ӨНЕГЕНІҢ ӨЗЕГІ

77

0

ӨНЕГЕНІҢ ӨЗЕГІ

Сейітов Иманғали 1928 жылғы желтоқсан айында Арал теңізінің жағасындағы
«Үш-шоқы» атты елді мекенде дүниеге келген.

1952 жылы Ташкент қала­сындағы Орта­азиялық мемле­кеттік
университетінің заң факуль­тетін
бітірген.

Мамандығын алғаннан кейін үздіксіз 37 жыл бойы заң саласында абыроймен
еңбек еткен. Қатардағы прокурор қызметінен
бастап облыстық прокуратураның бөлім прокуроры, Шиелі, Жаңақорған
аудандық прокуроры, 1966 жылы облыс прокурорының орынбасары, 1968-1973 жылдары
Қызылорда облыстық сот төрағасының орынбасары, төрағасы қызметінде болған.

1979 жылдары Қызылорда облыстық прокуроры, 1979-1990 жылдары Атырау
облысының прокуроры қызметін атқарған. 1990 жылы республикаға айрықша еңбегі
сіңген зейнеткер ретінде демалысқа шыққан.

И.Сейітовтің заң саласындағы сіңірген еңбегі мемлекет, қоғам тарапынан
лайықты бағаланды.

1975 жылы облыста бірінші болып
3 дәре­желі мемлекеттік заң кеңесшісі атағы берілген (генерал-майор), заң
саласының, «Құр­мет­ті заң қызметкері” медалімен марапатталды.

Мен Иманғали ағамен 1987 жылы Атырау облы­сының прокуроры болып тұрған
кезінде таныстым.

Сол жылдың ақпан айында Қызылорда облысының прокуроры Орнәлі
Боранбаевпен Алматы қаласына прокурорлардың республикалық жиналысына барғанмын.
Қонақ үйге орналасқаннан соң Орекеңмен бірге кешкі асқа барғанымызда Иманғали
ағамен танысып, ас іштік. Екі күнге созылған жиналыс уақытында мен осы екі
кісінің қасында болдым.

Ол кезде жаспын, облыс прокурорының аға көмекшісімін. Ал, Иманғали
ағаның Орекеңнен бес жас үлкендігі бар екен. Соған қарамастан, екеуінің әңгіме
құрғаны, өткен-кеткендерін еске алғаны, қазіргі күннің талаптары, әзілдері,
пікірлерінің бір арнаға тоғысуы барлығы жарасымды еді. Екі ағаның сөздеріне
араласпай, тек бір нәрсе сұрағанда ғана жауап беріп, тыңдаумен болдым. Жас
кадрға екі генералдың арасындағы осы жолғы әңгімелер, өзара сыйласуы, өзінше бір мектеп болғаны рас.

Иманғали аға зейнеткер кезінде де облыстық прокуратура органдарында,
онда қызмет атқарып жүрген жас кадрларға бағдар беріп, бұл қызметтің қаншалықты
маңызды, жауапты екенін айтумен болды.

2010 жылға дейін про­куратура органдарының ардагерлер кеңесін басқарды.
Сол жылы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым, сонда маған:
«Марат, кезінде кадр мәселесі бойынша жұмыс істедің, енді ардагер ағаларыңның
мұқтаждарына көмектесетін боласың, соны ұмытпа, көмегіңді аяма, олардың алғысын
ал» – деп еді.

Осы уақытта Иманғали аға облыстық пркуратурада өтетін мерекелік, басқа
да шаралардың барлығына қатысып, қарашаңырақтың қасиетіндей болып жанымызда
жүрді. Облыс прокуроры С.Нұрпейісов Иманғали ағаны аса құрметтеп, сыйлаумен болды.
Ол кісінің прокурор ретінде жинақталған тәжірибесі жастарға үлгі ретінде
жеткізілді. Облыстық прокуртурада ашылған мұражайда Иманғали аға туралы
көптеген деректер де бар.

2010 жылы мамыр айында Астана
қаласындағы Бас прокуратурада республикалық прокуратураның тарихына қатысты
мұражайдың ашылу салтанатында оның тұсауын кесу Иманғали ағаға берілген
болатын. Бұл оқиғаның өзі де осы тұлғаның сала саңлағы екенін көрсетеді.

Дүниеден озғанға дейін амандығын, көңілін сұрап айына бір-екі рет үйіне
барып тұрдым. Сондайда: «Марат, аға-апаларың қалай, прокуратурадағы
іні-қарындастарың қалай, оларға сәлем айт» – деп ағалық жүрегімен елжірей
сөйлесетін. Сол кездесулерде жүдеу тартқаны байқалса да сырқатқа мойын бұрғанын байқамадым.

Адамгершілік негіздері, қоғамдағы мінез-құлықтың нормалары мен
қағидаларын сақтау, тәртіпшілік, адамдарға құрметпен қарау, мәдениет пен
дәстүрге ұқыптылық көзқарас білдіру деген қасиеттер Иманғали ағаның бойына
туабіткендей еді. Ардақты аға осы құндылықтарды жастарға үнемі айтып отырудан
бір жалыққан емес.

Өз басым өнегенің өзегіндей Иманғали ағаны прокуратура органдары
қызметкерлерінің санасы, адами тұлғаның қай деңгейде болу керек екендігінің
үлгісі болды деп есептеймін.

 

Марат АБДУЛ,

прокуратура органдарының

Құрметті қызметкері,

аға әділет кеңесшісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз