КҮРЕСКЕР ТУРАЛЫ КҮРДЕЛІ ЕҢБЕК

197

0

КҮРЕСКЕР ТУРАЛЫ КҮРДЕЛІ ЕҢБЕК2015 жылы Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы «Мұстафа Шоқай: библиографиялық көрсеткішін» шығарған болатын. Соған енген Мұстафа Шоқайдың 904 еңбегі ағылшын, француз, неміс, поляк, т.б. – барлығы он тілде жазылса, ал оның өмірі мен қызметі және шығармашылығы туралы 1405 еңбек сегіз тілде жазылған екен. Мұндай тұлғаны әлемге танылған демей қалай атауға болады?
Он екі томдықтың беташарындай көлемі отыз төрт баспа табақ болатын тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің авторлығымен шыққан бірінші томда шынайы гуманист, энциклопедиялық білімдар, ірі ойшыл Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы, сан салалы қайраткерлік қызметі, шығармашылық мұрасы талданып, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасалған. Бірінші томның «Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасы жөнінде» деп аталатын беташар мақаласында саяси күрескердің шығармашылығы әңгіме өзегі болады. Осы томдағы елеулі бөлім Мұстафа Шоқайдың саяси әлеуметтік көзқарастарының, жалпы дүниетанымының  қалыптасуына арналған. 
Мұстафа Шоқайдың ең алғашқы тәрбиесі өз кезіндегі тұр¬мыстық мәдениеті жеткілікті би мен датқалық лауазымдары елге танымал әулеттің отбасында өтті. Атасы Торғай датқа ел билеген шешен, озық ойлы көсем, Сыр бойының белгілі ақыны Мансұр Бекжановтың «Иманжүсіпке хат» деген өлеңінде айтылғандай, «ел қамын жеген ерлер» қатарында аталған,  ақыл парасаты мол болған. Әкесі Шоқай да ширек ғасырдай би болыс атанып, ел ішінде және орыс шенеуніктер арасында танымал болған екен. Ал Мұстафаның анасы   қазіргі Шиелі және Сырдария аудандары өңіріне белгілі, аты тарихта би атанған Баспақ (Мәмбетәлі) батырдың қарындасы Бақтыбике. 
Мұстафа Шоқай әуелі ауылда оқып, білімін ашып, 1899-1902 жылдары  Перовскі училищесінде оқиды. Мұны Өзбекстан мұрағатындағы өмірбаяндық құжат растайды [1,34]. 1902 жылы 4 тамыз айында Мұстафа Тащкент ерлер гимназиясына түсіп,  оны 1910 жылы алтын медальмен бітіреді.  Мұстафа жас кезінен өз халқының бай ауыз әдебиетіне, әдет ғұрпы мен салт санасына ерекше қызығушылық танытады. 
Заңгер болуды таңдаған гимназистің өмірінде оның Санкт-Петербург университетінде  оқыған жылдары ерекше рөл атқарды. Білімге ерекше ден қойған студенттің дүниеге көзқарасын сол кездегі империя орталығында орын алған күрделі саяси оқиғалар жетілдіре түсті. 1933 жылғы «Есімдегілерден… (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары  Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз” деп жазған еді. 
Ресей империясы өзінің отарлық саясатына сәйкес қазақ даласын түгел өзіне қаратып алғаннан кейін дала тәртібін өз жүйесіне бейімдеп, қазақтарды орыстанлыруға, ол үшін алдымен ең маңызды ұлттық атрибуттар – тілін, дінін, ділін өзгертуге барын салды. Бұл қасиеттерінен айрылған халықты кім етемін десе де үстем ұлттың еркінде болатыны белгілі. 
Мұндай империялық саяси жағдай Мұстафа Шоқайды өз халқының тағдыры мен мүддесі үшін күрескер етті. Бұл бағытта 1913 жылдың  шыға бастаған, Алаш қозғалысының шынайы мінбері болған  «Қазақ» газеті елеулі рөл атқарды. Бүкіл қазақ халқының оңы мен солын тануда ерекше ықпал еткен басылым Мұстафа Шоқайдың шын мәнісіндегі рухани қайнарының біріне айналады. 
Мұстафа Шоқайдың саяси әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуында Әлихан Бөкейханның ерекше рөл атқарғанын атап көрсеткен жөн. Біріншіден, Әлихан Мұстафа сияқты жастардың саяси жолдарына бағыт бағдар берді. 1939 жылдары Мұстафа Шоқайдың «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» – деген ғибратты ұстаз сөзін еске алуы жайдан-жай болмаса керек [2,231]. Сондай ақ Әлихан Бөкейханның көмегімен Мұстафаның Мемлекеттік думаның Мұсылмандар Фракциясы хатшылығына орналасуы оның саяси жолын айқындай, толықтыра түскен болатын. Мұстафа фракция мүшелерімен күнделікті араласып, олардың ой жиектерін таниды, тиімді ақыл кеңестерін естіп, соған сәйкес әрекет етуге тырысады. Депутат-мұсылмандарға Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті материалдар дайындайды. Бұл жағдай оны сол кездегі Ресей орталығындағы барлық дерлік елеулі саяси оқиғалардан хабардар етті. 
Мұстафа Шоқай автономия мәселесіне жетудің объективтік және субъективтік факторларын мұқият зерттейді. Қажетті мамандарсыз және техникалық күштерсіз қандай да жақсы идеялардың бос сөз болып қалатынын ойлайтын. Сол себепті ол: «Бүкіл басқару аппаратын, қарулы кұштерді және басқа да құралдарды қолына ұстаған аз санды орыстардың күші басым болатын….Біз, түркістандықтар, өлкелік комитеттерден әрі аса алмадық, мұның үстіне ұйымдардың біразы бір бірімен керісуден басқа ештеңенің жөнін білмейтін»,   деп жазды [3, 27]. Cондықтан Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы идеясын аса сақтық, ұстамдылықпен, өлкедегі саяси күштердің арасалмағын таразы басына сала отырып тұжырымдауға тырысты. 
Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінде  Түркістан Мұхтарияты ерекше орын алады. 1917 жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайы Түркістанды ме¬кен¬деуші халықтың еркін білдіре отырып, Түркістанды ¬Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақ-тық автономия деп жариялайды. Түркістан өлкесі Түркістан Мұхтарияты (автономия) деп аталды. Ол екі ай шамасында өмір сүрді. Оны Кеңес өкіметі қанды қырғынға ұшыратты. Алайда Түркістан автономиясының тарихи маңызы жергілікті халықтың өзін өзі билеуге бағытталған нақты қадам жасауында, өз тағдырын өзі шешуге құқылы екендігін әлем жұртшылығына паш еткенінде еді. Осы мемлекеттік құрылымның басшысы және идеологы болу Мұстафа Шоқайдың маңдайына жазылған болатын. Бұл, екінші жағынан, Мұстафа Шоқайдың өмірінде, көзқарастарында ерекше із қалдырған оқиға болды.  
Түркістан автономиясының тағдыры М.Шоқайдың мұғажырлық өмірін бастауға мәжбүр етті. Оның басты себебі Кеңес өкіметінің орнауымен елде тоталитарлық, полицейлік жүйенің қалыптасып келе жатқандығы, бұл жүйенің ешқандай демократиялық іс әрекетке жол бермейтіні еді. Мұны сергек саясаткер көрегендікпен білді және Францияда жүріп жазған мақалаларында, хаттарында ол туралы аз жазған жоқ. 
Париждегі  алғашқы күндеріден бастап М.Шоқай Түркістандағы астыртын ұйымдармен және жора жолдастармен байланыс орнату міндетін алға тартты. Бұл, біріншіден, өмір бойы сағынып өткен, бөлекше сүйген елінен хабар алып тұру. Екіншіден, елдегі саяси ахуалды біліп отыру. Өйткені кеңес қоғамы бекуге бет алып, өзінің бар табиғи тұрпатын таныта бастап еді. Сол себепті кеңес өкіметінің саясатын білмей, өзінің басты мұраты – халқының бостандығы үшін күрес жүргізу мүмкін емес.Үшіншіден, ала сапыран заманда күрес амалдары мен тәсілдерін таңдап алу оңай емес тұғын. Саясаткер әлемдегі жағдайларды таразы басына салып, салмақтап, екшеп отырмаса іс ұтпайтын еді.
Мұстафа Шоқайдың шетелдегі саяси қызметі Кеңестер Одағын¬дағы түркі халқының азаттық күресіне ұйымдастырушылық негіз жасау, Батыс мемлекеттерінің өкілдерімен кездесулер өткізу, Ұлттар Лигасы және өзге де халықаралық ұйымдарға өз ұстанымын таныту, большевиктер саясатының саяси жүйесінің теориясы мен тәжірибесінің берісі ұлттық бостандығы үшін, арысы жалпы адамзаттық құндылықтарға қауіпті екендігін жеткізу сияқты сан алуан тараптарды қамтыды. Ал осыларды ұйымдастыру үшін ол саяси ұйымның қажеттігін терең түсінді. Содан сан түрлі ұйымдастырушылық ізденістердің нәтижесінде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымы құрылды. 
Тәуелсіздік үшін күресудің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап қана қоймай, Мұстафа Шоқай  оған жетудің жолдары мен тетіктерін, күрестің қозғаушы күштерін саралады. Әсіресе, түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайту аса ма¬ңыз¬-ды болды. Мұстафа Шоқай сонау 1917 жылдардан бас¬тап халықты жалпытүркстандық бірегейлік төңірегінде топтастыру тұжырымдамасын тарихи, этностық, мәдени және саяси экономикалық тұрғыдан негіздей бастаған болса, бұл бағыттың тәуелсіздік үшін күресте алатын орны мен мағыздылығына ол шетелде жүрген кезінде де назар аударып отырды.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күресте түркістандықтарға одақтастарды айқындаудың қажеттігіне де ерекше мән берді. 1931 жылы кімдерге арқа сүйеу керек деген мәселені қарастыра отырып, «Алған бағытымыз айқын болсын» атты мақаласында: «…Біз миллиондаған тұрғындары бар Ресеймен күресте жеңіске жететін ең тура, ең сенімді жолдар мен тәсілдерді таңдап ала білуіміз керек.Тек өз күшіміздің аздық ететіні көзге көрініп тұрған ақиқат. Сондықтан біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз лазым» деп жазған еді [4,166-167].  Сондықтан Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күресте ешқашан тек түркі тектес халықтардың бастарын біріктірумен шектелмеген. Бұл идея, яғни Ресей қол астындағы барлық халықтардың басын біріктіру қажеттігіне сонау 1919 жылы Кавказ аймағында жүргенде ақ көзі жеткен болатын.  Алайда оның бұл бағыттағы ойлары кейін түрлі эмигранттық ұйымдардың ұстанымдарына, саяси күштердің өз ара қарым қатынастарына байланысты күрделі эволюциялық жолдан өтті. 1932 жылғы «Түркістанның бақытсыздығы және одан құтылудың жолы» атты мақаласында іштей біріккен күштердің өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында Ресейге қарсы күресіп жатқан басқа да халықтардың күресімен үйлестірудің аса қажеттігін айта отырып: «Тығырықтан шығудың бұдан басқа жолы жоқ. Тек осылай еткенде ғана бостандыққа және тәуелсіздікке жету мүмкін болады» деген еді [4, 250].
Кеңес Одағы құрамындағы мұсылман халықтарының тәуелсіздік үшін күресінің әділеттілігіне М.Шоқайдың әлем жұртшылығының көзін жеткізуі кеңес өкіметін ашық идеологиялық науқанды бастауға мәжбүр етті. Бұған Мұстафа Шоқайдың жауабы мынандай болды: «Кеңестік империализм туралы тынбай жазып, оны өлтіре әшкерелеп, түркістандықтарды ұлт азаттық күреске шақырып және тағдырдың  жазмышымен осы күресте ту көтеруші болып келе жатқанымыз себепті, большевиктер Түркістандағы Кеңес үкіметіне қарсы барлық іс қимылдардың жауапкершілігін бізді мойнымызға  жүктегісі келеді» [2, 118]. 
Мұстафа Шоқайдың түркістандықтардың ішкі бірлігі, алдына қойған мақсат міндеттерді жүзеге асыруда одақтаcтар іздеудегі өміршең идеясы мен қажырлы қызметі қазіргі Тәуелсіздіктің екінші жиырма бестігін бастаған қазақ халқы үшін айрықша маңызды. Бұл бүгінгі мемлекетіміздің сара саясаты, Елбасымыздың сан салалы қажырлы қызметінің аса мәнді бағыты болып отыр. 
Сөз соңында айтарымыз, М.Шоқайдың он екі томдық шығар¬малары жинағының теориялық және тәжірибелік жағынан мәні зор, аса күрделі,  ұлы тұлғаның күреспен өткен ғұмырына арналған бірінші томын оқымай,  білмей, қайсар қайраткер болмысын толық аша алмаймыз. Қарасөзбен жазылған ғұмырнаманы жайбарақат оқып шығу мүмкін емес.  Тамаша еңбекті қайта қайта парақтап отырып қана Мұстафа шындығы тауының етегіне жетуге болады.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, 
профессор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз