МӘҢГІ ЖАСА, МАЙДАНГЕР

63

0

Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз үшін ауыр тиді.
Қаншама отбасының шаңырағы ойрандалды. Бірі атадан, бірі ағадан, енді бірі
інісінен айырылды. Ал, дүние есі­гін ашып, жан-жағын енді біле бас­тағандар
балалықпен ерте қош­тасты. Сондықтанда болар, әке­ге, бауырға деген сағыныш пен
тағдыр тауқыметінің кермек дәмі осы жылдары еңбек еткен әрбір жанның есінен
кетпесі анық.

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бойы өсіп, бұғанағы
қатпаған бала мен еңкейген кәріге дейін майдан үшін еңбек етті. Бәрінің
көкірегін кернеген жалғыз ой ол – Жеңіс туының көкте желбіреуі, ағайынның
Отанға аман оралуы болатын. Алайда, қар
жастанып, мұз төсенген азаматтарымыздың қаншамасы майдан шебінде қаза тапты.
Сонда да елде қалған жан­дардың үміт оты ешқашан өш­кен емес. Халықтың өмірге
құш­тарлығы, елге, жерге деген сүйіс­пеншілігі мен сенімі жауды тал­қандап,
жеңіске жетеледі. Ата­ла­рымыздың қайтпас қайсарлығы осылайша кейінгі ұрпаққа
бейбіт­шілік сыйлады. Бүгінде осы ақиқат аңызға айналып барады.

Мі­не, адамзат
тарихында осындай өшпес із қалдырған, әр­бір жанның жүрегіне жара салып
кеткен, ең суық та сұра­пыл соғыс­тың
аяқталғанына 70 жыл толғалы отыр. Ұлы Отан соғысына, қан май­­дан­­ға жастары
18-19-ға толар-тол­­мас­тан ат­танған­дардың өзі қа­зірде 85-тен асып, 90 жасты
ал­қымдауда. Со­ғыс арда­герлерінің қатары уақыт өт­кен сайын сиреп, азайып
бара жа­тыр. Бір-екі жылда Жеңісті шинеліне орап әкелген олар жайлы тек
естеліктер қана қалары анық. Сондықтан да сұм соғыстың қасіреті мен бабалар
ерлігін жазу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені, қасиетті
Отаны­мыздың қорға­ны болып, қан­құйлы соғыста жеңіс­ке жеткен май­дангерлердің
сол бір ауыр жылдар туралы айтқан естелік­тері – бүгінгі және келешек ұрпақ
үшін құнды екен­дігі даусыз.

Майданның бел ортасында болып, ел басына күн туғанда
етігімен су кешкен жеңіс үшін кеудесін отқа төсеп, ерлігінің арқасында елге
аман-есен ора­лып халыққа қызмет еткен қазақтың қайсар ұлдары біздің өңірімізде
де бар. Солардың бірі Төлеген Жүні­сов ақсақал. Ол кісімен әңгімелесу үшін
үйіне барған едік. Қоңырау қағысымен Төлеген ата есікті өзі ашып, жылы шыраймен
қарсы алды. Ақсақалдың жасы бүгінде тоқсанның табалдырығынан атта­ға­нымен, ойы
да, бойы да сергек қалпында. Әңгімесін өзінің туған өлкесінен бастап кетті.

Төлеген Жүнісов Тереңөзек ау­даны, бұрынғы Жаңаарық
кол­хозында дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен балалар үйінде тәр­бие­ленген
екен. Оған себеп, 1933 жылы орын алған жаппай ашар­шылық Төлеген атаны ата-ана­дан
айырады. Жетім қалған ол бау­ырларымен жетімдер үйіне ор­нығады. Бесіктен белі
шықпай жа­тып, тағдырдан таяқ жеген ба­ла Төлеген осы жетімдер үйінде
бауырларынан тірідей айырылады. Бауырларын еске алғанда әлі күнге дейін
қарияның жанарынан еріксіз жас тамады. Сол кезде туғанынан айырылудың қандай
екенін Төлеген атаның жа­нының қиналғанынан-ақ түсін­дік. Өмірдегі жалғыздық,
бау­ырларына деген сағыныш, олар­ды бір көрсем деген арманы әлі күнге дейін ол
кісінің көкірегін сыз­датады. Қиналса да мойымай алға қарай ұмтылғанымен, оған
өмірдің жақсылығы оңайлықпен келе қой­мады. Енді ержетіп, бауыр­ларымды тауып
қосыламын деп жүргенінде бір бүйірден келген зұлмат соғыс оны қан майданға
аттан­дырды.

Төлеген Жүнісов соғыс бас­тал­­ған жылы небәрі он
сегіз жас­та болатын. 1942 жылы он тоғыз жасында армия қатарына алынып,
Өзбекстанның Самарқант қала­сына келеді. Әскерде жүргенінде білімі жетікластық
болғаннан кейін 8 айға кіші командирлікке оқуға жі­бе­ріледі. Алайда, оқығанына
5 ай толғанда соғысқа ат­та­нып, Луговой стансасына келіп, неміс әскерін тал­қандауға
бел шеше кірісіп кетеді. Бұл Төлеген атаның алғаш қан майданға араласқан жері
болды. Жаяу әс­кердің қатарында болған кіші сержант шеніндегі қария мұнан кейін
Украинаның Харьков қаласынан бастап, Прискуров, Тернополь, Львов маңындағы
ұрыстарға қатысып, шайқаста алдыңғы шепте жүреді. Автомат пен қол пулеметін
еркін меңгерген қазақ баласы осылайша, Украинаны жаудан азат ету жолында
ерліктің ерекше үлгісін көрсетеді. Фашистерге қарсы күресте жауапты атқарған
жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені,
«Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу», «КСРО Қарулы
күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Еңбек ардагері» және
«Астанаға – 10 жыл» секілді орден-медальдармен марапатталады. Төлеген Жүнісовке
«І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» ұрыс кезінде жаудың соғыс қимылына қажетті
құрал-жабдықпен жасақталған және жан-жағын, алды-артын жіті қарап, бақылай
алатын «Тигр» атты қос танкісін жарып жібергені үшін беріледі. Өз міндетіне
адал болған қария үшін бұл марапаттың орны бөлек.

«Менің жастық шағым майдан шебінде өтті. Қан көру,
біреуді өлтіру өте ауыр дүние. Десе де, бас­қыншылардан Отаныңды азат ету,
келер ұрпаққа жақсы күн сыйлау керек екендігін ойлаған кезде ешнәрседен де
қаймықпайды екенсің», – деген қария терең күрсініп, ұзақ ойға шомып барып,
әңгімесін әрі қарай жалғады. «Мен Жеңістің таңын 1945 жылы Брежнев қаласында
қарсы алдым. Соғыс бітсе де, сол қалада
түнгі патрульде болып, қаланың тыныштығын сақтау жолында жұмыс жасадым. Тек
1946 жылы Жоғарғы Үкіметтің әскерді босату туралы қаулысы шыққаннан кейін барып
елге оралдым. Мұндай алапат елімізде енді болмаса деймін. Жасым тоқсаннан асты,
мендегі жалғыз тілек келер ұрпақ бейбіт өмір сүрсе екен», – деді Төлеген ата.

Кеңес Одағы соғыстан экономикалық жағынан әб­­ден
әлсіреп шыққаны белгілі. Сол уақыттарда эко­номикалыққиындықтар жұмыс
қолының жетіспеуіне бай­ланысты күрделене түсті. Әсіресе, соғыстың зардабы
Қазақстанға ауыр тиді. Өйткені, зауыттарда, фабрикаларда және ауыл
шаруашылықтарында жұмыс күші жетіспеді. Оның бірден-бір себебі, соғыс кезінде
Қазақстанға қоныс аударған мамандардың көпшілігі туған жерлеріне кайтса,
енді біраз қазақстандықтар майданда қаза
тапты және соғыстан оралмады. Бұл кездерде 1930-1934 жылдардағы шаруаларды
зорлап ұжымдастыру кезіндегі жаппай қоныс аударуы, респуб­ликаның
ауылшаруашылық аудандарының жартысына жуығының қырылуына алып келген аштық сал­дарлары
да айқын сезілді.Осындай қиын-қыстау кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан
бас шығару біздің еліміз үшін тиімді әдіс болатын. Осы кезеңде елге оралған
бойдан Төлеген қария бейбіт еңбекке бірден ара­ласып кетті. Ешқандай
жұмыс талғамады. Алдымен колхозда қара
жұмысшы болып жұмыс жасап, мұнан кейіндүкенші болып қызмет атқарады. Есепке қабілетінің, икемінің барлығы
біраз уақыт өткен соң бухгалтер болып жұмыс жасауына жол ашады. Содан кейін 1978 жылдан бастап темір жол саласына
келіп, монтер болды. Қай жерде жүрсе де, өзінің іскерлігін көрсете білген.
Жайдары ашық мінезі мен қарапайымдылығы оның көпшілікпен тіл табысуына үлкен
септігін тигізеді. Осылайша, саналы
ғұмырында еңбекке араласып, елінің абыройлы азаматы атанды. Бүгінде өмір жолы
ауыр болған сайын қаймықпай, алдынан келген жаудан да сескенбей, қасқайып қарсы
тұра білген ақсақалдың өмірі барша адамға үлгі боларлықтай.

«Қазір жастар жалқау, барлық нәрсе дайын болса екен
деп отырады. Кішкене қиындыққа да төзе ал­май­ды. Біздің көргенімізді олардың
басына бермесін. Менің замандастарым қаншама қиындықты бастан кешті. Аштық­ты
да, қан төгісті де көрдік. Бірақ біз еш мойымадық, ке­рісінше, ата-бабамыздың
аманат етіп кеткен жерін қорғап қалдық», – деді.

Соғыс ардагері Төлеген Жүнісовтің жасы бүгінгі таңда
тоқсаннан асты. Зайыбы Жәмилә екеуі екі ұл, екі қыз өсі­ріп, тәрбиелеп,
олардан немере көріп отырған абыройлы ақсақал. Бір өкініштісі, бүгінде 40 жыл
отасқан жары өмірден ерте озған.

Жастайынан отызыншы жыл­дар­дың аштығы мен ел басына
төнген нәубет жылдарды басынан кешіріп, одан соң сұрапыл соғыс­тың қан
майданында оқ пен оттың арасынан аман қалып, соғыстан соңғы жылдардағы
ауыртпалық тақсіретін тартса да, Төлеген ақ­сақал­дың қашан да рухы түскен
емес. Қай кезде де тағдырдың тап кел­ген қатал сынын қайыспай қар­сы алып,
қасқая қарап, еңсесін тік ұстап, тек алға қарай жүре білді. Сол тік тұлғалы
қалпынан таймаған күйінде жүз деген ғасырлық ғұмырға қарай ширақ адымдап
келеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Қызылорда қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз