ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ…

99

0

Адамның бойындағы жақсы қасиеттер туралы
айтқанда әңгіме кейіпкері болып отырған азаматтың әрбір артықшылығы ойға
оралары анық. Ал әңгіме әкең жайында болса ше? Ойыма ол кісінің тек жасаған
жақсылықтары, адалдығы, ақкөңіл де ақпейіл мінезі оралады. Мен дәл осындай
жанның өз әкем болғаны үшін тағдырыма мың алғыс айтамын. Жер қозғалса да,
салмақты қалпынан бір танбай­тын сабырлы, жымиғаны жүрек жылытатын, ел­жанды
азаматтың, әкем Болат Теміровтің фәни дүние­ден өткеніне де 15 жылдың жүзі
болды. 1999 жыл­дың 22 қазанда елге сыйлы болған әкемнің кең­пейіл жүрегі мәңгі
тоқтап, дүниеден өте барды…

Әрине, өмірдің өз заңы бар: адамдар
өмірге келеді, кетеді. Яғни адам мәңгілік емес, фәниден бақиға өту бұлжымас
қағида. Әкемнен айрылғанда, мен өзіме деген сенімімді жоғалтқандай едім, бірақ
оның айтқан өсиеті мен ақылын еске ала отырып қайтадан бойыма күш жинадым, ол
менің алға жылжуыма серпін берді.

Әкем Болат мағыналы да мазмұнды өмір
сүрді. Ел-жұрттың есінде «өлді деуге қимайтын» аяулы да асыл азамат ретінде қалды деп ойлаймын. Қалай болғанда да, мезгіл
өте келе қайғының орнын сабыр басады, шарасыздықтың орнын шүкір басады. Бірақ,
адам ұмытылмақ емес. Пенденің артында жүріп өткен өмірі, халқына жасаған
жақсылығы, істері, мінезі, сабырлылығы, тағы басқа қасиеттері қалады, таразыға
салынады.

Тағдыр маған қатал болды… Жұбайым
өмірден өткенде, үш баламды арқалап жастай қалдым. Кейде мені егер әкем берген
тәрбие мен білім дұрыс болмағанда қазір осындай дәрежеге жетер ме едім, жетпес
пе едім деген ой толғандырады.

Биылғы жылы «Ақмешіт баспа үйі»
баспасынан шыққан «Шың басындағы шынар» атты кітапты оқығанымда әкемнің
жастайынан талай қиындық көргеніне көзім жетті.

Әкеміздің әкесі белгілі қоғам қайтаркері
Темір Камалов 1938 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болып, 1958
жылы КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының үкімімен ақталған болатын. Атам
Темірді НКВД-ның жандайшаптары ұстап алып кеткенде, әкем небәрі алты айлық сәби екен. Жастайынан
жетімдіктің ащы дәмін татып, «халық жауының баласы» деген түртпекті көп көрсе
де, әкемнің сағы сынбапты. Қараөзектегі №39-шы мектепті үздік біті­ріп,
Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Сөйте жүріп, әкесінің
есімін есте қалдыруға күш салды. Уақыт – төреші, атам Те­мір Камаловты Сыр елі
ұмыт­паған екен. Қазір қа­лада оның есімімен ата­­­ла­тын көше бой түзе­ді.­

Менің әкем Темірұлы Болат жайында ол
кісімен бірге оқыған, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың
естелігінде: «Қазақта: «Ақ көңілдің аты арымас, тоны тозбас» деген аталы сөз
бар. Болат сондай бір адал, әділ, көңілі де көкірегі де кіршіксіз, әппақ тәні
де, 62 тамырынан аққан қаны да, жаны да таза азамат еді… Ол бар жақсылығын
өзінен бұрын досына жасайтын, бар қызығын өзінен бұрын досына қиятын, досының
ығында, ыңғайында жүрген абзал азаматтың алдымен досыма болсын деген ақкөңіл,
риясыз ақпейіл, асыл азамат еді” деген жолдары оның азаматтығын аша түседі.

«Өзінің кез келген істі бірден үйіріп
әкете алатынын, кісіні тыңдай және тыңдата да білетінін, қарамағындағылардың
ретімен жақсылығын атап өтуге, қажет болған жағдайда тиісінше тәртіпке шақыруға
әзір екендігін көрсете білді». Бұл – Қорқыт ата атындағы университетте әкеммен
бірге жұмыс жасаған қызметтестерінің пікірі.

Әкем Болат Темірұлы бүкіл саналы
ғұмырында ұлағатты ұстаз болды. Алдымен политехникум, сосын Қорқыт ата атындағы
университетте қатардағы оқытушыдан, аға оқытушы, профессор, факультет деканына
дейін өсті. Көп жылдар ғылыммен айналысып, диссертациясын Мәскеуде қорғап,
техника ғылымдарының кандидаты атағын алды. Ғылым мен ұстаздықты бір арнаға
ұштастырып, еліміздің ғылым, білім салаларының өсіп-өркендеуіне атсалысты.
Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

Жақсы адамды жұрт сағынады. Көңіл
түкпірін­де әкеме деген сарғайған сағыныш орын тебеді. Жылы жүзін, нұсқалы
бейнесін қара жердің қойны­на қимай, көз алдымыздан өткеріп, өткен күнді
сағынышпен еске аламыз. Әкеміздің аялы алақанын аңсаймыз.

Жатқан жеріңнің жайлы, топырағыңның
торқа болуын, жаныңның жаннаттан орын табуын тілейміз. Әке бейнесі өз ұрпағының
жадында мәңгі қалары сөзсіз.

Ақмарал ТЕМІРОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Астана қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз