ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

103

0

Әлем тарихында алғаш рет дүниені дүр сілкіндіріп 1418 күнге созылған сұрапыл соғыс миллиондаған жазықсыз жандарға ажал құштырды. Қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама жан аңырап қалды. Жарықтық Жер-Ана Қасіреттен қабырғасы сөгіліп, қан жылап теңселіп кетті. Омыртқасы бекімеген бозбала «Отан үшін!» деп қара тажалға қасқая қарсы ұмтылды. Сол ұрыс даласында ұрандаған ұлы адамдар әкелерге деген ұрпақ парызының шегі де, шектеуі де жоқ.

Иә, ештеңе де ұмытылмақ емес. 1945 жылдың сәуір. Шығыс Прус­сия… Кенисберг үшін кескі­лескен қанды қырғынның қызған шағы. Әрбір сүйем жер үшін жан­таласа соғысқан жау бар күшін сар­қа пайдалануда. Балтық теңізі жағасындағы Гранс қаласын алу үшінші Беларусь майданының қол­басшысы, армия генералы Иван Черняковскийге сын болып тұр. Өйткені, теңіз жағасына ор­на­ласқан ертегідегідей әсем қа­ла­ны қоршалай жыбырлатып ми­на­лап тастаған дұшпандар, қан­шама әскер мен техникаларға та­жал боп төніп, ажал аранын ашып тұр. Тұйыққа тірелген қол­басшы әскербасыларын жи­ып ап, тәжірибелі, білікті сапер­лар­ды іріктеп, маңызды іске жұ­мылдыруға бұйрық берді. Жаңа ғана кезекті тапсырмадан оралып, көшпелі әскери асхана ботқасын алдына ала берген жауынгерлерге: «бөлімше командирі Жұмағұлов шұғыл штабқа жетсін», – деген хабар түсті. Сержант дәрежесіндегі бойшаң, қапсағай денелі аққұба өңді жігіт қолындағы солдат коте­легін қоя салып, лып етіп тұрып, штаб­қа беттеді.

– Тапсырмадан келген бойла­рың екенін біліп отырмын. Бірақ саперлар взводы ішіндегі өзін бас­қаратын бөлімшеге жүктелетін аса маңызды іс бар. Мына Гранс қа­ласының күншығысындағы көпір мен тас жол құжынаған минаға толы. Соған киілігіп тұрған біздің танкілер мен жаяу әскерлерге тез арада жол ашу керек. Жігіттеріңді жі­герлендеріп, қас қарая іске кі­ріс. Есіңде болсын, бұл майдан қол­басшысының бұйрығы, – деген бата­ль­он ко­мандирі Орловтың үні қатал да кесімді шықты.

– Құп болады, жолдас капитан!

Мына алдындағы сымдай сі­рес­кен қазақ сержантының та­лай бұйрықты тап-тұйнақтай орын­дап келгеніне куә командир: «жол­дарың болсын», – деді түсін жы­лытып. Түнімен мина тазартуда жү­ріп, таң ата сілелеп оралған жау­ынгерлер штабтан оралған ко­мандирлері Садыққа сұраулы көз тастады.

– Бұйрық маңызды. Сәл ты­нығып, құрал-жабдықтарыңды мұ­қият дайындаңдар. Қас қарая жол­ға шығамыз деп қысқа қай­ыр­ған Садық әлдеқашан суып қал­ған ботқаны алдына алып, ой­ла­нып қалыпты. Асқа зауқы жоқ. Көңілі әлденеге алаңдап, отыр­ған жерлеріне шинел­дерін тө­сеніп мыз­ғып кеткен қару­лас дос­та­ры­на қарағыштап қояды. Әс­ке­ри­лер арасында «Сапер бір-ақ рет қателеседі» деген қағида бар. Сай­дың тасындай тәжірибелі жі­гіт­тер талай қатерлі сәттерді бастан өткізіп келеді. Айтпақшы, соғыста жүрген ағаларым Дәрібала, Сарбала ауылдан бірге аттанған Ізет, Найзабек, Самұрат. Жұмахмет, Сә­ду, Сағи, Нағи, Қайбереңдер қай­да екен? Аман болса екен бәрі де. Күні кеше, отжүректі ақын, қа­зақ жауынгері, сапер Баубек Бұл­қышевтің минаға түсіп опат бол­ғанын майдан газетінен оқы­ған екен-ау. Мына өрімдей жау­ынгерлер тағдыры не болады? Құс ұйқылы Садық қалғып кеткен екен. Тұла бойын тез тәртіпке кел­тіріп, кезекті тапсырмаға дай­ындықты бастады. Күн ұясына қона олар межелі орынға келіп іске кірісті. Жер астына жасырынған темір та­жалды іздейтін жолдағы аспан, бел­­дегі тоқ көзі, құлақтағы ды­быс ұстағыштың сәл ақауының өзі сапер үшін ажал әкеледі. Ми­наны іздеу кезіндегі сәл артық қи­мыл да қатерге ұрындырады. Ки­нофильмдердегідей қаннен-қа­персіз талтайып тұрып мина іздеу – а-н-а-у тасада әрбір қимылыңды аңдып отырған жау снайперінің бір оғының олжасы. Сол үшін де сапарға батылдылықпен қоса ептілік, сақтық қажет. Немістер кө­пір маңының әрбір қадамын ая­май минаға толтырып кетіпті. Көл жарығын көлегей түсіріп әр­бір минаны залалсыздандыру қия­меттің қайымы. Сұсты сым­дар­ды қышқышпен сатылап ажы­рату сапер үшін өмір мен өлім ше­ка­ра­сы. Таңғы төртке таман кө­пір ма­ңы толығымен минадан та­зар­тылды. Осыны күтіп тұрған біз­дің әскерлер қаннен-қаперсіз ұй­ық­тап жатқан неміс полкінің тө­бесінен түсті. Шыбын жандарын шүберекке түйіп, аса құнды тап­сырманы мүлтіксіз орындаған ер­жүрек саперлар сол жолы тү­гелімен «Кенисбергті алғаны үшін» медалімен наградталды.

…1953 жыл. Абай атындағы қа­зақ педагогикалық институты. 1946 жыл соғыстан оралып Ақшатау, Райым, Қамбаш ауылдарында мұ­ға­лім, екі-үш баланың әкесі атанғанда, осы институттың сту­денті болды. Бір күні институт ішінде математика факультетінің сту­денттері деканат алдында тұр­ған. Кенет бір студент «ректор келе жатыр” деп сыбыр ете
қал­ды. Толқынды шашын кері қай­ырған қара торы өңді келбетті кі­сі бұлардың
жанынан өтіп бара жа­тып «қалайсыңдар қарақтарым, жай-күйлерің болып тұр ма?»,
– де­ді ізетпен. Бірыңғай бозбалалар ішін­де ерекшеленіп тұрған бойшаң денелі
сақа жігіт Садыққа арнаулы көз тастап,
шырағым сен де сту­дентпісің? – деді.

– Биыл түстім, – деді Садық ыңғайсызданып.

– Ағай, ағай, Садық ағамыз оқу озаты, өзі соғысқа
қатысқан май­дангер, біздің факультеттің ста­ростасы, бәріміздің қамқорымызды
соғып жүреді, – деп курстастары жарыса жамырап жатыр.

– Бәрекелді,
бәрекелді. Өзің бе­рі жүрші жігітім, – деп ректор оны қолтықтап кабинетіне алып
кірді. Екеуі майдан өмірі туралы ұзақ сөйлесті. Жатақханада орын болмаған соң
пәтер жалдап тұ­рып жатқан Садыққа бас есепшіні шақыртып алып ай сайын пә­терақыны
төлеп тұратын бол­ды. Бұл қазақ педагогикалық инс­титутының сол кездегі
ректоры, Ке­ңес Одағының батыры Мәлік Ғаб­дуллин еді.

…Арал ауданындағы тарихи орны бар елді мекендердің
бірі Бөген, Дүние жүзіне теңіздің бекі­ресі және ақ қаязымен танымал ау­ылда
аудан көлемінде жоқ қос қа­батты типтік жобадағы мектеп үйі алыстан «мен
мұңдалайды». Міне, сол көпұлтты іргелі елді мекендегі мек­тепте табаны күректей
жиырма ал­ты жыл директор болған Садық Жұмағұлов есімі облыс көлеміне танымал
болған. Білікті де іскер бас­шы мектептің материалдық оқу базасын нығайтты.
Сонау бір жылдары алғаш рет ЭВМ жүй­есі осы мектепте тәжірибеге ен­ді.
«Проблема қойып оқыту– өмір тәжірибесі», «Оқу-тәрбие про­цесін оңтайландыру»,
«Бүгінгі оқу­шы – ертеңгі маман» сияқты озық іс-тәжірибені насихаттайтын пла­каттар
облыс мектептеріне таралып жатты. Аты аңызға айналған бі­лім ордасында сол бір
жылдары ұс­танымы ұрпағына ұлағатты ұс­таз­дар Жалғас, Айнадин, Әби, Ыс­қақ,
Тілеужан, Қапи, Сейділда, Тас­тыбайлар зәулім мектептің заң­ғар тіреулеріндей
болып жүр­се, Мәриямкүл, Ырысалды, Әну­ар, Төлеген, Бақыт апайлар Би­­бі­па­тымадай
абзал жандар еді-ау. Ең­бек жұмысының ұйым­шыл­ды­ғын қатықтай ұйытқан
Садық Жұ­мағұлов министрліктер, ха­лық
шаруашылығы жетістікте­рі көрмесі, облыс, аудан басшы­ла­рының талай мадақтауларын жеңіп алған. Болмысына
имандылық пен мейірім мәйегі ұялаған Садық ағай­дың сонау бір жылдардағы кел­беті
көз алдымда. Әр аптаның дүйсенбісіндегі таңертеңгі «линей­каны» директордың өзі
өткізетін. Мектеп шеберханасы мен спорт залы ортасында мыңға жуық оқу­шы сап түзеп тұр. Үнемі мұн­таздай тап-таза, қыры бір сын­байтын
костюм-шалбарына әппақ жейдесі әдемі жарасып тұратын бойшаң денелі, келісті кісі ди­рек­тор ағайға бәріміз де қызыға қа­раймыз.
Әдеттегісінше сабырлы қалпымен оқу-тәрбие жұмыстарын айтып өткен соң,
онжылдықты бі­тіріп оқу орнына баратындарға мек­теп дирекциясының арнаулы жол­дамасы
берілетінін айтып өтті. Мәс­саған, ішінде журналистикаға жолдама алатын болып
мен де жүрмін.

– Алтыншыдан бастап аудан, облыс, бертін келе
республикалық басылымдарда көрініп жүрген ма­ған мектеп дирекциясының се­нім
артып жолдама беретініне бір жағынан
тосылып та тұрмын. Қос жанарынан айырылған зағип әкем­нің жайы қатты алаңдатып,
хирург боламын деп тас-түйін бекінгенімді қайдан білсін.

– Мақсымның баласы-ау, сенен үлкен жазушы шығады деп
жүрсем. Жә, дәрігер-жазушылар да бар ғой, талабың оң болсын, қарағым, – деп
арқамнан қаққаны есімде.

Мейірім демекші, сол бір жыл­дары жоқ-жұқалтаң
отбасының ба­лаларына мектеп ұжымы су жа­ңа киім бөлетін. Ауылдағы се­­ль­магтан
алынған қоңыр па­ль­то­ны мектеп ұжымы маған беріп жат­қанда есейіп қалғаным
ба, ал­май­мын, – деп безірендегенім бар. Сонда Садық ағай биязы үнмен: «Бұл
саған мемлекеттің берген қа­рызы. Ертең өзің еліңе қызмет көрсетіп, қарымын
қайтарасың» де­генде сабама түскендей болғам. Ұстаз бойындағы жас ұрпақты
тәрбиелеудегі педагогикалық, пси­хо­логиялық шеберлікті бертін келе
байқағанмын.

«Адам бойындағы
ең тамаша қасиет – білім мен
ақыл», – деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы елу үш жыл бойы жас ұрпаққа дәріс берген
Садық ағай мен елу жыл бойы тынбастан ауданның танымал педагогы атанған зайыбы
Төлеген Иманалина апамыздың ұрпағы жай­қалған бәйтерек іспеттес. Тұң­ғыштары
Нағымет бокстан спорт ше­бері, Темірханы – инженер, Мәлік, Мұрат, Ербол,
Еркіндері елінің елеулі азаматтары. Ондаған немере-шөберелері аталап,
әжелеп қойын-қоныштарына кіріп-кіріп
кеткенде: «Иә, Алла бергеніне шүкір», – деген тәубелерінен жаңылмады. Үйіндегі
қымбат қазынасы ұлы ақын-жа­зушылар-ойшыл-ғұламалардың үш мыңға жуық құнды
кітаптары бо­латын. Алқа топта көп тыңдап, қысқа да нұсқа сөйлейтін ол қай кез­де
де парасатымен пайымдап, қа­ра қылды қақ
жарып әділдігін ай­тып отыратын.

Өнегелі жандардың өмірі өш­пейді. Бүгінде ағамыз бен
апа­мыздың ұрпағы әулеттің даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Майдангер,
ұлағатты ұстаз Садық Жұмағұловтың елге сіңірген еңбе­гін ескеріп, Арал
қаласынан бір кө­шеге есімін беру өнегелі де та­ғылымды іс болар еді.

Бар саналы да
сәулелі ғұмырын кеу­десін оққа
тосып ұрпағын қор­ғап, одан жарты ғасырдан астам та­ғы да сол ұрпағын
ұлағаттаған Са­дық әкемізге қандай құрмет те лайық.

Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз