ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНДА СӨЗ ҚАЛДЫРҒАН

110

0

Өмір деген осы… Ұшқан құстай зымырап өтіп бара жатады. Бұл өмірге кімдер келіп, кімдер кетпеген. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» демекші, бар ғұмырын ұрпақтарға ұлағат етуді мұрат тұтып, жаны ізгілік шуағымен жадыраған жандар артында өшпес іс, өлмейтұғын мұра мен із қалдырады.
Пайғамбар жасына келген соң өткен өмір жолдарыңа қайрылып қарап,  «қайдасың, қайда?» деп іздейді екенсің. Сол бір жылдары талай-талай тумысы бөлек текті тұлғалармен тұз-дәмдес болып, дәріс алған едік. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, ендігі сөз кезегін жүректегі жазбаларыма берсем.
«ҚАРАӨЗЕККЕ» ҚАР ЖАУМАЙ МА?
Кезіндегі Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер (тілші) болып еңбек жолымды бастағанмын. Қоңыр күздің бір күні еді. Қыр астында қытымыр қыс тұр. Қой шаруашылығының қыс айларына әзірлігін сарапқа салу үшін жұмысқа қабылданған күннің ертеңіне редактор Ізхан аға Досмағанбетов «Қараөзек» қаракөл қой совхозына іссапарға жіберді.
«Қаракөл» қой совхозы бастауыш партия ұйымының хатшысы әкемнің туған інісі Әбжәми Сұлтангереев ағам болатын. Іссапарға келген мені ағам құшақ жая қарсы алып, «ГАЗ-69» маркалы қызметтік автокөлігін астыма өңгеріп жіберді. Айдархан есімді автокөлік жүргізуші екеуміз үш күн бойы барлық қой фермаларын аралап, қысқа әзірлік барысымен барынша қанықтық. Көптеген қой қоралары мен шопан үйлерінің жөндеуден өтпегенін, жем-шөптің де жеткіліксіз екенін өз көзімізбен көріп, көңілге түйіп қайтқанбыз.
Ұзын сөздің қысқасы сол, ертеңіне «Еңбек туы» газетінде «Қараөзекке қар жаумай ма?» деген көлемді сын мақалам бұрқ етіп шықпасы бар ма. Өздеріңізге мәлім, ол кезде коммунистік партияның дүркіреп тұрған шағы. Газетте сын мақала шықты екен, іле-шала аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралатын. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы талапшыл да турашыл Қонысбек Қазантаев болатын.
…Бюро мәжілісі өтіп жатыр. Айтқандай, жоғарыда айтқан Әбжәми ағам да бюро мүшесі болатын. «Әттеген-ай, бекер жазған екенмін» деген ой тұманында салым суға кетіп мен отырмын. Ал, бюро мүшелерінің талқы таразысына түскен совхоз директоры Зинадин Мыңбаев пен бастауыш партия ұйымының хатшысы Әбжәми Сұлтангереевтің ұнжырғылары түсіп түрегеліп тұр. Жарыса сөйлеген бюро мүшелері оларды жерден алып, жерге салды. Тоқетері сол, совхоз директоры З.Мыңбаевқа қатаң сөгіс, ал ағам Ә.Сұлтангереевке сөгіс берілді.
«Қалам ұшымен ағамның жүрегіне жара салдым-ау» деген оймен қатты қапаланған мен бюро отырысынан соң ағамның алдында басымды иіп тұрып кешірім өтіндім. Сонда ағам:
– Інім-ау, «Бірге тусақ та бірге жүрмек жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған. Жұмысың ғой, қайта дұрыс жазыпсың. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» демекші, бұл бізге сабақ болды. Рахмет, айналайын, ойың өткір, қаламың ұшқыр болсын, – деді де жылы жымиыспен жауырынымды қағып еді-ау. Аға алақанының табы тұла бойымды әлі күнге дейін жылытып тұр.
Айтпағым, «Тура биде туған жоқ» деп атам қазақ айтқандай, еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп, ақ жолдан адаспай жүріп ғұмыр кешкен осындай азаматтардың өмір жолдарынан өнеге алайық, ағайын.
 «МЕНІ ЖЫРАУ ДЕЙСІҢДЕР МЕ?»
Бірде Қонекең Қазантаев аудандық газет редакторының орынбасары Болатбек Аманбаев екеумізді шақыртыпты. Бардық. Амандық-саулықтан соң:
– Сендерге тапсырма, бүгінде отбасы, ошақ қасында отырған нәзік жандар жетерлік. Оларды жұмысқа тартуымыз керек. Содан да жақында жұмыссыз әйелдердің аудандық кеңесін өткізгелі отырмыз. Соған байланысты менің сөйлейтін сөзімді дұрыстап дайындаңдар, – деп тапсырды.
Болатбек аға екеуміз күн-түн көз ілмей дайындайық келіп. Әңгімені «О, аналар, осындайсың бәрің де, жасың-дағы кәрің де» деген жыр жолдарымен бастап, келе-келе көсіліп бір бердік. Тіпті, орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийдің де аналар жайлы толғанысына да орын бердік. Әйел-аналар жайлы жүрек жазбаларымызды 20 парақ қағазға түсіріп, Қонекеңе бардық. Әйелдер кеңесі ертесіне өтетін.
Ат шаптырым бөлмедегі стол басында Қонекең, кіреберіс жиегінде біз отырмыз. Көзәйнегінің үстімен жазбаға тесіле қараған Қонекең бірінші беттен бір-екі сөйлем оқыған болар, екінші бетіне ауысты. Мұны да жедел парақтап, үшінші бетке… Мен Бөкеңе, Болатбек аға аң-таң күйде маған қарайды.
Бір кезде… О, Алла… Құй сенерсіздер, құй сенбессіздер, шашылған 20 парақ жазбамыз стол үстімен жарыса сырғып бізге қарай келе жатты. Сәлден соң еденге шашылып түскен жазбамызды жинап жүрдік.
Қонекең:
– Мені жырау дейсіңдер ме? Барыңдар, әйда, өзім айтармын, – демесі бар ма?
Еңсеміз түсіп, есеңгіреп сыртқа шықтық. Сонда Бөкең:
– Айттым ғой, біз бекер бұлбұлша сайрап кеткенбіз. Қонекең нақты деректі ғана тілге тиек ететін. Ертеңгі әйелдер кеңесіне барайық, сонда көреміз қызықты, – деген.
Ертеңіне бардық. Аудандық мәдениет үйінің ішінде ине шаншар жер жоқ. Мінбеге көтерілген Қонекең әңгімесін төгіп жатыр.
– Дұрыс. Yй тіршілігі, бала тәрбиесі сіздердің мойындарыңызда. Десе де, отбасы, ошақ қасында отырып қалу жараспайды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп атам қазақ тектен-тек айтпаса керек. Ендеше, қолдарыңыз қалт еткенде неге еңбек етпеске? Қараңыздаршы, орталарыңызда темір тұлпарлардың құлағында ойнап жүрген комбайнерлер мен тракторшылар, дарабоз диқандар мен балды бармақ сауыншылар бар ғой. Осылардың өмір жолдарынан неге өнеге алмасқа? Әйел-аналар мен бойжеткен қызғалдақтар, ойланыңыздар,– деген Қонекеңнің түйінді сөзін залды кернеген қол шапалақтары көмкеріп тастады.
Ұмытпасам, сол 1970-1980 жылдары Тереңөзек ауданында «10 қыз» атты күріш қыздар бригадасы мен сауыншы қыздар бригадасы жасақталып, нәзік жандар да қол еңбегіне құлшына кіріскен болатын. Бертін келе комбайн мен трактор тізгінін ұстағандар да көбейе бастады. Нақтылай айтар болсам, күрішші арулар Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Бексұлу Синаева мен Райкүл Жалғасбаева, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Алтынай Адаева «К-700» тракторының тізгінін ұстаған Рысты Өкшебаева, Ленин орденді сауыншы Сәуле Өмірзақова, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері шопан Баһаркүл Қордабаевалар Қонысбек аға Қазантаевтың үндеуімен еңбек рахатына бөленіп, халық құрметіне кенелді.
Қонекеңді артында өлмейтұғын із қалдырған азамат еді деп қалай ғана айтпасқа?!
Еркін ӘБІЛ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз