МАҚСАТҚА БЕРІК ЖАН ЕДІ…

64

0

Бүгінде 60-ты орталаған біздердің қатарымыздан балалық бал дәурен мен жалынды жастықтың қызулы күндерін бірге өткізген: Жаппар, Бүркітәлі, Құттыбай, Әділбек, Шарапат, Жұмадиндердің әрқайсысы келместің кемесіне мініп, ақыреттік сапарға аттанғанда – көңілге қимастық сезіммен мұң ұялаған.
1960 жылдардың аяғында Узифулланың әкесі қызмет бабымен Қаратереңге қоныс аударып келді. Әділжан әкеміз бен Ақзия анамыздың тұңғыштары – Узифулла бізбен қатар екен, алғашқы таныстық кейін шынайы жолдастыққа жалғасты. Адамға жылышырай, жымия қарайтын, сабыр мен орнықтылықтың, жолдасқа адалдықтың иесі – ол біздің бәріміздің жүрегімізден орын алды. Бір орысы жоқ ауылда өскен біздер біле бермейтін орыс тіліне жүйріктігі, жақсы спортшылығы, алына қойған мақсатқа беріктігі, бойындағы тәрбиелік пен бекзаттық болмысы бізді оған жақындастыра түскен.
Қатар жүрдік, қатар жанұялы болдық, кейін өмірдің сан тарау жолдары бізді әр қиырға алып кете барды, арада 31 жыл өткенде Байқоңыр қаласындағы бір шарада қайта қауыштық, бір-бірімізді айтпай танып, әңгімеміз жарасып жүре берген, бірақ бұл біздің соңғы дидарласуымыз екенін кім білген?
Узифулла Қазақ химия-технологиялық, Қарағанды политехникалық институттарын, Ленинградтағы Азаматтық Авиация академиясын бітіріп, өзінің абыройлы ғұмырының 40 жылын Қазақстанның азаматтық авиациясының өркендеуіне арнады.
Қызылорда, Жезқазған авиаотрядтарында командирдің орынбасары, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Астана, Көкшетау аэропорттарының басшысы болды. Мемлекеттік дәрежедегі «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Авиацияның еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен марапатталуы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің подполковнигі дәрежесін иеленуі – оның абыройлы қызметтерінің айғағындай…
Узифулланың қазасы кезінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстары әкімдерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғарыш агенттігі төрағасы мен Ресей «Транс-Аэро» авиакомпаниясының бас директорынан көңіл айту жеделхаттарының келуі, Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Жолында жүк қалмас нар еді» мақаласының жариялануы оның беделін биіктетіп тұрғанына куә болдық.
Узифулла мақсатқа беріктігін өмірінің соңына дейін дәлелдеп өткен азамат. Жанына батқан сырқатына қарамастан соңғы қызмет орны – Көкшетау аэропортын халықаралық дәрежеге көтеріп, «Көкшетау-Мәскеу» аралығындағы тұңғыш рейстің ашылуын өмірінің соңына 10 күн қалғанша қоларбада отырып басқаруы оның ерік-жігерінің дәрежесі қандайлығын аңғартса керек.
Узифулла өз ісіне шынайы берілген жақсы маман ғана емес, інілері мен қарындастарына жақсы аға бола білді. Өмірден ертелеу кеткен Әділжан әкеміздің төлбасы ретінде өз мойнындағы ағалық жауапкершілікті анық сезінген азамат болатын.
Бүгінде Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы – Мағауия, Шымкент, Қызылорда аэропорттарының белді қызметкерлері – Ғарифолла, Файзулла, Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі – Дархан, Байқоңыр қалалық көпсалалы «Техносервис» жауапкершілігі серіктестігінің бас директоры – Сейфулла, инженер-технолог Саида мен кәсіпкер Гүлбаһрам ағаның аялы алақанының жылуына бөленіп өскендерін мойындайды.
Байқоңыр, Қызылорда қалаларында Узифулланың аруағына құран бағыштау шараларына адамдардың көп жиналуы, тебіренісіп еске алу сөздерін айтуы оның абыройының асқақтығын дәлелдеп тұрғандай…
Алтынқұрсақты анамыз бен 43 жыл отасқан қосағың Ажардың алдынан жақсылықтар ғана жолыққай.
Дәріқұл ТЕМІРБАЙҰЛЫ.
Байқоңыр қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз