КӨПКЕ ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛАМГЕР

163

0

КӨПКЕ ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛАМГЕР

Қазидың өз қолымен жазылған бір жапырақ
қағазы менде сақталып қалыпты.

Меншікті тілшілердің газет редакция­сындағы
бөлімдермен тығыз байланыста бо­лып, алдағы апталардағы басылымда жария­ланатын
мақалаларды бірге жоспарлап, бірге талқылап оты­ратын үрдісіне сай жа­зыл­ған
ес­кертпе іс­петті: «1. Ау­ылды қалай ая­ғына тік қою­ға болады? 2. Ауыл
мектебін қарау. Ин­тернет, электронды пошта? 3.Ауылдағы айт­қыштар. 4. Бір жеке
шаруа қожалығының эко­номикалық қалыптасу кезеңін талдау». Сол кездері яғни,
екімыңыншы жылдардың басында облыстық «Сыр бойы» газетінде «Ауыл ахуалы» атты
ауыл өміріне арналған бет болатын-ды, жоғарыдағы тақырыпшалар га­зеттің алдағы
санында қамтылатын ма­те­ри­ал­дардың қысқаша нобайы болса ке­рек.
Жазушылығымен де, журналистік ше­берлігімен де өзге әріптестерімізден оқ бойы
озық тұратын Қази Данабаев расында көбімізге ақылшы, қамқоршы, жанашыр жан еді.
Жалпы жұртты алалаушылығы жоқ әріптесіміз өзінен жөн сұраған адамға шын
пейілімен көмектескісі келіп, білгенін сар­қа айтудан, үйретуден әсте танған
емес. Жоғарыдағы жазбалар да газетті тартымды етіп шығару жолындағы ұсыныстар
тізбесі.

КӨПКЕ ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛАМГЕР«Сыр
бойына» қызметке әуелгі келген кезімде «Руханият» бөлімінде Қазидың қол астында
қызмет істегендіктен де менің де оған үйірсектігім бар еді, бертінде қызметтік
жақындастығымыз сырластыққа, достыққа ұласып кетті. Өзі де келісті, сырбаз жан
еді ғой, жатырқамай, өз жайынан бұрын сенің жағдайыңды ойлап, қоғамның сырқатын
емдегісі келіп аласұрып жүрсе де, қарапайым да, маңғаз қалпынан бір танған
емес.

«Жазушы
– қоғамның сүйегінен адам­ның жанын іздейтін бейбақ», дейтін Асқар
Сүлейменовтің пікірін бір жерден оқығаным бар, иә, сол айтпақшы, Қазекең болған
жайт­тардың ақиқатын ашып, оқиғалар мен фактілерді оқырман көз алдына келтіре
алатын, қабылдауға қолайлы пішін беретін шеберлігі толысқан қаламгер екендігін
әлде­неше рет дәлелдеген өз ойы, өз өрісі бар азамат болатын. Онымен әңгімелесу
ба­ры­сында ойыңды нақты айтуға және де оны қорғауға шыныға беретініңді байқай
бастайсың. Расында адамның өз ойын ай­тып жеткізе алмауы осалдық болса, өз ойы­ның
болмауы одан да үлкен олқы­лық қой, бұл та­рап­тан оның әріптес­теріне, жақын
жүр­ген азаматтарға бер­ген өнегесі аз емес еді.

«Мақала үстірт
жазыл­мауы тиіс, журналист өзі ара­ласқан мәселені бүге- ші­гесіне дейін зерттеп,
оның қан-жынына араласып ке­туі керек, сонда ғана оның мәні ашылады», дейтін-ді
ол редакцияның алқа жиынында. «Иә» де­ген
сөзді жазудың бір ғана, ал айтудың бес жүзден астам тәсілі бар», деп Бернард
Шоу айтпақшы, Данабаев не нәрсені қай кезде, қалай айту тәсілдерін жетік
меңгерген май­талман қаламгер десем, оны білетіндер, көргендер қолдайды деп
ойлаймын.

Аймағымыздан
экологиялық жеңілдік­тер­ді алып тастау жөнінде сол кездегі облыс басшысының
бірінен сөз шығып, осыны насихаттау барысына біршама басылымдар белсене кірісіп
те кеткен кез еді, сол шамада республикалық беделді басылымдардың бі­рін­де
журналист Қази Данабаевтың; «Әкім әлем халқын қалай алдамақшы болды?» деген
көлемді мақаласы жарқ ете қалды. Өте өткір және де идея авторы сынға ұшыраған материал
еді. Расында экологиялық зардап салдары бар деп танылған аймақты қалай тап-таза
етіп шығаруға, ол жерде өнген өнімдерді кіршіксіз деп қалай айтуға, бұл пікірді
көпшілікке тықпалауға кімнің дәті баруы мүмкін?!

Осы
жарияланымнан соң іле-шала жергілікті кадрларды қудалауға ұшыратқан бір мекеме
басшысының жұмыс стилін сын­ға алған екінші мақаласы да «Жас алаш» газетінде
жарық көре қалды. Бұл кісіңіз де жоғарыдағыларға жақын жүретін, жұғы­мы бар
адам екен, мұнан соң біздің газет басшылығына тықыр таянып, соңында жур­налистің
үлкен кабинетте ықпалды кісімен бетпе-бет кездесуіне тура келеді. Келген соң
болған жайтты қысқаша әңгімелеп берді. Екеуара әңгімелесу барысында Қази
мақалаларындағы фактілерді түгел
дәлелдеп, өз ойына дөкейді де иліктіреді. «Дегенде, – деді ол әңгімесінің
соңында, – басшының түпкі ойы шынында жөн секілді, аймаққа экономикалық пайдасы
бар екендігін аңғар­дым. Тек, онысын жұртшылыққа дұрыс тү­сіндіре алмады», деді
ол қашанғы шындық сөзге мойынсынатын әдетіне басып. «Адам болған соң қателеседі,
сүрінеді, жығылады, тұрады. Бұл әр пендеде болатын жағдай. Мас болуы да,
біреуді тілдеуі де мүмкін. Мұның бәрін кешіруге болады, тек өтірік айтқанды,
жұртты ақымақ көретін өтірікшіні кешірмеу керек», дейтін мінезі де әлі есімде.

«Қайырда қалған кеменің
капитаны» атты сын мақаласында сол кездегі білім саласындағы жүйесіздіктер
талданып, Білім министрі сынға алынды. Көп ұзамай бұл шенеунік те қызметімен
қоштасты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген осы болса керек.

Ол кездері
газеттің, журналистің беделі зор еді, редакциямызға өз ортасынан зәбір
көргендер, шындықтың ауылын іздегендер жиі келетін-ді. Әділдік орнатамыз деп
газет қызметкерлері де ел-елді кезіп, оқиға ор­та­сында болуға ұмтылып,
ала-шапқын бо­лып жататын-ды. Басшы-қосшылар да мақ­тауға оншалықты еліре
бармейтін, ат­қар­ған қызметін міндетім деп түсініп, орынды сын
болса, мойындап, оны қалпына кел­тіруге тырысып жүретіндігін байқар едік.
Қоғамдық өзгерістерден соңғы қаржы тап­шы­лығының әлі де етектен басып тұрған
ке­зеңі ғой, журналистердің де жалақысы мар­дымсыз, бір айлығы екінші айлығына
жетпейтін, өзгеге түсірер көлеңкесі шамалы шағы. Сондайда әріптестеріміздің;
«Өзің диуанасың, кімге пір болмақшысың?» дейтін зілсіз әзіліне Қази: «Журналист
–қалқан ғой, қалқанды ешкім де, ешнәрсе де қорғамайды», деп шындап жауап
беретін-ді. Расы да солай ғой, жұрт сенген қаламгер өз жағ­дайын қамдап, ықтап
кетсе, қо­ғамдағы келеңсіздіктерді кім су бетіне шығарады, кім болашаққа
қамқоршы болады?! Осы ұстаным­ның басында қашанда Қази досы­мыз жүрді. Ол
қашанда шындықтың жүзіне тура қарады және де оны­сын ешкімнен жа­сырмады, бү­гежектемеді.
Оның қыбын табу қиын еді, жағымпаздарды жақсы көрмейтін, ал көшелі іске қашанда
басын иіп өтті.

Мұнай өндіру
саласындағы шет­ел­дік­тердің қандастарымызға әлеуметтік тең­сіздік жасауын
зерт­теуде екі-үш күндеп сол жақта жат­қан кездері де болды. Қа­шанда шындық
жағында жүретін Қазекең бұл жағдай туралы бірнеше сери­ал­ды мақа­лалар жазды.
Сол кез­дегі облыс әкімі Адыр­бековтің
жур­налист деректеріне ден қой­ып, қолдау білдіргенін де ұмыт­қанымыз
жоқ.

Редакция
коридорына кірге­нім­де Қа­зи­дың Ақберген ағамен қалай сәлем­де­сетіні көз
алдыма келеді. Екеуі екі жақтан шұрқыраса келіп, аяқтарымен тебісіп аман­дасып
жататын. Бір қарасаң, бала­ның ойыны секілді, дап-дардай адамдар, өздеріне
салсаң, сірескен қалыптан ауытқығандары. Кастөм киіп, галстук таққанын да сирек
кө­­ретінбіз, иығына тек қарапайым тоқыма киімдерді іле сала көп ішінде момақан
қалып танытатын еді-ау. Иә, қалыпқа сыймайтын, бұғаулап, бүркеп ұстауға
көнбейтін басы асау күйі өмірден өтті Қази дос. Биыл жеті жыл толады аяулы
әріптестің арамыздан кеткеніне, сонда да болса, оның өзі өмірден өткен соң ұлы
Нұрлан мен шәкірт інісі Нұрбек жинақтаған кітабын оқитындар, ол туралы
сұрайтындар ел арасында молынан кезігеді. Тіліміз жеткенінше, білгенімізді
айтып, өзіміз де шер тарқатамыз. Жолын қу­ған ұлы Нұрланның бойынан Қазиға тән
қасиеттерді көріп, кейде «орнында бар оңалар» деген осы екен-ау», деп тәубе
айтып қоямын.

Нұрмахан
ЕЛТАЙ,

Қазақстан
Жазушылар

одағының мүшесі.
 

ҚАЗИДЫҢ ҚАЙСАР
ҚАЛАМЫ

Жуырда Орал өңіріндегі
құдамыз келін түсірді. Ша­қыр­ған соң басымызды құ­рап, туыстарды жинап деген­дей,
Қазалыдан бір қауым ел болып біз де бардық. Той дүр­кіреп өтті.
Ертеңіне құ­да күттік. Табалдырықтан жа­ңа аттаған келіннің төр­кі­ні Жайықтың
бойын жай­лаған жағалбайлылар екен. Шетінен өнерлі, қызыл тіл­ге ділмәр
екендері байқа­лып-ақ тұр. Асаба жігіт «Мы­на азаматтар сонау Сыр­дан келген
құрметті құ­да­ларымыз» деп бізді та­ныс­тырған-ды.

КӨПКЕ ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛАМГЕРСол-ақ екен қонақтардың ішіндегі пысақай отағасы «Сырдан
болса «Шектінің өзі, Төлешімді жайратқан Бе­кежанның көзімін» десейші» деді
жұлып алғандай. Дуыл­дасып мәз-мейрам болып отыр­ған үйдің іші сілтідей тынды.
Бағанадан бері жа­ғы тыным таппаған асаба да мүдіріп қалды. Тым-ты­рыс
тыныштықты бұзған Садық көкем суырыла жө­нел­ді. Мұғалімдіктен зей­неткерлікке
шыққан Сә­кең байсалды дауыспен Бе­ке­­жанның батырлығына қо­са әділ би
болғанын, қос ғашық Жібек пен Тө­ле­ген­ді қолдағанын, өзі қол бастап жорыққа
аттан­ған­да Төлегенді жазым қыл­ған Кескентеректі өлім жа­­засына кескенін
баян­дады. Кейін Сырдың ақ­са­­қал-қарасақалдары та­ны­­мал жазушыға хат жаз­­ға­нын,
алайда кино тү­­сі­­рілгенде өзгеріссіз кет­­кенін, осылайша та­ри­хи шындықтың
бұрма­лан­­ғанын, бұл туралы та­нымал журналист Қази Да­на­баевтың «Сыр бойы»
газетінде көлемді мақала жазғанын ұғынықты да шебер жеткізді. Дастарқан басында
тағы да терең үн­сіздік орнады. Кенет… жаңа­ғы отағасы орнынан ұшып тұрып
Садық көкемнен жал­барына кешірім сұрасын. Мұн­дай қуанбаспын. Іштей Қази
ағамның рулы елді ты­ғырықтан шығарған білі­гіне, ізденімпаздығына тән­ті­лік
таныттым. Рухы­на ри­зашылығымды жаудыр­дым.

Қайран Қазекең. Ағамыз­бен тым етене араластым деп айта
алмаймын. Алайда жан­ашыр пейілін сезінгенім анық. «Сыр бойына» жаңадан келген
кезім. Кім-кімге де бей­таныс ортаға сіңісіп кету оңайға соқпайтыны белгілі.
Оның үстіне есімдері елге мәлім, әрқайсысының қол­таң­басы қалыптасқан, сан­да­ған
оқырмандары бар жур­налистер топтасқан басы­лымда еңбек ету абырой әрі зор
жауапкершілік жүктейді. Қазекең болса мені бірден ішіне тартты. Мүмкін оған
менің өзінің жан досы Нәр­кен ағамен (Қазалы ауда­ны сотының төрағасы қыз­ме­тін
атқарған марқұм Нар­ма­ғамбет Әбдіхалықов) ту­­­ыс­тық жақындығымыз әсер еткен
шығар. Мен Қа­зе­­­кең мен Нәкеңнің шы­найы достығына қайран қала­тын­мын.
Бірін-бірі құрдас емес құдды ағалы-інідей ерке­ле­тетін.

«Жақсыдан – шарапат» деген рас. Бірде Қази аға Қа­залыға
әлдебір шаруамен келді. Құрақ ұшып қарсы алдық. «Сыбағаңыз» деп қой әкеліп,
бата сұрағанбыз. Аға­мыз өзінің диета сақтап жүргенін айтып рұқсат бер­меді.
Есесіне теңіздің се­міз сазанымен сүйсіне ауқат­танды. Арасында балық­тың адам
ағзасына тигізер пай­дасы жайлы қызықты әң­гіме шерткенде ымырт үйі­рілгенін
аңдамай да қа­лып­пыз. Ертеңіне Қази аға­ны іздеп орта жастағы әй­ел келді. Екі
көзі бұлау­дай жасқа толыпты. Жал­ғыз­бас­­ты ана екен, біраз уақыт бұрын
біреуден қос бөлмелі пәтер сатып алыпты. Енді бұрынғы иесі әйелдің атына
аударып үлгермеген пәтерін қайтарып алуға жанталасып жатыр екен. Шиеттей бала­ла­рымен
далада қалғалы тұр­­ғанын айтып зар илеген ана­ның түрі тым аянышты тұғын.

Қази қатты ширықты. Бей­таныс әйелді ертіп Нәр­кеннің
кабинетіне беттеді. Мән-жайды түсіндірді. Ана­ны алаяқтан қорғауды өтінді.
Нәркен азаматтық танытты. Заңдылығын қарап, пәтерді ананың меншігіне қалдырды.
Сондағы ананың қуанышын көрсең. Қазекеңнің бұл соң­ғы іссапары екен. Көп ұза­май
дүниеден озды. Сол күн­дердің бірінде каби­нетіме баяғы ана тағы кел­ді.
Қазидың қазасына кө­ңіл айтып ағыл-тегіл бо­сады. Өзіндей қарапайым жан­ға қол
ұшын созған бек­зат азаматтың рухына шек­сіз ықыласын көз жасы­мен білдірді.
Менің де ал­қы­мым­ды өксік буды.

Таяуда қызық жайтты бас­тан кешірдім. Әйелдер ме­­рекесі
қарсаңында «Қара­құм­ның Таңшолпаны» та­қы­рыбымен аталмыш округ­тің
кітапханашысының то­­­лым­ды тірлігі, ауыл өмі­рі туралы мақалам жария­ланған
болатын. Қарақұм ағамыздың туып-өскен құт­ты мекені. Сол түні Қази тү­сіме
енді. Жымия күліп, ма­ған әлденені түсіндіріп жа­­тыр екен. Жақсылыққа жо­­рыдым.
Таңертең жеті шел­­пек пісіртіп, мешітте аға­­мыздың рухына құран ба­ғыштаттым.
Еріксіз толқы­дым. Қазекеңнің туған жерін бойтұмарындай қастерлеп, шексіз
сүйгендігіне тағы да көзім жетті. «Жақсының аты өшпейді» деген осы да.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз