МЕНІҢ РЕДАКТОРЫМ

137

0

Балқия жеңгемізбен соңғы рет сұхбаттасқаныма да біршама жылдар өтіпті. Қазір Бәкең де бұл пәниде жоқ. Бірақ, Зейнулла аға туралы  мақала  жазуыма себеп болған да осы кездесу еді.
– Аға туралы естелік жазуға келдім.Не айтасыз, не қосасыз?
– Шырағым-ай, екі аяқты басудан қалғаныма көп болды. Диванда отырамын, тамақ ішемін, су жұтамын. Бұған да шүкіршілік. Ағаң туралы талай жаздың ғой, бірақ осы ағаңның әскерде болғанын мен ғана білемін. Менде өз қолымен жазған  өмірбаяны бар.
– Солай ма, жеңеше?!
– Солай, қарағым. Әскерде болған. Әскери газетте редактор болған. «Социалистік Қазақстанда» – редактордың бірінші орынбасары, Шымкентте – обком хатшысы, «Ленин жолында» – алты жыл редактор, сонан соң Облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Жаны таза азаматқа кездестірген тағдырыма  ризамын. Киген киіміне шаң жуытпайтын. Ғайбат сөзге жоқ еді. Ананы, әйелді сыйлаудың академигі еді ғой Зекең!
Сонымен Бәкеңмен әңгіме ұзаққа созылды. Үйлену сәттерінен де қызықты деректер айтты.
…Бүгін Зекеңмен қызметтес болған жылдар есіме қайта оралып отыр.
Бірде «Егемен Қазақстан» газетіне Сейілбек Шаухамановтың «Қарадан шыққан хандай жан» атты эссесі жарық көрді.Толғаныспен жазылған дүние сусынымызды қандырғандай болды.
Адам шарапат пен қиянатты әсте ұмытпайды ғой. Бұл ғұмырымда оншақты редактормен қызметтес болған екенмін. Елу жылдан аса қазіргі «Сыр бойында» еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Жас сексенге жақындап қалды. Өмір, шіркін, жүйрік пе деймін, бәрі есікті ашып-жапқандай болып тұр. Қатарларымыз сиреп барады. Кәрі сексеуіл секілдіміз…
Әр басшының өзіне тән мінезі, жұмыс стилі бар ғой. Біреу шебер ұйымдастырушылық қабілетімен көрінсе, біреу күйбең тірлікпен уақыт өткізген секілді.
Өз бетімен бастама көтермейтін редакторлар да кездесті. Идеясы жоқ, енді біреуі жиын-жиналыстан қалмай көзге түсудің әдісімен өмір өткізді. Обкомға жағынудың амал-айласымен күнелтті. Бір ақын «обкомның терезесі» деген өлең жазғанда соны жер-көкке тигізбей миымызды сахарадай қайнатқан редакторды да көрдік.
Байқағаным, мектепке – директор, театрға – басшы, газетке редактор болу мүлдем қиын қызмет пе деп ойлаймын.Неге газетке редактор болу қиын? Журналист Жанболат Аупбаев: «Бас редактор погонсыз генерал, патентсіз өнертапқыш, лицензиясыз конструктор, атақ-даңқы рәсімделмеген ғылым докторы, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер” деп тауып айтқан. Өйткені газетке кеудесіне «нан піскен», бәрін де өзім білем дейтіндер шоғыры жинақталады. Көп білетіндерге көп білетін нағыз редактор керек…
Газеттің азулы редакторы Базарбай Сарбасов болды. Ол ешкімнің айтқанына көніп, ығын еспей, қызметінен өзі арыз жазып кетті. Ал, Жұман Қонақбаев, Сүлеймен Сейітовтер редактор креслосында көп отырған жоқ.
Газетте қаламақы, кадр саясаты дегендер қиын. Бір замандары бұл  жұмыс «Ленин жолында» ақсап тұрды, жер-жерге арыз қардай борады.Осыған орай газетке сонау елуінші жылдардың басында  «Семей таңы» газетінің редакторы Хамза Сыздықов бізге басшылыққа келді. Екі жыл қызмет істемей жатып,  «үй салды»  деген арызбен босанып, редактордың орынбасарлығына төмендеді, осы жұмыстан зейнетке шықты. Хамза Сыздықов тақуа кісі екен. Журналистік шеберлігі жетіспейтін, мүлдем бас изегіш, сосын болар «мақұл редактор» атанды. Жігіттер келген редакторларға ат қойғыш еді. Біреуін «қоқи», біреуін «имам», біреуін «оқтау жұтқан» деп бөлмелерінде кей-кейде күліп отыратын. Досмағанбет, Әбсадық, Орман, Құрманғали сынды ағалар жиналыстарда, лездемелерде сынды ұшқындатады.  Бірақ одан нәтиже шыға қоймайды.
Бір күні редакторлыққа Зейнолла Жарқынбаев келді. Бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінің қазанында қайнаған, обкомда хатшы болған, Мәскеудегі партшколды тауысқан ағамыз бізге сұстылау, қаталдау көрінді. Редактор бөлмесіне оңды-солды бұрынғыдай кіріп-шығу  сап тиылған. Шыбын ызыңы өшкен. Әркім өз жұмысымен бөлмелерінде отыратын тәртіп  орнаған. Осы жерден сәл шегініс жасай кетейін.
Менің жас кезім. Ауылда мектепте аға пионервожатый едім. Газетке жұмысқа тұруға құмармын. Бірақ тұяқты іліктіру қиынырақ тиді. Қойшы, сонымен Зекеңе кірдім.
– Аға, газетте жұмыс істегім келеді. Тіпті, вахтер не күзетші, пешке от жағатын қызметші болса да арсынбаймын.
– Білімің қандай ?
– Педучилище бітіргенмін.
– Неге оқымай жүрсің?
– Жағдай көтермей тұр.
– Ым… Менің қабылдау бөлмемдегі келіншек декретке кеткелі отыр. Соның орнына істейсің бе?
– Істеймін. Лезде жауапты хатшы Шора Ералиев келді. Маған бұйрық жазды. Сонымен редактордың бөлмесіне  хатшы  болып шыға келдім…
Қоңырау шыр етеді, мен Зекеңнің алдына ұшып барамын. Олай-бұлай селтең жүріс азайды. Редактор орнынан қозғалмай маған кету жоқ. Дегенмен, уақыт тауып газетке мақала жазамын.Жазғанымды бақылап жүретін Зекең:
– Сенің оқуың керек. КазГУ-дың деканы  Тауман Амандосовқа хат жазып беремін. Емтихан тапсырып, бағыңды сына. Білім керек, уақытты зая жіберме, қарағым, – деді.
Күндер өтіп жатты. Газетке шыққан хабарларыма қаламақы аламын. Алған бойда редакциядағы ағаларға «жуып» қоямын. Кеңсе іргесінде – парк, жолда бір буфет бар. «Жуған» сайын ағалар жазғандарымды тоқтатпай жөндеп басып жіберіп отырады.
– Маған Шораны шақыр! – дейді Зекең.
– Шығып кетіпті.
– Орманды шақыр!
– Бөлмесінде жоқ.
– Қайдан болса да тап!
Дереу оларды іздеп шығамын. Бәрі паркте сыра ішіп отырады.
Зекеңнің ерекше сыйласатын адамдары Орман Нұрхабаев пен Ахметжан Нүрекеев еді.
– Зейнулламен мына паркке талай биге келгенбіз, – деп отыратын жарықтық Ахаң. Қызметтестердің ішінде сан алуан мінездің адамдары болды. Солардың ішінде Зекеңмен майлы қасықтай тіл табысып жұмыс істеген-Жақсылық Бекқожаев болатын. Кейін ол Жарқынбаевтың көмегімен талай лауазымды қызметтердің тұтқасын ұстады…
Жоғарыда  айтып кеткен Сейілбек Шаухамановтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі (19 тамыз 2003 жыл) «Қарадан шыққан хандай жан» атты эссесіндегі мына бір сөздері  мені тағы да тағзым еткізгендей:  «…Үсті-басы малмандай су болып, құты қашатын боркеміктердей дірілдеп емес, дүрілдеп өтті. Зекең сөйлегенде қаралы жанның таудай қайғысы, тарыдайға айналар еді, құтты болсынның кезегі келгенде түймедей қуаныш-түйедей болып көрінуші еді…» Міне, нағыз бейнелі сөз. Бұдан артық Зекеңе қандай теңеу керек, қандай баға болу керек?!
 Қызметке алар кадрына Зекең:
– Пара алма. Өтірік айтпа. Әйеліңді сыйла, оны қадірле. Осылардан аулақ болсаң, мен сені қорғаймын, қолдаймын, – дейтін.
Зекең маған бір күні телефон соқты:
– Бүгін бірінші бетке баспасөз күніне менің мақаламды шығарған екенсің. Тәуір жазылыпты. Үйге кел, «жуып» жіберейін.
– Рахмет Зеке, бұл біздің міндетіміз ғой…
– Сені үйге мен шақырып отырмын. Әңгімені қой. Балқия  ас дайындап жатыр. Бастығыңа Жарқынбаев үйіне шақырып жатыр де, жарай ма?
Баруға тура келді. Үлкен үстелдің үстіне үлкен табақ келді. Қазы-қарта, жал-жая, жеміс, сусындар, шарап… Дастарқан мәзірі мүлдем бөлек. Дастарқан басында үшеуміз – Зекең, Балқия жеңгей және мен. Мен аң-таңмын. Бір бұрышта Зекең ішетін «Портвейн-12» тұр.
– Қара шаңырақты қадірлеңдер. Құпияны сақтаңдар. Жазуларың әділ болсын. Ақшаға қызықпаңдар. Арттарыңнан сөз ермесін. Зекең көп өсиетті төгілтті.
Кетерде Балқия жеңгеміз: «Ағаңның жолын берсін» – деп бір әдемі ақ көйлекті галстугымен қоса қолтығыма  қысты. Сол бір сәт естен кетпейді, күні кешегідей көз алдымда тұр.
«Социалистік Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі Байжігіт Әбдіразақов дүние салған соң, орнына тілші тағайындауға құда түсу басталды. Біраз адам үміткер еді. Ішінде Өтеген Жаппарханов та  бар болатын. Зекең бас редактор Балғабек Қыдырбекұлына телефон соқты.
– Өтеген – лайықты журналист. Ойы орамды, қаламы ұшқыр, өздеріңдей үлкен ортаның қазанында қайнай түссе, менің де, сендердің де сенімдеріңді ақтайды, алыңдар!
Осыдан кейін Өтеген республикалық аға газетке көп жылдар меншікті тілші болып, сенімді ақтады.
1996 жылдың шілдесі еді. Күн шыжыған ыстық.  Ажал шіркіннің жақындап келгенін сезген Зекең: «Бірлікті сақтаңдар. Алла ауызбіршіліктеріңнен айырмасын. Бір-біріңе бас-көз болыңдар. Еліме тыныштық бергей», – деп  көз жұмған.
Асқар тау құлады.
Әрине, таулар оңай жығылмайды,
Жығылса, жер бетінде ұлы қайғы.
Зекеңнің құлап түскен дыбысынан,
Құлағым әлі күнге шыңылдайды…
Аға бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ұзын бойлы, сымбатты аға құйып қойған мүсіндей еді. Киімнің тәуірін киетін. Қақ жарып ортаға шыққанда ай жаңадан туып, таңғы аспанды бауырлай көтерілген күн шұғыласы  жан-жағына шашырап түскендей  болушы еді.
Әлі  дүниеге талай ұрпақ келеді. Ғасыр жалғасады. Жарқынбаев ұшырған аққулар көгілдір аспанда қалықтап, самғай беретін болады. Журналистер қауымы бір кездегі Зекең тұрған үйдің тұсынан өткенде еріксіз тағзым етер…
Мың тағзым, Зеке!
Қайырбек  Мырзахметұлы,  
ардагер-журналист. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз