ӨЛШЕМІ БИІК ӨМІР ИЕСІ

54

0

Елімізге еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының кандидаты облыстың құрметті азаматы, кеңестік дәуірдің марапаттарын қоспағанда тәуелсіз Отанымыздың «Құрмет» орденін омырауға таққан ақиық азамат, абзал аға Тұрғанбай Маханов – Сыр өңіріне ғана емес, Қазақстанға танымал есім.
Жақында ардагер дәрігерге М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық институтының Құрметті профессоры атағы берілді.
Бір кезде, сона-ау Ақтөбе мединститутында оқып жүрген жылдары Батыс Қазақстандағы үш облыстың студенттері арасында өткен веложарыстың чемпионы болған Тұрағаңа бүгін тағы бір құрметті атақтың айшықталуы – әрине, төккен тердің төлеуі, еткен еңбек өтеуі.
«…1989 жыл. Кеңес өкіметінің КСРО Жоғарғы кеңесіне сайланатын депутаттыққа дейін ентаңба салып беретін заманы. Ептеп демократияның да екпіні бар. Ұлы мақсатқа белін буып шыққан Тұрекең осы депутаттық сайлауға түсіп кетті. Талапкерлер ішінде Еңбек Ері бар, Ленинск қаласынан шекесі торсықтай сегіз генерал отыр. «Депутат қалайда еңбек адамы болсын» деп партия күнде қылқылдайды. Тұрекеңнің қолдаушысы – халық. «Халық – құдайдың бір аты» деген текке айтылған сөз емес екен. Халық жеңді, себебі Тұрекең солардың ішінен жарып шығып жалғыз сайланды. Қасына шопырын ертіп алып ел-елде кездесулер өткізді. Кездесуде:
– Азаматтар, депутаттық менің қара басыма керек емес. Менің мандатым мына сіздер үшін керек. Депутат айтпаса анау-мынау бастық аманат орындамайды. Мен сіздерге облыс орталығынан сәулетіне дәулеті сай заманғы құрылғымен жаңа аурухана салдырғым келеді. Сіздердің арып-ашып Алматы барып, Мәскеу шарлап, ел жағалап жүргендеріңіз жаныма батады. Сол үшін дауыс жинап келдім, – деп ағынан жарылған еді.
– Мәскеудегілер айтқаныңа көне ме? – деді көпшілік.
– Экологиялық апат ортасындағы елдің депутатына сенеді. КСРО Министрлер Кеңесіне, министрге қалай да кіремін. Бармаған, сұрамаған адамға Мәскеу ештеңе де бермейді.
– Ал, енді даусымызды береміз. Аурухана салдырамын деп уәдеңді бер.
– Уәде, міне!
Айналып кетейін Сыр бойының халқы бір жолға компартияның айтқанын орындамай, Тұрекеңнің сөзіне сенген еді. Сөйтіп бір перзентін ел болып көкке көтерген…»
Өткен күнді еске түсіріп отырған бұл үзіндіні қаламына қанат байлаған жампоз журналист Қази Данабаевтың 2001 жылы «Дала» журналының 1-ші нөміріне жазған мақаласынан алдық. Неге алдық? Себебі осы шағын үзіндіде әкімқарардың «әлімжеттігіне» көнбейтін, жүрегіне кір жасырмай сөйлейтін Тұрағаңның жеке тарихы бар.
Сол кезде депутат Маханов өзі айтқандай, әуелі диагностикалық орталық ашу мәселесімен КСРО Денсаулық министрі Е.Чазовқа кіреді. Бұған дейін бұл ойын одақтық халық депутаттарының алғашқы съезі кезінде жолығысқан республика басшысы Н.Назарбаевқа білдірген еді. Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынысты бірден құптап, ондай орталықтың бір ғана Сыр өңіріне емес, республика халқына қажеттігін, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететінін айтып, депутаттың ой көкжиегін кеңейте түскен. Дегенмен, мұндай денсаулық мекемесін Қызылордадан ашуды тиянақтау одақ министрінің құзырында болатын.
Сонда министрге депутат бар ойын сарқа жеткізсе керек, ол «егер орталық ашуға лайықты ғимарат тапсаңыздар, қарсы емеспін» деген, тіпті екі миллион сом қаржы да бермек болған. Республика басшының қолдауын, одақ министрінің келісімін алған Тұрағаң салып-ұрып сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухамановқа кіреді. Дайын ғимарат жоқ, ешкім «үстіндегі үйін» бергісі келмейді. Осы жерде облыс басшысы үш бірдей ірі құрылыс мекемесінің жетекшілерін шақырып алып, «Диагностикалық орталық саламыз, мезгілі екі жыл. Жолдас Маханов, осы шешім сізді қанағаттандыра ма?» депті. Төтесінен айтылған төрелікпен басталған сол кеңес беру-диагностикалық орталық бүгінде облыс халқына жиырма жылдан аса уақыттан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр.
Үлкен істің шешілуіне үлкен кісілердің өзара сыйластықтарының да әсері болатыны ақиқат. Осылайша облыс басшысы мен одақтық депутаттың жеке кісілік қарым-қатынастары күллі халыққа пайдалы игіліктің иіні табылған сәтті себебіне айналып кеткенін қараңызшы! Шын мәнінде облыстық диагностикалық орталық құрылысы жүргізілген кезең жоқтан бар жасай алмай жатқан шақ, ел экономикасының құлдыраған кезеңі еді. Себебі ортақ өкімет тарап кеткен, баяғы одақтық министрдің уәде еткен ақшасы да өздерінің жұмған алақандарында қалып қойған. Соған қарамастан облыс басшысы С.Шаухаманов ел үшін ерлікке барды, депутат Т.Маханов халыққа берген аманатын орындады.
Осы айтып отырған әңгімеміз секілді Тұрғанбай Маханов облыс орталығындағы көпсалалы аурухананың салынуына да күш-қайратын аямай салған адам. Дәл осындай орнын ауыстыруға болмайтын нақты сөздермен айтпаса, Тұрағаң еңбегі тасада қалып қоятын секілді көрінеді. Мұрағаттарды ақтара қалсаңыз, тоғыз жыл бойы салынған ОМО-ның қаншалықты қиыншылықпен бой көтергенін көрер едіңіз. Сол қиыншылықты дәу бір қара тас деп алсаңыз, батпан салмақты көтеріп келе жатқан көн иықтардың қатарынан тағы да Тұрағаңды танисыз.
Өмірінің қырық бес жылын халық денсаулығының күзетіне арнаған, оның 27 жылында облыстық аурухананың басшысы болып қызмет еткен Т.Маханов міне, осылай халыққа уәде бергеніндей «сәулетіне дәулеті сай» денсаулық сақтау мекемелерін салуға азаматтық ары мен қайраткерлігін арнаған жан. Мен бір кезде осы кісіге арнап:
…Көктеген адалдықтың құнарынан,
Жолында жақсылықтың сірә, құрбан.
Өзіне өзі ескерткіш тұрғызған жан,
Өргізіп граниттен, мрамордан.
Мен айтып жеткізе алмас жыр ішінде,
Бір ғұмырлық тарих бар бір ісінде.
Мың жасайтын жандардың қатарына,
Мызғымай тұрып алған тірісінде, – деп өлең жазып едім. Расында гранит, мрамормен қапталған екі бірдей алып ғимарат кейде маған Тұрағама арналған ескерткіш сияқты болып көрінеді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз