ӨМІРДЕН ТҮЙГЕН ӨСИЕТ

59

0

Бала Ханзада жастайынан зерек өсті, ерте жетілді. Аталар сөзін зердесіне құйып өскендіктен болар, отырған жерде көнекөздер сөзін тамылжыта айтады, ақ батаны төгілтеді. Шағын ауылда дуалы сөздің құймақұлақтары көп еді-ау. Ауыл ақсақалдары күн сайын кешкілік бір үйге жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Атасы Құнанқара бала Ханзаданы қасынан қалдырмай оң қабатына отырғызатын. Шайырқожа, Есберген, Сражаддин, Жәркен, Мұхиятдин, Зинабдин, Сопы молда би-болыстардың небір сөздерін кезектесе төгілтетін-ді. Құлболды ишан, Бәймен ахун, Акмал, Алтайбек мақсымдардан сөз қозғайды. Сөз жорғасы атанған Сражаддин, Таңат Қаржаубайлар бір сәт Тапал ахун, Мұхамеджан, Камаладдин, Жәміш мақсымдардың өсиет сөздерін бір таңға созылтатын. Қазіргі үлкендеріміздің көпшілігі сол аталардай ғибратты әңгіме айтуға шорқақ, өресі жетсін-жетпесін әйтеуір саясаттан басты қатырар дәріс оқитындарға ұқсайды. Бір кездегі ұстаз Ханзада, қазіргі зейнеткер Ханзада отырған жерде оның сөзін тыңдауға жұртшылық құмар, өсиет сөздің құймасына таңырқап, таңдай қағады. Ойға түйгенін жиын-тойда тізбектейді.
Бір ағайынның мерейтойында отырғанбыз. Ханзада Шоқан Уәлиханов жайында әңгіме өрбітті. Шоқан Саққұлақ шешеннің сөзін тыңдап отырса керек. Шешенге былайша сауал қойыпты, – деді Ханекең олай-былай қозғалып.
– Біреу жолдан адасса кімнен ақыл сұрайды?
– Көнеден сұрайды.
– Көне адасса ше?
– Көргендіден сұрайды.
– Көргенді адасса ше?
– Көптен сұрайды.
– Көп адасса ше?
– Көп оқығаннан сұрайды.
– Көп оқыған адасса ше?
Көп оқыған неге адассын!
– Міне, тапқыр сөздің құдіреті! Білім – ердің қанаты, – деп Ханзада сөзін түйіндеді. Тыңдаушылар сілтідей тынып қалды. Сөзін тағы жалғастырды. Алаштың азаматы, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов: – Басқадан кем болмас үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» деген сөзі қазір ауадай қажет! – деп Ханзада отырғандарға тағы бір ойды жалғап жіберді.
Сол бір сәт, Ханзадамен дәмдес болған отырыс менің де ойымнан көптен бері шықпай жүр. Аға барған жерге әркез асығатыным содан туындаған еді.
Бұл ұстаз Ханзада Құнанқараевтың балалық дәуірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Үлкен ағасы Шайзада Құнанқараев «халық жауы» атанып, он жылға сотталып кетті. Зайыбы Шәрбан қиындыққа шыдамай, ұлы Бағдатты ертіп, нағашы жұртына кетті. Жас ұлғайған сәтте Құнанқара ата осынау күйікке шыдамай, екі бүктетіліп қалды. Келіндері «комиссар қайнаға» атаған тіп-тік ата қиын сәтте Ханзадамен мауқын басып, іштегі шерді тарқатқандай күй кешті.
Қазір баяғы аталардың бәрі де арамызда жоқ. Ханзаданың ағасы Шайзада он жылын өтеп елге оралды, жар сүйді, бала сүйді. Туған жерде шаңырақ отын маздатты, еңбекке араласты, зейнетке шықты. Шәкеңнің Маржанкүл сынды асыл жары көп қызықты көріп, немерелер думанына бөленді.
Бала Ханзада орта мектепті бітіріп, пединституттың биология факультетіне түсіп, оны 1957 жылы бітіріп шықты. Оқу бітірген бойда Шиелідегі Тартоғай, Жеміс-жидек кеңшарында зайыбы Тұраш екеуі қатардағы мұғалім, ал Ханекең кейін оқу ісінің меңгерушісі, отыз жыл бойы Шиелінің Жеміс-жидек кеңшарындағы №181 мектепте директор қызметін атқарып, 1994 жылы зейнетке шықты. Талай марапат, орден, медальға ие болды, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» значогын омырауына тақты. Мұғалімдердің бірнеше съездеріне делегат болды.
Ардагер азамат Ханзада Құнанқараевтың зайыбы Тұраш Шүйішбайқызы да білікті ұстаздардың бірі болды. Екеуі білім беру саласында ұзақ жыл қол ұстасып, үш ұл, төрт қыз өсірді. Зайыбы Тұраштың да беймезгіл сәтте пәни дүниеге аттанғанына биыл жиырма жылға жуықтап қалды. Ханекең осынау қиын сәттерге мойымай, ұл-қыздары мен немерелерін түгелдей оқытты. Ұлдарының үлкені кәсіпкер, бірі зоотехник, бірі – Құмкөлде мұнайшы, үш қызы мектепте ұстаз. Осылардан өрбіген 18 немере, 7 шөберенің ортасында киімінің қырын сындырмай құрыштай шыныққан шымыр қалпын әлі сақтап жүр. Жүрісі ширақ, сөзі салмақты. 
Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Ханекең еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа екі рет хат жазып, ақ батасын жолдады. Екі хатқа да Елбасы шынайы ризалық білдіріп, алғыс хатын жолдаған сәті есінен кетпейді. Бөлмесінің төріндегі қос алғыс хат алыстан жарқырап, ұстаз бойына қуат бергендей болады да тұрады. Бейне бір күн шуағы терезеден төгіліп тұрған тәрізді.
Иә, ұстаз Ханзада Құнанқараев сексенге толып, қаладағы «Алтын сарай» дәмханасында мерейтой өткізгелі жатқанын сөз арасында сыналап, құлаққағыс жасағандай сыңай байқатты. Жаны таза, жүрегі жомарт аға қолын жайып, ақ батаны бізге де төгілтті.
Алымды болсын, қадамың,
Тұлпардай болсын, шабысың.
Сұңқардай болсын, самғауың
Риза болсын, кең қауым.
Қиындық көрсең мұқалма,
Ауырлық көрсең жұқарма.
Қамқоршы бол кішіге,
Үлкенді үлгі тұт алға!
– Аумин! – деп біз де ағамен қош айтыстық. Ағаның біраз әңгімесімен сусындап, шөліркеген жүрекке тың қуат біткендей болды.
– Мерейтойыңыз, сексен жылдығыңыз құтты болсын, аға! – деп ардагер аға құшағынан әрең ажырадық.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз