке-дара шығармаға арқау бола алмайтындықтан, өмірдегі болған нақты жағдайларды анық мәліметтерге сүйеніп бейнелеу тәсілі деректі жанрға өздігінен сұранып тұрады. «Ой орамдары» көтерген мәселелердің әлеуметтік жүгі өзекті болатыны сондықтан. Аталмыш шығармалар халықтық тілек-мүддемен толық сәйкестікте қарастырылғанда өзінің идеялық-көркемдік сапасын арттыра бермек.
Шырмауы көп ой орамдарының астары – осы!               
***
Суреткердің атын асқақтатқан шығармасы Совет Одағының батыры Үрмаш Түктібаев жайлы жазылған «Батыр болып тумайды» повесі. Кейін латыш тіліне аударылған. Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған туындының тағдыры автордың бабалық шағында көрген, басынан өткізген қиыншылықтармен бір ізді басады. Жазушы өзі кәу болған, бойынан өткізу арқылы бағамдаған уақиғалар туралы жазғанда, туындының шынайы болатындығы туралы әңгімеде жан бар. 
Шығармадағы төркін бейне – Үрмаш. Басты кейіпкердің прототипі, осы бейнені жасауға негіз болған майдан даласынан оралмаған өз әкесі Әліш. Екі жасында көз жазып қалған, өмірде көрмеген әкесіне деген барлық ынтызар сезімі мен перзенттік махаббатын  суреткер осы орталық бейне арқылы жеткізуге тырысқан.  
Әдеби шығарма үшін таңдап алынған уақиға мен кейіпкер қаламгердің жан дүниесінде шөгіп жатқан сезім көкжиегіне сәулесін толық шашырата алмаса, шығарма мақсатты үдесінен шыға алмайды. Мұнда тарихта болған нақты тұлға, сол тұлғаның басынан өткен уақиға және автордың трагедиялық тағдыры өзара байланыса келе, ортақ түйінде тоғысады. Жазылуы барысында типтендірілген жиынтық бейне әбден қырланып, Отан қорғау жолында жанын пида еткен қазақ солдатының ортақ образы жасалған. Көлемі мен тақырып ауқымының айқаралығының арқасында адамға тән сезім қатпарларын үңгіп, аршып көрсету арқылы повесть өзінің шақтаулы шамасынан шалқып шығып, психологиялық романға жақын келетін жерлері де жоқ емес. 
Әлішев өз кейіпкерін әуелде-ақ қайнаған еңбек майданының бел ортасында суреттейді. Шаршау мен мою дегеннің не екенін білмейтін осы бір оптимист жігіттің бейнесі шығарма күрмелгенше оқырманның көкейінен бір пәс төмендемейді. Керісінше, көз алдында ұлғайып, толыса түседі. «…қара көздері дәйім күлімдеп жүретін тәмпіш мұрындылау, дөңгелек жүзді, қара торы жайдары жігіттің орағы күннің арайлы шұғыласына шағылысып, жарқ-жұрқ етеді…».  Үрмаштың еңбек майданындағы бейнесі бейнеттің бақшасында піскен әрбір дала қазағының жанына жақын. 
Үрмаш пойыз үстінде Арал маңынан өтіп бара жатып кіндік кескен Жиделісін ойлайды. Оның да әкесі Түктібай мына жарық дүниеге Үрмаш келген соң бір жылдан кейін бақиға көшкен. Аталмыш егіз уақиға Әлмәмбет екі жасқа толғанда майданға аттанып, хабарсыз кеткен әкесі Әліштің тағдырын елестетеді. Жалпы, жазушының жеке ғұмырбаяны мен ол жасаған көркем бейне арасындағы өмірлік шындықтың бірі – осы!
Мұнда сонау антикалық дәуірден жетіп, көркем проза жанрына адам танымастай кейіпте кірігіп кеткен эпистолярлық әдебиет жанры да қисынды қиюластырылған. Әлішев шығармасында оның негізгі кейіпкерлері – Үрмаштың қалаулысы Қаракөз, анасы Наурызбикемен өзара жазысқан хаттарына ерекше орын беріледі. Үрмаш аяулы анасына жазған хатында былай дейді: «…кеше алғаш рет қанды майданға қатыстым. Бұрын ауылда жүргенде қарғаны да атып көрмеген балаң тұңғыш рет адамға оқ атты… Шынымды айтсам, қорықтым…». 
Адамзат баласының басына түскен қасіреттің үлкені – бір-біріне қару кезеніп, оқ ату! Соғыс атаулының сұмдығын жазушы осындай шағын деталь арқылы әсерлі береді. 
Кейіпкердің қиялы арқылы берілетін ел суреттері, ондағы төсек тартып ауырып жатқан жас жігітке партия ұясының хатшысы Әмірхан көңіл сұрай келіп, Үрмашқа әрідегі бесінші атасы тоғыс Ақпан батыр туралы Алпысбай қарттың әкесінен естіген, оған Қызылдың қиясында кездескен Орынбасар батыр айтқан «ыстық күлше шайнатып, ауызындағы отыз тісін қағып алып» жетегіндегі тоғыз нардың бірін үстіне артылған қымбат қазынамен қалдырып, қарақшылығын қойғызатын оқиғаның баяндалуы тым ерек. «Сол бір оқиға майданға түсер алдында, аз ғана демалыста Үрмаштың көз алдына елестеп еді. Ол ауылын сағынды», дейді автор.
Суреткер әлгі аңыздан соңғы кейіпкерінің бойын билеген ассоциациялар жиынтығын осылайша түйіндейді. Әрине, бұл детальді автор уақиғаның шиеленісті тұсына жайдан-жай пайдаланып отырған жоқ. Өйткені, барша үмітінен айырылса да, адамзат баласының бойында ең соңынан өлетін ізгі күш – батырлық рух!
Жиырма жеті жастағы қыршын жас өзінің ажалының жақындап келе жатқанын сезеді. Өмірлік шындықтың өзі солай ғой. Адам баласы үшін алдында ненің күтіп тұрғанын алдын ала білу, болжау қасиеті бұйырмаса да сезіну – ет пен сүйектен жаратылған пенде үшін кәдуілгі таныс сезім. 
– Ыбырайым, сен байқайсың ба, біз батысқа қарай жылжыған сайын мен ауылды жиі еске алатын болдым. Әлде, туған жерден қашықтап бара жатқанымызды жүрек сезе ме?.. Соңғы екі күннен бері ұйықтасам, түсіме тек ауыл енеді. Апам… Ауылдастарым…
Бұл – Үрмаштың соңғы монологы. Аты суық ажалдан ол да қорқады. Сөйтіп, түйсіктегі түсініксіз сезім арқылы суреткер оқырманының жүрегіндегі кейіпкерге деген шексіз сүйіспеншілігін оята түседі. Кезекті бір шайқаста оғы таусылып, қолма-қол ұрысқа көшкенде автоматтың дүмбісімен жаудың жиырма адамын ұрып өлтіріп, жастығын бірге ала кеткен Үрмаш батырдың қазасына қабырғасы қайысқан Ыбырайым сияқты дала қазағының зары жанарға жас үйіреді. Ер көңілді көшпенді ұрпағының жанындағы жолдасын тастап, елге тірі қайтуды ар санауы – әлем әдебиетінде сирек кездеседі. Міне, осы уақиғалардың барлығы эпикалық сарынға суарылған детальдарды ретті пайдалану арқылы, ұлттық таным тұғырын негіздей отырып берілген. Ұрпақтың генетикалық жадында сақталатын бұл ұлы күш ахиретке дейін сана түкпірінде жатады. Адам баласы қиналып, жаны қыдырғанда бабалардан қалған асыл рухтың көмекке келуінің бір себебі содан. Шын мәнінде ешкім де батыр болып тумайды! 
Үрмаш жатқан қабірден туған жеріне бір уыс топырақ ала келген Қалман әлгі топырақты анасы Наурызбикенің зиратына апарып қосады. Бұл – сүйегі жат жерде қалған боздақты Жер-Анамен қауыштыру рәсімі, тәннің топыраққа айналғанымен, рухтың мәңгілік екендігінің ишараты. Бақиға көшкен адамның рухы жай табу үшін жасалатын ежелгі ырым. Батырлық рухты алдымен өзінің бойында бойтұмардай сақтап, мәпелеп күте алмаған қаламгердің хас батырлар жайында шығарма жазуға дәті шыдап, қолы бармаған болар еді…
Асылында, адам баласы батыр болып қалыптасады!  
***
Құрылымы күрделі, кеңістігі кең эпикалық шығармалары «Бәйтеректің бұтағы» мен «Иірім». Екі романды біріктіріп тұрған тін – әдеби шығармадағы автор бейнесінің жанама тәсілдер арқылы емес, өзі арқылы тікелей көрініс табуында. 
Көркем шығармада әдеби қаһарман бейнесінің көріну қалпы, идеясы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері көбінесе шығарманың идеялық-көркемдік сипатынан көрінетін. Мұндағы басты ерекшелік: жазушының басынан кешірген дәуір шындығының өз шығармасына астар болғандығында. Осы басты уақиғалар екі шығарманың да архитектоникасын тұтастандырып, автордың идеясын жүзеге асыратын әдеби қаһарман, уақиғаны әңгімелеп айтушы баяндаушы бейне және авторлық бейне ортақтаса келіп лирикалық қаһарман бейнесін жасаған. Автордың көңіл-күйіне суарылған лирикалық прозаның бір ерекшелігі осында деп білеміз.
Осы төрттаған жүгін көркем шығарма арқылы автордың өзі алып шығуы сирек болса да, кездесетін құбылыс. Екі туындының да ғұмырнамалық, мемуарлық сипаттары басым. Өйткені жазушының дүниетанымы, оның ішінде саяси, философиялық, эстетикалық көзқарастары мен соны бейнелеп көрсететін шығармашылық әлемі бір-бірімен тығыз байланысты. Өмірде жазушыны толғандырған мәселелер оның көркем шығармасына негіз болады. Ендеше бұл – өзі өмір сүрген қоғамды таным дүниесімен ұштастыра келе, өз идеалдарын алға тарта отырып бір дәуірдің тарихы баяндалған өмірбаяндық жанр жүгін көтерген деректі көркем шығарма. 
Әркімнің жеке тұлғасын көрсететін өмірбаянның келелі оқиғалармен ұштаспай қалуынан секем алатын көптеген жазушылар бұл жанрға қалам тартудан қаймығады. Әдебиеттанушы Т.Бекниязовтың «…кез келген автор өмірбаяндық жанрда шығарма жазуға ұмтыла бермейді» деуінде сондай мінәйі себептер бар. Әлмәмбет Әлішев бұл тарапта да өзін қиындық атаулыға қарсы қойған қайсарлығымен тәнті етіп «тар жол тайғақ кешулі өмір мектебін» оқырманымен тең бөлісуден қаймықпайды.  
Романдағы орталық кейіпкерлер: үш ұлын майданға аттандырып, «келеді» деген үмітпен көздерін талдырған Шәріп пен Гүлдәрі, жиырма жасқа жетпей жесір қалған қос келіннің бірі – ақ некелі жар сөзі мен жастығына адал Жанар мен әйелдікке салынып, жолдан бала тапқан Ғазиза, Ақтілеу мен Ерғабыл, Олжабай мен Зәурештің де образдары сәтті әрі шынайы шыққан. Шығарма күрмелер тұста Ақтілеу қарындасы Зәурештің орындауында Мұхит салдың отыз ұлынан айырылған кейіпкер атынан айтатын реквиемді тыңдап егілетін шағын эпизод бар. Әлгі жерінде Әлекең былай дейді: «Осы жүрек қылын шертетін зарлы әнді тыңдағанда ол әкесін ойлайтын… Ақтілеудің көзінен ыстық жас ыршып-ыршып түсті. Төмен қараған күйде көзін беторамалымен сүртті. Жанындағы Раушанға қарап еді, ол да көз жасын құрғатып отыр екен…».
Бұл – автордың өз көңіл күйі еді. Романда Ақтілеу Украина жеріндегі шағын деревняға іздеп барып, бауырластар зиратынан әкесі Әкімгерейдің жатқан жерін табады. Әрине, бұл – жазушы аңсарынан туған уақиға, көркем шындық. Алайда осы бір эпизодты тебіренбей оқу мүмкін емес. 
– Әкем менің! Біз сені қанша жыл зарығып күттік. Әкем ертең келедімен ұлың да ер жетіп… Ерім тірі келеді деп күтумен жарың да қартайды… Үш ұлының біреуі аман болар деген сенімі алдамшы болып, әке-шешең де дүние салды… Іздеп келіп отырмын, аяулы әке, өзіңді. Құшағың қайда ұлыңа ашқан?! Әкелік мейіріміңді, қамқорлығыңды аңсадым. Маңдайымнан сипайтын аялы алақаныңды сағындым…».
Күні бүгінге дейін бір адамға тіс жарып трагедиялы тағдыры туралы айтып көрмеген, ес білгелі кеудесінде шер-шемен болып қатып қалған қайғы-мұң мен жүрек жарасын уатып Ақтілеу ұзақ жылайды. Лирикалық кейіпкердің жан сырымен бірге көркем шығарманың астарына өрілген нақты тарихи шындықтың да бедері осы жерде анық көрінеді.  
– Әкешім менің! Ұлыңның әке деген сөзін тіріңде ести алмай, арманда кеткен едің. Ең болмаса қабірің естісін…
Лирикалық кейіпкердің өзіне қаратып айтылған толғауы зарлы. Әке көрген, әкенің қамқорлығын, әке махабатын көрген адамның арманы болмайтынын сонда терең сезінесің. Осы ішкі монолог тұсында суреткер кідіріс арқылы шегініс жасап, кейіпкердің көңіл көзімен өзінің өміріндегі елеулі кезеңдер мен уақиғалар тізбегіне тағы да тізгін береді. Содан соң: «Қара шалдан қалған тобылғы торының ізін басқан қасқа тай қазір кемеліне келген су шайқалмайтын жорға» дейді. 
Расында, алып бәйтеректің бұтағындай, тобылғы торының ізін басқан, суреткерлік әлемдегі су шайқалмайтын жорға бүгінгі Әлкеңнің – жазушы Әлмәмбет Әлішевтің өзі болатын!
***
«Иірім» романының уақиғасы ситуацияға негізделген шиеленісті жағдайда өрбиді. Кейіпкердің мінез-бітімінен қай халықтың өкілі екендігін жазбай танытатын ұлттық мінез деген болады. Т.Бекниязов әлгіндей тарихи категорияның қоғамдық, рухани, экономикалық, саяси жағдайларға байланысты қалыптасатын төрт түрлі ерекшелігін тілге тиек ете келе, белгілі бір шығарма арқылы ұлттық мінез жасау үшін әлгі ұлттың дүниетанымы мен психологиясын білу керектігін айтады. «Иірім» романындағы уақиғалар да толайым жоғарыда аталған төрт тірекке байланысты өрістейді.   
Жазушы осы заңдылықтарға сүйене отырып шығарма жүгін көтеріскен кейіпкерлердің белгілі бір өлкеге тән мінез суреттерін жасайды. Әр өңірге тән өлкелік ерекшеліктерден сәл хабары бар адам шығарма арқауындағы шындықты, қатысатын кейіпкерлерді жаңылмай таниды. Әрине, «Иірімдегі» Ақтілеуден басқа кейіпкер атаулының аты-жөні толығымен өзгертілген. Жер аттары да ойдан шығарылған. «Қаратал облыстық партия комитеті» деген сөзден-ақ уақиғаның мезгілі анық болғанымен, мекені ауыстырылғанын іштей сезіп, біліп отырасыз. Өйткені, Қазақстанда Қаратал облысы деген атымен болған емес. Алайда «Бәйтеректің бұтағы» романындағы Ақтілеу бейнесі араға түскен жылдардың айырмашылығынан кемеліне келіп, әбден толысқан азамат, кәсіби журналист ретінде уақиғаға қатысушы басты кейіпкер болып қайта көрінгенде бұрынғы танысыңды көргендей боласың. «Иірімді» осының алдындағы «Бәйтеректің бұтағы» романының жалғасы дейтініміз сондықтан.    
Бір жерде ұзақ қызмет жасаған адамдардың мінез-құлқының өзгеруі, жақын руласына сүйеніш таныту, қызметтестер арасындағы опасыздық, білім, қабілет, өресі әлсіз болса да, жүнді білек ағаға арқа сүйеу арқылы Құдайдан басқа сыйынары мен сүйенері жоқ адамдардың көретін құқайы… сияқты қазақты қажытып жүрген уақиғалар тізбегі тарқатыла бастағанда романның осыдан қырық-елу жыл бұрынғы желісі жылжып, тап бүгін болып жатқан көрініс сияқты әсерде қалдырады. Осы ерекшеліктің өзінен толағай жазушының әлдеқашан жасаған типтік образдары сіз бенен біздің өмір сүріп отырған қоғамда да өзектілігін жоймай келе жатқандығына куә боламыз. 
…«Көксу» ауданының аупарткомы Ботбай Сахиев пен обком хатшысы Қыстаубай Бүкіров арасындағы туыстық арақатынас кісінің басына іс түскенде шиеленісе түседі. Шығарма білімі таяз іні мен дүмі күшті ағаның арқасында иллалап өскен саяси қызмет сатыларын суреттеуден басталады. Сөйтіп, тақырып аясы бірден тамыр жайып, бүгінгі күн келбетімен бетпе-бет келеді. 
Кез келген көркем шығарма болған және болуы мүмкін уақиғаларды типтендіреді. Алыста қалған алпысыншы жылдарда «Құмбел» совхозының директоры Таппай Ескермесов және облыстық партия комитеті мен аупарткомның бірінші хатшысының арасындағы шырмауықтай шырматылған уақиғалардан бүгінгінің облыс, аудан, ауыл әкімі арасындағы егіздің сыңарындай ұқсас суреттердің көлеңкесін көріп отырып «ел жаңа» деп аталатын елу жылда ештеңенің де өзгермегеніне амалсыз қайран қаласың.
Орталық кейіпкер Ақтілеу Әкімгереев – журналист, Көксу аудандық партия комитетінің аппарат қызметкері, шындықты бүкпесіз айтып, жазудан қаймықпайтын жан. Шығармашылық адамның болмысы мен қасаң әкімшілік аппарат қызметкерлерінің арғы затындағы от пен судай қабысуы мүмкін емес қарама қайшылықтар образ алуандығы арқылы шығармаға ерекше әсер береді. Мінберге шығатын басшы үшін қатардағы қосшының баяндама жазуы… әлгінің барлық жерде сөйлейтін сөзін дайындау арқылы сарқылу… өзін лауазымды басшы орнына қойып сөйлеу… сөйтіп халықтың көкейіндегісін айту… ақыр аяғында әлгі өтеусіз қызметі үшін сынық сөйлем жылы сөз естімеу қасіретінің қандай екенін көресің бұл шығармадан. Оқып отырып: «Сонда бұның басшысы кім, қосшысы кім?» деген жауабы жоқ сұрақтардың құрсауында қаласың!
Әлмәмбет Әлішев екі күннің бірінде қаналып, сол арқылы адамдық құқықтары тапталып жүрген «әдеби негрлердің» запыранды зарын төгеді. Аупарткомның екінші хатшысы Қален Қабиевтің образы арқылы күні үшін қатар жүрген азаматтарды сатып кете салудан тайынбайтын опасыздың бейнесі суреттелсе, сол аупарткомның хатшысын сайлайтын активтің ахуалы бүгінгі қолға үйретілген кейбір халық қалаулыларын еске түсіреді. Әлішевтің «Аупарткомның хатшысын актив сайлауы керек. Бірақ обкомның хатшысы ертіп әкелген адамды әзірге еш жерде қабылдамай, қайтарып жібергенін естіген жоқпыз» деген сөзі демократия деген ұғымның әзірге тек тілдің ұшында екенін көрсетеді және кешегі Советтер одағы мен бүгінгі күн арасындағы қасаң жүйеде, оның басқару, сайлау, қызметке орналастыру, қызмет жасау принциптерінде пәлендей айырмашылық жоқ екенін ұғындырады. 
Романда көп мүддесі шетқақпай қалып, жалғыздың жағдайы үшін барлық мүмкіншілік атаулының жасалып бағатындығы айтылады. Әрине, осы суреттердің бәрінен кешегі «жеке басқа табыну» дәуіріндегі құлдық сананың қазақ қоғамында әлі сол қалпында екенін аңғару қиын емес. 
Ол кезде халықты социалистік-гуманистік рухта тәрбиеленуге үндеп, осы жолда үдемелі күрес жүргізіп отыратындықтан  социалистік реализмнің шырмауы мен бұғауынан шығып кету қаламгерлер үшін оңай болған жоқ. Әлмәмбет осы әлеуметтік тордан сытылып шығып, сол Советтер одағының азаматы бола жүріп сыншыл реализм идеясына қызмет жасаған жазушы. Бұл бағыттың басты ерекшелігі: қоғамдық өмірдегі қайшылықтар мен кемшіліктерді сынға алу, еңбекшінің көңіл күйін бағып, билеуші топтың қолдан жасайтын әлеуметтік теңсіздікке деген наразылығын білдіру арқылы әдебиетті қоғамдық өмірмен тығыз байланыстырып, оның идеялық мазмұнына қозғаушы күш беру. Өкінішке орай, әлгі қасиеттердің санаулы қаламгерлерге ғана тән екенін айтпай болмайды. 
Мұндай әдеби ағымның астарында және осы идеяға қызмет жасайтын шығарма мазмұнында еңбекші халықтың сойылын соғумен қатар, сол әлеуметтік топтың қоғамдық өмірді өзгертуге болатындығы мен оның кемел болашағына деген нық сенім жатады. Бұл бағытта жазылған шығармалар писсемистік сарыннан бойын аулақ ұстайды. Біз осы ерекшелікті «Иірім» романының күрмеуінен көреміз. Ауданға жаңадан келген аупарткомның басшысына тоқсан мың халықтың үмітін арту арқылы жазушы келер күнге сенім білдіреді. Ел өз келешегіне сену арқылы ерте ме, кеш пе қоғамдағы бассыздық атаулыны тыйып, өзіне тиісті дәрежеде үлесін алатындығын меңзейді. Шым-шытырық уақиғаларға толы көркем туынды осылайша көтеріңкі көңіл күймен биік нотада күрмеледі. Автор ел басқарған басшының иірімге түскен қу қайықтың ескекшісі екенін айта келіп, романның соңғы сөйлемінде «Шіркін, сол иірімнен абыройлы шыққанға не жетсін?!..» деп түйеді тарихи шындықты тірек еткен, реалистік көркем образға толы деректі-мемуарлық шығарманың тобықтай түйінін. 
Әлмәмбет Әлішев – ойға алған мақсат-міндетін орындап, межелеген белестерін бағындырып келе жатқан, сөз өнерінің шыңына көтерілген жазушы. Біз оның келешектегі жоспар-жобаларымен де бөліскен едік. Сол күндердің бірінде Әлекең қиялының түбінде қоздап «Қоламтада қалған шоқ» деген шығарманың жазылатын күні мен сәтін күтіп жатқанын айтты. 
Жазар көбейсін, шындықтың шырақшысы! 
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз