Майдангер атындағы көше

52

0

Майдангер атындағы көше«Алтын күз-2016» мерекесі аясында Шиелі кентіндегі  Көкшоқы шағын ауданында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Байтілес Жүсіповтің атына көше берілді. Аудан орталығына кіреберіс жердегі үлкен көшеге жаңа атау беру салтанатына ардагерлер мен тұрғындар, ауылдастары мен ұрпақтары қатысты.
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Байтілес Жүсіповтің ел қорғауда ерлік танытып, бейбіт өмірде елеулі еңбек еткендігін алға  тартты.  Майданда бірнеше қалаларды азат етуге қатысып, ордень-медальдармен марапатталған Байтілес ақсақал елге келген соң да жамағатына үлгі көрсеткен кісі. Мал шаруашылығын дамытуда аянбай еңбек етті. Халықтың ынтымағын сақтауда да ақылын аямаған ол жары Рабиға апа екеуі өсірген  ұл-қыздарына ұнамды тәрбие берді, халыққа қызмет жасауды үйретті. Үнемі өнеге биігінен көрінген әулет ұрпақтары бұл күндері түрлі салада ел дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Оларды шиеліліктер өнеге тұтады. Ерлік пен елдікті дәріптеу  бүгінгі өскелең ұрпақтың алдында тұрған міндеті болса, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген шара соның дәлелі. 
Көшенің ашылу салтанатында Байтілес ақсақалдың көзін көрген өкшелестері естеліктер айтса, ағайындары соғыс және еңбек ардагеріне құрмет танытқан барша ағайынға алғысын жеткізді. 
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз