Мұңлы өнер

97

0

Мұңлы өнерӨлеңді тану мен талдау да бір қызық, өмірді тану мен талдау сияқты күрделі-ақ, кейде күрмеулі көрінеді… Тілейтініміз, тек өлең-өнер танымдық тұрғыдан өмірді, уақыт тынысын, заман ағымын бейнелеу мен суреттеуден сырт та, қалыс та қалмасын, әдебиеттану өлеңді әділ танып, анық талдай алсын… Керісінше жағдайда, әсіресе, әдебиеттанудың бауырын саясат шар¬пыса, өлең туралы таным мен пайым, зерттеу мен зерделеу, сын мен баға – бәрі де өзгеріп сала беретінін, қоғам идеологиясының қолшоқпарына оңай айналатынын уақыт дәлелдеп берді ғой.
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қомшабай Сүйеніш:
«Ит мініп, ирек қамшылар,
Замана кері кетерде,
Сүйегіңнен де қан сығар,
Мөлтілдеп күн де мекерге.
Ит мініп, ирек қамшылар,
Бұзылса пейілі пенденің.
Түшкіріп көрмей жан шығар,
Құрғамай жатып жөргегің”, – 
деп, адам пейілінің бұзылғандығын айту үшін тым шығандап кетіп, өзін де, өзгені де өмірден түңілдіріп барып бірақ тоқтаса, осы өлеңді көпшілік оқырманның қабылдай қоюының қиындығын айтапағанның өзінде, түсінуінің өзі оңай емес. Ақынның «түшкіріп көрмей жан шығар” дегенін қалай түсінуге болады, бұл тіпті көне гректер ұғымындағы «адам жаны түшкірікпен бірге ұшып кетеді” делінетін түсініктен де асып кетті-ау, әлде бұл қазақ ұғы¬мындағы «тумай туа шөккір» деген қарғысты қайталау ма? Олай болғанда, ақынның аузынан тумай туралай шөгетініңді естігенше, білгенше, жөргегіңді бүлдіруге үлгірмей, үндемей-ақ, дүниеге келмей-ақ қойғаныңның өзі де дұрыс қой… Қалай болғанда да, ақынның бұлай түңілуі мен торығуын, күйініштен тым қазымырланып кетіп, қамықаннан ақындық шығандаумен ащы айтқанын өлеңді шолып шығуымен шектелетін адамның бірден түсіне қоюы екіталай. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді” дегендей, мұн¬дай өлеңдердің көпшілігіміздің көңілімізді күп¬тілеу ететіні, ойымыз олақ, тіліміз шолақ тарт¬қаннан, діліміз бен дінімізге немқұрайлы қарағанымыздан, әдемілік пен әсемдікті сезінуден қалып, сұлулыққа селт етпегенімізден – мұның бәрі мидағы мәңгүрттік, санадағы самарқаулық. Ал осындай күйге түсудің көп себептерінің бірі – өлең оқымау, оқығанға түсінбеу, түсінбегенге ұялмау. Шындығы осы, өйткені өлең – қазақ халқының тұтас тарихы, ұлттық тәлімі мен тағылымы, салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын, білімі мен білігін бүгінге бүтіндей жеткізіп отырған киелі өнер… Қай кезең дәуірдегі болмасын, қазақ халқының рухани қазынасының ортаймас қазаны, сыры мен сыны, бітімі мен болмысы, табиғаты мен тегі, төркіні мен жұрты, мұрагері де сол – куәгері де өзі, өлшеусіз өмірі. Ұлы Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең” деп тегін айтпаған ғой.
Қомшабай ақын тағы да:
«Қаңсып намыс, қаңсып ар,
Қастерлейтін кісі кем.
Аршып ал  дер, аршып ал,
Боқ-сідіктің ішінен”, – 
деп кейіс білдірсе, күйіне түссе, ойлы оқырман, әдебиет ауылына көрші-қоңсы қонып жүретіндер, әрине, өлең астарындағы оқшау ойды, мұңлы сырды түйсінеді де түсінеді. Заманымыз «сү¬йектен қан сығатын” қатыгез уақытқа тура келсе, ар мен намыстың қаңситыны, азатыны ақиқат қой, демек, біз ақынның бұл айтқанына да қол қоямыз. 
Ойлы оқырман, сондай-ақ өлеңнің өмір құ¬бы¬лыстарын, ақиқат шындықты ақынның се¬зімі арқылы жеткізетін өнер түрі екендігінен, сезім мен сезінуден туатын ойды суреттеу мен бейнелеудің алуан түрлі әдістерінің молдығынан, ақынның көңіл-күй аясының кеңдігінен, оған кез келген эмоция кіретіндігінен де хабардар…
Ойлы тындарманның күй өнерін төкпе, шертпе деп түрлендірудің негізінде өнер мінезінің жататынын, арынды, дауылды Құрманғазы күйі мен сырлы да нұрлы Тәттімбет күйінің тегі бір болғанымен, түрінің бөлек екендігін, күйді қабылдауда ендігі жерде тыңдармандардың мінез ерекшеліктерінің шешуші мәнге ие болатынын ұғынатыны сияқты, өлең оқырмандары да өлең мінезін ақынның туатынын, жарататынын біледі. «Өлеңім өзіме тартқан» деген қайсар ақын Қасым Аманжолов. Ақындық шығармашылықтың мі¬незін ескеріп, «лирик ақын», «эпик ақын» дегендейін ұғымдар қалыптастырып жататынымыз да сондықтан.
Олай болса, Қомшекеңнің:
«Таңсық ұят, таңсық ар,
Құмалақ құрлы тасбиығың.
Жер мен жер боп жаншылар
Жақсы нышан, жақсы ырым», –
дегендерінен тіпті де түңілудің қажеті жоқ, қайта тереңіне үңіле білуіміз керек.
Нарық экономикасына «қарық» боп жатқан адамдардың парық пен парасаттан айырыла бас¬тайтыны, тұрмыс тапшылығы мен тауқыметі ру¬ханият дүниесіне көлеңке түсіріп қана қой¬май, келеңсіз құбылыстарды көбейтетіні көз алдымыздан  күнде өтіп жатқанын қалай жасыра аламыз?! Олай болса,  қамкөңіл Қомшекеңді қа¬лай түсінбеуге болады?! Ақиқатты айту ақын¬дардың үлесіне тиетінін, ақын мен ақындық өнерді Құдайындай қастерлеген ата-баба дәстүрі бізге үйретіп-ақ келе жатқан жоқ па?! Өкініш пен күйініш, түңілу мен торығу – бұлар да адамдық сезімдер, ал өлеңінде қайғы мен өкіну, мұң мен зар болса, мұны біз адам Қомшабайдың емес, ақын Қомшабайдың мінезі деп, ақындық өнердегі азаматтық кредосы деп қабылдағанымыз дұрыс қой.
Ақын, әлбетте, жауырды жаба тоқып жүре алмайды, қарнының тойғанын ғана қанағат етпейді, қулық-сұмдыққа, алдау-арбауға, арамдық пен қараулық біткеннің бәріне қас, ақшаға  алданбайды, дүниеге қызықпайды. «Мұнар да мұнар, мұнар күн, бұлттан шыққан шұбар күн» деп Махамбет айтқандайын, мына күнде, халқымыздың қайыршылық күйдің аз-ақ алдында отырған кезеңінде, аулымыздың – ұлтымыздың ұясының шайқалып тұрған уақытында ақын ғана емес, ақылды адамдардың бәрі де ойланады, күлуге ерте екендігін біледі, күрсінеді.
Сондықтан да Қомшабай ақынның:
«Сеңге соққан сазандай,
Сарсылар жұрт, сарсылар.
Иттіктен жүрген тазармай,
Заманға қара нар шыдар», –
дегеніне иланбау мүмкін емес. Біріншіден, ақын өлеңдеріндегі мұң реалды, ақиқат өмір шындығынан алынып жазылған. Ал, реализм – өнердің ұлы заңы. Қомшабай ақын қанша қайғырса, оқырман оны сонша сүюі тиіс. Өйткені ақын мұңы – сенің, бала-шағаңның, басқаның да мұңы. Демек, ақын мұңында, торығуы мен түңілуінде ұлттық, халықтық сипат бар деген сөз.
Екіншіден, Қомшабай ақын мұңы – тарихи дәстүрлі. Әдебиеттануда Шортанбай ақын шы¬ғар¬машылығы дүниеге келген уақытты зар заман поэзиясы деп атау қалыптасқан.
Шортанбайдың:
«Оңалар заман дер едім,
Жауға алдырдың әуел бас.
Іс асқынды болмастан,
Мейір сөз кетті құрдастан», –
дегендейін зарына кезінде кім құлақ асты?!
Шортанбай зарының шындығы қасиетті халқыңның талайлы тағдырына айналғанына қасиетсіз болмасаң, қалай көз жұмып қарайсың?! Шортанбайдан аттап өтіп, Абайға келсек те ұлы ақын «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіреніп дүниеден өтіп-ақ кетті-ау сабаз… Халқын оята алмады, ерте алмады, ерте алмады соңына… Жалпы біздіңше, қазақ поэзиясы ойлы ғана емес, мұңлы да. Онда жалтырақ, жылтырақ сөздерден гөрі мұңлырақ, сырлырақ сөздер көп. Егер өлеңімізде боз жусан, боз дала делінсе, халық туралы, оның талайлы тағдыры мен тарихы туралы айтылғандай… неге көк  жусан, көк дала емес? Боз! Өйткені өткеніміз – мұң, тарихи тағдырымыз тауқыметті. Сондықтан боз жусан, боз дала бейнелері күлкі емес, мұңды бейнеледі. Демек, Қомшабай ақынның:
«Жырларымда сары уайым көптеу ме?
Тұнып тұрған жасырмаймын дерт кеуде.
Көк запыран жүрегімнің басында
Қыжыл деуге, болар, бәлкім, дерт деуге», –
деп өзінің айтқанындай, өлеңдері мұңлылау болса, ол ақын тұлғасындағы ақындық мінезге, өмірден еншілеген тағдырға, талант тұрғысы мен дарын табиғатына, өмірбаян мен тәжірибеге де байланысты болуы мүмкін. Бір анығы – өнер мінезін толығынан ақынның адамдық өмірінен, өмірбаянынан тұтастай табу мүмкін емес. Асылы, өлеңтануда өмірдің емес, өнердің заңдарына иек артса, дұрыс болады. Әсіресе, өлеңнің ұлттық сипаты, халықтың тағдыр-тарихымен байланысы деген мәселелерді тереңірек тексерген абзал.
Қомшабай ақынның «Сая таппай, сай таппай» (– А.: Жазушы, 1993), «Гөй-гөй» (– А.: Қайнар, 1996), «Һәм жабықтым, һәм қамықтым» (– А.: Үш қиян, 2002) жыр кітаптарында да мұң, лирикалық кейіпкердің өз ішіне терең үңілуі арқылы айтқан астарлы ойлары басым болып келіп отырады. Ақынның өзі айтқандай, «сап-сары уайымнан тұратын» өлеңдерден құралған жыр кітаптарын теріс бағаласақ, өлеңдегі мұң мен шерді, күйіну мен түңілуді пессимистік сарын деп пысықтық танытып, талай «изм»-дердің басын шалып барып аяғында, адам баласына күйректік пен мұңлылықты жат мінездер деп атаймыз да, адамдар оптимистік рухта тәрбиеленуі тиіс деп, атойлап барып тоқтаймыз. Осыдан екі жарым мың жылдан аса уақыт бұрын әулие Аристотельдің айтып кеткен әдебиеттің шығармашылық тұрғыдан екі-ақ әдістің негізінде дүниеге келіп, арман поэзиясы (романтизм) мен ақиқат поэзиясы (реализм) болып бөлінетіндігіне теориялық тұрғыдан толықтырамыз деген желеумен талай «изм»-дерді қолдан жасағандай қылып  тықпалағанымызбен, олардың өздерін-өздері ақтай алмағанына тарих куә.
Құдайға шүкір, қазір өз өнерімізге өзіміз иелік ете бастадық. Көркем әдебиет туындыларын саясаттың емес, өз ұлтының бітім-болмыс, психология, мінез, тарихымен байлыныстырып тануға жол ашылды. Осы тұрғыдан, яки, қазіргі бағалау биігінен қарасақ, Қомшабай ақын өлеңдеріндегі мұң – жалаң сары уайым емес, ащы ақиқат, шыңғырған шындық. Азамат ұлдың жан дауысы, халқы үшін қабырғасы қайысатын адал да арлы ақынның бүгінді ғана емес, болашақты ойлауы, ел ертеңіне елеңдеуі.
Олай болса, сары түс Сүйеніш ақын өлең¬дерінің сырты ғана емес, іші де. Мұң – ақын өлеңдерінің мағыналы мазмұны. Ақын өлең¬деріндегі сарылық сары уайымның ғана емес, жақсылыққа деген жан аңсауы, сағыныштың да символы. 
Қомшекеңнің көк насыбайды көп шиыр¬ғаннан сұқ саусағы ғана сарғаймапты, сандалған, ормандай ойдан жарқын жүзі де сарғайыпты, өлеңдерінің сары болатыны содан ендеше. Сарғаймай, санамен сандалмай қайтеді, ойы түпсіз тұңғиыққа тірелгесін, «адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайта берсе” (Абай). Азамат ақын өнерімен өлеңге, өлеңімен мұңға-элегияға айналып кетіпті, мұңымен стильге көшіп тыныпты. Стильге көшу деген, біз білсек, поэзиядағы парасат әлеміне еркін ену, өзіне тән ақындық қолтаңба таныту, өлең өнерінде өз өрнегін салу, өзгеге ұқсамайтын ақынның жолы мен жөні. 
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.   
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз