КҮЙ КЕРУЕНІНЕ ТАҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

168

0

КҮЙ КЕРУЕНІНЕ ТАҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУӨнерге деген құштарлықтың буы билеп, бойымызды түзеп, жоғары оқуға түскен кезіміз. Жаңа ортаға үйренісе бастаған уақытта аққұба өңді, орта бойлы, сұлуша жігіт біздерге куратор болып келді. Бұл жас ұстаз Мүлкаман Қалауов болатын. Жас ұстаздың бізге қамқорлық жасап, ортамызда жиі болуы, достық пен жолдастық сезімдеріміздің қалыптасуына, өнерді сүйе білуге баулуы, өмірге жаңаша көзқараспен қарап қалыптасуымызға ерекше ықпал жасады. Көп жағдайда ұстаздың оркестрге арнайы жасалған партитураларын және жаңа ән-күйлерінің алғашқы тыңдаушысы да болдық. 
Бірде сабақ үзілісінде әнші Махмұт Әуезовке: «Өзіме өмір сыйлаған аяулы анашыма арнаған әнім бар еді, соны сахнаға шығару үшін уақытың болса, бірлесе жұмыс істейік» деп ұсыныс айтты да күйсандықты бұрқыта, ойқастата тартып, бірте-бірте ішкі толғанысын сыртқа шығарғандай кең тынысты, сазды әуенді баяулата, қайырмасын бірнеше қайталай келтіріп, «ойларыңды айта отырарсыңдар” дегендей бізге қарағанда, жаңа әуеннің өзіне баурап жүрегімізге өзгеше із салғаны барлығымыздың көзқарасымыздан-ақ белгілі еді. Ақын С.Сейтмағанбетовтің сөзіне жазылған сол бір «Ана туралы ән» толғауы облыстық, республикалық эфирлерде тез таралып, әнші қауымның көзайымына айналды. Ұстазымыз үнемі композиторлар С.Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, К.Күмісбеков, М.Әубәкіровтерді айта келіп, «мен үшін музыка саласындағы көп тағылым алған ұстаздарым» деп олардың әндерін, күйлерін домбырамен фортепьяноға арналған фантазияларын шебер орындап сүйсіндіретін. Күй жанрын соны белеске асқақтата көтеріп жүрген күйшілер Ш.Әбілтаев, Қ.Ахмедияров, Т.Тоқтағановтарды өнердегі достарым деп отыратын. «Халқымыз ардақтаған Құрманғазы, Дәулеткерей, Есбай сынды ұлы күйшілерден үйренген шәкірттерге «Арқаға барсаң әншімін деме, батысқа барсаң күйшімін деме” деген нақыл сөз арнаған. Өзіндік дәстүр қалыптастырған Маңғыстау, Ақтау, Орал өңірінде әнші мен күйшілерге зор құрмет пен арнайы сый жасау үрдісі көптен қалыптасқан. Міне, бұл ұлтымыздың мерейін көтеретін дәстүріміздің оғызы». Есбай күйші өзіндік бір мектеп қалыптастырған ұлы домбырашы. «Бөгелек» күйіндегі табиғаттың ғажап тылсым суретін игеруге қос қол шалымдылығымен әсем өрнектер жасай алатын тамаша шеберлік керек. Ол үшін 11-12 қағыс түрлерін меңгеру ләзім. Сахнада күйдің шыңына жеткізе тарту әрбір таланттың арманы болса, дарынды өнерпаздарымыздың мыңнан біреуі ғана шеберлікпен орындайтын бұл күй, әзірге биік асу болып қала бермек» деп отыратын. Оқуды бітірген жылдары домбыра аспабына арналған оқу құралдары аз болғандықтан ұстаздың жинақтаған қор байлығынан күй ноталарын көшіруге жиі баратынбыз. Бірде «кафедра меңгерушісі» деген класты ашып қарасам, шәкірті Көпжасар Дәулетияров екеуі қос домбырамен сыршыл әуенді жаңа күйді көңіл таразыларына салып көркемдеп отыр екен. 
– Жақсы  келдің, оңқай мен солақай болып ағаңның жаңа шығармасын сахнада орындауға даярлап жатырмыз. Негізгі ой арқауы Қаратау етегіндегі Шәулімшенің ғажап көрінісінен алған рухани ләззатым мен қуанышым, күйімнің атын әзірге «Желіс» деп атадым, мұқият тыңдап ойыңды айта жатарсың, – деп орындық ұсынды. – Ол кезде Бәйгеқұмның жатағандау келген төбе-төбе құмдарының етегінде тұратынбыз, – деп әңгімесін әрі жалғады, – Сарысу жайлауы қашық болғандықтан ол жаққа атпен, түйемен қатынайтын едік. Кейде күрең төбелмен желдіртіп, ауылға қарай шыққанымда аяқ алысы жылдам жануардың еркіме жібер дегендей, ноқтаны кере тартқан жайлы желісі қиялыммен үндесіп ат үстінде ыңылдап әуенге қосылып келе жатқанымды өзім де сезбей қалатынмын. «Желістің” желісі осылай туды. Жақында болатын облыстық жастар слетінде «Желісті» орындауға досыңа қолқа салып отырғанда келіп қалдың, бар сырымыз осы, – деді сосын. Көп ұзамай мәдениет үйіндегі форумда, Көпжасардың орындауындағы «Желіс» күйі тыңдарман жүрегіне жол тартты.  Дүркірей соғылған қолдың басылуына қарамай, ұстаз тездете сахнаға көтеріліп шәкіртіне «Рахмет інім, «солақайға күй бітсе, қу ағашқа тіл бітеді» деуші еді, күйшілігіңе зор табыс тілеймін» деп бауырына басты. 
Өткенге көз жібере шолу жасағанда Мәкеңнің шығармашылық ізденіске толы кезеңі 1966-1968 жылдарға сай келеді. Бұдан 47 жыл бұрын республикамыздың мәдени жылнамасына жазылған жаңалық «Сыр сұлуы» ән-би ансамблін ұйымдастыруда ол А.Манасбаева, Д.Әбиров сынды ұлағатты ұстаздармен бірлесе жемісті еңбек етті. Жастарымыздың ұлттық өнерге деген махаббатын, рухани сезімдерін оятқан ансамбльге мүше болу бақыты жүзден жүйрік атанған өнерпаздардың еншісіне тиетін. Қазақ өнерінің тарихында ансамбльдің Мәскеу қаласында композитор М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының соңғы актісіндегі той көрінісін, ұлттық тұрмыс, салт-дәстүріміздің салтанаты – хор, би, айтыс көріністерін бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде дүние жүзі елдерінен келген сыншыл қауымға көрсетіп, көрменің алтын белгісі мен дипломын алуы ұстазымыз М.Қалауовтың кәсіби шеберлігіне берілген зор баға болатын. Сондай-ақ, ансамбльдің 1968 жылы Болгарияда дүниежүзі жастары мен студенттерінің фестивалінде, 1970 жылы Молдавияда, 1971 жылы Германияда қазақ елінің ұлттық музыка өнерін таныстыруы Қалауовтың қажымас қайратының бір көрінісі. Осы тұста еліміздің оқу орындары арасында тұңғыш рет педагогикалық институттың  музыка бөлімі студенттерінен, композитор Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын елімізге еңбегі сіңген әртіс Ш.Әбдібаевпен бірлесіп толық сахналауы Сыр сахнасындағы ерекше қойылым болса, Б.Байкенжеев, Ш.Отызбаева, Ә.Сыздықов сынды өнерпаздардың өнерлері ұлттық өнеріміздің  ғасырларға жалғасып келе жатқандығын көрсетті. Ұстаз Қызылорда педогогикалық институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі ретінде көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Білім мен ғылым саласында біліктілігімен елге танылған фольклортану жанрында көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерінің авторы. Өнертану ғылымының докторы, профессор Ш.Құлманова, ҚР Құрметті мәдениет қайраткері, жырау, профессор А.Алматов, ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері, әнші, жырау М.Сұлтанова, Ш.Оразалиева, аға оқытушы К.Дәулетияров, «Сыр сұлуы» өнерпаздары туралы танымдық кітап құрастырушы, доцент З.Сексенбаеваның жемісті еңбектері баршамызға аян. 1968-1969 оқу жылында облыс тарихында арнаулы балалар музыка мектептері ашылғанда, шәкірттері шиелілік М.Аманбаев, жалағаштық Ж.Аққұлов, қармақшылық Ж.Қаймақбаев, Қ.Сәденов, сырдариялық М.Асанов, С.Әкімов,  тереңөзектік С.Садуақасов өнер мектептерінің қалыптасуына белсене араласып, облыс мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан алғашқы қарлығаштары болды. 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі профессор Қалауов Мүлкаман Сүлейменұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында университеттің №7 ғимаратындағы 508-ші дәрісханасын М.Қалауовтың есімімен атауға арнаулы қаулы қабылдап, өнерсүйер баршаны қуанышқа кенелтті. Дәрісхананың ұстаздар мен шәкірттердің жиі бас қосып музыка өнеріндегі жаңалықтарды үйреніп, өз пікірлерін білдіретін орынға айналуы білім нәрінен сусындаған әрбір шәкірттің сапалы білім алуына жасалып жатқан қамқорлық дер едік. 
2008 жылы Қызылорда қаласында Ә.Бектібайұлының 160 жылдығына орай кәсіби домбырашылардың республикалық фестивалі өткенде жарыс ережесі бойынша еркін тақырыпта Сыр бойы күйшілері Мырза, Досжан, Жалдыбай, Ысламбек, М.Қалауов күйлерінің орындалу талабы енгізілген-ді. Күйшілер додасында алматылық өнерпаз Ш.Исаев, Мәкеңнің «Қоспан ата», астаналық домбырашы О.Мырзабеков «Жайлауда» күйінің ішкі сыры мен табиғатын дөп басып, үлкен шеберлік деңгейінде орындап, бас бәйгені иемденгенде тыңдарман қауым Мәкең күйлерінің қазақ өнерінің алтын қорына қосылып, екінші мәңгілік ғұмыры басталғанына қуанды. 
Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, ұстаз, композитор, дирижер Мүлкаман Сүлейменұлы өмірінің соңғы 12 жылында Алматы қаласында, Құрманғазы мемлекеттік консерваториясы дирижерлық факультетінің кафедра меңгерушісі, деканы, доценті, профессоры қызыметтерін атқарған болатын. Бұл күнде өнер әлеміне танымал болған көптеген шәкірттері елімізде және шет елдерде абыройымызды асқақтата көтеріп, дүниежүзі мәдениетіне үлес қосуда. Уақыт пен өмір өлшеулі екенін ойға алғанда «Елім дейтін ұл болса, ерім дейтін халқы бар» деген аталы сөз еске түседі. Үстіміздегі жылы 75 жасқа толып отырған ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, композитор-дирижер, ұстаз, профессор М.Қалауовты есте қалдыру мақсатында Шиелі ауданындағы өнер мектебіне оның есімі берілсе, өнерді мұрат тұтқан Сыр өнерінің абыройын асқақтатқан ұстазға және барша Сыр халқының өнерпаздарына көрсетілген құрмет болар еді. Ұлы даламызды күй дүбіріне бөлеген рухшыл жүректі композиторды танумен бірге, құрмет жасау халқымыздың көрегендігінің жалғасы деп айтар едік.
Жұмағали ЕРҒАЛИҰЫ,
халық ағарту ісінің үздігі
Жұмабек АҚҚҰЛОВ, 
ҚР мәдениет қайраткері білім беру ісінің құрметті қызметкері. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз