КӨП ІШІНДЕ ДАРА ЕДІ

83

0

Сыбдыры сыр бермей, жүрісі білінбей, көз алдымызда зымырап өтіп жатқан қайран өмір. Тек кей сәттерде ғана ой-санамызбен саралап, көзге елестетіп, көңілге жақындатқанымыз болмаса, қолға ұстатпайтын сынаптай сырғыған уақыт-ай, шіркін.
Бәрі де кешегідей сияқты болғанымен, көп нәрселер көмескі сағымға айналып, көңілден кетіп, бізден алыстап барады.
Осыдан 57 жыл бұрын, алыс ауылдардан өнер қуған, армандары кеуделеріне сыймаған бір топ албырт жас жігіттер мен қыздар Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының табалдырығын аттап, студент атанды. 
Консерватория қабырғасында музыка және театр өнерінің сан алуан мамандықтарын оқытатын факультеттер, бөлімдер бар екен. Қабылдаудан өткен шәкірттерді табиғи дарынына қарай әр мамандыққа бөлді. Бізді консерваторияның екіжылдық дайындау бөліміне қабылдағандықтан, оқудың толық мерзімі, бесжылдық негізгі курстарды қосып есептегенде, жеті жыл бойы оқитын болдық. Біз консерваторияға ілінгенімізге қуандық. Жүздеген дарынды жастардың оқуға түсе алмай кеткенін көзіміз көрген-ді.
Мүлкаманды оркестр факультетінің үрмелі аспаптар бөліміне, труба аспабына қабылдады. Бұл бөлімде болашақта симфониялық оркестрлердің құрамында ойнайтын жоғары дәрежелі музыкант дайындау үшін, оған есту қабілеті мен музыканы қабылдау мүмкіндігі  өте жоғары азаматтарды қабылдайды екен. Және ол кездерде Қазақстандағы симфония  оркестрлерінде ойнайтын қазақ азаматтары жоқтың қасы болатын.
Сонымен, консерватория қабырғасындағы жайшылықта түсімізге кірмейтін қызық та сырлы сипаты ғажайып бір әлем басталып жүре берді.
Біз, әншілер, күндізгі өтетін дауыс түзеу, ән салу, басқа да жұмбағы көп сабақтардан шаршап шығып, кештетіп «Рабочий поселокте” орналасқан жатақханамызға бірнеше автобусқа ауысып мініп жететін едік. Ал, Мүлкаман болса, түнделетіп жатар кезде келіп бізге қосылатын. Студенттер, әсіресе, оркестр аспаптарында оқитындар сабақтары аяқталғаннан кейін шай-пай ішіп алып консерварторияда қалып, бірнеше сағат бойы ойнайтын аспабында машықтану, аспапты толық меңгеру әдістемелерімен өздері жеке-дара дайындалуға міндетті екен. Оны кейін білдік. Ол үшін консерваторияда студенттерге таң атқанша дайындық кластарын бөліп беріп отыратын кезекші диспетчер болатын.
Дегенмен, Мүлкаман консерваторияны трубадан бастап, кейін екі жылдан соң домбыра аспабына ауысып, үздік бағамен домбырашы және дирижер мамандықтарын меңгеріп, бітіріп шықты. Музыкалық аспапта ойнаушыларға байланысты көптеген талаптар бар. Солардың бірінен саналатын үрмелі аспапта ойнайтын адамның табиғи аппараты – ауызы, еріндері, тыныс алу жүйесі сияқты өте қажетті мүшелеріне қойылатын талаптар. Мүлкаманның ерніне күтпеген жерден жара шығып, ол біраз уақыт аспапта ойнай алмай қиналып жүрдi. Содан ол уақытты бекер өткізбеймін деп ұлт-аспаптар факультетіне ауысып, домбыраға отырды. Бұл көп адамның қолынан келе бермейтін ерлік еді. Себебі, оқу ортасында бұрыннан іріктеліп, есептеліп, әр ұстазға белгіленіп қойылған оқу процесін жыл ортасында өзгертіп, оны қиналмай меңгеріп, ілгері алып кету консерватория қабырғасында өте сирек болатын жағдай.
Белгілі жүйе бойынша оқып келіп, аяқ астынан мамандық өзгерте салу біздің тобымызда досымыз Мүлкаманның ғана қолынан келді. Осы сияқты себептермен қаншама жастар оқудан шығып кетті. Бұл үшін бір ғана мысал келтіруге болады. Біз 1957 жылы дайындық курсына барлығымыз 42 адам қабылданғанбыз. Кейін жеті жыл өткенде консерваторияны 14-міз ғана бітіріп шықтық. Оқудың қиындығы және әртүрлі себеп-салдармен көп жастарымыз оқуын тәмамдай алмады. 
Осы жеті жыл бәріміз үшін өмірлік сын, жігерімізді қайраған, азаматтық мінез-құлқымыз, кәсіби бағдарламамыз қалыптасқан жемісті жылдар болды. Жасынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен Мүлкаманның да өткен репрессия зұлматына іліккен ата-ананың ұрпағы ретінде көрген қиыншылықтары да аз емес еді. Еңбекқор, шыдамды досымыз ешуақытта қарнының ашып жүргенін, оқудан қиналып шаршап жүргенін білдірмейтін. Әр уақытта жаны жайдары, байсалды қалпынан айнымайтын. Табиғатынан ұстамды, кішіпейіл, тектілік парасаты көз жанарынан байқалып тұратын. 
Оқуды бітірісімен жолдамамен Қызылордаға келіп, білек сыбана іске кірісті. Музыканынң әр саласындағы шәкірттерін тәрбиелей жүріп, облыс орталығында «Сыр сұлуы” ансамблін құрып, алыс-жақын шет елдерде туған елінің өнерін үгіт-насихат жасап, көпке танымал өнер коллективін өмірге әкелді.
Содан кейінгі жылдарда өзі оқып шыққан консерваторияның арнайы шақыруымен келіп, Алматыда ұстаздық қызметін жалғастырады. Қадірлі ұстаз, білікті маман Мүлкаманның біраз шығармашылық еңбектері де баршылық. Зымыраған уақыт біздің де қатарымызды сиретіп, қазір әр облыста, әр қалада саусақпен санағандай болып қалыппыз.
Достарымен туысқандай қарым-қатынаста болған, артында жүздеген шәкірттері қалып ұстаз бастаған ұлы өнердің саласында еңбек етіп жатқан ізбасарлары бар Мүлкаман бүгін арамызда болмаса да, елімен бірге жасай беретін оның арман-тілектері, бастаған кәсіби іс-шаралары ел-жұртының ортасында өмір кеше беретініне кәміл сенеміз.
Нұрғали НҮСІПЖАНОВ,
Қазақстанның халық әртісі.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз