Майдангерлер құрметке бөленді

60

0

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соғыс және тыл ардагерлерімен «Арбат» мейрамханасында жайылған дастарқан басында жүздесті.

 

Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы ардагерлерді қасиетті де қастерлі мереке – Жеңіс күнімен құттықтады.

Әкім өз сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдары облысымыздан Отан қорғауға аттанған мыңдаған майдангерден бүгінде 89 соғыс ардагері ғана ортамызда жүргенін айтып өтті.

– Ұлы Жеңіс елімізге оңайлықпен келген жоқ. Отты жылдарда Отанымыздың барша азаматтары сияқты қазақстандықтар да, оның ішінде облыс халқының әрбір азаматы, әрбір отбасы Жеңіс шыңына жету жолында аянбай үлес қосқаны баршамызға мәлім. Бүгінде облысымызда қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан ардагерлерімізге барынша құрмет көрсету біздің басты міндетіміз. Біз олардың бүгінгі өмірін жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді облыс әкімі.

Майдангерлердің әлеуметтік жағдайының жақсаруы үнемі назарда. Оларға қаржылай көмектер беру, сондай-ақ демалыс орындарында тегін демалуы, емделуі, жыл бойына коммуналдық қызмет шығындарының өтелуі облыстық бюджет тарапынан шешілген.

Ал жеңісті жақындатқандарға жылы лебізін білдірген облыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов өңірімізде майдангерлер туралы деректі фильм түсіріліп, кітап жарыққа шыққанын айтты.

Кең жайылған дастарқан басында жүздеген ардагерлерге жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Ал Сарыарқадан Сыр өңіріне арнайы ат терлетіп келген айтыс­кер ақын Аманжол Әлтаев майдангерлерге арнау айтып, жыр шумақтарын тарту етті.

 
Дәурен ОМАРОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз