ӨМІРІ ӨНЕГЕ ЕДІ

155

0

Әкеміз Шайхислам Серікбайұлы 1926 жылдың 22 наурызында Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетінің орыс бөлімін бітіріп, кейін «Гудок» газетінде тілші болды. «Правда», «Казахстанская правда», «Простор» және басқа да жергілікті басылымдарда мақалалары жарияланып тұрды.
Шайхислам Серікбайұлы баспа және мемлекеттік, қоғамдық салада абыройлы қызмет атқарып, Қызылорда облыстық советінің депутаты болып сайланған. Бірнеше медальдар мен ордендердің иегері болған ардақты әкеміз Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, КСРО, Қазақ ССР партиялық-мемлекеттік, халықтық, облыстық партия, облыстық халықтық бақылау комитеттерінің мақтау грамоталарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталған. ҚР «Иман» қоры және Журналистер одағы сыйлықтарының иегері, мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті мүшесі, КСРО құрметті теміржолшысы, Қызылорда облысының құрметті қайраткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы атағына ие болған.  
Әкеміз осындай жұмыстарды атқара келе, өзінің жазушы екенін ұмытқан емес. Бірнеше публицистикалық көркем шығармалардың, поэзиялық кітаптардың, жүздеген актуалды мақалалардың авторы болғаны оқырмандарына мәлім. Алдыңғы аға буын өкілдері бастан кешкен тарихи оқиғалар кезеңі мен олар жүріп өткен жол кейінгі өскелең ұрпақ үшін сөзсіз тағылым-тәрбие мектебі екені рас. Еліне елеулі, халқына қалаулы болған ардагер әкеміздің қаламынан шыққан естелік кітаптың құндылығы да осында.
Шайхислам Серікбайұлының «Даналар мен даралар» атты кітабында Жанқожа батыр мен Жалаңтөс баһадүр туралы баяндалады. «Аңыз бен ақиқат», «Ардақтылар мен абзал жандар», «Ұлылар мен ұлықтар», «Үш тұлға», «Көріпкелдер мен көрегендер», «Кто же мы?», «Легенды и люди древнего Сыра», «Целеустремленные», «Избранные», «Таңдамалы шығармалар» 2 томдық өлеңдер жинағы мен пъесалардың авторы болған. Қарапайым азаматтар мен тарихта есімдері қалған белгілі тұлғалар, жезтаңдай шешендер мен көсемдер, қара қылды қақ жарған әділ билер мен алды-артын болжай білген көріпкел көрегендер, ардақты абзал жандар туралы қызықты деректер мен аңыздарды қамтыған. Әрбір шығармасы оқырманды ойға бөлеп, сезімін серпілтіп, өмірге көзқарасын кеңіте түсуге шақырады. Осы кітаптарға әр жылдары жазған өлеңдері, толғауларының тандаулылары енгізілген. Шығарма тілі жеңіл, оқырманға ой салады, ойландырады. Зейнет жасына жеткен кезде де әкеміз өмірдегі көргендерін, көңілге түйгендерін жатық та әсерлі әңгімелейді.  
Бар ғұмыры ат үстінде өткен екінің біріне бұйыра бермейтін жоғары лауазымды қызметтерінің талайын абыроймен атқарған. Әкеміз Шайхислам Серікбайұлы Қызылорда өңіріне танымал біртуар азамат, қайталанбас тұлға бола білді. Олай дейтініміз, турашыл, шындықты айтатын қайратты мінезімен көпке үлгі болған азамат. Көптеген еңбектері, халқы үшін атқарған қызметі, үлгілі тәрбиесі, шынайы болмысы артта қалған ұрпақтарына мәңгілік із қалдырды.  
2017 жылдың 13 қарашасында әкеміздің дүниеден озғанына 1 жыл толады. Әкеміздің аты да, ісі мен ізі де Қызылорда облысы халқының мәңгілік есінде сақталады деп ойлаймыз. Барша қазақ баласы әкеміздің үлгісін алсын деп тілек білдіреміз. Ағайын-туыстың ортасында сыйлы болған ардақты әкеміздің жарқын жүзі, шежірелі сөзі, жинаған нақылы, айтқан әрбір ақылы жадымыздан өшпек емес. Осындай жақсы әкенің ұл-қыздары болғанымызды мақтан етіп, асыл әкеміздің фәниден өткенін еске алып, құран бағыштау – біздің парызымыз.  
Айна ШАЙХИСЛАМҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз