ҰЛТТАР ДӘСТҮРІН ҰШТАСТЫРҒАН ОТБАСЫ

83

0

ҰЛТТАР ДӘСТҮРІН ҰШТАСТЫРҒАН ОТБАСЫҚармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылында11 ұлт өкілі бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде. Бүгінде бірлігі жарасқан берекелі ауылдың халқы ұлтқа бөлінбей бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Тіпті құдандалы болып, әрбірі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінжаңғыртып отыр. Үш ұлттың салт-дәстүрін ұстанып, барлық рәсімдерін жаңартып, өзгелерге үлгі болып отырған осындай интернационал отбасылардың бірі Махамбетовтер әулеті.

Отағасы Камал Махамбетов татар болса, зайыбы Светлана Пухнатова
беларусь ұлтынан. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасы екі бала тәрбиелеп өсірген.
Үлкен баласы Евгений де қазіргі сәтте түрік қызы Зинап Мурсаловамен шаңырақ
көтеріп отыр. Бүгінде Камал аға дүниеден озған. Дегенмен, ұлы Евгений әке ізін
жалғап, екі бала тәрбиелеп отырған ардақты әке. Осы ауылда туып-өскен бұлар
жергілікті халықпен сіңісіп, ел игілігі жолында еңбек етуде. Өзі жол бойында
жұмыс жасаса, жұбайы Зинап апай 8 жылдан бері мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп
келеді. Әке мен ананың ұлағатын тыңдап өскен олар үшін отбасы құндылығы бірінші
орында.

– Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Түрлі ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған
емес. Дәстүрлерімізде ұқсастықтар бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз.
Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге
деген сыйластық болса болғаны, – дейді Зинап апай.

Отбасы мүшелері түрік, орыс тілінен бөлек қазақ тілін де еркін
меңгерген. Отандарын Қазақстан деп білетін олар мемлекеттік тілді білу елімізде
тұратын әрбір азаматтың міндеті деп санайды.

– Қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларымыз осы жерден пана тапты. Қазақ
халқының кеңпейілділігі сол тағдыр тезіне ұшыраған кез келген ұлтты бауырына
басып, қамқорлықтарын көрсетті. Сондықтан осындай дархан елдің азаматы бола
тұра қазақ тілін білмеу бәрімізге сын деп білемін. Осы жерде өсіп-өнгендіктен,
ауылдың жергілікті тұрғыны болғандықтан бізге қазақ тілін игеру мүлдем қиын
болмады. Тіпті, өз тіліміздей болып кеткендіктен, кейбір нәрсені ең бірінші
қазақша ойлаймыз, – деді отбасы келіні Зинап.

Өзге ұлт болса да қазақылықты бойларына сіңіріп, тіліміздің
шұрайлылығын сөз еткен отбасының бүгінгі келбетін көргенде бір марқайып
қаласың. Қалай десек те, қазақ халқы секілді кеңпейіл шаңырақтың татулығы көпке
үлгі боларлықтай.

 

М.ОТАРАЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз