Күн апа

324

1

Біз ұстазымызды сыртынан «Күн апа» деп атаушы едік. Апайымыз атына заты сай, керемет адам. Қашанда мейрімін төгіп, күліп тұрады.

Біздің балалықпен жасаған тентектігімізге қашанда кешіріммен қарайтын. Жасыратын несі бар, кейде мұғалімдердің талқысына түсіп қалатын кездеріміз де болады. Ондайда барын салып, бізді ақтап бағады. Құдды, балапанынын қатерден қорғаштаған қарлығаштай шыр-пыры шығады. Талқылауда «шетінен керемет балалар. Ана оқушының мынадай қасиеті, мына оқушының ерекше өнері бар. Бәрі жақсы. Тек, анда-санда байқамай сәл көзге түсіп қалады..» деп келеді. Ал педкеңестен соң… Қара терге малшынып, екінші қайталамауға уәде бересің. Қайдағы?! Көп ұзамай ұстазыңның тағы да сені қорғаштап, сөйлеп тұрғаны.


Күн апа яғни, Күнила Әбубәкірова апай бізді бастауыштан қабылдап алды. Жетекшіміз әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Ұстазымыздың сабақ беруі ерекше еді. Жаңа тақырыпты шебер әрі ұғынықты тілмен түсіндіргенде миыңа сіңіріп жіберетін. Өз басым Күн апаның сөйлеу мәнеріне қатты қызығатынмын. Шынымды айтсам, жазу жолын таңдауыма да ұстазымның ықпалы аз тимеді.


Бірнеше жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 40 жыл толуын атап өттік. Ойдан-қырдан, еліміздің әр қиырынан келген кластастар сағына қауыштық. Күн апа бастаған ұстаздарымыз кешіміздің құрметті қонағы болды. Алдымен апайлар, кейін біз ақ тілегімізді білдірдік. Кезек маған да жетті. Микрофонды қолыма алып сөзімді бастадым. Кенет…Көзім қашанғысындай жылы жымиып, шәкірттеріне мейірлене қарап отырған ұстазымыз Күнила Әбубәкірқызына түсті. Маңдайымнан терім бұрқ етті. Мамандығым жазу, небір алқалы топтың алдында сөйлеп жүрсем де мұндай абыржымаған едім. Сасқалақтап, не айтқаным есімде жоқ. Іштей ұстаз айбатын еріксіз мойындадым.


Біз жоғары класқа көшкенде Күнила апай мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылады. Жанымызға соншалықты жақын ұстаз енді мектептегі түрлі шараларда алдыңғы қатарда жүрді. Алайда өзінің туабітті қарапайымдылығынан айныған емес.


Күнила Әбубәкірқызы өзінің ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде абырой биігінен көрініп, көптеген марапаттарға ие болды. Қазақ ССР оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды, ұстаздардың ұстазы атанды. Өзі ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған қасиетті білім ордасы № 94 мектептен зейнет демалысына шықты.


Апай ауыл-аймаққа аса қадірлі, текті әулет Аманбай ахунның баласы ағайынды Қайрулла, Нуфтулла мақсымның шаңырағына келін болып түсті. Өмірлік жары Зинедин аға туып-өскен ауылының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, қазір елдің бетке ұстар ақсақалының бірі. Өзі де атақты әулие әрі батыр Жанқожа бабаның ұрпағы Күнила апай имандылық ұғымын, адамгершілік қағидатын берік тұтынады.


Ұстазымыз құтты шаңырақтың егесі Зинедин аға екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Аллаға шүкір, перзенттері ат жалын тартып мінді. Қорқыт ата атындағы университетінің түлегі, қыз Гүлзаһира – анасының жолын қуған ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Гүлзаһираның жолдасы Қадірбек көпшілікке сыйлы азамат. Ұлы Дәурен прораб болып қызмет атқарса, Еркеғали мамандығы бойынша экономист. Зәкең мен Күнила апайдың Ахмет, Жансая, Жания есімді немерелері мен Нұрсәуле, Бабабек, Нұрбану, Бабабек, Нұрсая атты жиендері өсіп келеді.


№94 мектеп директоры Алик Тлеумбетов ардагер ұстаз туралы:
– Бар өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған Әбубәкірова Күнила апай мақтауға лайықты жан. Білім беру саласында 40 жылға жуық еңбек еткен апайымыз мектеппен әлі күнге дейін тығыз байланысып тұрады. Өзінің бай тәжірибесін жастарға үйретіп, ақыл-кеңесін айтады. Түрлі іс-шараларға қатысып білім мен тәрбие егіз ұғым екенін оқушыларға жеткізеді. Мектебіміздегі ардагер ұстаздарымызға арналған арнайы бұрышта әрбір ардагеріміздің өмір тарихы және қызмет жолдары кеңінен баяндалған, – деді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер:

Шарбану үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау